Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

А.И. Құдайбергенова Қазақстандағы шаруалар көтерілістері ел ауызында (1928-1932 жж.)


А.И. Құдайбергенова

тарих ғылымдарының докторы

Ш.Ш. Уәлиханов ат. тарих және этнология институты

(Алматы, Қазақстан)

Халық арасында айтылатын, қағаз бетіне түспеген, бірақ, ұрпақтан ұрпаққа жетіп, халықтың жадында сақталынған мәліметтер бар. Ол дәстүрлі ауызша тарихтың фольклор (эпостар, аңыздар, тарихи жырлар), ауыз әдебиетіндегі ақын-жыраулар толғаулары мен шежіре түрлерінен бөлек. Ол тарихи оқиғаға халықтың беретін бағасы, саяси биліктің бағытына қайшы келгендіктен, айта алмаған шынайы тарихы. Жазба деректермен бірге оқиғалардың шынайылығын анықтау үшін осындай ауызша деректерге де көңіл бөлінуде. Соның бірі 1928-1932 жж. Қазақстанды қамтыған шаруалар көтерілісіне қатысты.

Кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясатының нәтижесінде орын алған ашаршылық пен шаруалар көтерілістері тақырыбы өзектілігін жоймайды. Себебі бұл мәселе «жариялылықпен» бірге көтеріліп, тәуелсіздік жылдарында ғана зерттелуі мүмкін болғанымен, әлі де толық бағасын алған жоқ. Көтерілістер туралы мұрағат деректерінен бөлек халықтың жадында сақталынған мағлұматтарды зерделесек, онда халықтың көтеріліске қатысуы мен көтерілісшілер қатарын толықтырғандықтары туралы өз пікірлерінің болғандығын көреміз. Оның, ең алдымен, діни сенім мен нанымға қатысты екені көрінеді. Себебі, қазақ үшін елдегі береке мен бірлікті, татулық пен достықты сақтаудағы діннің орны ерекше болды және болады да.

Қазақстанның өн бойында болған халық қозғалыстары жайлы тарихи әдебиеттерде аз айтылған жоқ. Сыр өңіріндегі 1928-1932 жж. Асандар көтерілісі, Ақмырза көтерілісі және Қарақұм көтерілістері де тарихқа белгілі болды. Енді сол көтеріліс жайлы халық жадында сақталған мағлұматтарға тоқталайық.

Бұл мақаланы жазуда ресми мұрағаттық құжаттарға емес, жергілікті халықтың, сол көтеріліске қатысқан сарбаздардың көзі тірілерінің мақала авторымен сұхбатында5ы мәліметке сүйендік. Осыдан бірнеше жыл бұрын мақала авторына облыс аумағында болған көтерілістерге қатысқан адамдармен кездесудің сәті түсті. Көтеріліс куәгерлерімен сұхбат қазақ ауылында орын алған дағдарысты кезеңде халықтың жиналатын, бастары қосылып, ақылдасатын жері мешіттер, ал кеңес сұрарлары молдалар мен діни қызметкерлер болғандықтан, көтеріліс орталықтары мешіттер болғандығын көрсетті.

Ислам діні енгеннен кейінгі қазақ халқының шаруашылығы, тұрмысы, әлеуметтік жағдайы мұсылмандық діни сеніммен тығыз байланысты еді. ХХ ғасырдың басында патриархалды қатынастарға негізделген дәстүрлі мал шаруашылығы мен Сыр өңіріндегі егіншілік діни әдет-ғұрыптармен астаса дамыды. Ал, кеңес өкіметінің орнығу кезіндегі ұжымдастыру, өндірістендіру және мәдени төңкеріс жасау арқылы шаруашылықты, саяси және әлеуметтік өмір мен мәдени дамуды социалистік мазмұнда қайта құру саясаты мұсылмандық сенім-тәрбие орталығы болған мешіт-медреселерді құртумен, молда, ишан, ахун, сопы т.б. дінді уағыздаушыларды қуғындаумен қатар жүрді. Бұл саясатқа қарсылық әлсіз болғанымен, ауызша тарихи деректерге сүйенсек, орын алғанын байқаймыз.

Ф.И. Голощекиндік «Кіші Қазан төңкерісі» кезінде «жаппай ұжымдастыру» – жаппай жазалауға ұласты. Мал бағып, егін еккен қазақ шаруаларының мал-мүлкін күштеп тартып алып, орталыққа өткізіп, жылына бірнеше дүркін астық салығын салды. Күн көрісі төмендеп, азып-тозған елдің шыдамы таусылып, өкіметке қарсы күреске шыға бастады. Халық қиын сәтте игіліктің, рухани бостандықтың орталығы болған мешіттер мен ишан, ахун, молдалардың маңына топтаса бастады. Яғни, Кеңес өкіметінің саясатына қарсы болған көтерілістер – діни сипатпен астасып өтті. Көтерілісшілер басшысы – ишан, орталығы – мешіттер болды. Бірақ, мұның бәрі де көшпен басылып, қатысушылар қатаң

жазаланды. Соның бірі – 1928 ж. болған Ақмырза көтерілісі. Енді көтеріліс туралы куәгер не дейді, соған тоқталайық.

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жаңақала ауылында Ақмырза көтерілісіне қатысқан, Ақмырзаның сарбазы болған Әлібайұлы Шәмшатпен кездескен едік. Шамшат атаның сөзімен айтсақ, [1]: «Ақмырза ауылдың молдасы. Балалардың сауатын ашатын. Шежіремізге келсек, Әлібай – Жәни – Білеке – Кетебай – Жолай – ортақ шежіреміз. Жолай руынанбыз. Ақмырзадан Кетебайдан бөлінеміз. Ақмырза – Төс – Арғынбай – Таңат – Кетебай – Жолай. Руы жолай. Өз әкем Николай патша кезінде болыс болған, халық ағасы болған. Ақмырза кеңес өкіметімен соғысам деген жоқ. «Мешіт түбінде өлем. Дін үшін өлем. Қару-жарағым жоқ. Барлығың кетіңдер, тараңдар» – деп, жиналған жұрт қолда бардың бәрін мешітке жинай берген соң, не боларын түсінбеген осылай деп айтқан. Алайда, халық Ақмырза мешіті маңына жиналды. Құрамы – негізінен Кіші жүздің кете руы мен шөмекей руларының қазақтары.

Ақмырза мешітінде бала оқытатын. Мешітке келген дүниені балаларға бөліп беріп, өарапайым халыққа көп көмектесетін. Ұжымдастыру кезеңімен тұстас келетін шақта жиналған халыққа қарап отырып, жылап: «Мешітті тастамаймын, осында қаламын. Ал, сендер (шәкірттері) кетіңдер, қандарыңды жүктемеймін, тараңдар» – дегенімен шәкірттері тарамайды. Салық пен малдың қырылуынан, әкіреңдеген «шаш ал десе, бас алатын» асыра сілтеушілердің тәртіптерінен қысым көрген халық мешітке келіп, не істерін білмей, жинала беретін». Ақмырзаның сарбазы болған Шәмшат атамыздың айтуы бойынша, халықта қару да, билікке қарсы күресу мақсаттары болған жоқ. Мешітке жағдайды түснбегендіктен, үлкендердің ақылдасу үшін және ақыл тыңдар адамы Ақмырза ишанның не айтарын білгісі келіп қана жиналатын. «Халықтың мешітке жиналғанын жеткізгендер болды. Оны естіген «өкілдер» әскери күшті алып келген соң амал жоқ қорғануға тура келді» – деді Шамшат ата. Екінші информатор Ә.Өскенбаев: «Қазір қайтыс болған Алмаш деген ағамыздың өз аузынан: «Мешітте біз мылтық істедік», – дегенді естідім», – дейді [2]. Шәмшат атаның келінінің айтуы бойынша, атасы халық жиналған алғашқы кездегі қарудың болмағандығын қашан да айтып отырған.

Ақмырза қозғалысына қатысқан куәлар мен көтерілісшілердің аузынан естідік деген адамдардың айтқандарын сараптасақ [3], қозғалыс алғашында халықтың жиыны ғана болған. Біртіндеп, стихиялы түрде қарсылыққа ұласқан. Халық қарсылық көрсетуді мақсат тұтпаған. Қару кезеніп, әскери күш келе жатқан соң, қорғануға мәжбүр болып, қолына қару ұстаған. Кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясаты кезіндегі шаруашылықтағы қиындықтан қалай шығарын білмеген мұсылман халықтың жиналар орталықтары – мешіт болған. Халық жергілікті Ақмырза ишанның мешітіне жиналады. Ақмырзаның «кетіңдер, өкіметке бой ұсыныңдар», – деген сөзіне құлақ салмай, ашынған халық мешітке ағыла береді. Нақ осы халықтың жиналуы турал хабар өкімет орындарында «бандалардың бас көтеруі» деген атпен қарастырылады. Нақ осындай қауесетпен ОГПУ органдары Қазалы мен Қызылордадан 2 әскери отряд шығарып, (Қызылордадан шыққан әскери топты Үбісұлтан Аяпов, Қазалыдан – Самалбек Ахметов басқарды) «бандаларды» қарудың көшімен жоюға кіріседі. Екі отряд Ақмырза тобын батысы мен шығысынан қоршады.

«Бандалардың» көзін жоюға жіберілдген отряд Меңей деген жерде жасырынып, Ақмырза тобын аңдып, қоршап тұрады. Олар сол жерден өткен-кеткендерді операция аяқталғанға дейін жібермей, ұстап тұрады. Солардың арасында Хамза Жомартов деген алым-салық жинаушы, астындағы аты тәуір болғандықтан отряд астындағы атын алмақшы болған, бірақ, Хамза көлігін бергісі келмеген соң, өзін де жібермей, отрядпен бірге алып жүрген кездейсоқ қосылған жігіт болады. Қазалы отрядының басшысы С.Ахметов Ақмырзамен келіссөз жүргізуге сол Хамзаны жібереді. Хамза Ақмырзаға: «Қарулы отрядқа қарсылық жасама, орысқа қарсы шықпа, өзің де өлесің, халық та қырылады. Одан да өкіметке беріл» – дейді. Ақмырза өзінің ойының да осындай екендігін, бекер қантөгіс болмас үшін, қарсы шықпай берілетіндігін айтып: «Орыс үлкен күш, күшім жетпейді. Бірақ дінімді бермеймін. Соғыспаймын. Халқыма, тимесін. Ал, өзім өлсем

өлейін», -деп келісімге келеді. Осы сөзді айтпақшы болып, Хамза Меңейге жасырынған әскери топқа келіп, «Ақмырза соғыспайтын болды», – деп, келіссөз нәтижесімен таныстырып тұрғанда, Меңей маңында бұталарға жасырынып отырған, келіссөз барысынан хабарсыз Ақмырзаның мергендері оны атып тастайды. Хамза өлгеннен кейін отряд екі жақтан келіп, қол пулеметімен халықты ата бастайды. Содан қантөгіс басталып кетеді. Көтерілісшілерді қырып салады, ал аман қалғандары Қарақұмға барып тығылды. Көтеріліске қатысқандардың туыстары қудалана бастайды. Сол кезден тәуелсіздік жылдарына дейін көтеріліске қатысқан «жолай» руының ұрпақтары өздерінің жолай руынан екенін жасырып, басқа рулардың атын жамылып келген. Бұл 1998 ж. көзі тірі «Ақмырза көтерілісіне» қатысқанда 18 жаста болған Әлібайұлы Шамшат ағаның пікірі.

«Ақмырза, Тоқмырза, Қуанбай – үш ағайындылардың ішінде Ақмырзадан – тұқым жоқ, Тоқмырзадан 1 ұл бар. Ол Түркияда тұрады. Одан туылған немересі – Алматыда, Қуанбайдан тұқым жоқ», – деп сұхбат берген болатын Шамшат ата.

Тарихи әдебиеттерде осы оқиғаны баяндағанда, мұрағат құжаттарындағы ресми органдардың деректеріне сүйенеді. Әңгіме сонда, амалсыздықтан не істерін білмей, шарасыздан бастарын қосар жерлері – мешітке жиналған, ақыл тыңдарлары – діни адамдар болған қазақ шаруаларының қозғалысын – бандалық топтардың қарулы қарсылығы деп, не істерін білмегендіктен ишандар мен имамдарға арқа сүйеген адамдарды бандиттер деп басып жаншыған шаруалар қозғалысының шынайы бетінің бір астары осындай. 1953 ж. «Әкесі үшін баласы жауап бермейді» деген саясат кезінде қудалаудан сақтану үшін өз тегін жасырып келген қозғалысқа қатысқандар руларын ашық айта бастайды. Ақмырза көтерілісіне қатысқан, өздерін кете руынанбыз деп келгендер, тегін жасырғандар Кеңес өкіметі дәурені өткеннен соң ғана өздерінің жолай руынан екендігін ұрпақтарына айта бастады.

Қарақұм көтерілісіне келейік. Зерттеушілердің халық аузынан жинаған мәліметтері бойынша, қазіргі Жалағаш ауданындағы Қарақұм жерінде үш жүздің пірі болған Әзиз сопы, Мүсірәлі әулиенің ұрпағы Сырман қожа жатыр. Сырман қожа осы өңір қазақтары табынған әулие кісі болған. 1930 жылы кеңестік идеологияға қарсы көтерілген қазақ шаруалары осы кісінің мешітін паналаған. Сырман қожаның мешіті көтерілістің орталығы болған. «Көтерілісшілер Қамбар төбесінде Жұмағазы ханның ақ туын тігіп, аллаға сиынып, көшпен шыққан», – дейді Ә. Әлмешов [4] – Жалағаштық информатор. Қазіргі Қармақшы, Жалағаш, Тереңөзек (Сырдария) жерлерінен 20 мыңдай адам көтеріліп, Қарақұмға көшіп келеді. Оларға арғындар мен қыпшақтар да қосылады. Бұлар ұжымдастыру саясатының қысымын көрген шаруалар көтерілісшілердің көпшілігі еді.

Елемес деген жерде көтерілісшілер мен Қызыл әскер отрядтары арасында соғыс басталады. Қазақ шаруаларының қарсылығын басып-жаншуға ірі көш жұмсалады. үкімет әскерлері де үлкен шығынға ұшырады. Олардың мылтықтарын тастай қашқан жағдайлары болды. Қазақ шаруаларының осал жау емес екенін білген әскер басылары келісім-шарт жасау үшін Алматыдан үкімет комиссиясын шақырды. Комиссия құрамында: Әліби Жанкелдин, С.Сейфуллин т.б. болды. Келісім бойынша, көтерілісшілер қаруларын тапсырады. Мамыр айының басында көтеріліс басылады. Ал, келісім-шарттың айлакер саясаты арқасында шаруалардың арасындағы көтеріліс басшыларын ұстап, Қызылордаға апарып, атып жібереді. Олардың ішінде Жұмағазы хан, ағайынды Қосжандар т.б. болды. Мұны естіген қазақ шаруалары маусым айында қайта көтерілді. Көтеріліс басшысы Жұбанов Қожбан деген шаруаны хан етіп сайлайды. Көтеріліс желтоқсанның ортасында дейін созылды. Бірнеше қақтығыстар соңында, 8-желтоқсанда Қожбан хан жеңілді. Көтеріліс жеңілген соң, Қарақұмды көтерілісшілерден тазарту керек деген оймен Шумилов деген әскер басы көтерілісшілерді Сыр бойына қуды. Қарақұмда батыл, тапқыр әрі ержүрек мергендер ғана қалды. Соның ішінде Әлментай, Дәнәй қожа т.б. кісілер ашаршылық кезінде Қарақұмға қашқан адамдарды асырап, аштан өлтірмей, біраз көмек көрсеткен.

Жергілікті қарттардың айтуынша, Қарақұм көтерілісі 1945 ж. дейін созылды деуге болады. Оған өкіметтен әділдік көрмеген Сыр бойы адамдарының Қарақұмды паналаған кездегі әрекеттерін жатқызуға болады.

Қарақұмда Ақжелек деген жерде шайқастар болған тұзды көл бар. Бұл жерден жергілікті халық мыңдаған жылдар бойы тұз алған, тәуіптердің емдеу орталығы болған. Сол Ақжелекте Қарақұм көтерілісін басып-жаншу кезінде Қызыл әскерлердің барлық техникасы сыналды. Ақжелек – сынақ полигонына айналды деуге де болады. 30 пулемет, 3 зеңбірек, самолет, жаяу әскер қару т.б. өкімет әскерлері қолында не бар, соның бәрін көтерілісшілерге қарсы пайдаланды, әрі қарудың күшін сынады. Нәтижесінде көптеген адам қырылды, көтеріліс жеңілді.

Шаруалар қозғалысының басшыларына кезінде кедей, шаруаларды үгіттеп, үкіметке айдап салған, ақырында Кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастырған «контрреволюциялық қылмыскер» деп айып таққан. Яғни, «халық жауы» қатарына жатқызған қазақтың талай арысының тажалына жеткен осы жала. Еліміз егемендік алып, жазықсыз жандар ақталды. Алпыс жыл шындыққа көзі жетпей іштен тынып жүрген көтеріліс құрбандарының туыс бауырлары мен ұрпақтары еңсесін көтеріп, ел бетіне тіке қарайтын болды – дейді информатор. Алайда, бюрократтық көзқарас әлі де жалғасын табуда. «Қылмыскер» аты тағылған көтерілісшілерді ақтау шаралары әлі күнге дейін жеткілікті түрде жүрмеуде. Мыс.: ғасырлар бойғы отарлық езгінің нәтижесінде қолдауын таппаған ұлт мүддесін көздеген ой-пікірлердің басылып, айтылмай қалуы қазақ халқына тән ұяңдық қасиетпен бірігіп, қанға сіңген әдетке де айналғандай. Қозғалысқа қатысқандардың көбісі – сөзі естілмеген, мүддесі қарастырылмаған топ-тобыр алғашында жай ғана жиналса, қуғындау басталғаннан бастап басқа жолды көрмегеннен қозғалыстың қозғаушы күштеріне айналды.

Жергілікті зерттеушілердің Асандар көтерілісі жайлы мәліметтеріне сөз берейік [5]. Қазалы ауданы территориясында тұратын қазақтардың көпшілігі Кіші жүздің Әлімінен тарайтын алты Кішкененің бірі Асан руынан. «Асан көтерілісі» деп аталуы – өкімет шарасына қарсы наразылық білдіргендердің басым бөлігі Асан руынан еді. Шежірелердің айтуы бойынша, ХХ ғасырда бабаларымыз жер бөліскенде Жақайымға «Алатау», Асанға «Аранды қырдың» төбесі мен айналасы тікен, – дейді. Содан бері Асандар осы аймақта көшіп-жүріп малы мен егінін өсірген. Кеңес өкіметі үстемдік еткен алғашқы кезеңде ауылдар санмен белгіленген. Мысалы, «Асан көтерілісіне» қатысушылар негізінен № 21, 22, 23, 24, 25 ауылдың адамдары. Арасында Арал ауданының адамдары да болған. Өткен жері – Сырдарияның сол жағалауында, осы күнгі «Әлсейіт» өткелінен оңтүстік шығысқа қарай екі шақырымдай шамадағы «Дүзубай ағашы» деп аталатын бақшалықтың тұсы.

Бұл туралы мұрағаттық тергеу ісі бойынша жарияланған облыстық ұлттық қауіпіздік комитетінің қызметкері Әмірхан Бәкіров мақаласында былай деп көрсетіледі.

Көтеріліс 1930 жылы тамыз айының бас кезінде басталған. 6-тамызда Қазалы қаласынан № 22 ауылға аудандық атқару комитетінің тапсырмасы бойынша милиция бастығы Каюпов келіп жергілікті комсомол мүшелерінің қатысуымен шағын жиналыс өткізген. Осы жиналыста ол ауданнан берілген астық жинау жоспарын ортаға салған. Жоспар бойынша шаруалар үкіметке 23000 пұт астық өткізуі тиіс еді [5]. Бұл шешімге ауылдық БК(б)П бөлімшесінің хатшысы Ізімбетов Әли қарсылық білдірген. Ол өзінің тергеуге берген жауабында былай деген: «үстіміздегі жылы ауданнан берілген 23000 пұт астықты (өткізуге тиіс еді) дайындау жоспарын орындауға бізде мүмкіншілік мүлдем болған жоқ. Өйткені су тапшылығына байланысты көп жерлерде егін бітпей қалды. Сол себепті мен мұндай жоспармен халық алдына шығуға болмайды деп Каюповқа ескерттім. Бірақ, менің ұсынысымды ол қабылдамады…».

Осы оңаша жиналыстың шешімі бойынша 8 тамызда «Алтын арық» деген жерде 300-дей шаруалардың қатысуымен жиналыс өткізілген. Астық дайындау жоспарының мән-жайын түсіндіріп, баяндаманы Каюпов жасаған. Жарыссөзге ауылдың (мән-жайын

түсіндіріп, баяндаманы) бас көтерер адамдары Асанов Дәрмен, Қалдыбаев Ержан, Тілеулесов Алыбай, Бәсімов Елдос және Мәденов Бейсенәлі сөйлеген. Олар бірауыздан өкіметке өткізетін ондай астық бізде жоқ деп ауданнан белгіленген жоспарға қарсы шыққан. Содан соң: «Сонымен қатар, мемлекет кедей-шаруалардың тұрмысына, хал-жаѓдайларына дұрыс көңіл аудармайды. Керісінше, ішіп отырған астығының соңғы дәніне дейін алғысы келеді. Біз осы уақытқа дейін мұның бәріне көніп келдік, ендігі жерде ел болып, халық болып әрі қарай тіршілік ететін болсақ, бірігіп Кеңес өкіметінен қорғануымыз керек» – деген. Жиналған жұрт бұл айтылған сөздерге түгелдей қосылып, өздерінің келісімін, ризашылығын білдіріп, отырған орындарында дауыс көтере бастаған. Бір тәртіппен өтіп жатқан жыналыстың ағымы бұзылып, соны у-шуға айналған «Шаруалардың кейбіреулері» бар пәле осылардан деп ауылдық Кеңестің төрағасы мен белсенділерге тиіскен. Оларға сендер ауданға егістің жағдайы туралы дұрыс мәліметтер бермегенсіңдер, сол себепті олар бізге іске аспайтын жоспар беріп отыр» – деп айып таққан. У-шудың аяғы ұрып-соғуға дейін барған. Бірақ Асанов Дәрмен және басқа ауылдың белсенділері ұрыс-керісті тоқтатып, ауылдық Кеңестің хатшысы Қажамұратов Мұсаға № 22 ауылдың тұрғындары атынан ауданнан жіберілген астық дайындау жоспарының іске аспайтыны жайлы акт жасап, оның көшірмесін Каюпов арқылы атқару комитетіне жолдаған.

Келесі күні ауылдық Кеңестің мәжілісі шақырылып, онда да астық дайындау жоспары қаралған. Мәжіліс мүшелері халық жағына шығып, бұл жоспарды бекітпеген. Қабылданған шешімді сол күні-ақ ауданға хабарлаған. Осыдан кейін аудан адамдары өздерінің шаруаларына кірісіп кеткен. Арада 4-5 күн өткен соң Қызылорда қаласынан ОГПУ-дың қызметкерлері Чекалин, Ысқақов және басқалары келіп 1000-дай шаруаларды жинап, астық дайындау науқанының мән-жайын қайта түсіндірген. Бірақ, жиналғандар, жоспарды тағы да қолдамаған. Жиналыс біткен соң ОГПУ қызметкерлері ауылдың белсенділерімен ақылдаса отырып, елді бұзып жүрген Асанов Дәрмен, Тілеубаев Жұмаш, Қалдыбаев Аңсат жєне Тілеулиев Бақының тұтқынға алған.

Ертеңіне оларды абақтыға жабуға қалаға әкетіп жатқан жерінен ауылдың 200-дей адамдары ізінен еріп жүріп, тұтқындағыларды босатып алған. Осы оқиғадан кейін Кеңес өкіметі бұл әрекеттерін кешірмейді деп есептеген, № 21 ауылдың шаруа адамдары өздерінше қамдана бастаған. Олар № 21, 22, 24 және 25 ауылдарға арнайы адам жіберіп, уәкілдердің қатысуымен «Алты арыз», «Мақпал» және «Майлакөл» жерлерінде бірнеше жиын өткізген. Онда олар халыққа жағымсыз Кеңес өкіметінің шараларына жаппай наразылық білдіріп, көтеріліске шығуды дұрыс деп тапқан.

Көтерілісшілердің ең соңғы жиын қыркүйектің екінші жұлдызында «Қаншүңгүл» деген жерде өткен. Осы жиында бас көтерген шаруалар Орымбетов Иманмақсамды басшы етіп, Иімбетов Әбдіхалықты оның орынбасары етіп бір ауыздан сайлайды. Сөйтіп Орымбетов пен Иімбетовтың басқаруымен 2 және 4 қыркүйекте 3 мыңға жуық адам Қызыл отрядпен ұрыс-қағысқа қатысқан. Көтерілісшілердің қолында қамшы, қарапайым таяқ және шоқпарлар болған. Жазаланғандардың бірі қолындағы шоқпардың қандай екенін түсіндіргенде кетпеннің сабы болып шыққан. Сондықтан да, олар жан-жақты қаруланған Қызыл отрядқа қарсылық көрсете алмаған. Көтерілісті басқаннан кейін, көтерілісшілердің басым көпшілігі қазақтың жалпақ даласына қашып құтылған, өзгелері тұтқындалып, соттан тыс үштіктермен аяусыз жазаланған. Оның ішінде, Иімбетов Әбдіхалық, Еділқараев Қалымбет, Өмірбеков Мұстафа, Құрекеев Пірімбет, Мәмбетеев Найыр, Нұрымбетов Арызхан, Таңатаров Айжарық, Қарақұлов Әбдіраман және Қайыпов Жұбатқан көтерілісшілердің жетекшілері деп табылып, ату жазасына асырылған. Қалғандары: Асанов Дәрмен, Қалдыбаев Ботай, Қалдыбаев Аңсат, Машақов Жақып, Дотаманов Ниязымбет, Жақыпов Сүйіншәли және Ізімбетов Әзи 10 жылға бас бостандықтарынан айырылған. Олардың кейінгі тағдырлары жайында ісінде мәліметтер жоқ. Осы тұста айта кету керек, бұл іс бойынша тергеу жұмыстары мейлінше шала, үстірттеу жүргізілген. Тергеу тек көтеріліске қатысқан адамдардың тізімін алумен

шектелген. Қылмыстық істер жүргізу кодексі өрескел бұзылып, қамалған адамдарға прокурордан санкция алынбаған. Тергеу орыс тілінде жүргізілген, аудармашы іске қатыспаған. Жауап алу хаттамалары да сауатсыз, қарапайым шаруа адамдардың қолының орнына сия басқан бармақтарының орны болды. Тергеуді тергеуші емес, оперативтік қызметкерлер жүргізген. Сонымен қатар, жауапқа тартылған адамдардың айыптары айғақтарымен бекітілмеген. Осы негізде 1989 жылы 27 қарашада жоғарыда есімдері аталған 16 адам облыстық прокурордың шешімімен толық ақталды [6].

Бұл мұрағат құжат бойынша жазылған шер-дақ. Ал, енді жиырма жасында осы оқиғаға тікелей қатысып, көтерілісті көзімен көрген Сағидан ақсақалдың айтқаны мынау: «Жаздың соңы, тамыз айының аяғы еді. Жұрт Бозғанақтағы егіп тастаған егіні мен бақшасын өсіріп, алаңсыз тіршілік етіп жатқанды. Көрші ауылдағылардан: «Аудандағылар елге тағы да астық жоспарын салыпты. Бірақ бұл жөнсіздікке шыдамаған ауыл адамдары қарсылық білдіріп жатқан көрінеді» – деген ұзынқұлақтан хабар жетті. Ақыры ел аузынан шыққан сөз шындыққа айналды. Аудан орталығынан келген Салмырзаев Оспан деген уәкіл: «Жолдастар, артық-ауыз астықтарың болса, тездетіп өкіметке өткізіңдер. Бізге жоғарыдан осындай тәртіп берілді», – дейді көпшілікті жиып алып. Қалт-құлт күн көріп отырған халықтың ұнжырғасы түсіп, көңілдері нілдей бұзылды. Кейбір батыл жігіттер: «Осы астық сұрайтын мезгіл ме, немізді береміз, – дегендері де болды. «Ондай дәлелдің түкке қажеті жоқ. Бізге тапсырма берілді, бұлжытпай орындалуға тиіс», – деп қатуланған бастық кейін қайтіп соғуға уәде беріп аудан орталығына жүріп кетті. Бірнеше күн өткен соң №№ 21, 22, 23, 24 ауылдың адамдары бас қосып, астық салығына наразылық білдіру мақсатында өкіметке қарсы қол жинап жатыр екен, – деген хабар жетті. Міне бұл жерде де мешіт халық жиналар жер болды. «Әбжәми мешітінің жанында әр ауылдан жеті жүзден астам адам жиналды» – дейді Сәкен, № 23 ауылдан да сайдың тасындай іріктелген алпысқа жуық жігіт келді. Арасында Ақып Өтеуұлы, Серік Әззатиұлы, Өмірбек Жасыбайұлы, Әлмағамбет Сарыбетұлы, Білдат Бәкіұлы болды. Солардың қатарында мен де бармын. Алғашқы күні жиналғандар дау-дамайсыз тарасты. Жиналған халық көтерілістің ұйымдастырушысы болып жүрген діни сауатты Орымбетов Иманмақсымды басшы етіп, Иімбетов Әбдіқалықты оның орынбасарлығына бірауыздан сайлады. Шаруалар ертеңіне уәделескен мезгілде қайта жиналды. Бір-бірінен естіп құлақтанды ма кім білсін, адам қарасы кешегіден бірнеше есе көбейіп кетті. Жиналған көпшіліктің қару-жарағының сиқы: қол шоқпар, кейбіреуінде салақ, найза. Алға кеткен тыңшылардың айтуы бойынша, мұздай қаруланған бір топ әскер Сырдария өзеніндегі «Әлсейіт» көпірінен өтіпті. «Дүзібай ағашына» қарай бағыт түзеген көрінеді. Бір сәт сол тұста аспанға көтерілген шаң көрінді. «Келе жатыр» деген күбір көздер естілді. Жиналған халық әскерге қарс топырлай жөнелді. Алғашқыда қаптаған халықтан сескенген әскер кейін шегінді. Сәлден соң көтерілісшілердің қаруы жоқ екенін сезген әскер кідіріп, пулеметтер, автоматтардан оқтар жаудыра бастады. Айнала шаң мен оқ түтінімен, біреуді біреу көрмейтін тұманға айналды. Кісінеген ат, ысқырған адам даусы естілді. Жер беті қанға бөкті. Талай боздақ ақ құшты. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі», – деген сөз рас екен. Оқ тимей аман қалғаныма таң қаламын. Бір қуанатыным, ауылдастарымның ешқайсысы мені тілінің ұшына алған жоқ. Бәлкім жетім еді деп аяды ма. Әйтпесе өкіметтен үрейленген халықтың бірін-бірі ұстап берген кезі де болды. Сол уақыттағы қатал заңға сәйкес, талайлар қуғынға ұшырап, жазаланды, ажал тырнағына ілінді. Мен білетін Орымбетов Иман, Сырымбетов Әлмағанбет, Бәсімов Білдаш, Иімбетов Әбдіхалық, тағы басқа арыстан жүрек азаматтар осы көтерілістің құрбаны болып кетті» [7].

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйымдастырған этно-тарихи мұраларды жинау мақсатында 1998 ж. Қызылорда облысында жүргізілген экспедиция жұмысы кезінде қазіргі Шиелі ауданы территориясында қыпшақтар да көтерілді деген ұғымды естідік. Алайда, тарихи дәлел болмағандықтан, біз оны Қарақұм көтерілісіне қатысқан қыпшақтар мен арғындардың тобының көтерілуі деп есептедік.

Сонымен, 1928-1932 жж. Сыр өңірінде болған шаруалар көтерілістері не істерін білмей, ақыл берер адамын іздеген, үкіметке қарсы шығу ойларына да келмеген жергілікті халықтың жиналар жері мешіт болғандықтан діни сипатта жүрген, әрі жазалау отрядтары келгеннен соң, амалсыздан өз жандарын сақтап қалу үшін қару ұстап, қарсылық білдіруіне байланысты саяси мәнге ие болған көтерілістер болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 А.И. Құдайбергенова. Қызылорда экспедициясы – 1998 // Далалық жазбалар. Әлібайұлы Шәмшатпен сұхбат. – Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жаңақала ауылы. – 1998.
2 А.И. Құдайбергенова. Қызылорда экспедициясы – 1998 // Далалық жазбалар. Әбіштай Өскенбаев. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жаңақала ауылы. – 1998.
3 А.И. Құдайбергенова. Қызылорда экспедициясы – 1998. // Далалық жазбалар. Әлібайұлы отбасы мүшелерімен сұхбат. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жаңақала ауылы. – 1998.
4 А.И. Құдайбергенова. Қызылорда экспедициясы – 1998. // Далалық жазбалардан. Ә. Әлмешовпен сұхбат. Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы. – 1998.
5 Т. Мұсабаев, А.Т. Мұсабаева. Ортаймаған қазаны – қасиетті Қазалы. – Алматы, 1998. – 62-б.
6 Сонда, 62-63 бб.
7 Сонда, 63-б.

Р Е З Ю М Е

В статье история крестьянских восстании, происходивших в Кзыл-Ординской области 1928-1930 гг. дополняются сведениями, выявленные в ходе личной беседы с участниками восстания, т.е. информаторами. Автор показывает как простые труженики аулов, собираясь в мечетьях – в местах где обычно они собираются, вынуждены были, волею отношении к ним советской власти, стать “бандовскими группировками”.

В статье особо отмечается религиозный, стихийный характер восстания.

 

 Жарияланды: Қазақтың әйгілі тұлғалары. – Алматы: Елтаным, 2013. – 224 б. (214-219)