Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Өткені өрістінің келешегі келісті


http://main.zhetysu-smi.kz/news/151/

Қазақта «Әйт-шу деген нарға сеп» – деген тәмсіл бар. Сол айтқандай, тәуелсіздік алғалы бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қайта-қайта оралып соғып жүрген төл тарихымызды тану мәселесіне қатысты Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің 5 маусымда өткізген үлкен басқосуда айтқан жайлары тарихымызды жаңа тұрғыдан зерделеуге үлкен серпіліс бергені анық. Содан бері өтіп жатқан түрлі жиын, конференцияларды айтпағанда, бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген толғақты дүниелер жариялануда. Ел тағдыры мен болашағы үшін аса маңызды осы бір мәселеге қатысты ғалымдардың пікірін білу мақсатымен «Жетісу» газеті де Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қызметкерлерімен «дөңгелек үстел» басында әңгіме өткізген еді. Қалың оқырманымызға осы отырыста айтылған пікірлерді ұсынамыз.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарихымызды түгендеуге қатысты ойларын үнемі айтып келеді. Жуырда бұл өзекті мәселені Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин ресми түрде тағы да күн тәртібіне шығарды. Ел тарихын зерделеуге осыншама мән берілуінің маңыздылығы  неде деп ойлайсыздар?

Ханкелді Әбжанов, 
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор: 

– «Өз әскерін асырамаған мемлекет өзге мемлекеттің әскерін асырайды», – деген қанатты сөз бар. Осыны сәл өзгертіп айтсақ, өз тарихын зерделемеген мемлекет өзге мемлекет жазған тарихқа ұйыйтын болады. 1991 жылы тәуелсіздікке қолымыз жеткенше, өзге мемлекеттің – Ресейдің тарихын мектепте індетіп оқығанымыз шындық. Жоғары оқу орындарында КОКП тарихы басты пән қатарында тұрды, одан мемлекеттік емтихан қабылданатын. Қазақстан тарихы тарих факультеттерінде ғана оқытылды.Сөйтіп, Қазақстан азаматтары төл тарихынан көз жазып қалды. Пушкинді, Лермонтовты жатқа оқитын олар Шалкиіз, Доспамбет, Ақтамберді жыраулардың есімін де естімей өсті. Кез келген орыс патшасын дәлме-дәл сипаттап беретін олар Абылай – жыртқыш, Кенесары – кертартпа дегенге саятын ақпараттармен қанағаттанды. Ұлттық тарихынан жырақ қалған ұрпақ бөтеннің жылтырағына, қызыл сөзіне оп-оңай алдана қалады. Өйткені онда табан тірейтін тұғыр, адастырмайтын ұстаным жоқ, рухын асқақтататын ата-баба ерлігі оған таныс емес қой. Ел тарихын зерделеу – елдің әлеуметтік, дүниетанымдық, көзқарастық негіздерін бекемдеу. Тарихты жасайтын адамдар. Тарихын білген адам тарихы алдында ұялатын іске бармайды. Оның алды-арты бірдей жарық. Бәсекеге қабілеттіліктің бір шарты – төл тарихын білуі арқылы есейген, елін, жерін, Отанын сүйетін ұлт қалыптастыру.
Тарихқа құрмет жаһандану тұсында айрықша өзекті. Өйткені мемлекеттер мен мемлекеттер, халық пен халық мидай араласқан мына заманда, ақпараттар тасқыны есіңді алып жатқанда бағдаршамың қайсы десе, тарих пен тілді ғана айта аламыз. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы, ЭКСПО – 2017 көрмесі бізді әлемге таныту үшін де тарихымызды білуіміз қажет.

– Кешегі кеңестік кезеңде ұлттық тарихымызды кімдер және қалай жазғанын жақсы білеміз. Ал, тәуелсіздігімізді жария еткеннен бергі 20 жылда осы тың тақырыпқа түрен сала алдық па? Ауыз толтырып айтар еңбектерді атаңызшы?
Қайдар Алдажұманов, 
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты:

 
– Жалпы осы сұрақтың өзінің астарында кешегі кеңестік кезеңде жазылған еңбектерге деген кекесін мен кемсітушілік айқын байқалады. Өкінішке орай, бүгінгі жас тарихшылар да, жазушы, журналист ағайындардың да кейбірі кеңестік кезеңде отандық тарихнаманың қалай қалыптасқанын, оның қыр-сырын біле бермейді. Соның нәтижесінде осындай астамшылық пікірге жол беріледі. Кеңестік кезеңде зерттеу жүргізген тарихшы ғалымдар өз еңбектерінде Қазақстан тарихын әдейі бұрмалап жазғысы немесе ақиқатты айтпай жасырып қалғысы келген жоқ. Ақиқатты айтып жазған ғалымдардың өздерінің де, олардың еңбектерінің де қайғылы тағдыры бүгінгі көзқарас тұрғысынан тәлкек етуді, немесе жол-жөнекей «теуіп» өтуді көтермейді. Ондайға жол беруге болмайды. 30 – 50-ші жылдардың бас кезіндегі тарихшыларымыз С. Асфендияров, М.Тынышпаев, Б. Сүлейменов, Е. Бекмахановтардың қилы тағдырынан басқа, бұл туралы бір-ақ мысал келтірейін: 1973 жылы көрнекті этнограф-ғалым Халел Арғынбаевтің «Ғылым» баспасынан шыққан «Қазақ халқындағы семья мен неке» монографиясы қолма-қол тәркіленіп, баспаның  жертөлесінде бір жыл бойы жатты. Сондағы бар «айыбы» кітаптың екі жерінде Әлихан Бөкейхановтың «Дала уалаяты» газетінде шыққан мақаласына сілтеме жасап, атын көрсеткені еді. Бұл жерде ешқандай саясатты кітаптың мазмұнынан іздеудің қажеті жоқ болатын. «Қырағы» шағым айтушылардың жазуы бойынша осындай шара қолданылып, ақыры бір жылдан соң, жаңағы кітаптың екі бетінің жартысы қиылып тасталды да, қайтадан саудаға шықты. Қазір кітапханадан сол кітапты алып қарасаңыз, осының куәсі боласыз. Сол сияқты, антрополог О. Исмағұловтың (1973 ж.), тарихшылар М. Қозыбаев, Р. Сүлейменовтің (1974 ж.) және басқаларының да еңбектерінің тәркіленіп, жойылғанын айтуға болады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болар еді.
Дегенмен, бүгінгі талғампаздық пен тәуелсіздік тұрғысынан кеңестік кезеңдегі көптеген іргелі зерттеудің әлі де өз маңызын жойылмағанын байқаймыз. Олардың көпшілігі бүгін де қолданыста. Әлкей Марғұланның «Беғазы-Дәндібай мәдениеті», Клавдия Пищулинаның «Қазақ хандығы», Бек Сүлейменов пен Петр Галузоның «Қазақстандағы аграрлық мәселе туралы» зерттеулерінің маңызы бүгін де ерекше сипатқа ие. Олар бүгінгі зерттеушілердің сүйенер тірегі. Сол сияқты, кеңестік кезең тарихына қатысты іргелі зерттеулер жазған академиктер Ақай Нүсіпбековтің ұлттық жұмысшы табының қалыптасуы, Григорий Дахшлейгердің ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы ауыл мен деревнядағы әлеуметтік-экономикалық қатынастар туралы, Мәлік-Айдар Асылбековтің Қазақстандағы индустрияландыру тарихы туралы зерттеулері қоғамға, ғылымға бүгін де қажет. 
Сұрақтың екінші бөлігіне келсек, Қазақстан тарихындағы қордаланып қалған, немесе кеңестік идеологияның әдейі жауып тастаған проблемаларын зерттеуді қолға алу 80-жылдардың соңында басталған болатын. 1988 жылы қарашада сол кездегі институт директоры, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері академик Манаш Қозыбаев 30-жылдардағы ашаршылық мәселесін зерттеуді қолға алу жөнінде одақтық деңгейде үлкен ғылыми конференция өткізді. Онан кейінгі жүргізілген зерттеулер Қазақстандағы алапат ашаршылықтың мән-жайын, себеп-салдарын айқындады. Ең алғаш рет «ақтаңдақ» ретінде Қазақстандағы 1929 –1931 жылдардағы көтерілістер тарихы оқырманға ұсынылды. 
Жалпы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында тарихтағы «ақтаңдақтардан» арылу бағдарламасы жасалып, іске асырылды. Осының нәтижесінде ең алдымен Кенесары, Абылайға қатысты бұрынғы кеңестік тұжырымдар қайта қаралып, іргелі зерттеулер жүргізілді. Кенесары көтерілісі туралы көлемді құжаттар жинағы, Мәскеудегі орталық баспадан Едіге Уәлихановтың Кенесары туралы монографиясы жарық көрді. Басқа да ұлт-азаттық көтерілістері мен олардың басшылары туралы зерттеулер жүргізілді.
1993 – 1994 жылдары институт ғалымдары «Қазақстан тарихы. Очерктер» деген атаумен қазақ және орыс тілдерінде көлемді оқулық кітабын шығарды. Ол «Дәуір» баспасынан әлі күнге дейін қайтара басылып, қолданыста жүр. Оның бір ерекшелігі – ғылыми негізімен қоса, ешқандай алып-қашпасыз, объективтік түрде жазылуы деп айтуға болады. Мұны оған деген сұраныстың жоғары болғандығы айғақтап тұр. 
Тоқсаныншы  жылдардың бас кезіндегі аса маңызды мәселе – бұл бүгінгі Қазақ мемлекетінің аумақтық тұтастығы, оның мемлекеттік шекаралары туралы болатын. Сол кездері жаңа ғана жарияланған тәуелсіз мемлекетке көз алартушы, оның аумақтық тұтастығына күмән келтіруші А.Солженицын,  М.Горбачев сияқтылардың мәлімдемесіне, кезінде қазақ жерін отарлап, орнығып алған соң, билігін жүргізген казачество ұйымдарының жат пиғылына қарсы ғылыми дәйекті дәлел айту, тойтарыс беру кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология  институтының ғалымдары  М. Қозыбаев, М. Мұқанов, Н. Әлімбай, Е. Уәлиханов, А. Елагин және басқалары осы бір саяси маңызы ерекше мәселенің тыңғылықты шешілуіне көп үлес қосты. Сол кездері және кейінірек Андрей Елагиннің Қазақстандағы орыс казачествосының тарихын әшкерелеп жазған кітапшасы, Марат Мұқановтың Қазақстанның этникалық аумағының қалыптасуы туралы көпшілікке арналған зерттеуі, тарихшылар Мұрат Әбдіровтың, Жапсарбай Қуанышевтің казачество туралы іргелі зерттеулері, Павел Беланның, Нұрлан Сейдіннің Қазақстанның мемлекеттік шекараларының қалыптасуы туралы кітаптары бұл мәселеге бұдан былай ешкім күмән келтірмейтіндей пікірдің қалыптасуына зор үлес қосты.
Осы мәселеге, жалпыұлттық тарихымызға байланысты Тарих және этнология институты ғалымдарының тұжырымдық принципі – Қазақстан тарихы әлемдік үрдістердің құрамдас бөлігі деген қағидатқа негізделді. Осыдан туындайтын ұғым – Қазақ мемлекеттілігінің қайнар көзі ежелгі тарихымызда деген түсінікті қалыптастыруға бағытталды. Институт ғалымдары академик М. Қозыбаевтің басшылығымен 1995 жылы «Қазақстанда тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасының» жобасын жасап, оны Президент жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Комиссия бекіткен болатын. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының алдындағы комиссия еді. Бүгін де отандық тарих ғылымы саласында атқарылған істердің бәрі осы тұжырымдама аясында орындалады.
Соған сәйкес кеңестік кезеңдегі «ақтаңдақтар» да зерттелді, әлі де зерттелуде. Олардың қатарында жаппай саяси репрессия құрбандары тарихы, Қазақстанға жер аударылған халықтар мен этникалық топтар тарихы, 1941 – 1945 жылдардағы соғыс тарихының көлеңкелі тұстары (ұлттық құрамалар, Еңбек армиясы, соғыс тұтқындары, т.б.) туралы зерттеулердің нәтижелі екендігін айтуға болады. Институт ғалымдары соғыс пен репрессия құрбандары туралы «Боздақтар», «Азалы кітап» (10 том) басылымдарын шығаруға қатынасты. Сол сияқты жеке тұлғаларды зерттеу, олардың шығармашылық мұрасын жариялауда да көп жұмыс атқарылды. Соның бірі – Тұрар Рысқұловтың 5 томдығы. Осы атқарылған істердің қорытындысы ретінде көне заманнан бүгінге дейінгі «Қазақстан тарихының» 5 томдығы жарық көрді. Мұның бәрі бір институт үшін аз шаруа емес.
Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы да сол айтылған тұжырымдама негізінде дүниеге келді. Оны орындауға институт ғалымдары ерекше белсенділік көрсетті. Бұл жұмыстың нәтижесі бүгінде белгілі.

«– Мәдени мұра» бағдарламасымен шет ел мұрағаттарында сақтаулы біраз дүние табылды деп алақайлап жүрміз. Олардың біз үшін аса құндылары қайсы? Бұл мұрағаттар ұлтымыздың өткенін таразылауға өлшем бола алады ма?
Светлана Смағұлова, 
Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымының докторы: 

–  «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Президентіміз   Н. Назарбаев бастамасымен қолға алынып, 2004 – 2011 жылдар аралығында қазақтың ауызша және жазбаша құндылықтарды жинастыру, тарихи, мәдени мұраларын қалпына келтіру мәселелерін қамтыды. Осы бағдарлама аясында біріншіден, Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей және Алмания, Франция, Англия сияқты Батыс Еуропа елдеріне арнайы ғылыми экспедициялар ұйымдастырылып, тарихшы, шығыстанушы мен мұрағат қызметкерлері шет мемлекеттердің мұрағаттары мен кітапхана қорларында сақталған ұлттық тарихымыз үшін ерекше маңызы бар көптеген құжаттық материалдар, қолжазбалар мен көне басылымдар алынып келінсе, екіншіден, елімізде және шет мемлекеттегі  ұлтымызға қатысты тарихи маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерді зерттеу нысанаға алынып, көпшілігі қалпына келтірілді. Үшіншіден, қазақ халқының мәдени мұрасына қатысты ғылыми-зерттеулер қолға алынып, нәтижесінде әдеби, тарихи мазмұнда қаншама еңбектеріміз жарық көрді, жаңа энциклопедиялық сөздіктер шығарылды.
Бұрындары назардан тыс қалған көне ескерткіштер мемлекет қарамағына алынып, археологиялық зерттеулер жүргізілді. 
Бұл бағдарламаға тек өз ғалымдарымыз ғана емес, шетелдік ғалымдар да тартылды. Сонымен қатар, «Мәдени мұра» жобаларын жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жүйесінің жетекші ғылыми-зерттеу институттары, ғалым-зерттеушілері мен техникалық мамандары жұмылдырылған. Бағдарламаның ерекшелігі сонда, ұлтымыздың тарихи-рухани ескерткіштері әлемге таныла бастады.
Жақын және алыс шет елден мұрағат пен кітапхана қорларынан жинастырылып әкелінген құжаттар мен материалдардың маңызы зор.  Құжаттардың көпшілігі зерттеушілерге жетпеген, ғылыми айналымға енбеген. Қазақстанның көне тарихы мен мәдениетіне, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы патшаның миссионерлік және орыстандыру саясатына,  мұсылмандық білім беру, дін,  кітап ісі, қазақ халқының кеңестік кезеңіндегі кейбір саяси оқиғалар мен мәдениеті тарихына арналған бұл материалдар тарихымыздың кемшін тұстарын толықтыруға, ғылыми тұрғыда бағалауға,  жаңаша көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік берді. 
Біздің Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты да бағдарламаның жүзеге асыруға  қатысып, нәтижесінде «Тарих және этнология» саласы бойынша «Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы», «История Казахстана в русских источниках», «История Казахстана в западных источниках» 10-томдық сериялар жинағы, «История Казахстана в античных источниках», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары»  2 томдық басылымы жарық көрді.
«Мәдени мұра» бағдарламасының өзіндік тарихи маңызы бар. Ұлтымыздың тарихы мен мәдениетін жаңғырта отырып, халқымыздың мәдени және рухани мұрасының өзіндік құндылықтарын қайта екшелеуге және сақтап қалуға, әрбір тарихи ескерткіштерімізге ұқыптылықпен қарауға үйретті, оны сол қалпында келешек ұрпаққа жеткізуге үлкен қадам жасалды. Бұл ұлттық деңгейіміздің  биіктен көруіне жол ашты. 
«Мәдени мұра» бағдарламасымен тарихи құндылықтарымызды зерделеу тоқтап қалған жоқ. Биыл Мемлекттік хатшымыз М. Тәжиннің ұлттық тарихты зерделеуге қатысты көтерген бастамасы үлкен қолдау тауып, өзінің алғашқы нәтижесін берді десек те болады. Жақын және алыс шет елдерге жіберілген ғалымдардың алды қазақ тарихына қатысты көптеген құжаттар мен материалдар алып келді. Мәселен, Қытай Халық Республикасындағы мұрағат қорларындағы дерек жинауға барған ғалымдар Бақыт Еженханұлы мен Жанымхан Ошан  қазақ халқына қатысты, нақтылай айтсақ, қазақ этногенезі мен көне тарихына, түркі тайпалары мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты анықтауға мүмкіндік беретін материалдарды әкелді. Соның ішінде «Цинь патшалығы дәуіріндегі Шыңжаңға қатысты мәнжу тілді мұрағат құжаттар жинағы» деп аталатын көптомдықтан қазақ тарихына қатысты мол мәлімет алуға болады. Институтымызда болған басқосуда ғалымдар Қытайдан әкелінген мұрағат құжаттары мен материалдардың көне заманда өмір сүрген түркі тайпаларына, Цинь патшалығы мен қазақ хандығының саяси және экономикалық байланысына, жоңғар шапқыншылығына, сол тұстағы Абылайхан, Болат хан сияқты тұлғалардың шынайы бейнесін сомдауға  септігін тигізетіндігін ашық айтқан еді. 
Иран  Республикасына барып келген ғалым Ғ. Қамбарбекова мен Ресейде іссапарда болған Г. Райымханның да құжаттық материалдарының маңыздылығында  күмән жоқ. Мәселен, Ғ. Қамбарбекова Иран Ислам Республикасына барған ғылыми іссапарында Сыртқы істер министрлігінің мұрағатынан, Мәжіліс кітапханасынан, Малек кітапханасынан, Тегеран  университеті жанындағы Орталық кітапхана мен Тегеран қаласынан 130 шақырымдағы Құм қаласындағы Аятолла Мараши Нажафи кітапханасынан 1871 – 1910 жылдар аралығын қамтитын Ташкентте орын алған оқиғалар, Бұхара ханына, Түркістан халқын Ресейдің отарлау саясатына қатысты бірнеше құжаттың, сонымен қатар Иранда билік құрған Селжүк түріктері кезеңінен сыр шертетін «Шахнама-ий  Сәлжуки», қазақ хандығы туралы мәліметтер қамтыған бұрында ешбір жерде жарық көрмеген «Тарихи шах Тахмасби аввал Сафави» және «Тарих шах Исмаил Сафави» атты қолжазбалары және ХІ-ХVІІ ғасырлардағы оқиғаларды қамтитын  қолжазбалар көшірмесін әкелді. Аталған қолжазбалар Қазақстанда арнайы зерттеу нысаны болмаған. Сондықтан ондағы мәліметтер өткен тарихымыздың көп қырын ашады деп сенеміз.  
Шет елден әкелінген құжаттар деректану ғылымын байыта түсуде. Енді алдағы мақсат, бұл әкелінген барлық деректік құжаттардың сөреде жатып қалмай, қолжетімді тілге аударылып, тарихшылардың игілігіне жарату болса керек.

– Орта мектептерде оқытылатын тарих пен жоғары оқу орындарына арналған тарихтың арасындағы алшақтық жер мен көктей. Кейде тіпті қарама-қайшы пікірлер де кездесіп қалады. Осы олқылықтар қашан және қалай түзетілмек?
Айжамал Құдайбергенова, 
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы: 

– Тарихи сана ең алдымен тарихи оқулықтар арқылы қалыптасады. Сондықтан да оқулықтардың сапасына көңіл бөлу ерекше маңызды. Тарих оқулықтарында кемшіліктердің бары рас, бірақ ол кемшіліктердің түзетіліп жатқанын да ескеруіміз керек. Орта және жоғары оқу орындарындағы тарих оқулықтарындағы алшақтық оқу орындары қандай оқулықтарды пайдаланады деген сұрақтың жауабына байланысты анықталады деп ойлаймын. Бұл, әсіресе, жоғары оқу орындарына байланысты. Тәуелсіздік жылдарындағы нарықтық қатынас оқулық жазу ісінде де өріс алып, кез келген адамның тарихты және тарих оқулықтарын жазуына мүмкіндік берді. Деректермен дәйектелетін таза тарихи ғылым еңсесін көтерем дегенше, балама тарих қаптап кетті. Тәуелсіздік алғаннан соң бұрынғы тарих оқулықтарында «ақтаңдақ» беттер жазылмағандықтан, сол олқылықтардың орнын толтырамын деген «патриоттар» мен білім беру саласына қатысты бизнестің оқулықтарға да ауыз салғаны рас. Қаншама балама оқулық та шықты. Нәтижесінде оқулықтар көбейді де, мұғалімдер мен оқытушылардың қолына оқиғаларды, оның мерзімін әртүрлі белгілеген оқулықтар түсті. Әсіресе, ол жоғары оқу орындарына қатысты. Себебі, мектеп оқулықтарында қалай дегенмен де бекітілген оқулықтар бойынша тарих сабағы жүргізіледі. Бірақ, оқулық жазу ісіндегі бірізділік пен жүйелілік сақталмағандықтан, кемшіліктер орта мектеп оқулықтарында да орын алды. Мысалы, мектеп оқулықтарындағы кейбір деректер сәйкес келе бермейді, 2006 және 2009 жылы шыққан оқулықтарда тас ғасырының ескерткіші 500, кейін 800-ге жуық делінген. Аңырақай шайқасы 1729 жылы, екіншісінде 1730 жылы болды деп беріледі. 10–11- сыныптарда статистикалық деректер өте көп, тілі ауыр, түсініксіздеу (ғылыми тілде). Мұндай мысалдарды жалғастыра беруге болады.
Оқулықтың сапасына оны даярлауға байланысты бөлінген уақыт пен оқулықты жазушылардың субьективті көзқарасы да өз әсерін тигізді. Күнкөріс үшін бірнеше жерде жұмыс істеуге мәжбүр болған тарихшылардың оқулықтардың ішкі мазмұнына кішкене жаңалықтарды қоса отырып, негізгі бөлігін бұрынғыша қалдыра салуы да тарих саласындағы қойыртпаққа әкелді. Осы жерде айта кететін жайт, тарих пәнінен алынатын тест сұрақтарында «тістер» мен «түймелерді» түгендеген сұрақтардың кетіп қалуы сол тесті құрастырушының ұлттық тарих пен тарих оқулығына деген көзқарасын көрсетері сөзсіз.
Жоғары оқу орындарында кім қай оқулықты пайдаланғысы келсе, сол оқулықпен дәріс берді, ал студенттер балама оқулықтармен сусындай бастады. Сол балама оқулықтардың барлығына дерлік кітапқа негіз етіп  1993 жылы Тарих және этнология институты шығарған «Қазақстан тарихы (ерте заманнан бүгінге дейін). Очерктер» деген оқулығын алды. ЖОО-нда оқулықтардың ғылыми негізделген түрін оқытам деген оқытушылар осы очерктерді студенттерге ұсынды. Нәтижесінде бұл балама тарихтардың арасындағы ұлттық шынайы тарихты баяндайтын, тарихтан хабардар болам деген қауымға бағыт-бағдар беретін оқулық болды. Кітапқа деген сұраныстың көптігінен ол белгісіз бастамашылардың ұйымдастыруымен бірнеше рет қайта басылып шықты. Бірақ, бұл очерктер мағлұматы 1989 жылғы оқиғаларымен шектелінген болатын. 
Тәуелсіздік алғаннан бері мектеп оқулықтарындағы кемшіліктерді түзеу жолында бірқатар жұмыс атқарылуда. Бұған ең алдымен, Қазақстанның шынайы тарихының өзекті мәселелерін жас ұрпаққа жеткізу жолында еліміздің белгілі тарихшы, әдіскер ғалымдары, сонымен қатар тәжірибелі, шығармашылықпен жұмыс істейтін мектеп мұғалімдері қатысты. Мысалы, академиктер М. Қозыбаевтың авторлығымен 10-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы», К. Нұрпейісов бастаған бір топ ғалымының 11-сыныпқа арнаған оқулығы бірнеше рет басылды. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер, тарих пәнінің мұғалімі Д. Бабаев жазған, 8-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығы, осы сыныпқа арналған академиктер К. Байпақов, Б. Көмеков және К. Пищулина жазған балама оқулықтар да, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж. Қасымбаевтің да 9-сынып үшін жазған оқулығы К. Байпақовтың   6-сыныпқа, Т.Тұрлығұловтың  5-сыныпқа арналған тарих оқулықтары да бірнеше рет басылды. 
Бірақ, тарих оқулығы оқиғалар тізбегін тіркеуші ретінде ғана оқыла бастады. Әрине, бұл құрғақ баяндауға әкелді. Содан бері тарихшы қауым қол қусырып отырған жоқ, кемшіліктер жөнделіп жатыр. Мектеп оқулығын жазу барысында ғалымдар мен әдіскерлер 22 жылдағы тарихи зерттеулер негізіндегі тұжырымдарды, жаңа көзқарастар арқылы жазуда. Бірақ бәрі ретке келе қойды деуге әлі ерте.  
Ол кемшіліктер қалайша жойылуы мүмкін? Ол ғалымдардың, тәжірибелі оқытушылар мен әдіскерлердің өзара байланысы тығыз орнап, ғылыми, әдістемелік жетістіктерге негізделген тарих оқулығы жазылғанда ғана мүмкін деп ойлаймын. Себебі, қандай ысылған ғалым жазғанымен, мағлұматтың мектеп оқушысының жастық, соған сәйкес психологиялық ерекшеліктеріне орай берілуі, әрі әдіскердің және тарихшы оқытушының бірлескен еңбегі арқасында ғана мүмкін болады. Қазақстан тарихы бойынша белгілі бір тарау немесе кезеңге байланысты талдау, болмаса тексеру комиссияларын құрған жөн болар еді. Сонымен бірге, көптеген зерттеулер жеке-дара жарық көргенімен, оқулыққа енбеген. Сондықтан ғалым тарихшылар мен педагогикалық қызметтегі тарихшылар арасында өзара байланыс болуы керек. Аймақтағы тарихи, археологиялық зерттеулерді де оқулыққа енгізуге болады. Мысалы, 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасына және өзге де жайларға жаңаша көзқараспен қарау керек. Себебі, сонда ғана туған жердің тарихы анағұрлым тартымды болар еді. 
Осы орайда тарихқа қызығушылықтың төмендеу себебінің бірі тарихты саяси, экономикалық, мәдени тарих тұрғысынан қарастырылуында ма деген ойды айтамыз. Ұлттық тарихты қазақ этногенезі, этностардың қалыптасуы, дамуы және халықтану саласындағы жетістіктермен толықтыру тұрғысынан зерделесек, нәтижелірек болар ма еді деген ой бар. Сонымен бірге, институт директоры Хангелді Әбжанов тарихтағы формациялық ұстаным негізінде тарихты зерделеуді өткеннің еншісіне қалдырып, Қазақстан тарихының үш ұстанымы: халық, тұлға, геосаяси фактор деген ұстаным негізінде дамытуға назар аудару қажет деген пікірді айтты. Тарихты жасайтын халық, халықты басқаратын тұлға, ал олардың арнасы геосаяси жағдай екендігіне байланысты, тарихты зерделеуде осы тұжырымды дамыту тиімді болар ма еді деген оймен мен де келісемін. 
Белгілі бір кезеңде халық пен мемлекет дамуында өзіндік рөл атқарған немесе әлеуметтік-экономикалық дамуға қол жеткізе алған, саяси, әкімшіліктік реформаларымен белгілі болған, басқыншылықтан ел мен жерді табандылықпен қорғауды ұйымдастырған, жаңа өлкені қосқан және игерген билеушілерге, олардың қол жеткізген нәтижелері туралы мәселелерге баса көңіл бөлінсе. Сол арқылы еліміздің саяси тарихына жақындап, содан соң, хронологиялық негізде, еліміздің әлеуметтік тарихы, экономикалық тарихы және мәдениет тарихы оқытылса, пәннің мазмұны байып, оған деген қызығушылықты арттырар еді. Оқытудың мазмұны мен пішіні өзгеріп, тарихи білім берудің жаңа жүйесі қалыптасар еді.

– Қазір Шыңғысханды түркі деп тануға  талпыныстар жасалуда. Осылай болғанда ұтар тұсымыз қайсы? Жалпы бұл мәселенің ақиқатын кімдер айтуы тиіс? Тарихшылар бұл тақырыпқа барудан неге жасқанады?
Қанат Өскенбай,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты:

 
– Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин 5 маусымда өткен ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында жасаған баяндамасында Қазақстан тарихы мәселелеріне байланысты жаңа бағыттар айқындап берген еді. Оның ішінде Шыңғысхан империясы жүйесіндегі және оның мұрагерлері тұсындағы қазақ даласының тарихы, Алтын Орда тарихы мен басқа Ордалардың тарихын  зерттеудің маңыздылығын қадап айтты. Сонымен бірге, тарихты жүйелі және объективті зерделеуге көп көңіл бөлу қажеттігін де көтерген болатын. Отырыста Тәжин мырза былай деп әділ атап өтті: «Біз көптеген қолдан жасалынған қателіктерді көріп отырмыз. «Нағыз ұлттық қадір-қасиет нағыз ұлттық тарихтан басталады» дегендей, өзімізді әсіре мақтау арқылы ұлттық құндылығымызды мазаққа айналдырып алмау үшін бұл аса маңызды. Осының барлығы да қазақ халқы және қазақ мемлекеттілігі тарихындағы Шыңғысханның алатын орны мен рөлі мәселесіне байланысты. Бұл тарихи тұлғаны түрікке немесе қазаққа айналдырсақ біз халық ретінде де, тарихшылар қауымдастығы ретінде де ешнәрсе ұтпаймыз және әлемдік тарихшылар қауымдастығының құрметіне ие бола алмаймыз. Шыңғысхан және оның қызметі әлемдік тарих ғылымында жақсы зерттелген. Ол жайында әлемнің барлық тілінде де зерттеулер жазылған. Оның өмірі мен қызметі жайында көптеген құжаттар ғылыми айналымға енгізілген. Осының барлығы да оның қандай этникалық топқа жататындығын айқындауға мүмкіндік береді. 
Тарихшылар қоғам қайраткері туралы барлық әлем тіліндегі құжаттарды зерттеулерінде пайдаланды. Моңғол және қытай, парсы және араб, орыс және басқа да еуропалық тілдер, түркі және осыған ұқсас бір-біріне тәуелсіз шығыстық құжаттар, объективті және жан-жақты түрде  XII-XIII ғасырлар әлемнің бейнесін жасады. Жаңа деректер табылып жатқанымен де, олар шындыққа жақын болса да біздің танымымызды аса өзгерте алмайды. 
Бірақ бұның бәрі бүгінде қазақстандық тарихшылар Шыңғысхан тарихы жөнінде ауыз ашпайды немесе зерттеулер жүргізбейді деген ойды тудырмауы тиіс. Қазақстандағы тарих ғылымы пайда болғаннан бері бұл тұлға жөнінде үздіксіз зерттеулер жүргізіліп келеді. Мұхамеджан Тынышпаев және Санжар Асфендияров, Ермұхан Бекмаханов және Әлкей Марғұлан, Сапар Ибрагимов және Вениамин Юдин, Наджиб Мингулов және Клавдия Пищулина, Тұрсын Сұлтанов, Александр Қадырбаев және тағы басқа да қазақстандық тарихшылар Шыңғысхан және оның ұрпақтары дәуіріндегі Қазақстан тарихы мәселелерін зерттеп, өз үлестерін қосты. Бүгінгі таңда біздің институтымыздың Ежелгі және ортағасырдағы Қазақстан және іргелес елдер тарихы бөлімі бұл мәселе төңірегінде іргелі зерттеулер жүргізуде. Олардың ішінен танымал моңғолтанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлын ерекше атап өтуге болады. Ол Шыңғысхан және оның ұрпақтарын түп-тамырымен барынша зерттеген кәсіби тарихшы ғана емес, ортағасырлар тарихының білгір-маманы. Қазірде Шыңғысхан туралы кітап жазып жүрген журналист, жазушы, инженер немесе еңбегі сіңген зейнеткерлерден ерекшелігі, Шыңғысхан дәуіріндегі моңғол тілінде еркін сөйлеп, оқи алады. Сонымен қатар, Зардыхан Қинаятұлы Шыңғысхан, Жошы хан туралы, сол дәуірдегі түркі тайпалары, моңғол дәуіріндегі қазақ мемлекеттілігі, қазақ мемлекеттілігі тарихындағы Шыңғысханның рөлі мен оның империясы жайындағы монографиялардың авторы. Ол  ғылыми-зерттеулермен шектеліп қана қоймай, өзінің ғылыми-зерттеулерінің нәтижесін баспасөз беттерінде жариялап, сұхбаттар беріп жүр. 
Бөлімде Шыңғысханға қатысты ғалымдарымыз Әлімғазы Дәулетхан мен Әуезхан Шашаев та ғылыми-зерттеулер жүргізіп отырғандығын ерекше айтып өткеніміз жөн. Жақында Татарстанның астанасы Қазан қаласында Татарстан Ғылым ордасындағы Ш. Марджани атындағы тарих институтында менің «ХІІІ-ХV ғасырдың басындағы Шығыс Дешті Қыпшақ» атты кітабым жарық жарық көрді. Бұл кітапта Шыңғысхан дәуірі баяндалып өтеді. Кітап моңғолтанушы және жошытанушы дәстүрлі орталықтарының бірінде Ильнур Миргалиевтің редакциялауымен және ресейлік ғалым Вадим Трепавловтың пікірімен басылып шықты. Бұл еңбегім игі іске жарар деп ойлаймын. 
Осының бәрі қазақстандық тарихшылар, Тарих институтының ғалымдары тарих ғылымының әдістерін меңгере отырып, тек тың құжаттардың негізінде зерттеулер жүргізіп, біздің  танымымызды кеңейтіп отырғандығын білдіреді.

–Бүгіндері тарих тақырыбын негізінен қаламгерлер немесе әуесқой тарихшылар қозғауда. Сондықтан әркім өз руы мен атасын әспеттеп, әсіре мақтау жағдайлары жиі ұшырасады. Ешкімге бұра тартпайтын тура тарих туғызуға не кедергі болып жүр деп ойлайсыз?
Ханкелді Әбжанов,
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Ешқандай кедергі жоқ. Тек тарихты жазатын, зерттейтін адамның жүрегі, ниеті таза болса, жетіп жатыр. Бұл – бір. Екіншіден, тарихты тарихшылар ғана жазсын деген ереже де жоқ. Біздің Конституциямыз әркімге шығармашылық еркіндік берген. Ал өз руы мен атасын әспеттей, әсіре мақтай жазатындар, меніңше, рулық-тайпалық қатынастар үстемдік құрған уақыт тұтқынында қалып қойғандар немесе қазақтың тұтастығына зиян келтіретінін түсінбейтін «шала шекспирлер, толмаған толстойлар». Өзі деңгейлес руластарының, аталастарының арасында «танымал» шығар, бірақ ауылынан 40 қадам шығар-шықпастан мүсәпір күйге түсетіні ақиқат.

Қуат Қайранбаев.