Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

С. СМАҒҰЛОВА Райымжан Мәрсековтың жұмбақ жақтары өте көп


Светлана СМАҒҰЛОВА,

 Ш.Уәлиханов атындағы Тарих
 және этнология институты
 директорының орынбасары,
 тарих ғылымдарының докторы.
 
// Жебе. 2013. 22 Шілде

http://zhebe.com/index.php/aimak-zhan/item/653-rajymzhan-marsekovty-zh-mbak-zhaktary-ote-kop.html

ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы жаңа да сапалы сатыға көтерілді. Отарлық езгіге қарсы күрестің бел ортасында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Ж.Ақбаев, Р.Мәрсеков сынды көптеген алаштықтар болды. Осылардың ішінде Райымжан Мәрсековтің өмірі мен қызметіне арнайы тоқталғанды жөн көрдім.

Райымжан Мәрсекұлы 1879 жылы (кейбір деректерде 1877 ж. деп келтіріледі – С.С.) бұрынғы Семей облысы Өскемен уезінің Айыртау болысында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданында) дәулетті отбасында дүниеге келді. Арғы атасы Сасықбай Терістаңбалы Найманның ішіндегі Семей, Өскемен өңіріне танымал шешен, ұшқыр ойлы, даналығымен белгілі болған адамдардың бірі екен. Әкесі Мәрсек кезінде Өскемен өңіріне атағы шыққан, Айыртау болысының управителі болған ықпалды, беделді, ән-күй десе ішкен асын жерге қойған адам көрінеді. Заман ағымын аңдай білген Мәрсек, келешек – баланы оқыту екенін жақсы түсініп, Райымжанды уездік орыс-қазақ мектебінде оқытып, сауатын аштыртады. Мұнан соң Райымжан Омбы қаласының классикалық гимназиясына оқуға түсіп, оны 1897 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Озық ойлы, оқымысты ұстаздардан дәріс алған Райымжан 1897 жылы Ресей империясының астанасы Санкт-Петербургтегі Император университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Ол білім алған жылдары және онан ілгері-кейінді Петербургте Ә.Бөкейхан, Б.Қаратаев, Ж.Ақбаев, Б.Құлманов, Ж.Сейдалин, А.Тұрлыбаев, Б. Сырттанов, М.Тынышбаев сияқты кейіннен қазақ халқының зиялы қауымының қаймағы болған жастар оқиды. Олардың барлығы университет қабырғасынан терең білім алып, қазақтың ғылым, заң, оқу-ағарту, денсаулық саласында өшпес із қалдырды. Көпшілігі ұлт-азаттық қозғалысының белсенді қайраткері болды.

Университетте оқып жүріп Райымжан қоғамдық жұмыстарға белсене кірісіп, өзі сияқты білім іздеп келген қазақ жастарымен қоян-қолтық араласады. Ол Ж.Ақбаевпен бірге студенттік жерлестер ұйымын құрып, елде болып жатқан саяси, әлеуметтік жағдайларды қадағалап, мәжілістерінде талқылап отырды. Ұйым мүшелері жағдайлары нашар қазақ студенттеріне қаражатпен көмектесу мәселесін де қолға алады.

Райымжан атақты ғалымдардан дәріс алды және өзін білімге құштар шәкірт ретінде көрсете білді. Сол кездерде заң факультетінде И.Я. Фойницкий, В.В. Ефимов, В.И. Сергеевич, Н.М. Коркунов, В.Н. Латкин, Ф.Ф. Мартенс, А.Х. Гольмстен сияқты ғалымдар қызмет етіп, дәріс берген. Райымжан оқыған жылдар империядағы саяси жағдайдың ушығып, қарсылық қозғалыстарына оқушы-студент қауымының да белсене араласа бастаған кезі болатын. Санкт-Петербургте патша билігіне қарсы студенттік қозғалыс болып, жоғары оқу орындарының студенттері ақпан-наурыз айларында бірнеше рет қарсылық ереулісін ұйымдастырады. Полицияның озбырлығына қарсы шыққандардың арасында Райымжан да болады. Осындай оқиғаларда саяси шынығып, қайратты да саналы күрескер ретінде қалыптасады.

Ол қазақ жерінің талан-таражға түсіп тарылуын өз көзімен көрді. Міне, осы өзгерістер оның саяси қозғалысқа араласуына түрткі болады. Райымжан патша үкіметінің қазақ жеріне жүргізіп отырған қанаушылық, озбырлық әрекеттеріне қарсылығын қоғамдық қозғалысқа қатысу арқылы білдірді. Патша жандармериясы 1899 ж. студенттер толқуын күшпен жаныштағаннан кейін, ең белсенді әрекет жасаған студенттерді университеттен, астанадан қуды. Райымжан да қара тізімге ілігіп, оқудан шығарылды. Ұзақ ізденістердің нәтижесінде, үлкен қиындықтармен қайтадан университет қабырғасына қабылданады. Дегенмен, оның соңынан қатаң бақылау қойылды.

Райымжан университетті 1902 жылдың сәуірінде тәмамдап, туған өлкесіне оралады. Ал бұл кезде Семей облысының әскери губернаторы А.Ф. Карповтың қолпаштауымен Орыс География Қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семей қаласындағы бөлімшесі (подотдел) ашылып, оған жергілікті және Семейге жер аудырылып келген оқымысты ғалымдар мүше болған-ды. Өз кезегінде Райымжан да аталған бөлімшеге мүше болуға арыз беріп, мүше-қызметкер ретінде қабылданды. Осы бөлімше оның 1901 жылы «Санкт-Петербургское Ведомство» газетінде жарияланған «Қазақтар және қоныстанушылар» деген мақаласын өте маңызды, құнды еңбек деп танып, бөлімше кітапханасының каталогына енгізеді. Бөлімше жұмысына белсене араласып, түрлі тақырыптарда өтіп жатқан пікірталастарға қатысты баяндама жасады. Ол 1902 жылдан 1911 жылға дейін Орыс Географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімшесінің мүше-қызметкері болды. Райымжан әуелі Семейдің округтік сотында «Помощник присяжного» лауазымында қызметке тағайындалып, бұл қызметті 1907 жылға дейін атқарады. Ал 1907 жылы Тобыл округтік сотында Тар уезінің тергеушісі болып тағайындалады. 1908 жылы Омбы сот палатасының шақыруымен Омбыға келіп, 1912 жылға дейін адвокатура саласында қызмет істейді. Бұл тұста патша үкіметі саясатына қарсы шыққан қазақтың бас көтерер азаматтары мен зиялылары жаппай қуғындалып, түрмеге жабылып, жер аударылып жатқан еді.

Райымжан 1912 жылы Омбыдан Семейге қоныс аударады. Оның Семейге көшіп келуін жергілікті халық зор оқиғаға балап, қуанышпен қарсы алды. Қызметке қызу араласып, өзін тез арада білгір заңгер-адвокат ретінде таныта білді. Ол қызметте қазақ жұртына қатысты істерді мұқият қарап, сот қазылардың әділ үкім шығаруына атсалысады. Жазықсыз істі болғандарға ара түсіп, заң жолын білмеген қазақтарға жөн сілтеп, жәрдемші болады. Қолы әділдікке жетпей жүрген көптеген қандастары оның тікелей араласуымен заң жүзінде жалған жаладан құтылып, бостандық алып отырды. Негізінде, ол жұмыс бабымен ел арасында көп болады. Ол – заңгер ретінде патша әкімдерінің қазақ жеріне жүргізіп отырған жарлықтарының түк қисынға келмейтінін мінеді. ХХ ғасыр басында қазақ зиялы қауым өкілдерінің алдында жер, тіл, дін секілді шешімін таппаған мәселелер тұрған еді. Бұл мәселелерді шешудің бірден-бір жолы съезд шақыру арқылы бас қосып, ақылдасу екендігін түсінген зиялылар қазақ тілінде жарық көрген тұңғыш журнал «Айқап» пен «Қазақ» газетіне осы төңіректе ой-пікірлерін жариялай бастады. «Бас қосу» мәселесі туралы халыққа үн тастаған «Айқаптың» редакторы М.Сералин болып, оның ұсынысына орай ең алғаш ой-пікір білдірген де, патша үкіметінің қазақ еліне жүргізіп отырған отарлау, қоныстандыру, орыстандыру саясаттарына қарсы шыққан қазақ қайраткері Ж.Сейдалиннің отарлық саясатқа қарсы «бас қосып кеңесейік, сиезд шақырайық» деген бастамасын құп алған да осы Райымжан еді.

ХХ ғасыр басында қазақ интеллигенциясын тарихи аренаға шығарған Алаш қозғалысына, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің қызметіне де Райымжан бар жан-тәнімен қызмет етті. Ол елдің қамын, болашағын ойлап, отаршыл жүйеге қарсы шыққан ұлт зиялыларымен қоян-қолтық араласты. Солармен бірлесе ұлт мүддесіне кереғар пікірдегі отаршыл патша саясатына қарсы жарияланған мақалаларын үзбей оқып, олардың пікірталастарына белсене араласып, өз ойын да ортаға салып отырды. Оның қоғамдық-саяси қызметі «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметімен тығыз байланысты. Райымжан да «Алаштың» белді бір мүшесі болып, оның міндеттері мен мақсаттарын айқындауға белсене араласады. 1917 жылдың 15 маусымынан бастап шыққан «Сарыарқа» газетінің редакторы қызметін алаш қайраткерлері Х. Ғаббасұлы, И. Әлімбекұлы, Р. Мәрсекұлы, Ш. Керейбаевтар кезектесіп атқарып, газет беттеріне Алаш қозғалысы туралы хабарларын, Алашорда үкіметінің қаулы-қарарларын, құжаттарын жариялады. Осы «Сарыарқа» газетінде Райымжанның «Көпшілдер кесірі – шет мемлекеттердегі қозғалыс», «Заң жобасын даярлайтын комиссия», «Керектің керегі – ғылым», «Оқшау сөз» сынды мақалалары жарық көрді. Ол Алашорданың Семей облыстық комитетінің басшыларының бірі болып көптеген кәделі қызмет атқарды. Қазан төңкерісінен кейін 1917 жылы Семей облыстық қазақ комитетінің төрағасы және облыстық атқару комитетінің мүшесі болып сайланды. Сонымен қатар ол Семей қаласында жаңадан құрылған облыстық уақытша қазақ сотының төрағасы қызметін қоса атқарады. Уақытша қазақ соты қазақ арасындағы қылмыстық істерді, барша қазақ арасындағы дауларды шешті. Осы қызметтерде істей жүріп, шовинистік пиғылдағы кейбір қызметкерлердің қаскөйлік іс-әрекеттеріне дер кезінде тойтарыс беріп, қазақ халқының мүддесін қорғап қалып отырды.

Семей қазақ облыстық комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген кезінде 1917 ж. сәуір мен мамыр аралығында өткен Семей облыстық сиезіне басшылық жасап, автономия құру, комитеттер ашу, дін, жер, сот, әйел мәселелері, жалпы қазақ сиезін шақыру сияқты мәселелері қарастырды. Сиезде құрылған облыстық қазақ комитетіне мүше болып сайланады. Осы жылдың 8 қазанында Семей қалалық думасының шешімімен Том қаласында өткен жалпысібірлік съезге депутат болып қатысты. 9 желтоқсанда Семей қаласында Семей уездік Жер басқарамасының І төтенше мәжілісінде мәжіліс төрағалығына, ал 10 желтоқсанда өткен мәжілісте есеп-финанстық комиссия құрамына сайланады. Семей облыстық Жер басқармасының төрағасы қызметін атқарған жылдары облыс төңірегінде көптеген маңызды істерді шешуге басшылық жасап, ел қамын ойлаған дарынды басшы, іскер ұйымдастырушы ретінде көзге түседі. Ол облыстың көптеген губернияларын аралап, халықтың жағдайын өз көзімен көріп, оларға көмек көрсетуге бар күшін салады. Азамат соғысы жылдары күйзелген халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге бар күшін салып, Владивосток қаласына сапар шегіп, онда орналасқан Американдық «Андерсен, Майер және К˚» фирмасының бөлімшесімен келіссөз жүргізуге қатысып, Семей облыстық земствоның атынан 15 миллион сомның тауарын жергілікті шикізатқа айырбастап әкеліп, бұқара халықты күнделікті тұтынатын ең қажетті деген тауарлармен қамтамасыз етілді.

Райымжанның іскерлігін ерекше танытқан кәделі қызметінің бірі – 1918 жылдың жазында 1916-1917 жылдардағы толассыз бүліншіліктер құрбанына айналып қиыр қонып, шет жайлап кеткен қазақтардың тағдырына араша түсуі және Алашорда үкіметінің атынан Қытай өкіметінен (Шәуешек, Үрімжіге) көмек сұрай баруы еді. Делегация құрамында А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, С. Аманжоловтар болған. Алайда өз ішінде азамат соғысы болып жатқандықтан, олар көмек берудің еш мүмкіндігі жоқ екендігін айтып шығарып салады. Бұл сапардан қазақ делегациясы атамекендеріне жабырқап оралады. Райымжан Алашорда милициясын (әскерін) құруға да белсене араласқан. Алаш азаматтары М. Дулатұлы, Б. Сәрсенов, С. Дүйсембин, А. Қозбағаров, М. Боштаев, М. Тұрғанбаев, И. Әлімбековтармен бірлесе отырып алаш полкін жасақтауға атсалысады. Бұл полкті штабс-капитан Хамит Тоқтамышов басқарады. Алашорда үкіметі өз жұмысын тоқтатқан кезде Р. Мәрсеков кеңес қызметіне араласты. 1922 жылдары Райымжан Семей губерниялық атқару комитетінің ақпарат-нұсқаушы бөлімінде инспектор-тексеруші қызметін атқарады. Бұл кезде ол белсенді қоғамдық-саяси қызметтен шектелген еді. Райымжан сонымен қатар туған халқының жарқын болашағы жолында қалам қайратымен де айтарлықтай қызмет етеді. Оның өз заманының көкейтесті мәселелері турасында ой толғап жазған сан алуан тақырыптардағы сындарлы мақалалары сол тұстағы орыс, қазақ газет-журналдарында жиі жарияланып тұрды. Ол ең алғашқы мақаласын Петербург университетінде оқып жүргенде жазған болатын. Дәлірек айтсақ, оның мақалалары 1899-1900 жылдары «Дала уалаяты газеті» бетінде жарық көреді. Ол мақалаларында қазақ арасындағы сайлау барысындағы тартыс, ел басқару ісіндегі орын алып отырған олқылықтарға сын көзбен қарап, бұл саладағы жұмыстарды халық пайдасына орай жақсарту жөнінде өз ұсыныстарын көпшілік назарына ұсынады. Осы аталған мәселелерді заң тұрғысынан жүйелеп, халыққа дұрыс қызмет атқаруға үндеді.

Райымжан мақалаларының біразын «Р.М.», «РОМ», «Найман» деген сияқты бүркеніш есімдермен жариялаған. Негізінде оның мақалалары тақырыптарының әр алуандығымен, ой-пікірлерінің нақтылығымен, тілінің шұрайлылығымен ерекшеленеді. Қай тақырыпта ой қозғап жазса да, мәселені терең біліп, терең зерттеп жазуға тырысқан. Өзінің ой-пікіріне заң ғылымы тұрғысынан тұжырым жасап отырған. Ол қазақ жеріне қатысты жариялаған үкімет реформалары мен заңдарына, қазақ жеріне келімсектерді қаптатқан Столыпиннің реформасына қарсы шықты. Қазақ жерінің тарылып, суы мол, шұрайлы, шабындықты жерлердің келімсектерге беріліп, ата-баба жерінің қолдан кетіп бара жатқаны, орыс шаруаларының толассыз ағылуы оның жанына қатты батты. Өзінің «Қазақ қайтсе жерге ие болады?», «Жер мәселесі», «Ата қонысынан айырылған қазақ жайы» сияқты еңбектерінде қазақ даласының бөлшектеніп, жердің бәрінің мемлекет меншігіне алынып отырғанын айтып, өз жерін қазақ қалай сақтап қалу керектігіне жауап іздейді.

Райымжан өзін көп салада білгірлігімен таныта білді. Ол тарих, заң, саясат, әдебиет салалары бойынша терең мағлұмат беруге қабілетті жан еді. Туған халқының оқу-ағарту ісіне айырықша көңіл бөлген ол қазақ жастарына жан-жақты көмектесіп тұруды өзіне міндет санады. Мұқтаж шәкірттерге бір жағынан қаржылай жәрдем берсе, бір жағынан олардың алдында әр түрлі тақырыптарда баяндамалар жасап, шәкірттердің көкірегін оятып, көзін ашып, білімдерін толықтырып отырды. Ол жастарға білім мен ғылымды ұштастыру қажеттігін баса көрсетті. Қазақ мектептеріндегі оқу жүйесін қайтадан қалпына келтіріп, қазақ балаларына оқу мәселесін қолға алуды жөн деп санады. Кейінірек өзі оқытушылық қызмет атқарғанда осы ойын жүзеге асырды. Райымжан Омбы мен Семей қаласында оқитын қазақ жастарының ұйымдастырған музыкалық, әдеби кештеріне жиі қатысып, олардың тілек талабына орай баяндамалар жасады.

Жалпы, Райымжан Мәрсековтың жүріп өткен өмір жолы күрделі және жұмбақ жақтары өте көп. Ол өз замандастары сияқты қоғамдық талас-тартыстардың сындарлы жолынан өтті. «Ұлтшыл», «буржуазияшыл» деген айыптар тағылған Райымжан 20-жылдардың бас кезінде бас сауғалап, Қытай еліне қашуға мәжбүр болды.