Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

САЯСИ ҚУҒЫН СҮРГІНГЕ ҰШЫРАҒАНДАРДЫ ТОЛЫҚ АҚТАУ ЖӨНІНДЕ ӨҢІРЛІК КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ


Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы жарлығын іс жүзінде жүзеге асыруда Мемлекеттік кеңесші Е.Т. Карин мырзаның жетекшілігімен және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ғылым комитетінің белсенді қолдауымен XX ғасырдың 20-50-жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Қазақстан азаматтарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия өткен жылы үлкен жұмыс жүргізді. Нәтижесінде жалпы көлемі шамамен 800 баспа парағын құраған 31 томдық «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия материалдары» жарық көрді.

Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру мен Мемлекеттік комиссия төрағаларының, Жобалық офис тапсырмаларын орындауда Өңірлік комиссия мүшелері біршама жұмыстар атқарып келеді. Осы орайда облыс орталығындағы Достық үйінің Конференц залында өңірлік комиссия мүшелерімен дөңгелек үстел ұйымдастырылып өткізілді.

Кездесу барысында өңірлік комиссиялардың жұмысы және 2023 жылға қойылған міндеттер талқыланды. Атап айтқанда, биыл Жобалық кеңсе, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы ТжЭИ өңірлік комиссиялармен бірлесе отырып, Алаш тақырыбын зерделеп, қуғын-сүргін құрбандары мен олардың ұрпақтары арасында сауалнама жүргізіп, зертеу жұмыстарын жалғастырмақ.

Оның қорытындысы бойынша 2023 жылы тағы 20 томдық – тоталитарлық режим қылмыстарының жанды айғағы және Алаш қозғалысына қатысты таза мұрағаттық материалдардың 10 томдығы жарық шығарылатыны айтылды.

Іс-шара модераторлары Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқарма басшысының орынбасары Раисова Айнұр Мақсұтқызына және саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, комиссия мүшелері алған тәжірибелері, жұмыс барысында туындаған мәселелері бойынша сұрақтармен алмасып, салиқалы ойлар мен құнды пікірлермен бөлісті.

Жалпы,ынтамақтастық аясында жүргізілетін жұмыстардың барысы келешекте нәтижелі ғылыми табыстарға жетелейтініне күмәніміз жоқ.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов.