Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА А. ШЕТЕЛ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КЕҢЕСТІК ДӘУІРДЕ АТА МЕКЕНГЕ ОРАЛУ ТАРИХЫНАН


А. ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,
тарих ғылымдарынын докторы
(Қазақстан, Алматы қ.)

«Ел көшін бастау – маған сын, мені қостау – елге сын» деген Президентіміздің сөзін  ту еткен қандастарымыз елге қайта оралу үдерісін бастады. Тәуелсіздіктің арқасында ұлт ретінде түгенделіп жатырмыз. Қазақ жеріндегі және сырт елдерге кеткен қазақтардың рухы, салты, тілі мен әдебиеті, мәдениеті, тарихы біртұтастанып, байытыла толығып жатыр. Өз отанында басы біріккен қазақ сан жанынан көбейіп, сапасы жағынан дамудың жаңа сатысына аяқ басуда. Бұл тарих таразысының әділдігінің және қазақ халқының өміршеңдігінің дәлелі. Әділдігі – шетелге қашуға мәжбүр болып, төрткүл дүниеге тарыдай шашыраған қазақтың өз отанына қайта оралуында. Өміршеңдігі – «мың өліп, мың тірілген» қазақтың жаңа сапалық, сандық өлшемге жетіп, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып дамуында.

Атамекенінен айрылған қазақтардың қайта оралуы кеңес дәуірінде де орын алғанын айтумыз керек. Соның ішінде 1950-жж. Қытайдан қайта оралған репатрианттарға ерекше тоқталуға болады.

1950-жж. ортасында КСРО-ның саяси өміріндегі «жылымық» жылдарында Қытайдың Шыңжаң аймағынан КСРО-ға, соның ішінде Қазақстанға 1916 ж. ұлт-азаттық қозғалысына қатысқандарды жазалау экспедициясының әскери қимылдарынан қашқан, кеңес өкiметiнің қысымына шыдамай ел асқан, 1921–1922 жж. мен 1929–1933 жж. ашаршылық жылдарында шетелге өтiп кеткен бауырларымыздың және олардың ұрпақтарының бір бөлігі атамекеніне қайтты. Екі ел арасында кеңес азаматтарын қайтару туралы арнайы келісім болған жоқ. Бірақ, 1954 ж. КСРО мен Қытай арасындағы қарым-қатынас туралы жасалынған 10 жылдық келісім-шарт «кеңес азаматтарының» КСРО-ға қайтуына жол ашты. Сонымен бірге, КСРО Министрлер кеңесі 1954 ж. 16 сәуірде № 751–329 ерекше құпия жарлығы бойынша маусым–тамыз айларында Қытай Халық Республикасындағы «кеңес азаматтарын» тың жерлерді игеруге көшіру туралы, 1955 ж. 17 қыркүйекте №1701 «Шекарадан тыс жерлердегі кеңес азаматтарын репатриациялау және оларды КСРО-да еңбекпен қамту» туралы қаулы қабылдайды. Осы қаулылар негізінде Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы мен т.б. аудандарынан қазақ, ұйғыр, дүнген, орыстар қайта оралады [1].

1955 ж. Қытайдан қоныс аударған репатрианттар ресми құжаттарда «кеңес азаматтары» деп аталды. «Кеңес заматтары» деп аталу тарихына келсек: 1930-жж. Қытайдағы кеңес консулдықтарының жанынан құрылған Үрiмшi, Құлжа, Шәуешек, Алтай және Қашқарда орналасқан «Кеңес мұғаджарлар қоғамының» өкiлдерi мен олардың сенiмдi агенттерi 1945 ж. қаңтарда Шығыс Түркiстан ислам жұмхұрияты (республикасы) құрылғаннан соң, Кеңес Одағына қайтамын деген адамдарға кеңес азаматтарының паспортын үлестiреді. Олардың арасында 1916-1933 жж. арасында Қазақстаннан қашқан қазақ, ұйғыр, дүнген,  өзбек, орыс және т.б. ұлт өкілдері болды. Кезiнде «кеңестiк тазалау», «бай-кулактарды тазалау» деген желеумен жүрген кеңестiк саясаттың салдарынан қуғыншылыққа ұшырап,  шекара асқан қазақтар ғана емес, басқа ұлт өкiлдерiне де 1950-жж. қайта оралу мүмкіндігі туды. Олардың шекарадан өткендiгi туралы белгiсi бар-жоқтығына қарамастан, тууы туралы куәлiгiн алып кеткендердi сол құжат негiзінде, ал, құжаты жоқтарды тiлектерi бойынша «кеңес азаматы» деген тiзiмге тiркедi. Сонымен бiрге, КСРО-дан бармағанымен КСРО-ға, Қазақстанға кетемiн дегендерге де мөр басылған Кеңес Одағы азаматының паспортын берген. Тiптi, паспорттарды қоржынға салып жүрiп, кез-келген жерде үгiтке ерген адамдарға үлестіріп, «кеңес азаматы» ретінде тiзiмге алған оқиғалар да кездескен. Осылайша, Қытай жерінде «кеңес азаматтары» деген контингент пайда болды [2]. 1954 ж. КСРО мен Қытай арасында жасалынған 10 жылдық келісім–шарт «кеңес азаматтарының» КСРО-ға қайтуына жол ашты. Олар заңды түрде 1955 ж. жаппай Қазақстанға қайта бастады.

1955 ж. Қытайдан келген «кеңес азаматтарын» қабылдау арнайы тәртіппен жүргізілді. Олар Хоргос станциясынан Сарыөзекке жіберіліп, одан ары қарай Іле, Аягөз және Отпор станциялары жанынан құрылған 3 қабылдау-бөлу пункттері арқылы қабылданды. Әрбір қабылдау, бөлу пунктін ауыл шаруашылығы, кеңшар және құрылыс пен көлік министрліктерінің одақтық және республикалық көлемдегі өкілдері басқарды. Оларға көмекші ретінде әрбір облыс орталықтары мен аудандардан есепшілер мен техникалық қызметкерлер бөлінді. Қабылдау арнайы жоспар мен график бойынша жүргізілді. Барлық пункттерде сауда орындары ашылып, дәрігерлік және мәдени қызмет көрсету ұйымдастырылды. Көшіп келген «кеңес азаматтарына» көмек ретінде: отбасы басшысына 3000 сом, мүшелеріне 600 сомнан қайтарылмайтын көмек ақша берілді. Әрбір отбасы мемлекеттік банкіден жеке үй құрылысы үшін 15 мыңға дейін, мал сатып алу үшін 3 мың сом көлемінде несие алуға құқылы болды.

Сонымен, 1955 ж. тікелей өзіне қатысты мәліметтерді саралар болсақ, Қазақстан кеңшарларына 240 отбасы (39467 адам, соның iшіндегi еңбекке жарамдысы 13508 адам) көшiп келдi. Сондай-ақ, ұжымшарларға қоныс аударған «кеңес азаматтарының» саны 2529 отбасы (16016 адам, оның 8407-сi еңбекке жарамды, 1261-і еңбекке жарамсыздар мен қарт кiсiлер, 8 жасқа дейiнгi балалар – 3835 адам, 8 жас пен 16 аралығындағы балалар – 2515 адам) болды [3]. Қытайдан келген «кеңес азаматтары» негiзiнен, жұмыс қолы жеткiлiксiз және мал шаруашылығымен айналысатын Павлодар, Қостанай, Көкшетау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарының ұжымшар, кеңшарларына жiберiлдi. Сол сияқты, құрылыс пен көлік салалары бойынша да орналасты.

Қоныс аударушыларды қабылдаған шаруашылық басшылары жылы қабақ танытып, оларды жұмыс орындарымен, қолайлы баспанамен қамтамасыз етуге тырысып бақты. Мүмкіндігі барлары жаңа үй берсе, жоқтары ескі үйлерді жөндеуге немесе жаңадан үй салуға қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге көмектесті. Әр шаруашылық келісілген шарт бойынша, тиесілі малын, ақшалай көмегін беріп, өзінің экономикалық күш-қуатына қарай отын-су, азық-түлікпен қамтамасыз етуге тырысты. «Бір қой егіз туса, бір түп жусан артық өседі» дегендей аштан өліп, көштен қалмаудың жағдайлары жасалды. Тіпті, тұрғылықты адамдарға жетпейтін болғандықтан, тек қоныс аударушыларға ғана қолда бар азық-түлік т.б. қажетті заттарды берген шаруашылықтар да болды. Бұл тұрмыстық қиындықтар көріп жатқан жергілікті тұрғындардың арасында наразылықтар тудырып, Қытайдан көшіп келуші «кеңес азаматтарына» суық қабақпен қараған жағдайларға әкелді. Яғни, барлық жерлерде Қытайдан келушілерге деген көзқарас бірдей емес еді.

Көшіп келушілердің басынан өткізген қиыншылықтар мен кедергілерге келетін болсақ, онда ауыртпалық әуелі азды-көпті білімі бар азаматтардың басына түскенін байқаймыз. Қайсыбір шаруашылық басшылары көшіп келушілердің ішіндегі малшы, бақташы, механизаторларын іріктеп алып, қалғандарынан ат-тонын ала қашқан да кездері болды.

Қытайдан «кеңес азаматтары» 1955 ж. 1-сәуірінен ұйымшылдықпен келе бастаса, сол жылдың қыркүйек айында Республикалық Қоныс аудару басқармасына қоныс аударушыларды қабылдаудан бас тартқан және орнығу кезіндегі келеңсіздіктерге душар болғандардың реніші мазмұнындағы хаттар көптеп түсе бастады. Мұрағат құжаттарына сөз берсек, Қазақстанға көшіп келушілердің негізгі қатынас тілі – орыс тілін білмегендіктен тұрмыста, жұмысқа орналасуда, дәрігерлік көмек қабылдауда, білім алуда және т.б. байланысты бірқатар қиыншылықтарды басынан өткізгенін байқаймыз. Мұрағаттардан қоныс аударушылардан үкімет органдарына шағымданған құжаттары кездесті. Тек, 1955 ж. өзінде Қазақ КСР кеңшарлар министрлігіне қоныс аударушылардан арызданған 280 хат түскен.

Керісінше, Қазақстанға көшіп келгеннен соң, не несие алмай, не үй салу қаракетін жасамай, барғысы келген жаққа рұқсатсыз кетіп қалғандар мен жергілікті жерлердегі тәртіпсіздіктерге себеп болған жағдайлар да болды. Елдің солтүстік аудандарына жіберілгендері оңтүстікке, әсіресе, Алматы, Талдықорған облыстарына, орыс ұлты өкілдерінің Ресейге көшіп кету оқиғалары орын алды. Өз ұлтының өкілдері жинақы орналасқан жерлерге көшіп кетіп, бастапқы орналастырған жерінде тұрақтамаған репатрианттар да кездесті. Несиені алған соң орналастырған жерінде бекімей қашып кеткендер, кейіннен оларды милиция органдары арқылы таба алмаған немесе кейбір репатрианттардың кері Қытайға жіберуді сұраған жағдайлар да болды.

Репатрианттардың бір тобы кеңшарлар мен ұжымшарларға және көлік жолдары мен өндіріс орындарының құрылысына тартылды. Қытайдан келген «кеңес азаматтары» Қазақстанның барлық облыстарына бөлінді. Жоспарлы түрде белгілі бір елді мекендерге жинақы орналастыру шаралары жүргізілгенімен, уақыт өте, қайта оралған қазақтар, негiзiнен, Алматы, Талдықорған, Семей және Шығыс Қазақстан облыстарына шоғырланды.

1960-жж. кеңес–қытай қарым-қатынасы шиеленіскенге дейін екі жақта қалған туыстар арнайы виза мен ресми куәліксіз бір-бірімен араласып тұрды. Қытай егіншілері кеңестік жерлерден келіп шөп, отын-ағаш дайындап, балық аулайтын. Шыңжаңда Орта Азиядан шыққандардың автономиялық уездері мен болыстары болатын [4]. 1962 ж. жағдай өзгерді. Сол жылы Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық облысынан өткендердің саны 100 мың болды (көпшілігі қазақтар мен ұйғырлар). Шекара жабылады.

Осы жылдардағы қазақтардың тарихи отанына көші-қонына тарихшы, ғалым З. Қинаятұлы: « … біріншіден, ата жұртқа оралған көштің бастауы, екіншіден, империал-коммунистік аса қатаң жүйені өзіне мойынсұндырған күрделі құбылыс», – деп баға бере отырып, – ол көштің легінде келгендер өкіметтен бір басының сыйуынан өзге ештеңе күтпеген. Олар саяси идеологияның қатаң бақылауында жүріп-ақ, қазақтың этномәдениетіне өзіндік үлес қосты»,- деген тұжырым жасайды [5].

Партиялық және үкіметтік органдар репатрианттарды қабылдау еңбекпен қамтамасыз ету, орналастыру және тұрмыстық жағдайларын реттеу мәселесін мейлінше қатаң қадағалауға тырысты. Қытайдан оралғандардың негiзгi бөлiгi ауыл шаруашылығы салалары бойынша орналастырылды. Репатрианттар, негізінен, еңбек күшін қажет ететін, мал шаруашылығымен айналысатын совхоздары көп облыстарға жіберілді. Мұрағат құжаттары, ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мамандық иелерінің қабылданғанын, басқа мамандық иелерін де осы сала мамандықтары бойынша жұмыспен қамтамасыз еткендігін айтады. Бірақ, көбіне арнайы мамандықтары бойынша орналастыруға тырысты. Қоныстанушылардың көпшілігі шопандар, малшылар, құрылысшылар болды. Мамандығы бойынша орналаспағанына, үй-тұрмыстық жағдайының нашарлығына, несие мен медициналық көмек алудағы қиыншылықтарға және тағы басқа кедергілерге байланысты наразылықтар болды.

Қытайдан көшiп келгендерге арнайы жеңiлдiктер жасалынды. Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң 1962 ж. 24 мамырдағы № 380-51 қаулысы негiзiнде әрбiр келген адамға 40 сом мөлшерiнде (қайтарылмайтын) көмек 1 сом тәулiк ақы және азық-түлiк, өнеркәсiп товарлары беріліп, көмек көрсетiлдi.

1963 ж. 18 қаңтарда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінiң «ҚХР-нан келген азаматтарға тұрғын үй және тұрмыстық жағдайын жақсарту туралы» арнайы қаулысында облыстардағы совхоз директорларына қоныстанушыларды бiрiншi кезекте үймен қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен бірге репатрианттарға сатуға 5400 т. ұн, 225 т. қант, жылы киiмдер: жылы кеудеше, 20 мың шалбар, 24 мың пар қолғап, 24 мың пар етiк т.б. бөлiндi. Мәселен, 1961-1963 жылдары бiр Алматы облысынын  колхоздары мен совхоздары 10030 отбасын қабылдады. Яғни 45094 адам, оның 21 мыңы еңбекке жарамды болып келдi. Ұлттық құрамына келетін болсақ, келгендердiң 60%-ы қазақтар, 35%-ы ұйғырлар, қалғандары дұнған, татар, орыс, өзбек. 1962 ж. Гвардейск өндiрiстiк Басқармасының «Жоламан» совхозына ҚХР-нан 78 отбасы орналасқанмен, еңбек ақының төмендiгiнен және тұрғын үй жағдайының нашарлығынан бұл жерден 28 отбасының кетуiне тура келген [6]. ҚХР-нан келген көші-қоншыларға жағдай жасамаған шаруашылықтар да болды. Мысалы, Қызылорда облысының көптеген совхоздарында жекелеген шаруашылық басшыларының бюрократтық тұрғыда қатынас жасауының салдарынан, оралмандарды орталықтан алыс, елсiз жерге орналастырып мән бермеген. Нәтижесiнде Қазалыдағы Көларық бөлiмшесiне келген 12 отбасының 11-сі совхоздан кетуге мәжбүр болған. Сондықтан ҚХР-нан келген азаматтардың көбiсi басқа облыстарға барып орналасты. Дегенмен 1964 жылдың аяғына қарай репатрианттарға мәдени-тұрмыстық жағдай жасау жақсара түстi.

Қытайдан келген репатрианттардың көпшiлiк бөлiгi бiрден еңбекке араласып кеттi. Мысалы, Алматы облысы Панфилов ауданында Калинин колхозында Мауленовтер отбасы шопан қызметiн атқарып, әр 100 саулықтан 118 қозы алған, аудандық кеңес депутаттығына сайланған. Мұндай мысалдарды көптеп келтiруге болады.

Тарихи әдебиеттерде 1950–1960-жж. Қытайдан қайта оралған қазақтардың саны туралы мәліметтер әр түрлі. Репатрианттардың саны туралы қазақстандық, шетелдік тарихшылардың пікірлері де әр басқа. Сондықтан, бұл мәселеге орай өз ойымызды айтар болсақ, мұрағат құжаттарын саралай отырып, 1954–1963 жж. Қытайдан 268371 репатриант қайта оралды деп есептейміз:1954 ж. 2461 адам Қытайдан ұйымдасқан түрде келді. Келесі 1955 ж. мен 1963 ж. аралығында барлығы 199269 адам ұйымдасқан түрде, ал, 1962 ж. сәуір айында 66841 адам өз бетінше Қытайдан Қазақстанға оралды. 1962 ж. келгендердің ішінде 16135 әйел, 27375 бала, 13121 жалғыз бастылар тіркелді [7]. Барлығын қосар болсақ, репатрианттар саны 268371 адам болып шығады. Қабылданған репатрианттардың көбiсi басқа республикаларға да барып орналасты. Мысалы, 1954–1965 жж. ҚХР-нан келген 47569 отбасы (259398 адам) республиканың 14 облысына орналастырылды, 1849 отбасы (8984 адам) басқа республикаға жiберiлді [8]. Оларды шегеріп тастасақ, 1954–1965 жж.Қытайдан Қазақстанға барлығы 259, 4 мың репатриант келді деп есептейміз.

Қытай Халық Республикасынан келген қандастарымыздың негiзi ауылдық жерлерге орналасты. Олардың Қазақстанға қайта оралуы 1960–1962 жж. Қазақстандағы халық өсіміне негіз болған «демографиялық» жарылысқа әсер етті деп айта аламыз.

Бүгінде қазақстандықтардың саны –16 776 мың адам [9]. Қазақстандағы қазақтардың саны 11 миллионға жетіп қалды. Қазіргі Қазақстандағы қазақтардың 2 млн.-нан астамы ХХ ғ. саяси-экономикалық, әлеуметтік катаклизмдердің нәтижесінде орын алған демографиялық апаттар кезінде шетелге кеткендердің ұрпақтары. 1950-жж. екінші жартысынан 1963 ж. аралығында Қазақстанға қайта оралғандар өсіп-өнуі негізінде 1 миллионнан асқан болса, Қазақстанға келген отандастарымыздың квотадан тыс өз бетінше келгендермен қосқанда 1 миллионнан асты. Сол себепті, 2009 ж. санақта 10098,0 мың адам болған қазақтардың шамамен алғанда 2 миллионнан астамы қайта оралған қазақтар болады (Қазақстандағы қазақтардың 19,8%-ы).

Сонымен,  Қытайдағы қазақтардың тарихи отанына қайтуының ХХ ғасырдағы тәжірибесі бұл үдерістің стихиялы түрімен бірге, жоспарлы шараларының да жүргізілгенін көрсетеді. Этникалық қазақтарды қазақстандық қоғамның  ажырамас бөлігіне айналдыруды мақсат еткен еліміз үшін отандастарымызды тарихи отанына қайтаруды демократиялық, құқықтық және әділдік негізінде жүргізу  мемлекеттік, ұлттық-стратегиялық маңызы басым бағыт болып табылады. Жетістігі мен шешімін күтіп тұрған мәселелері бар бұл үдеріс жалғасын табары сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Құдайбергенова А.И. Қазақстандағы көші-қон үдерістерінің тарихи демографиялық қыры (1917-1991  жж.). – Алматы: Елтаным, 2011. – 416 б. (268-б.)
2. Асылбеков М.Х., Құдайбергенова А.И. Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық жағдайы (1939-1959 жж.). – Алматы: Өркениет, 2005. – 160 б. (91-б.)
3. Сонда, 18-б.
4. Мендикулова Г.М. Исторические судьбы казахской диаспоры. Происхождение и развитие. – Алматы: Ғылым, 1997. – 264 с. (79-б.)
5. Қинаятұлы З. Көш ол – ұлт өміріндегі құбылыс // Егемен Қазақстан.  – 2001, наурыз – 22.
6. Ерімбетова Қ.М. Қазақстандағы кеңес мемлекетінің көші-қон саясаты (1960-1990 жж.). – Алматы: Тарих тағылымы, 2009. – 192 б. (31-б.)
7. ҚРОММ.1987-қ., 1-т., 127-iс. 139-п.
8. ҚРОММ. 1987-қ., 1-т., 130-iс, 93-п.
9. http://www.stat.kz

 

Жарияланды: Қазақстан және шетелдегі қазақтар: «Этникалық қазақтардың репатриациясы. Қазақстан мемлекеті көші-қон саясатының құрамдас бөлігі ретінде: жетістіктері, мәселелері және оларды шешу жолдары» атты Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толуына орай өткізілген Халықаралық ғылыми-практикалық конференция  материалдары, 12 қазан. 2012. – Алматы: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы, 2012. – 215-220 бб.