Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Құдайбергенова A. Қазақстан аумағындағы көші-қон процесінің кейбір нәтижелері


Айжамал Ибрагимқызы Құдайбергенова
Тарих және этнология институтының
жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.д., доцент

 

Түркі әлемі кеңістігіндегі этникалық қатынастар ғаламдану процесі күшейген сайын жаңа түрлермен байытылуда. Соның ішінде қазақ халқының қалыптасуына негіз болған этногенетикалық туыстықтың тамыры тереңнен басталатыны белгілі. Қазақ ұлтының негізін құраған қайнар көздер ғасырлар бойы тарихи терең өзгерістерге ұшырағанымен, өз тілін, өз жерін сақтап, этностық компоненттерін дамыта түсті.

Ертеден өз жұртында өмір сүрген қазақ халқы мыңдаған жылдар бойы талай «тар жол тайғақ кешулерді» басынан өткізіп, қазіргі кезеңде бірнеше халықтардың өкілдерімен бірге өмір сүруде. Өркениетті елдегі ұлт аралық қатынастар жекелеген этностардың мүдделерімен сабақтаса отырып, саяси және мәдени тепе-теңдікті дамытуда.

Адамзат өмірі өркениеттің жаңа белестеріне көтерілген сайын халықтар арасындағы қарым-қатынастың жаңа, анағұрлым жетілген түрі – өзара түсіністік пен бірлікке, ұлтаралық келісім мен ынтымаққа негізделген түрі қалыптасуда. Бұл процесс біздің мемлекетімізді мекендеуші ұлттар мен халықтарға тән. Мемлекеттік саясат осы ерекшелікті сақтау мен дамытуға күш салады. Бүгінгі Қазақстан азаматы үшiн негiзгi мәселе ұлттық татулық, ұлттық даму, ұлттық сана, ұлтаралық келісім мен ынтымақты қатынас. Ендеше қоғамымыздың болашақтағы тұрақтылығының бір ұшы республикадағы бiр-бiрiнен ажырағысыз этникалық дифференциация және интеграция үрдістеріне байланысты. Бұл ауқымды да күрделі демографиялық процестердің заңды жалғасы.

Қазақстан халқының көп ұлттылығын қалыптастырған көші-қон ғасырлар бойы жүргізілген саяси, әлеуметтік-экономикалық саясаттың нәтижесі.

ХVІ ғ. бастап Қазақстанға ағыла бастаған казактар мен орыс әскери отрядтарының көші-қонынан бөлек патша үкіметі ХІХ ғ. II жартысында Ресейдегі жері жоқ басы артық шаруалардан құтылу және шет аймақтардағы отарлық билікті нығайту мақсатында орыс мұжықтарын қоныс аудартып, жергілікті халықтың сандық және сапалық құрамына өзгерістер енгізді. 1871-1916 жж. Қазақстанға (кері көшіп кеткендерді есептемегенде) Ресейден 1,6 миллиондай адам келіп қоныстанды [1]. 1881-1883 жж. Шыңжан өлкесінен (Қытай) келген 50 мың ұйғыр мен дүнгеннің басым көпшілігі Қазақстанға орналасты [2]. Мұндай көші-қондық тасқындар жергілікті халықтың үлесін кемітті: егер 1897 жылы қазақтар 81,8%, ал орыстар 11,0% болса, 1914 жылы қазақтар 58,5%-ға, орыстар 29,6%-ға жетіп, ХХ ғ. І жартысында қазақтардың ел халқының құрамындағы үлесінің кему үрдісі тіпті күшейді [3].

Қоныс аударылған мұжықтар қазақ жеріндегі жергілікті халықты жерінен айырып қана қоймай [4], олар сондай-ақ, қазақ тілінің қолданыс аясын тарылтып, қазақ жазуынан көрі орыс жазуының шешуші рөлде қолдануына мүмкіндік берер факторға айналды.

Қазақ даласына казактар мен мұжықтардың қоныстандырылу саясаты жергілікті жерлерде орыс тілін дамытуға итермеледі. Сырттан келген келімсектер саны өскен сайын қазақ жеріндегі оларға білім беретін мектептердің ашылуы қажетсініліп, оларда білім алған орысша сауаттылар саны да өсе түсті. Қазақ жеріне өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе орыс және украиндардың көші-қонының арқасында орыс тілділердің саны мен үлесінің артуы қазақты және оның тілін кемсіту мен менсінбеуге негізделген шовинистік қарым-қатынастың қалыптасуына және қазақ тілінің қолдану аясының тарылуына әкелді.

Ал, кез-келген отарлаушы ел отар еліне үстемдік жүргізу барысында өз билігіне ыңғайлы әдістерді сол елдерге қолданып, жергілікті халықтың мәдениеті, тілі мен тарихы, әдет-ғұрпын дамытуға көңіл бөлмей, өз тәртібін орнатуға кіріседі. Қазақстанды отарлау барысында ресейлік арнайы экспедициялар мен комиссиялардың Қазақстанның түкпір-түкпірлерінде елдің тілі, тарихы, әдет-ғұрпы, табиғи байлықтары мен стратегиялық маңызды тірек пункттерін анықтау, билігін нәтижелі жүргізу үшін халқының тыныс-тіршілігін білу мақсатында көптеген зерттеу жұмыстарын жүргізгенін, нәтижесінде қазақ елінің тарихына байланысты еңбектердің  жарыққа шыққанын білеміз. [5]. Бірақ, «Ресейдің қол астына кіргеннен бергі қазақ жерінің тарихы – колония тарихы. Колония тарихы – бірте-бірте қазақ жерін сырттан келіп иемденудің тарихы, талаудың тарихы… » – дегендей [6], отарлық саясат тұрғысынан қарастырылған зерттеу жұмыстарында сол саясатқа сай келетін бағыт үстем болды.

Сонымен, патша үкіметі билік жүргізу шараларын өзге «бұратана» ұлт өкілдері жылдам түсініп, тәртіпке тез көндігуі мен өз саясатын жүзеге асыру үшін тілін де енгізе бастады.

Тіл – қоғамдық қатынас құралдарының ішіндегі ең маңыздысы болып табылады. Кез-келген елдің дамуына, оның ұлттық рухани ділінің сақталуына қай тілдің көбірек қолданылатыны ерекше әсер етеді.

Тілді қолдану және жергілікті халық тілінің жазу графикасын өзгерту мәселесі отарлау саясаты кезінде арнайы мәнге ие болады. Яғни, Қазақстан ресейге бодан болғаннан кейінгі кирилл графикасын енгізудің отарлық саясатты жүргізу процесіндегі орны ерекше.

Тарихтан мәлім болғандай түрік мемлекетінің үстемдік құруы ежелгі түрік жазуының, араб жаулап алуларына сәйкес мұсылмандықтың тарауы орта ғасырларда араб жазуының Қазақстан жеріне кең тарауына әкелді. Араб тілінде жазылған інжу-маржандардың дүниеге келгені де  мәлім. Қазақ тарихының қыры мен сырын нақтылаудағы ол туындылардың мәні ерекше зор.

Ал, Қазақстанды Ресей отарлап алған соң, патша өкіметі орыс жазуының қазақ жеріндегі негізгі жазу болуына көңіл бөлді. ХІХ ғасырдың ІІ жартысында қазақ жазуын араб графикасынан кирилл графикасына көшіру әрекеті жасалды. 1861 ж. миссионер И.Ильминский араб әліппесінің орнына орыс әліппесін қолдануды ұсынады. Ол сол кезден бастап өзінің қазақ тіліне, қазақ әдебиетіне байланысты еңбектерін орыс әліппесімен жазды. 1866 ж. Радлов өзінің «Түрік тайпаларының әдебиет нұсқалары» атты шығармаларын (3-томы қазақ әдебиетіне арналған), 1871 жылы Ы.Алтынсарин да өзінің қазақтар үшін жазған оқу құралдарын осы орыс әліппесімен басып шығарады. Мұнымен қатар сол кездегі оқымыстылар арасында орыс әліппесіне тек бірен-саран жіңішке дауысты ерекше таңбалайтын (ә,ө,ү) әріптерді ғана қосып, дауыссыздарға ерекше таңба қоспай алуды ұсынушылар да (Григорьев, Васильев), дауыстылардың ә, ө, у, j, u  (v) түріне ерекше таңба алумен қатар дауыссыз z, q, g, n, дыбыстарына керекті таңбаларды алу керектігін айтқан оқымыстылар да болды (Ильминский, Радлов). Қазақтан шыққан оқымыстылар да: Алтынсарин, Дүйсембаевтар осылайша орыс әліппесін қолдануға атсалысады («Дала уәлаятына» 1986 жылдары кирилл графикасымен жазылған мақалалары шығады).

ХІХ ғ. соңындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму процестері Ресейде капиталистік қарым-қатынастардың қалыптасуымен байланысты болды. Қазақстанға капиталистік қатынастардың енуі жаңадан қалыптасып келе жатқан буржуазия үшін өндіріс орындарындағы станок, техникалармен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін білімі бар жұмысшыларды қажетсіндірді. Жергілікті жерлерде техникамен жұмыс істеудің көзін білетін мамандар даярлау үшін жаңа қоғамға орыс графикасын қолдану тиімдірек болар еді. Яғни, патша үкіметінің отарлық саясатын қалыптасудағы де капиталистік қоғамға сай жүргізу үшін де орыс графикасын енгізу қажеттілігі туындайды. Қазақтың жазуын орыс әліпбиіне көшіруді Орынбор, Түркістан генерал-губернаторлары да қолдап, халық ағарту министріне тілек білдіреді. Ағарту министрі бұл тілек-ұсынысты Ішкі істер министрі арқылы патшаның алдына қояды. 1876 ж. патша бұған қол қояды. Іс осылайша шешілді, бірақ қазақ арасында орыс әліппесі ол кезде кең өріс ала қойған жоқ. Орыс графикасына негізделген әліппе сөз жүзінде ғана айтылып, іс жүзінде енгізілмеді. Оның себебі екі түрлі: біріншіден, ол кезде қазақ халқы орыс патшасын қалай жек көрсе, орыс тілін  де сондай жек көрді. Патша өкіметінің қысымына қарсылық есебінде оның барлық қарарларына қарсы болды; екіншіден және ең бастысы, патша өкіметі қазақ жазуын орыс графикасына көшіруді ойластырғанымен, қазақтарда ана тілінде мектеп болып, газет-журналдардың көбейіп, қазақша кітаптардың басылуына қарсы болды, оған жол бермеді. Осындай себептер кирилл графикасына негізделген қазақ жазуының ХІХ ғасырда-ақ пайда болуына тоқтау болған деуге болады.

Патша өкіметінің осылайша орыс әліппиін енгізудегі екіұшты әрекетін Қазан, Стамбул, Уфа арабшылары пайдаланып, қазақ даласына діни мазмұндағы кітаптарды таратты. Міне, осылайша араб жаулап алуларынан кейін қазақ даласына таралған араб графикасы кеңес үкіметі орнағаннан кейін де 1929 жылға дейін қазақ жазуының негізі болды.

1897 ж. халықтың сандық және сапалық құрамындағы өзгерістерді тіркеген Ресей империясының Бірінші халық санағы өтті. Бұл санақтан халықтың ұлттық құрамын толық анықтау мүмкін болмады. Себебі санақ халықтың құрамын этникалық емес, тілдік белгісіне байланысты анықтап,  есептеді. Империя құрамындағы этникалық топтардың қай тілді білуіне байланысты ұлтын белгілеуі ұлттардың нақты санын анықтауда жаңсақтықтар жіберуге итермелейді. Мысалы, украин, белорус, еврей және мордвалардың бір бөлігі (санақ материалдарында олар великорустар деп жазылды) орыс тілін ана тілі деп есептегендіктен,  орыс ұлтына жатқызылды. Сондай-ақ, «қырғыздар» мен «қырғыз-қайсақтар» біріктіріліп те берілді, ал олардың бір бөлігі қазақтар болды. Екіншіден, қазақтар көшпелі өмір сүргендіктен, санақтан тайқып, кейде отбасы құрамын дұрыс көрсетпеуге әкелді. Демографтардың пікірі бойынша 1897 ж. санақта қазақтардың 10%-ы есепке кірмей қалуы да мүмкін [7].

Ресейлік отаршылдық саясатты жүргізу жолындағы патшалық әкімшілікке ыңғайлы орыс тілін қолданушы этникалық топтардың саны мен құрамының өсуі қазақ жеріне келімсектердің көптеп келуі негізінде тіпті күшейді. Арнайы мақсатпен келген миссионерлер, сонымен бірге, өзге діндегілерді христиандыққа енгізумен де айналысты. Шоқынған адамдардың аты-жөні де орысша өзгеріп шыға келетін. Сөйтіп, отарлау, орыстандыру саясатының тағы бір нәтижесі – 1897 ж. санақ бойынша патша өкіметі мен христиан діни басшыларының іс-әрекеті нәтижесінде 660 қазақтың шоқынғаны көрсетілді, жалпы 1911 ж. дейін бұлардың саны 2659-ға жетті.

1897 ж. жүргізілген санақ қағазында ана тілі, оқи білуі мен оқыған жерін көрсетуі қажеттілігін көрсететін графалар болды. ХІХ ғ. соңындағы мәліметтердің ішіндегі анағұрлым толық және дәл деуге тұратын осы санақта алғаш рет сауаттылығын, сауаттылық деңгейін анықтауға негізделген сұрақтар болды. Сауаттылық деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін графада үш сұрақ-көрсеткіш белгіленді: орысша сауаттылығы, басқа тілдердегі сауаттылығы және бастауыштан жоғары білім алғандығы туралы. Қазақстан территориясындағы халықтың 8,1% сауатты (12,6 % – ер адамдар, 3,6% – әйелдер) деп есептелінді [8]. Сауаттылығы жағынан басқа ұлттарға қарағанда орыстар жоғарғы көрсеткіш көрсетті – орыстардың 26,6%-ы сауатты болды. Олардың арасында басқа тілдегі сауаттылар болмады. Сауаттылығы жөнінен екінші кезекте татарлар тұрды. Үшінші орынды қазақтар иеленді: 86005 қазақ немесе бүкіл қазақтардың 2,7% – сауатты деп есептелінді.

1917 ж. революциядан кейін кеңес өкіметі орнаған соң, КСРО халықтарының экономикалық және мәдени сұраныстарына сәйкес және халық бұқарасының игеруіне оңай жазуға өту шұғыл қажеттілік деп саналды. Ұлттар теңдігін көксеп, ұлттық кемсітушілікті жоюды көздеген кеңес үкіметінің тіл мәселесіндегі шаралары билікті жүргізудегі оңай әдіс ретінде орыс тілін дамытуға ғана көңіл бөлгендігін көрсетеді. Сол кездегі құжаттар кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында-ақ қазақ тілінің пайдалану аясын тарылту процесінің басталғандығына куә болады. Мысалы, ҚАКСР-ның 1921 ж. 21 ақпанындағы республиканың мемлекеттік мекемелерінде қазақ және орыс тілдерін қолдану тәртібі туралы декретінде қазақ және орыс тілдерін қолданудың тең құқықтық жағдайын (1-пункт) айта келіп, 3-пунктінде былай дейді: «Республиканың орталық және губерндік мекемелері барлық іс қағаздарын және байланыстарын орыс тілінде жүргізеді». 4-пунктте уездік мекемелердің іс қағаздары мен жоғарғы басшылықпен байланысы орыс тілінде жүргізіледі деген де, содан кейін республика мекемелеріндегі іс қағаздарын жүргізу мен байланыс екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде, қай тілді қолданғаны ыңғайлы және пайдалы екендігіне байланысты жүргізіледі делінген. Ал, республиканың орталық, губерндік және уездік мекемелеріндегі басшы орындарда қызмет жасайтың қызметкерлердің негізінен орыс, украин және басқа да орыс тілін меңгерген ұлт өкілдерінен тұратынын ескерсек, онда қазақ тілінің жергілікті жерлерде болмаса, негізгі шешуші жерлерде қолданбағанын көреміз. Міне, осылайша патшалық Ресей кезінен қазақ тілінің ресми айналымдағы қолданыс қызметінен шеттетілуі кеңес билігі кезінде жалғасты.

ХХ ғ. 20-жж. КСРО-ның құрамындағы түркі халықтарының әліпбиін (алфавитті) алмастыру мәселесі көтеріледі. Оның себебі ХХ ғ. бірінші ширегінде Түркия, Иран, Әзербайжан және Орта Азияның алдыңғы қатарлы зиялылары тарихи-лингвистикалық сараптау негізінде араб жазуының олардың елдеріндегі халықтар тілінің табиғатына сәйкес келмейді деген тұжырым жасауынан болды. Алғашында кеңес өкіметінің орталықтан басқаруына тиімді кирилл графикасын енгізу туралы ұсыныстар айтылады. КСРО құрамындағы түркі халықтарының бұрынғы жазуын орыс әліпбиіне (кириллицаға) көшіру әрекеті қатты дауға айналатындықтан, оны елдің патша заманындағы ескі, орыстандыру саясатының қалдықтары деп түсінбесін деген оймен іске асырудың басқа жолдары мен сатыларын қарастырады.

КСРО құрамындағы кезінде патшалы Ресейдің отары болған елдердің түрік тілдес халықтары латын графикасын қолдайды. Қазақстанда да араб графикасы 1929 жылы латын графикасына ауыстырылады. Мектептер мен жоғарғы оқу орындарында латын әліпбиі бірден енгізілді де, іс қағаздарына енгізу барысы бірнеше жылға созылды. Сонымен бір мезгілде барлық жерлерде ересектермен бірге жастарды түгелдей қамтыған латын әліпбиін үйрету ісі жүргізілді. 1929-1940 жж. аралығында латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі қолданыста болады.

1940 ж. соңына қарай «Латындандырылған қазақ жазуын орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» Заң қабылданды. 1940 ж. 10 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің V сессиясында орыс графикасына ауыстыру жұмысын бірнеше жылдарға созу мәселесі шешілсе де, орыс емес халықтар сол кездің өзінде толықтай кириллицаны меңгеріп алған еді. Қазақстанның мерзімді басылымында (оның ішінде «Социалистік Қазақстан» газетінде де) бірнеше жылдар бойы материалдар орыс әліпбиі (кириллица) мен латын негізінде қатар жарияланып тұрды. Бұл халықтың жаңа әліпбиді тез меңгеруі үшін жасалды. 1930-жылдардағыдай барлық халықты бір мезгілде жаңа әліпбиге үйрету жұмыстары жүргізілді.

Осы жерде айта кететін жайт, неғұрлым ескі алфавитте сауатты адамдар көп болса, соғұрлым жаңа алфавитті ұлт жазуының алфавиті ретінде енгізу қиынырақ соғады. Ал, қазақ тілі ХХ ғ. өзінде үш түрлі графикада жазылды.

1928-1929 жж. латын графикасына негізделген қазақ жазуы енгізілгеннен кейінгі сауаттылық деңгейінің өсуін қарастырсақ, онда 1929 жылы қазақтардың 8%-ы, 1930 жылы 30 %-ы, ал 1932 жылы 50 %-ы жаңа қазақ алфавиті негізінде  сауатты деп тіркелді. Жаңа графика негізінде басылып шыққан баспа санына келсек, онда олардың саны 1928 жылы  – 15 болса, 1929 жылы – 129, ал, 1930-1931 жж. – 357 болды [9]. Сонымен бірген сауаттылардың басқаларымен бірге осы топтардың да орыс графикасын да меңгергені айтылады. 1939-1959 жж. арасында Қазақстандағы орыс тілділердің саны мен орысша сауаттылардың саны мен үлесін, Қазақстандағы мектептердің негізінен орыс тілінде сауат аштыратындығы мен қазақ тілінің жүргізілуіне көңіл қоймауын ескерсек, онда 1959 жылғы санақта  бар болғаны 29,9% болған қазақтардың да негізінен орыс тілінде сауатты болғанын немесе негізінен ауылды жерлерде болмаса,  негізінен оңтүстік және Батыс аймақтарында, қазақ тілінің кирилл графикасында болғанымен бірге, орыс мектептерінің көптеп болғандығы қазақ жазуы мен қазақ тіліне деген қажеттілік пен сұраныстың төмендегенін, ал орыс тілінің ресми тіл ретінде жан-жақты қолданылғанын негіздейді. Ұлттық тіл жазуының графикасын бір емес бірнеше рет ауыстырып, айналып келгенде оны кирилл графикасына өткізіп қолдандырудың нәтижесі қазақ тілі мен жазуының қазіргі мүшкіл жағдайына алып келді. Ал, бірнеше ғасырдан бері мызғымай пайдаланылудағы орыс тілі мен жазуы ғаламдануданған әлем жағдайына енуде қай тілді пайдаланғаны бәрібір болған қазақтың көпшілік азаматтары үшін оқуы та пайдалануы да ыңғайлы тіл ретінде қолданылып, ал қазақ тілі мен жазуы халықаралық қарым-қатынастар мен елдің ішкі және сыртқы экономикасының дамуы барысында қолданылуы қажетсіндірілмегендіктен тиімсіз жағдайға айналып, кең қолданылмай отыр.

Ал, Қазақстанда қалыптасқан тіл мәселесінің қазіргі жағдайына себеп болған фактордың бірі – ХІХ ғ. ІІ жартысы мен ХХ ғ. бойы қарқынды түрде жүрген көші-қон процесі екендігі сөзсіз. Себебі, толқын-толқын көші-қон процестері нәтижесінде сырттан өзге ұлт өкілдерінің енгізілуі қазақтарды өз елінде аз ұлтқа айналдырды, ана тілінің қолдану ауқымын тарылылтты, қазақ мектептері жабыла бастады, ана тілін білмейтін қазақ жастары көбейді: 1980 жж. аяғында қазақтардың 40% өз ана тілін білмеді, ал Алматы қаласындағы қазақ жасөспірімдердің 90% өз ана тілінде сөйлемеді, не нашар білді, олардың ұлттың дәстүрлі әдет-ғұрпы мен мәдениетінен хабарсыз бола бастағанын, жалпы қазақ ұлтының болашағы бұлыңғырланып көмескі бола бастағанын ашып айтылмады. Яғни, кеңес дәуіріндегі көші-толқындарының Қазақстан индустриясының дамып, жаңа қалалардың пайда болып, ескі қалалардың жаңаруына, ауыл шаруашылығы мен мәдениетіне тигізген игі әсерімен бірге оның көлеңкелі тұстары да көп болды.

Қазақстанда орыс тілділердің басым болуы мен орыс тілі мен жазуының  кең қолданылуы араб жазуынан алдымен латын, одан кейін кириллицаға көшірілген қазақ тілінің мемлекеттік деңгейде қолданудан шеттетілуі мен аясының тарылуына әкеліп соқтырды. Тіпті Қазақстан Республикасы  тәуелсіздігін алған күннің өзінде де қазақ тілі лайықты бағаланбай келді.

Орыс тілі іс жүзінде Қазақстан Ресейдің отары болған кезден бері қолданылатын тіл болғандықтан, ХХ ғ. басында оның жазу графикасына өзгерістер енгізілгенімен қазақ жерінде ұдайы және үзіліссіз пайдаланылуда. Мұның өзі қазақ тілінде сауаттылардан көрі орыс тілінде сауаттылардың саны мен үлесінің әрдайым көп болуына әсерін тигізуде. Орыс тілінің мемлекеттік тілден ауқымы күшті, баспа, парламент, оқу орындары және т.б. салаларда қазақ тілінен де көп қолданылатыны шындық. Осы жерде айта кететін жайт, қазіргі Ресей Федерациясында да тіл мәселесі күрделі мәселе ретінде көтеріліп отыр. Ғаламдану процеіне енген сайын, қолдануға ыңғайлы тіл ретінде жастар арасында ағылшын тілінің басымдық көрсетуі орыс тілінің шұбарлануына әкелуде. Бұл өз кезегінде орыс тілін сақтап қалу қажеттігі мәселесін туғызуда. Сол себепті, Қазақстанда қазақ т ілі мәртебесін көтеру туралы сөз қозғау орыс тіліне деген қарсылықты білдірмейді, ол ұлт тілін сақтап қалу үшін алаңдағанымызды білдіретінін атап көрсетеміз.

ҚР Президентінің 2012 ж. Халыққа Жолдауында да елдің экономикалық дамуының бағыт-бағдарымен бірге әлеуметтік саладағы атқарылған және атқарылар міндеттерді жаңғырту – басты назарда ұстайтын стратегиялық бағыт деп көрсетілді [10]. Соның ішінде, тілдерді дамыту бағдарламасына көңіл бөлінді.

Президент «Қазақстандықтардың … мемлекеттік қазақ тілін құрметпен және лайықты оқып-үйрене бастағандығын атап өтудің өзі қуанышты»,- деп 2011 ж. Жолдауында [11] қазақ тілінің өткен ғасырлардан бері қалыптасқан мәртебесі мен хал-жағдайын түзетудегі іс-шаралардың нәтижесі мен қажеттігін көрсеткен еді. Бүгінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген ересек тұрғындардың үлесінің басым көпшілікті құрауын тәуелсіздігіміздің орасан жетістігі деп бағалауы тіл мәселесіне орай қалыптасқан жағдайды шешудің өзектілігін және оның президенттің назарында екенін нақтылады.

«Қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміз өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызы дейін жететін болады»- деген Президенттің Жолдаудағы сөзі қазақ тілінің қолданыстық деңгейі мен мемлекеттік мәртебесін көтеруге мүмкіндік беретін тілдік бағдарламаның мәнін ашады.

Өркениетті елдің дамыған азаматы ретінде жан-жақты дами отырып, үш тіл тұрмақ, қызығушылық танытса одан да көп тілді меңгере алатын, қазақ тілінің, мәдениетінің, дәстүрі мен тәрбиесінің бал-қаймағын құнарымен жалғастыруды мақтан тұтатын әрбір қазақ, қазақ қана емес қазақ жерін сыйлаған әрбір Қазақстан азаматы тіл мәселесін дұрыс түсінсе, онда жергілікті ұлт тілінің дамуына ешбір кедергі болмақ емес. Қазақстанда тұратын, патша өкіметі мен кеңестік дәуір кезінде ерікті және мәжбүрлі түрде жүргізілген көші-қон саясаты нәтижесінде қазақ жеріне келіп тұрақтанған ұлт өкілдерінің ұрпақтары қазақ жерін отаным деп сезіне отырып, қазақ тілінің тарихи жағдайларға байланысты жоғалтқан мәртебесін көтеруге қолдау танытуда.

2009 жылғы санақта ересек қазақстандықтардың 74,0%-ы, қазақтардың 98,4%-ы қазақ тілін меңгерген деп есептелінді. Орыс тілін қазақстандықтардың 94,4%-ы, қазақтардың 92,1%-ы меңгерген. Осы санақ өзге ұлттардың ішінде ұйғырлардан (93,7%), өзбектерден (95,5%) басқа ұлттардың қазақ тілін меңгеру деңгейінің төмендігін де паш етіп отыр: орыстар (25,3%), украиндар (21,5%), поляктар (20,9%), белорустар (19,0%) және т.б [12].

Орыс тілін меңгергендер саны мен үлесі ең жоғары: ересек қазақстандықтардың 94,4%-ы орыс тілін түсіне, жаза және оқи біледі.

Ағылшын тілін меңгергендер жайлы келсек, осы санақта 15,4% халық үшінші тілді меңгергені тіркелді.

Сонымен, үш тілді білу – әркімнің жеке табыстылығының көзі болса, мемлекетіміздің тілін басқа этностар тілімен қатар дамыту – өркениеттіліктің шарты екені сөзсіз.

Қолданылған әдебиеттер:

1 Бекмаханова Н.Е. Многонациональное население Казахстана и Киргизии в эпоху капитализма. Москва, 1986. С. 107, 161.

2 Галузо П.Г. Аграрные отношения на юге Казахстана в 1867-1914 гг. Алма-Ата, 1965. С. 270-275.

3 Асылбеков М.Х., Галиев А.Б. Социально-демографические процессы в Казахстане (1917-1980). Алматы, 1991. С.41-43.

4 Седельников Т. Борьба за землю в киргизской степи. -Алма-Ата, 1991; Шмурло Е. Русские и киргизы долины Верхней Бухтармы // ЗСОРГО. Семипалатинск, 1907; Огановский Н.П. Обновление земледельческой России и аграрная политика. Население. Переселенческий вопрос. Москва, 1914.

5 История Казахстана. Дореволюционный период. Аннотированный библиографический указатель казахских и русских книг и рукописей, храняшихся в фондах ЦНБ МОН РК. Т. 1, 2. Алматы, 2007.

6 Шонанұлы Т. Жер тағдыры –ел тағдыры. Алматы, 1995. -17-б.

7 История переписей населения и этнодемографические процессы в Казахстане. Алматы, 1998, с. 12-13.

8 Востров В.В., Муканов М.С. Родоплеменной состав и расселение казахов (конец ХІХ – начало ХХ вв.). Алма-Ата, Наука, КазССР, 1968, 487 с. С.82, 83

9 Г.Тогжанов. История движения и победы нового алфавита среди казаков. Большевик Казахстана. №6, 1933, С. 12.

10 Послание Президента Республики Казахстан Н.А. Назарбаева народу Казахстана. 27.01.2012 г. // http://www.akorda.kz

11 Послание Президента Республики Казахстан Н.А. Назарбаева народу Казахстана. 28.01.2011 г. // http://www.akorda.kz

12  Қазақстан Республикасындағы ұлттық құрам, діни наным және тілдерді меңгеру // 2009 жылғы Қазақстан Республикасындағы халықтың Ұлттық санағының қорытындылары. Статистикалық жинақ / Редакциясын басқарған Ә.А. Смайылов/ Астана, 2010 – 298 б. – 259 б.

Түйіндеме

Мақалада түркі әлемі кеңістігінде ғасырлар тезіне түсіп қалыптасқан мемлекеттердегі этникалық қатынастар барысының ХХ ғасырдағы Қазақстандық ерекшелігі сөз болады. Сонымен бірге, ғаламдану процесіне енген сайын жаңа түрлермен байытылудағы көші-қон үдерістерінің республика халқының сандық және сапалық құрамына тигізген әсері қарастырылады. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік мәртебесі көтерілген қазақ тілінің ХХ – ХХІ ғасырлардағы  дамуына да көңіл бөлінеді.

Резюме

В статье рассматривается особенности развития этнических отношении на примере Казахстана. Роль миграций, обогащенные в процессе глобализации новыми типами, в изменении качественных и количественных показателей населения РК. А также, уделяется внимание на развитие казахского языка в ХХ – ХХІ вв., который приобрел статус государственного только в годы суверенитета республики.

 Summary
The article considers the peculiarities of development in ethnic relations in the example of Kazakhstan. The role of migration, fortified in the process of globalization, with new types, in changing qualitative and quantitative indicators of population RK. Likewise, focuses on the development of the Kazakh language in XX – XXI centuries, which acquired the status of the state only at years of independence of the republic.

Özet

Bu makale, Kazakistan’ın durumunda etnik ilişkilerin gelişme özellikleri hakknda açıklanır. Küreselleşme sürecinin yeni türle zenginleştirilen göçün rolü, RK nitel ve nicel göstergelerinin değişikliği. Aynı zamanda, dikkat XX – XXI yüzyıllar Kazak dilinin gelişmesine ödenir, devlet statüsü sadece cumhuriyetin egemenliğine edinilen.

 

Жарияланды: Түркі академиясының «Түркі дүниесі» альманахының бірінші «Түркологиялық жинағы» – Астана, 2012.