Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«ДАЛА ЭКСПЕДИЦИЯСЫ НЕГІЗІНДЕГІ ДЕРЕКТЕР ЖӘНЕ ЕЛ БІРЛІГІН ЕСЕЛЕГЕН АЛТАЙ БИ НАЙМАНБАЙҰЛЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ


2022 жылғы 28 желтоқсанда «Алтай би» қоғамдық қоры бастамасымен, Алматы қаласы әкімшілігі, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, әл-Фараби атындағы КазҰУ, Абай атындағы Ұлттық Педагогикалық университеті, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер Институтының ұйымдастыруымен «Дала экспедициясы негізіндегі деректер және Ел бірлігін еселеген Алтай би Найманбайұлы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Конференция мақсаты –  «Жаңа Қазақстан» құру тұжырымдамасын жүзеге асыру жолында Алтай би Найманбайұлының өмірі мен жоңғар басқыншыларына қарсы күрестегі ерлігін талқылау мысалында қазақстандық патриотизмді нығайту.

Қазақ даласы ерте замандардан-ақ, Қазақ мемлекеттілігінің негізін қалыптастыруда аянбай қызмет еткен, әділдіктің ақ туын биік ұстанған  дана билері мен өжет батырларының қызметімен тарихта орын алған. Қазақ-жоңғар соғысы дәуірінде қазақ билері өзінің шешендік сөздерінің мәні мен дипломатиялық шеберлігімен Қазақ тарихында есімдері өрнектеліп, халық санасында мәңгілік есте қалған. Қазақ төл тарихындағы билер арасындағы көрнекті тарихи тұлғалардың бірі – Албан тайпасының Қызылбөрік руынан шыққан, танымал Әжібай батырдың ағасы Алтай би Найманбйұлы.   

Конференция жұмысына отандық жетекші ғалымдардан бөлек, Түркия, Қырғызстан елдерінен ғалымдар қатысты. Жиында бас қосқан тарихшы-ғалымдар, әдебиеттанушылар, қоғам қайраткерлері, ЖОО оқытушы-профессорлары, Алматы қаласы мен облысы әкімдіктерінің өкілдері мен жас ғалымдар Қазақ елінің бірлігін сақтауда ерен еңбек атқарған тарихи тұлға Алтай бидің өмірі мен жер тұтастығын сақтаудағы рөлі туралы ғылыми баяндамаларын жасады.

Ғылыми шарада ҚР ҰҒА-ның академигі Д.К. Кішібеков, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Е. Қабылдинов, ҚР Парламентінің депутаты, сенатор Ж.Ә. Жөргенбаев, «Алтай би» қоғамдық қорының президенті, заң ғылымдарының докторы Қазыбекби Бүйтекұлы, Алматы облысы бойынша экология департаментінің басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Қ.Е. Байділдаевтың құттықтау сөздерін арнап, Қазақ тарихында өшпес із қалдырған тарихи тұлға Алтай би Найманбайұлының елдік қызметі бойынша ғылыми пікірлерін айтып өтті.

ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Жандарбек Әшімхан Алтай бидің Қазақ мемлекеттілігін қалыптастыру жолындағы қызметіне шолу жасап, конференция ұйымдастырушыларына алғысын білдірген арнайы құттықтау хаты ғылыми-көпшілік қауымға таныстырылды.

Өскелең ұрпақ бойына елжандылық қасиет пен кітап оқу мәдениетін нығайту мақсатында Алтай би ұрпақтары білім алған Алматы облысы Кеген ауданындағы А. Түркебаев атындағы орта мектептің білім алушыларына Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғалымдары шығарған ғылыми еңбектерден 200 кітап сыйға берілді.

Ғылымдағы жетістіктерімен көзге түскен үш бірдей жас ғалымға «Алтай би» қоғамдық қорынан арнайы стипендиялар табысталды.