Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

А.И. Құдайбергенова «Шетелдегі қазақтар. Этникалық қазақтардың қайта оралуы» тақырыбын зерттеудің ерекшеліктері


А.И. Құдайбергенова – т.ғ.д., доцент

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері

 

Қазақстанның ерте заманнан қазірге дейінгі тарихын қамтитын жиырма кітаптан тұратын көптомдық басылымға «Шетелдегі қазақтар. Этникалық қазақтардың қайта оралуы» тақырыбы жеке кітап ретінде алғаш рет енгізіліп отыр. Бұл кітапта отарлық жағдайда көші-қон тауқыметін басынан өткізген қазақ халқының шетелдегі қауымының қалыптасуы, кеңес дәуірі мен тәуелсіздік алғаннан кейін ата-мекеніне оралуы және қазіргі даму тарихы қарастырылады.

Бұрмаланған шындықтар тәуелсіздік жылдары қайта қаралып, отандық тарихтағы көптеген «ақтаңдақтардың» ашылғаны белгілі. Кеңестік тарихи танымдағы идеологиялық ұстанымға орай шындығы ашылмақ түгіл, ресми тыйым салынбағанымен, зерттелуі құпталынбаған тақырыптар болды. Соның бірі – қазақтардың елден сыртқа кетуге мәжбүр болғандығы мен олардың Қазақстанға қайта оралуы тарихы. Бұл тақырыпты зерттеу – ұлттардың «гүлдене дамуының шынайылығына» көлеңке түсірері сөзсіз еді. Қазақтарды өздерінің туған жерінен сыртқа қарай үдере қашуына мәжбүр еткен жағдайларды ашу кеңестік саясаттың тұтастай ұлттың тағдырына деген аяусыздығын көрсетер еді. Сондықтан, қазақтардың шетелге үдере көшуі, шетелдегі қазақ қауымының қалыптасуы, олардың қайта оралуы мен қазақстандық өмірге бейімделуі мен сіңуі тарихын зерттеу және осы тақырыптағы кітаптың жазылуы Қазақстанның тәуелсіздігінің толыққанды жемісі деп есептейміз.

Шетелде қазақ қауымының қалыптасуы тарихы ХІХ ғасырдан бастау алады. 1864 ж. 7 қазанда Шәуешекте Қытай мен Ресей үкімет өкілдері қол қойған «Қытай-Ресей батыс солтүстік шекараны белгілеу келісімі» Қытай мен Ресейдің мемлекеттік шекарасының негізін белгіледі. 10 тараудан тұратын келісімнің 5 тарауында шекара өңіріндегі ежелгі қазақтардың қай мемлекетке қатысты болатындығы белгіленді: «… екі мемлекеттің осы белгілеген шекарасы маңындағы өңірлерде отырған малшылар таласпау үшін, олар осы келісім құжаттар бір-біріне тапсырылған (күшке енген күннен) күннен бастап, олар бұрыннан бері қай жерде мал бағып отырған болса, және де сол жерлерінде малдарын бағып отыра берулері керек. Олар сол ежелгі қоныстарында орнығып отырып, бұрынғы шаруашылықтарымен шұғылдана берулері үшін, жер қайсы мемлекетке бөлінсе онда отырған адамдар сол жермен бірге сол мемлекеттің басқаруында болады» [1, 99-б.], – деп көрсетілген. Қазақ жерінің Қытайға караған өңірінде отырған қазақтар Қытай Чин патшалығына тәуелді болды да, жері патшалық Ресейдің қарамағында қалған бөлігіндегі отырған қазақтар Ресей мемлекетіне жерлерімен бірге бағынатын  болды. Осылайша, Қытайда  қазақ қауымынын қалыптасқандығы аталған келісім арқылы заңдастырылды. Екі елдің билігіне бөлінген біртұтас халық шекаралық асу-соқпақтар арқылы бір-біріне көші-қонын үзген жоқ. Екі империяның шекараларын нақтылауы кезінде басталған шетелдік қазақ қауымының қалыптасу тарихы біздің зерттеуіміздегі назар аударатын мәселенің бірі болып табылады.

ХХ ғасырдағы саяси жағдайлар қазақтарды тарих соқпақтарымен тағы да әуре-сарсаңға салды. 1916 ж. Ұлт азаттық көтерілісті жазалау шараларынан қашқан қазақтардың көші-қоны кеңестік дәуірде өршіген қазақтардың сыртқа көші-қонының бастамасы болды. 1917-1918 жж. Түркістан Республикасындағы, 1921-1922 жж., 1929-1933 жж.  Қазақстандағы  ашаршылықтар және т.б. саяси-экономикалық және демографиялық катаклизмдер нәтижесінде қазақтар жан сауғалап көрші елдер мен республикаларға кетуге мәжбүр болды. Олар шетелдерге өту кезінде қырғынға ұшырап, орныға алмай, басқа елге асып, қалыптаса бастаған қазақтардың қатарына қосылып қазіргі шетелдегі қазақ қауымының негізін қалады.

Тақырыпты зерттеуде назар аударатын ірі мәселенің бірі – шетке кеткен қазақтардың қайта оралу тарихы.

Сырт елдерді паналаған қазақтардың тарихи отанына қайту шаралары ХХ ғасыр бойы жүрді. Өткен ғасырдағы қазақтардың Қытайдан қайта оралуының тарихы төрт дүркін жүзеге асты деп есептейміз:

1)   1916 ж. көтеріліске қатысқандарды жазалаудан қашып, Шығыс Қытайға өткен қандастарымыздың 1917 ж. Ақпан төңкерісінен кейін елге қайтып оралуын қазақтардың Қытайдан қайтуының алғашқы легі болды.

1917 ж. Уақытша үкіметтің бастамасымен Қытайдағы қазақтарды қайтару шаралары жүргізілді. Орыс билігі Шыңжаң губернаторы Ян Цзэнсиньнен «Қытайда тұрып жатқан 19-31 жас арасындағы дүнген, тараншы, қазақтар мен басқа да бұратаналарды» тез арада қайтаруды талап етті. Қазақ және қырғыз босқындарын қайтарған жағдайда оларды амнистиялау туралы келісімге қол қойылады. Осы жылдары кеткен қазақтардың қайта оралуында ерекше рөл атқарған сол кездегі Мемлекеттік Думаның мүшелері Мұқамеджан Тынышбайұлы, Уақытша Үкіметтің Түркістандық комитетінің төрағасы Орест Авенирович Шкапский, Мұстафа Шоқай, Санжар Асфендияровтар болды. 1917 ж. Ақпан төңкерісінен кейінгі Уақытша өкіметтің  Шыңжанды паналаған қазақтарды қайтару шараларының нәтижесінде қазақтар Шығыс Түркістаннан туған жеріне қайтты. 1917 ж. сәуір-мамыр айларында ғана Қытайдан қайтқандар саны 120 мың болды деген есеп бар. Профессор Ж. Қасымбаевтың «Қытайға кеткен қазақтардың қайта оралуы» [2] мақаласында 1917 ж. тамыздағы М. Тынышбаевтың есебінде Қытайдан келген және әлі де келетін қазақтарды орналастыру ісіне ерекше қарау керектігі айтылған. 1917 ж. соңына қарай 160 мыңдай қазақ Қазақстанға репатриацияланды. Бұл жылдары Қытайдан келгендердің толық саны анық емес.

Кеңес өкіметінің орнауы мен Қазақстандағы азамат соғысы қазақтардың отанынан сыртқа көші-қонының жаңа толқынын тудырды. Ұлы Қазан төңкерісінен соң көп ұзамай қазақтар шағын топтармен Қытай шекарасынан Құлжа, Тарбағатай таулары мен Іле өлкесі маңайында малдарын айдап өтіп, көпшілігі Шыңжаңдық Алтай мен Іле өлкесінде қалды. Осы жылдары жекелеген топтар болып қайтқан қазақтар жайлы мәліметтер кездеседі [3].

Кеңес өкіметі орнағаннан соң 1916 ж. көтеріліс кезінде Қытайға кеткен қазақтарды қайтаруға байланысты жұмыстар жалғастырылды. Мысалы, 1918 ж. 25 қаңтардағы Қашқардағы Ресей консулдығының Жетісу облыстық комиссарына берген мәлімдемесінде Қытайдағы қазақтардың жай-күйі, толық болмағанымен саны жайлы, қазақ-қырғыздарды қайтаруға байланысты хабарнамалар беріледі [4].

2) Қазақтардың туған отанына қайту үдерісі кеңес дәуірінде ХХ ғ. 20-30 жылдарында жалғасты.

–  1925 ж. 1916-1919 жж. Қытайға кеткен қазақ босқындарын қайтару шаралары жүргізіледі. Бірақ бұл жылдардағы кеңес үкіметінің қазақтарды қайтару шаралары мардымсыз болды.

–  1929-1933 жж. ашаршылықтан босқан қазақтарды қайтару шараларына қазақ зиялылары ерекше мүдделілік танытты.  Исаевтың арнайы комиссиясы 1932 ж. 25 сәуірде көшіп кеткендерді қайта қайтарып, орналастыру ісімен айналысты. 1932 ж. 31 наурызда Өлкелік партия комитетінің бюросы өзінің №97 хаттамасымен «Қоныстарынан ауа көшкен кедейлер, орташалар қожалықтарын қайтаруды және Қазақстанның өз ішінде орналастыруды ұйымдастыру туралы» арнайы қаулы қабылдайды. Сол жылдың 27 сәуірінде Қазақ АКСР ХКК көшіп кеткен шаруашылықтарды қайта қайтару және оларды орналастыру жөніндегі жоспарын бекітті. Бекітілген жоспар бойынша шет аймақтарға арнаулы өкілдер жіберіп, 35 мыңдай шаруашылықты елге қайтарып, орналастыру жоспарланды. 1932 ж. 7 тамыздағы №58 қаулысында ауа көшкендер мәселесін отырықшыландыру ісімен қатар жүргізу керектігіне назар аударылды [5, 246-б.]. 1932 ж. өз бетімен көшіп келгендерді қоса есептегенде 75670 шаруашылық қайтарылды.

1929-1933 жж. ашаршылық кезінде республикадан өзге жерге кеткен көші-қоншылардың (откочевники) кері қайтуын реттеу және ұйымдастыру үшін Қазақ АКСР ХКК-нің №320/12 қаулысымен 1933 ж. 17 сәуірінде Қазақ АКСР ХКК жанынан арнайы комиссия құрылады [6].

1935 ж. желтоқсан айында сыртқа кеткен қазақ шаруашылықтарын қайта оралтуды жүзеге асыруға байланысты 1936 ж. атқарылатын шаралар нақтыланды. Қазақ зиялылары облыстар мен өлкелерде қайта оралатын қазақтардың қоғамдастырылған мүлкін қайтарып беруге міндеттейтін шешімдер қабылдаттыруға күш салды: оралушыларды ауыл шаруашылық және басқа да алым-салық түрлерінен босату; қоныс аударушы шаруашылықтарды орналастыру мен малмен қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүргізу; Қазақстанға қайта оралатын шаруашылық санын шамамен анықтау; қазақтар барып паналаған облыстар мен өлкелерге олардың қайта оралуын ұйымдастыратын бригадаларды жіберу; қайтару шаралары үшін мемлекеттік және жергілікті бюджеттен қаржы бөлдіру; қайта оралушыларды отырықшыландыру мәселесін аудан басшыларымен шешу; қайтаруды отырықшыландыру жоспарымен байланыстыру көзделді. 1935 ж. 14 желтоқсандағы Егіншілік ХКК-нің Отырықшыландыру және қоныс аудару бөлімінен Қаратаевтың қол қойған мәлімдемесінде Қазақстаннан сырт жерлерде жүрген және Қазақстанның аудандарына қоныстанғысы келетін 25085 қазақ шаруашылығы көрсетілді. Көрші республикалардағы қазақтарды қайтару үшін жасақталған бригадаларды: Волга бойына – Ғылым комиссариатынан Мендешов, Досқалиев; Өзбекстан мен Тәжікстанға – Бас арбитраж Байдаулетов пен Сатыгулов; Қырғызстанға – Жер Халық комитетінен О. Карибаев пен Х. Қаратаев;  Сібірге – Юстиция Халкомынан К. Юсупбеков пен ХКК-нен П. Биттеев; Қарақалпақстан мен Түркменияға – Әлеуметтік қамсыздандыру Халкомынан Абдрахманов, Бақшашарап трестінен Жанұзақов, Алматы облыстық жер басқармасынан Адамов басқарып барды. 1935-1936 жж. көрші республикалардағы қазақ шаруашылықтарын қайта көшіріп әкелу шаралары нәтижесінде, мысалы, Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы Жандосовтың 1935 ж. 22 желтоқсанда Қазақ ОАК төрағасы Құлымбетовқа жазған баяндама хаты бойынша облысқа 279 шаруашылық ұйымдасқан түрде және 474 шаруашылық өз бетінше қайта оралған. Одан бөлек, Қырғыздың Ыстықкөл ауданынан, Батыс Сібір өлкесінен және Барнаул қаласынан, Риддер Рубцовка құрылысынан шаруашылықтар қайтарылды. Осы жылдары қазақтардың тарихи отанына оралуының екінші толқыны жүрді десек болады. Соның ішінде, Қытайдан 200 шаруашылықтың қайтқандығы айтылады [7]. Қайта оралған шаруашылықтар ұжымшарлар мен кеңшарларға, өнеркәсіпке орналастырылды. Шетке кеткен қазақтардың қайта оралу үдерісі соғыс алдындағы жылдарға дейін жалғасып, біртіндеп тоқтады.

  1. ХХ ғасырдағы ата жұртқа оралудың үшінші, ал кеңестік дәуірдегі екінші ірі толқыны 1950-1960 жылдары жүзеге асты. 1954-1955 жж. «кеңес азаматтары» деп аталатын контингент есебінен Қытайдан қазақтар қайтты [8, 91-б.].

Тарихи әдебиеттерде 1950-1960-жж. репатрианттардың саны туралы мәліметтер әр түрлі. Осыған орай зерттеушілердің пікірі де бөлінеді. Қытай тарихшылары 100 мың десе, орыс тарихшылары 60 мың, американдықтар тіпті 300 мың дейді. Олардың арасындағы айырмашылық екі не он мыңдаған емес, жүз мыңдаған адамдарға жетеді. Біздің қосырымыз ше? Зерттеулер бойынша, 1954-1963 жж. Қытайдан 268371 репатриант қайта оралды: 1954 ж. 2461 адам Қытайдан ұйымдасқан түрде келді. Келесі 1955 ж. мен 1963 ж. аралығында барлығы 199269 адам ұйымдасқан түрде, ал, 1962 ж. сәуір айында 66841 адам өз бетінше Қазақстанға оралды. Барлығын қоссақ, репатрианттар саны 268371 адам болып шығады. Реэмигранттардың бірқатары республикадан тыс кетіп, басқа республикаларға да барып орналасты. 1954-1965 жж. ҚХР-нан келген көші-қоншылардың 47569 отбасысының (259398 адам) республиканың 14 облысқа орналастырылғаны және 1849 отбасының (8984 адам) басқа республикаға жiберiлгені туралы мәлімет беретін мұрағат құжаты бар. Сонда 1954-1965 жж. ҚХР-нан Қазақстанға барлығы 259, 4 мың репатриант келіп, орналасты [5, 275-б.].

Қазақстанға қазақтар 1980-жылдары да шетелден қайтты. Бұлар, негізінен, еңбек шарты бойынша Монғолиядан келгендер болатын.

  1. Қазақстанның тәуелсіздік алуымен бірге ХХ ғасырдағы қандастарымыздың қайта оралуының жаңа кезеңі басталды.

1991 ж. атажұртқа оралудың Ұлы көшіне жол ашты. Көшті 1991 ж. наурызында «Еңбек шарты» деген айдармен Моңғолиядағы ағайындарымыз бастады. Жалпы алғанда, 1991 ж. бастап 2011 ж. 1 қаңтарына дейінгі кезеңде елге алыс және жақын шетелдерден 210225 отбасы немесе 824170 қазақ көшіп келді деп ресми тіркелді [9, 112]. Оның ішінде Өзбекстаннан – 126790 отбасы (494565 адам), ҚХР – нан – 25764 отбасы (85487 адам), Монғолиядан – 22124 отбасы (110856 адам) және т.б.

Жалпы, ХХ ғасырдағы қазақтардың көші-қонының салдарларының бір қырын айтсақ, онда ғасыр басында (1897 ж. санақ бойынша) елдегі Қазақстаннан тыс жерлерде туылғандардың үлесі 8,3% болған болған, 1999 ж. олардың үлесі, славян өкілдері мен немістердің өз отанына көшулеріне қатысты ірі көші-қон ағындарынан кейін де 22,9% құрады. Қазақстан халқының 50-60%-дайын сырттан келгендер, соның ішінде ХХ ғ. өн бойында келгендер мен олардың ұрпақтары құрайды. Ал, қазіргі Қазақстандағы қазақтардың 2 млннан астамы ХХ ғ. саяси-экономикалық, әлеуметтік катаклизмдердің нәтижесінде орын алған демографиялық апаттар кезінде шетелге кеткендердің ұрпақтары.

Оны былайша анықтаймыз: 1950-жж. екінші жартысынан 1963ж. аралығында Қазақстанға қайта оралғандар өсіп-өнуі негізінде 1 млннан асқан болса, Қазақстанға келген отандастарымыздың квотадан тыс өз бетінше келгендермен қосқанда 1 млннан асты де­ген есеп бар. Сол себепті, 2009 ж. санақта 10098,0 мың адам болған қазақтардың шамамен алғанда 2 млннан астамы қайта оралған қазақтар деп айтуға болады. Бұл Қазақстандағы қазақтардың 19,8%-ы.

Шетелдегі қазақ қауымының қалыптасуы  мен этникалық қазақтардың қайта оралуы тарихын зерттеуде назар аударатын жайт – тақырыпқа қатысты терминдерді нақтылау. ХХ ғ. соңында посткеңестік кеңістікте алғашқыда стихиялы түрде басталып, біртіндеп заңдық негізде, мемлекеттік бағдарламалар бойынша ұйымдастырылған отандастардың тарихи отанына оралу үдерісіне орай қолданылатын терминдердің  қоғамдық өмірде, саяси және ғылыми әдебиетте қалыптасуының өзі бірқатар тарихи шыңдаулардан өтуде. Мысалы, диаспора, оралман, отандастар, этникалық қазақтар терминдерінің қолданылуы мен осы тақырыпқа қатысты категориялық ұғымдардың түсініктемелері анықтауды қажет етеді. Диаспора терминінің қолданылуы жайлы пікірімізді айтып кетейік. Шетелдегі қазақтарды диаспораға жатқызамыз. Бірақ Қытай, Ресей, Өзбекстан, Түркменстан сияқты мемлекеттерде қазақтар өздерінің ата-бабаларының жерінде өмір сүріп жатыр. Сонымен бірге, Қазақстан халқының құрамындағы ұлттар мен этникалық топтардың осы терминдерге қатысын нақтылау да қажет. Қазақстандағы 130-дан аса ұлт өкілдерінің ішінде ежелден өз ата-бабаларының мекендерінде тұрып жатқандар бар. Титулдық ұлт өкілдерінен басқа этникалық азшылық топтар да бар, өз мемлекеттері жоқ ұлттар өкілдері де мекендеуде. Қазақтардан басқа ұлт өкілдерін Қазақстандағы диаспора деп жалпылай атай алмаймыз. Тіпті, өзбектердің өзін түгелдей диаспора деу дұрыс па? Себебі олардың бір бөлігінің ата-бабалары ерте заманнан бері, рулық құрылым кезеңінен қалыптасқан жерлерін мекендеуде. Оларды ирредента деген топқа енеді деу де қиын. Себебі, бұл терминнің мән-мағынасы дұрыс қолданылуда ма, оның өзі талас тудыратын жағдай. Себебі ирредент – бөтен елдің аумағында, алайда өз ата-бабаларының жерінде мекендеушілер деген ұғымды емес, басқа мемлекеттің аумағында қалған, бірақ өз атамекенінде өмір сүретін  этникалық топтың бөлігі есебінен олар тұратын аймақты бөліп алып, өз иелігіне қосу үшін қарулы күштің көмегімен басып алу деген мағынаны білдіреді. Бұл саяси термин.

Қазіргі кезеңде зерттеушілер еңбектерінде диаспора терминін ұлт өкілдерінің қай мемлекеттен шыққандығына байланысты қолданушылар кездесуде. Мысалы, шешендерді, калмықтарды, қарашайлар мен балкарларды «ресейлік диаспора» деп белгілеушілер бар [10, 46-б]. Олай болса, ұйғырлар мен дүнгендерді қытайлық диаспора дейміз бе жоқ әлде қазақстандық не қырғыздық диаспора дейміз бе, күрдтерді ше? Егер бұл терминнің түп тамырын анықтау үшін ерте ата мекенінен көші-қонған кезінен бастап есептер болсақ, онда түрік типтес диаспоралар ұғымы да қалыптасуы мүмкін ба, немесе ғұндық. Сондықтан, тарихшылар арасында көші-қон үдерісі мен этникалық топтарды әр-түрлі мемлекеттерде қалыптасу тарихына байланысты категориалдық ұғымдарды анықтаудың тарих ғылымы ғана емес, мемлекетаралық саяси-экономикалық қатынастар жүргізу мен елдегі саяси, мәдени, әлеуметтік тұрақтылық пен теңдікті сақтау үшін де маңызы зор.

Қорыта айтқанда, «Шетелдегі қазақтар. Этникалық қазақтардың қайта оралуы» тақырыбын зерттеу Қазақстан халқының құрамын талдауда, көші-қон үдерісінің категориалдық ұғымдарын нақтылауда да септігін тигізеді. Бұл тақырыпты жазу қазақтың қалыптасу, пайда болу тарихын бiлуге және оқытуға тағы да көңіл аударады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1 Н. Мұқаметханұлы. Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860-1920 жж.). – Алматы: ҚазАқпарат, 2000. – 333 б.

2 Қасымбаев Ж. Қытайға кеткен қазақтардың қайта оралуы // Қазақ әдебиеті. – 1992, қазан – 30.

3 ҚР ОММ. 797-қ., 1-т., 46-іс, 403-405-пп.

4 ҚР ОММ. 390-қ., 1-т., 6-іс, 171-п.

5 А.И. Құдайбергенова. Қазақстандағы көші-қон үдерістерінің тарихи-демографиялық қыры. – Алматы: Елтаным, 2011. – 416 б.

6 ҚР ОММ. 1179-қ. қ., 5- т., 3-іс, 76-п.

7 ҚР ОММ. 5-қ., 16-т., 365-іс, 7-п.

8 Асылбеков М.Х., Құдайбергенова А.И. Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық жағдайы (1939-1959 жж.). – Алматы: Өркениет, 2005. – 160 б.

9 Нұрымбетова К.Қ. Тәуелсіз Қазақстандағы репатриация мәселелері: тарихи талдау. –  Алматы: Нұрайпринтсервис, 2011. – 128 б.

10 Базарбаева А., Бабажанова Ж.А. Миграция – важнейший индикатор социально-экономических, этнополитических и демографических процессов // Реалии и прогнозы демографического развития Евразийского пространства: материалы Международной научно-практической конференции. – Алматы: Раритет, 2005. – 416 с.

 

Жарияланды: Қазақстан тарихы: зерттеу нәтижелері және көптомдық «Отан тарихы» жобасының тұсаукесері. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, 19 сәуір. 2012. – Алматы: Елтаным, 2012. – 31б.