Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

С. СМАҒҰЛОВА АЛАШТЫҢ БЕЙМӘЛIМ ҚАЙРАТКЕРI БИАХМЕТ


Светлана СМАҒҰЛОВА,
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және
этнология институтының
аға ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының докторы

// Дала мен қала. 2011
http://old.dmk.kz/ruhaniyat/alashtyin-beymalim-kayratkeri-biahmet.html

Семей өңірінде дүниеге келіп, бар-жоғы отыз алты жыл өмір сүрген, алайда халқы үшін көп істі жасап үлгерген ұлт азаматының бірі – Биахмет Шигедекұлы Сәрсенов. Ол 1885 жылы Семей облысына қарасты Зайсан уезінің Нарын болысында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Ақсуат ауданы) дүниеге келген. Бұл азаматтың қайтыс болғандығын Семей, Ақмола қазақтарына хабарлай отырып, оның халқы үшін істеген қызметін «Қазақ тілі» газетінің 1921 жылғы 22 тамыздағы нөміріне «Бияш» деген мақала басумен танытқан зиялылар Жүсіпбек Аймауытов пен Мәннан Тұрғанбаев болды. «… ол қызметке жүйріктігімен көзге түсіп, ауызға ілінетін, санаулы қазақ азаматтарының ішінде маңдай алды жігіттің бірі еді», – деп жазған еді.

Биахмет 1905-1909 жылдар аралығында Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқып, оны бітіргеннен кейін ел ішіне барып бес жылдай бала оқытып, 3 жылдай болыс­тық кеңесте қызмет атқарған. 1917 жылы патша өкіметі құлаған кезде ел азаматтарымен бірге әлеумет жұмысына араласты. Осы жылдың наурыз айында Райымжан Мәрсековтың басшылығымен Семей облыстық қазақ комитеті құрылып, Биахмет осы комитетке мүше болып сайланады және облыстық комитеттің тапсырмасымен Павлодар уезіне жіберіліп, қазақ комитеттерін құруға белсене араласады. 1917 жылдың 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында Ж.Ақбаевтың төрағалығымен Семейде облыстық қазақ съезі өткізіліп, делегат ретінде Биахмет те қатысып, Х. Ғаббасов, Р. Мәрсеков, М. Боштаевтармен бірге бір дауыстан төрағаның жолдастығына сайланады. Съезд барысында облыстық комитеттің істеген жұмысы, жаңа тәртіпті нығайту, комитеттер ашу, сот мәселесі, Құрылтай жиналысына делегат сайлау, автономия жайында, дін, оқу, баспасөз, жер мәселелері, ел арасындағы пошта жұмысын реттеу барысы, облыс, губерния, уезд шекарасын белгілеу арқылы жаңа облыс құру, қазақ ақшасы мәселесі, соғыс және жұмысшы хақында, 1916 жылғы маусым жарлығынан кейінгі бүліншілік пен оның шығыны мен зияны турасында, әйел, денсаулық, шаруашылық, қазақ арасындағы дау-жанжал және т.б. мәселелерді қарас­тыру жайында жоба жасалып бекітілген болатын. Ресми түрде облыстық қазақ коми­теті құрылып, Биахмет Сәрсенов Ж.Ақбаев, Р. Мәрсеков, Х. Боштаев, Ә. Ермеков және тағы басқа ұлт азаматтарымен бірге мүше болды.

Биахмет Сәрсеновтың Құрылтай жиналысына депутат болуын Әлихан Бөкейханов лайықты көрген. 1917 жылы шыққан «Қазақ» газетінің 235 санындағы «Қазақ депутаттары» деген мақаласында Құрылтайға лайықты депутаттардың арасынан оның да есімі аталады. «Біз осы қазақ жұртына депутат болатын жігіттердің мұнан бұрын не қылғанын, қай жолда жүргенін «Қазаққа» басып, оқушыларды таныстырамыз. Бұлар өздері де сайлау алдында ел аралап, пікірлерімен таныстырар, ошақ майлар қара жарыста озғанды жұрт қалап бәйгеге қосар»,– деп жазған болатын.

Ол Семейде Р. Мәрсеков, Х. Ғаббасов және И. Әлімбековтермен бірлесе «Сарыарқа» газетінің шығуына белсене араласып, бірнеше мақаласын газет бетінде жариялаған. Негізі, Биахметтің өмірі Алаш партиясымен тығыз байланысты. Алаш партиясына белді мүше болып, Орынборда өткен бірінші жалпықазақ (1917 ж. 21-26 шілде) және екінші жалпықазақ (1917 ж. 5-13 желтоқсан) съездерін ұйымдастырушылардың бірі, әрі осы съездерді өткізуге белсене қатысады. Бұл съезде жалпы он төрт мәселе қаралып, соған орай шешім қабылданған болатын. Осы мәселелердің бірі алда өткізілетін Құрылтай жиналысын даярлау және депутат сайлау еді. Биахмет Бірінші жалпықазақ съезінде Құрылтай жиналысына Семей облысы атынан депутат болып сайланады. 12 қыркүйекте Р. Мәрсековтың төрағалығымен өткен облыстық кеңесте бұл съездің шешімі мақұлданып, тек Г.Н. Потаниннің белгілі себептермен бара алмайтындығына орай Биахметтің ұсынысымен депутаттар тізіміне Райымжан Мәрсеков енгізіледі. «Қазақ» газетінің 19 қазандағы нөмірінде Алаш партиясы атынан құрылтай жиналысына аталған депутаттар жайында шағын мәлімет жарияланып, Биахмет жайында «учитель, пікірлі, ұлтшыл жігіт» деп келтірілді. Семейдегі Алаш партиясының уақытша облыстық комитеті кұрылып, оның құрамына Ә. Бөкейханов, Р. Мәрсеков, И. Әлімбеков, А. Қозыбағаров, Т. Құнанбаев, Х. Ғаббасов, С. Дүйсенбиев, Ә. Ермеков, М. Малдыбаев, Ә. Молдабаев, Б. Сәрсенов мүше болып, Алаш партиясына мүшелікке кірмек болған азаматтарға қойылатын талаптар мен партияның бағдарламасына енгізілетін мәселелер белгіленген еді. Мәжіліс шешімі бойынша партия қатарына «кін­дік комитеттің айтқанын екі қылмайтын, бұйырғанын дәл орындаған, Алаш партиясының программасын жақтырып жөн көрген, программасындағы мәселелерді іске айналдыруға тырысатындар» мүше ретінде кіретін болды. Сонымен қатар, бұл мүшелерінен партияның бағдарламасынан таймау, өтірік айтпау, шыншыл, адал, тура болу талап етілді. Екінші жалпықазақ съезінде А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Е. Омаров, Т. Шонановпен бірге Білім комиссиясының құрамына сайланды. Сонымен қа­­тар, Алаш қаласындағы Думаға мүше болып, 21-25 қарашасында Шығыс Алашорданың Алаш (Семей) қаласында болған жиылысында Алаш партиясының атынан қалалық Думаның төрағалығына Биахмет Сәрсенов, орынбасарлығына Мұстақым Малдыбаев, қала басшылығына Павел Шевченко, ал оның орынбасарлығына Александр Ермаков сайланған. 1917 жылдың 6-17 желтоқсан аралығында Семей уездік төтенше жиналысында Семей облыстық земство жиналысының құрамына мүше болады. Осы қызметтерде жүріп облыс төңірегінде көптеген маңызды істерді шешуге белсене қатысты.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, 1919 жылы Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі мүшелеріне кешірім жарияланып, қалалық билік басында болған қызметкерлердің көпшілігіне әкімшілік қызметте болуға рұқсат берілді. Биахмет Орынборға барып, алғашқы уақытта соғыс комиссариатының саяси білім беретін бөлімінде басшылық жасайды. Сонымен қатар, Орынбор губерниясында оқытушылық қызмет те атқарады. Бұл салада жүріп, өзінің шебер оқытушы, ұстаз екендігін көрсете білді. Әкімшілік ісіне де жетік болып, тиянақты орындады. М. Тұрғанбаев пен Жүсіпбек Аймауытовтың: «Оның араласпаған қызметі болмады. Қандай жұмысқа кіріссе де тереңінен біліп, тез бітіретін», деуі осыны білдіреді. Жалпы, Биахметтің дипломаттық қасиетін де аңғарған ұлт зиялылары болды. «Бір көрген кісінің сырын тез біле қойып, ыңғайымен жүріп, өзінің мақсатты жұмысын орындатуға, өз сырын кісіге жуырда бермеуге, бір көрген адамды ұршықтай айналдырып алуға, қисыны келген жерде сескендіріп қоюға онан жетік кісі қазақ оқығандарының арасында жоқ деуге болады», – деп жазуы, оның білгір де білікті қайраткер болғандығын нақты көрсеткендей.

Биахмет Семейдегі атты әскер, милиция құруды бірден-бір қолдады. Алаш атты партизан полкін ұйымдастырушы 38-дің ішінде Биахмет пен оның ағасы да болған. Ол жалпы қазақтың басын қорғайтын әскери күштің, милицияның қажеттігін насихаттай отырып, оған қазақ жігіттерін тартуды қалады. 1918 жылдың маусымына қарай Семей қаласындағы Алаш әскери жасағының саны 300-ден 500-ге дейін өскен. Бұл әскери күш уақытша Сібір үкіметінің құрамында кеңестік билікке қарсы күрескен. Биахметтің бірнеше мақаласы «Қазақ» және «Сарыарқа» газеттеріне жарияланып, сол кездегі өзекті мәселелерді қозғай білді. Мәселен, Сібірдегі автономия мәселесіне байланысты «Сарыарқа» газетінің 20 қыркүйектегі санына басылған «Автономия кеңесі» деген мақаласында Том қаласында 8-15 қазанда Сібір автономиясын құруға қатысты съезд өткізбектігі, бұл автономияға Ақмола мен Семей облыстарын еңгізбектігін, тіпті Торғай облысын да қоспақтығына орай Ә. Бөкейхановты шақырып отырғандығын келтірген болатын. «Сібір автономиясына қазақтың Ақмола, Семей, Торғай облыстарының қосылуы пайдалы ма, жоқ әлде залалды ма» деген сауалды қоя отырып, Сібірге қосылудың маңыздылығын үш жолмен көрсетпек болған. Оның біріншісі, қазақ болып өз ордасын тігуге ертеректігі. Бұны Биахмет «…бір шеті Алтайда, бір шеті Оралдың күнбатыс жағында – Астраханда, бір бұрышы Ташкент-Бұқара арасындағы халық бар. Қазақтың басы қайтып қосылар?» деген қорқынышта болса, екіншісі, «Сібір автономиясын алғанда бір шарты – ішіндегі һәм басқа жұрттар Сібірден өздері автономия алып, болса автономиялы жұрт болмақ. Бұлай болғанда, қазақ автономиялы бөлек бір мемлекет болмақ» десе, ал үшінші жолы «Ақмола, Семей, Торғай қазақтарының Сібір автономиясына кіргені, жалпы қазақ бас қосылар күн туса, жерге қарамай өнер-білім, тұқымға сүйенетін бола қалса, еш бөгет жоқ» екендігін білдіреді. 1920 жылдың 30 тамызында Бүкілресейлік Орталық Атқару комитеті мен РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің декреті бойынша Автономиялық қазақ (қырғыз) Социалистік Кеңес республикасы құрылғаннан кейін Биахмет Орынборға шақыртылып, бастапқы уақытта соғыс комиссариатына қарасты саяси білім бөлімін басқарды. Одан кейін бірнеше жауапты қызметтер атқарды. Атап айтқанда, Қазақ Халық ағарту комиссариатына шақырылып, оның алқа мүшесі болды. Әлеуметтік тәрбие беру және мектеп істері бөлімдері басшылығын атқарды. Сонымен қатар, Орынбордағы мұғалімдер курсында және Қазақ Халық ағарту институтында дәріс беріп, қазақ мектеп­теріне мұғалімдер даярлауға белсене атсалысты. Мәннан Тұрғынбаев пен Жүсіпбек Аймауытовтың жазуынша, ол білікті педагог, психолог бола білді. Тұрмыстары нашар, мұқтаж шәкірттерге бар мүмкіндігінше олардың жақсы білім алуына көмектесуге тырысқан. Дегенмен, Биахметтің өмірі қысқа болды. Елді ашаршылық, жұқпалы ауру жайлаған кезде қол ұшын беруге асыққан қайраткерге оба ауруы жұғып, 1921 жылдың 17 шілдесінде Орынбор қаласында қайтыс болды.

Биахмет Сәрсенов аз ғұмырына қарамастан ХХ ғасыр басында қазақ қоғамындағы қоғамдық-саяси қозғалысқа белсене араласқан, талай істі атқара отырып, қазақ халқы­ның саяси тұрғыдан дамуына үлес қосқан ірі тұлғалардың бірі. Оның тарихи тұлғасын зерттеу болашақтағы істің бірі болмақ.