Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Оразов Р.Е Қарқара жәрмеңкесі


Оразов Р.Е.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих  және этнология институты

Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері

 

Түркістан газеті. 12 қыркүйек. №36. 2013 ж. 9 бет. Жарық көрді.

Қазақстанда сауда қатынасының әсіресе, жәрмеңке саудасының дамуы революцияға дейінгі қазақ ауылының әлеуметтік-экономикалық тарихында маңызды орын алатын мәселелердің бірі. Бұл мәселені қазіргі таңда зерттеудің тарихи маңызы болып отыр, өйткені еліміз егемендігін алғанына аса көп уақыт болмаған еліміздің экономикасы нарықтық қатынас жүйесі бойынша дамып келе жатқан кезеңде халқымыздың өткен тарихынан сауданың даму жолын біліп, тәжірбиесін пайдалана білгеннің артықтығы жоқ екендігі даусыз.

Жәрмеңкелер қазақ даласына сауда капиталының енуіне қолайлы жағдай жасады және ол жәрмеңкеге қатысты уездердің ғана емес, округтардың да шаруашылық өміріне белгілі әсер етті. Жәрмеңкелерде дала қазақтарына айырбасқа Ресейге қарасты Тобыл, Том, Қазан қалаларынан, Орта Азиялық Бұқар, Ташкент қалаларынан халықтық тұтыну тауарлары әкелініп, сауда кең дамыды. Ресей мен Орта Азия хандықтарындағы сауда қатынастарының бір қалыпқа түспеуі қазақ жерінің транзиттік сауда көпірі ретінде рөлін арттырды.

Қытай мен Монғолия саудагерлері де орыс-қазақ сауда байланысында елеулі рөл атқарды. Көшпелі халық өзінің бар байлығы – төрт түлік малы мен одан алынған өнімдерін айырбас саудаға түсіріп, өзінің күнделікті тұрмыс қажеттілігін аша білді. Бірте-бірте Ресей, Батыс Қытай, Монғолия мемлекеттерімен айырбас сауда байланыстары жанданып, бұл ХIХ ғасырдың 30 – жылдарында қазақ даласында алғаш заңды негіздері қалыптаспаған бейресми дала жәрмеңкелерінің қалыптасуына әкелді. Сауда байланыстарының сан-салалы күрделі тамыры сонау ғасырлар қойнауында қалған Ұлы Жібек жолында да жатыр. Ұлы Жібек жолы күйрегенмен, оның маңыздылығы мен тәжірибесі қазақ даласы үшін өз мағынасын ғасырлар бойы жоймай, өз жалғасын тапты.

ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарының ортасында қазақ халқының Ресей құрамына қосылу процесі аяқталады. Бұл процестің аяқталуы қазақ даласында патша үкіметінің тек саяси билігін ғана үстем етіп қана қойған жоқ, сондай-ақ, қазақ көшпелі қоғамының шаруашылығын капиталистік жолмен дамып бара жатқан Ресей экономикасымен тығыз байланыстыра түсті. Осылайша, қолөнердің, сауданың жалпы алғанда ауыл шаруашылығының дамуына өте үлкен жағдайлар жасалынды.

Белгілі зерттеуші С.Н. Велецкий өз еңбегінде «құлжалық қырғыздар өздерінің жетісулық руластарымен үнемі байланыста болды және қазіргі уақытта Қарқара жәрмеңкесін мал және мал өнімдерімен ірі қамтамасыз етушілер»-деп көрсетті.

Сауданың дамуы халықтардың өзара араласуына әкелді. Қазақ жерінен пайда тапқан орыстар бірте-бірте қазақ жеріне қоныс аударып, тұрақтана бастады. Осы кезеңде жылдам бой алған орыс бекіністері сауда жандануының негізгі орынына айналды. Құлжамен сауда ісін дамыту үшін орыс көпестері оңтүстік жәрмеңкелердің көбеюіне күш салды. Сауда алғаш орыс қалалары мен бекініс пункттерінде және казак-орыс станицаларында ғана жүргізілсе, кейін  орыс көпестері шағын керуенмен жақын жерлердегі қазақ ауылдарына шықты және тауарларын малға, мал өнімдеріне айырбастап отырды. Айырбас сауда баламасы – ісек қой болды. Оның бағасы 1 сом күміспен бағаланды. Қазақ байларының малы мен мал шаруашылығы өнімдерінің көпшілігін рынокқа шығаруы, айырбас саудаға мықты ден қоюы және орыс көпестерінен ақшаға тауар алып, оны өз ауылдастарына арзан малға айырбастауы жергілікті жердегі маусымдық сауда айналымына қомақты үлес қосты. Кейінірек саудаға орта дәулетті шаруашылықтар да араласа бастады. Бекініс шептері салынған аумақтағы қалалар ірі сауда орталықтарына айналды.

Қазақ жерінен орыс көпестері елтірі мен кілем, тері-терсек, жүн, май және басқа да мал өнімдерін айырбастап, әрі сатып алды. Жергілікті тоқымашылар тоқыған қазақ шекпені орыс көпестерінен үлкен сұраныс тудырды. Ешкінің салалы түбіттері де өтімді тауарға айналып, одан атақты «Орынбор шәлісі» тоқылды. Қазақтардың сұранысында Ресейлік балта, пышақ, қазан, темір ошақ, ағаштан жасалған ыдыс-аяқ, шай мен қант, кенеп, былғары, мақта-мата және металл бұйымдары, ине-жіп, айна, әшекейлік бұйымдар тәрізді заттар болды. Қазақстанға әкелінетін тауар мен шығарылатын тауар көлемі алғашқы кезеңде шамалас болғанымен қазақ тауарларының аздаған артықшылығы болған.

Капиталистік қатынастар Қазақстан жерінде тереңдей түсті. Қазақстанның экономикалық жағдайы Ресеймен тығыз байланыста еді. Өнеркәсіптің дамуы, қалалардың экономикалық өмір орталықтарына айналуы, акционерлік қоғамдардың пайда болуы және ауылшаруашылық жүйесіндегі басқа да өзгерістер банктік мекемелердің желілік кеңеюін тездетті.

Қала мен селоның арасындағы экономикалық байланыс сауда арқылы әсіресе, жәрмеңке саудасы арқылы орнады. Қазақ даласындағы жәрмеңке саудасының рөлі туралы Дала генерал-губернаторы 1883 жылғы патшаға берген есебінде былай деп жазады: «Жалпы алғанда географиялық орналасуы жағынан біздің Орта Азиямен сауда жолымызда жатқан, мемлекеттің құрамына кіретін Дала генерал-губернаторлығы өте кең өлкені алып жатыр, Даланың көшпенді тұрғындары сауда керуендерін жүк тасымалдайтын көліктерімен қамтамасыз етіп сауданың өрістеуіне жағдай жасайды, өздерінің қойларын, жылқыларын, ірі қараларын сату арқылы мемлекеттің азық-түлік қорын молайтуда. Ал мал шаруашылығының өнімдеріне Европалық Ресейдің шығыс губернияларынан, Сібірдің жақын маңдағы аймақтарынан зауыт өнеркәсібінің тауарларын айырбастап алады. Бір жарым миллиондай көшпелі тұрғындар Ресейдің ауыл шаруашылығы, қолөнер және мануфактуралық өнеркәсіптік өнімдерін өткізетін орасан зор тұтыну рыногы болып табылады» [ҚР ОММ. 64-қ.,1-т., 125-іс. 4-п.]. Жәрмеңке саудасы таза мал шаруашылығы дамыған қазақ даласы үшін басты маңызы бар сауданың түрі болды. Өйткені көшпелі қазақ ауылының тұрғындары үшін өте ыңғайлы болды. Олар мал мен мал шаруашылығының өнімдерін өздеріне аса қажетті галантериялық, мануфактуралық, темір және басқа бұйымдарға айырбастап ала алды. Алысқа бармай, жақын маңда ашылған жәрмеңкелерден бар қажетті бұйымдарын табуға тырысты.

Қазақстанда сауда қатынасы үш түрлі жолмен жүргізілді: 1) тұрақты сауда – қалалар мен үлкен елді мекендер мен селолардағы дүкен, дүнгіршек, сауда үйлерінде жүргізілді; 2) қазақ ауылдарын аралап жүріп жасайтын айырбас сауда. Сауданың бұл түрімен көбінесе өсімқорлар айналысты; 3) маусымдық сауда – жәрмеңкелерде жүретін сауданың түрі. Қазақтар үшін де, сырттан келген саудагерлер үшін де жәрмеңкелердің маңызы ерекше болды. Өйткені, қазақ даласында өңдеу өнеркәсібінің нашар дамуына байланысты қазақтар өздеріне қажетті фабрика, зауыт өнеркәсібінің өнімдерін айырбас сауда арқылы таба алса, бұлармен сауда қатынасына түскен орыс, татарлар көшпелілерге өз заттарын өткізу арқылы кәсіпорындарына қажетті шикізаттарын тауып отырды. Жәрмеңкелер саудаға түсетін заттардың сипатына қарай көктемде, жазда, қыста, күзде өткізіліп тұрды. Тауар айналымының қуаттылығы жағынан жазғы жәрмеңкелер бірінші орында тұрды.

Ал, бейресми мәліметтерге қарағанда,  Қарқара жәрмеңкесі ресми ашылғанға дейін Жетісу өңіріндегі шұрайлы атырап – Қарқара малды, қалың ел дауылдаған жайлау болғандықтан қазақ ортасында пайда іздеген саудагерлердің жыл сайын базар  ұйымдастыратын жері еді. Уақыт өткен сайын бұл базарға алыс қалалардан келген көпестер тауарламен байытып, оның атын әр тарапқа таныта бастайды. Осыны ескере келе Жаркент уезінің басшылары Қарқара өзеніндегі сауда-саттықты заңдастыру мақсатымен жоғарғы орындардан рұқсат сұрайды. Оны мына  хаттан байқаймыз: «Дала генерал-губернаторы мырзаға! 15-ші мамырдан 15-ші тамызға дейін Жаркент уезіне қарасты Қарқара өзенінде жыл сайын жабағы жүн, мал және басқа да тоқыма өнімдерін сатуға және алуға Верный, Ферғана, Жаркент және басқа да жерлерден қазақтар жиналып 200-ге дейін үй тігіліп, үлкен және ұзаққа созылған сауда қыза түседі. Саудагерлер осы жерден екі айға созылатын жәрмеңке ұйымдастыруды сұрайды. Жәрмеңкеге бақылау жасау Қарқара өзенінен 50-60 шақырым ғана жерге орналасқан Нарынқол учаскесінің бастығына өте ыңғайлы. Жоғарыдағыларды жеткізе отырып және 1876 жылғы Заңның 558-ші бабына сай, Сіздің жоғары мәртебеңізді жәрмеңке ашуға мейірім етеді деп сенемін. Сіздің жоғары мәртебелі Бас штабыңыздың жазбаша хабарлама хатын күтемін» [ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 45320-іс. 20-п.]. Жаркентіктердің өтінішін орындаған Дала генерал-губернаторына Омбы қазыналық палатасы 1893 жылы 3-ші наурызында төмендегідей мазмұнда жауап берген: «№2228-ші,11-ші ақпанда Қаржы министрі қол қойған жоғары жарлықпен жеткен, Жетісу облысындағы Қарқара өзенінде екі айлық жәрмеңке ашу және онда сауда жасаушыларды баж салығынан босату туралы айтылған, біздер 1-ші наурыз күні алған хаттың көшірмесін жіберіп отырмын. Қазыналық палата кеңседен жәрмеңкені дәл қай жерде (қала, уезд, болыс, ауыл) ашуға рұқсат берілгені және де кімнің қашан және кімнің алдында өтініш жасауы нәтижесінде ашылғалы отырғанынан мәлімет алғысы келетінін хабарлаймын» [ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 45320-іс. 25-п.]. Ал, өз кезегінде Омбы қазыналық палатасы Қаржы министрі А. Ермаков қол қойған және директоры В. Ковалевский бекіткен кіші іс басқарушысы Е. Рахвалов жолдаған хат алады. Онда былай деп жазылады: «Министрлер комитетінің ұсынысына орай, осы жылғы қаңтардың 29-ында Император тақсыр Жетісу облысындағы Қарқара өзенінде екі айлық жәрмеңке ашу және онда сауда жасаушыларды баж салығын төлеуден басату туралы әмір етті» [ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 45320-іс. 30-п.]. Жәрмеңке ресми түрде 1893 жылы 29 науырызда ашылып, жұмыс жасау мезгілі 15 мамыр мен 15 маусым аралығы болды. Кейінен 15 маусым – 15 тамыз аралығына ауысады. Қарқара жәрмеңкесінің алып жатқан аумағы 2.567.46 десятина жерді құрады.

Жетісу облысы әскери губернаторының 1893 жылғы 3-ші тамыздағы Дала генерал-губернаторына жолдаған мәліметінде жәрмеңкеде 171 адамның аты-жөні жазылған тізімі мен 87903 сомның тауары сатылғандығын, яғни 17081 сомға 1368 жылқы, 23224 сомға 2329 ірі қара, 69380 сомға 44487 қой, 30346 сомға 13825 пұт жабағы жүн сатылғандығын айтқан. 1897 жылғы мәліметтер бойынша Жетісу облысында ірі төрт жәрмеңке болды. Олар: Нарын-Сергиопол, Атбашы, Алмалы және Қарқара жәрмеңкелері еді. Лепсі уезіндегі Нарын-Сергиопол жәрмеңкесі ресми түрде 1885 жылдың 1 мамырында ашылып, 1 мамыр мен 15 маусым аралығында жұмыс жасады. Орналасқан жері Сергиопол станциасынан 8 шақырымдай жердегі Нарын өзенінің бойы болып, жәрмеңкенің жылдық айналымы шамамен 78 мың сом құрады. Ал, Пржевал уезіндегі Атбашы жәрмеңкесінің ресми жұмыс жасауы 1890 жылдың 12 қазанынан басталды. Жәрмеңкенің жұмыс жасау мезгілі 6-25 шілде аралығында, ал жылдық айналымы 5,2 мың сомдай еді. Қапал уезіндегі Алмалы жәрмеңкесі осы шамада жұмыс жасады. Жетісудағы ірі жәрмеңке – Жаркент уезінің Қарқара өзенінің бойына орналасқан Қарқара жәрмеңкесі болатын. 1897 жылы Қарқара жәрмеңкесінің жылдық айналымы 66253 сомды құрады [ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 48319-іс. 2-п.].

1897 жылы Тобыл губерниясы, Қорған уезінің шаруасы Тимофей Козлов Қарқара жәрмеңкесінде спирттік ішімдіктер сатуға рұқсат сұрап, Жетісу әскери генерал-губернаторына хат жазады. Хатта: «акциздік басқармадан спирттік ішімдіктер сатуға арнайы патент алғандығын алға тарта отырып, Жаркент уезінің бастығынан Қарқара жәрмеңкесінен сауда орындарын ашуға рұқсат сұрадым. Бірақ та уез бастығы жәрмеңкеге сауда жасауыма рұқсат бермей отыр. Сондықтан да менің аталған жәрмеңкеде сауда жасауыма мүмкіндік беруіңізді өтінемін» делінген. Т. Казловтың хатына 1897 жылдың 24 ақпанында Жаркент уезі бастығы былайша жауап жолдаған: «Үстіміздегі жылы 5 қаңтарда Тобыл губерниясы Қорған уезінің шаруасы Т. Козловскийдің биылғы жылы Қарқара жәрмеңкесінде ішімдікпен сауда жасауға рұқсат сұрағандығы туралы №496-шы іске байланысты облыстық басқармаға төмендегідей мәліметтерді жеткізуді орынды деймін.

1. Жоғарғы жарлықпен тәжірбие ретінде және онда сауда жасаушыларды баж салығын төлеуден босатуды көздеп жасалғандықтан Қарқарадағы жәрмеңкені әлі де толық заңдастырылмаған деп есептеу керек, сондықтан да бұл жәрмеңкеде, басқалардағы сияқты, фискілік (мемлекет қазынасы) және өзге де қызығушылықпен түрлі орын ашуға мемлекет тарапынан рұқсат беруге болмайтыны жайлы жеткізгім келеді.

2. Бұл жәрмеңкені ашу жөнінде жоғары жарлықтың негізгі мақсаты сауда нүктелерінен жырақта жатқан көшпенді халыққа күнкөрісіне қажетті керек-жарақтарын сатып алуға және өз шаруашылығының бұйымдарын өткізуіне жағдай жасау болғандықтан Албан болысының жеріне жиналатын көшпенділердің арасына спиртті ішімдіктерді әкелудің негізі жоқ, жақсы қырынан көріне алмайтын іс болып көрінеді, қала берді басқа жерлерден де осындай орындар ашқысы келетіндердің қатарын көбейтіп, қазақтардың өзге болыстықтарға бөлшектенуін тудырады.

3. Аталмыш жәрмеңкеге мануфактуралық және өзге де бұйымдарды көшпенділердің бұйымдарына айырбастауға келетіндер спиртті ішімдік ішпейтін бұратана саудагерлер ғана, оларда араққа деген сұраныс мүлде жоқ, сондықтан да бұл жәрмеңкеде ішімдік үйлерін ашуға рұқсат беруге еш негіз жоқ.

4. Жәрмеңке өзге халық өкілдерінен көшпенді түземдіктердің экономикалық молшылығы мен өнегелілігі туралы ойлап отырған мемлекеттік саясатқа сай емес, қажеттігі шамалы цирк және ішімдік орындарын ашуды көздеген бірлі-жарым жеке адамдар ғана келеді. Облыстық басқармаға жоғарыдағы жағдайларды баяндай келіп, Козловскийдің өтінішін қанағаттандырмау керек деп білемін.

Сонымен бірге мен Қарқара жәрмеңкесі кезінде қазақтардың қазыналық қарыздарын өндіріп алу және несиесіз ақшаны төлеуге мүмкіншілігі бар кезде Албандар болысының 1897 жылғы салығын және өзге де борыштарын жинамақ, қазынаға өткізбек ойда екенімді айта келіп, Қарқарадағы барлық көңіл көтеретін орындарды қисынсыз деп біліп қана қоймай, зиянды деп тану қажет деп білемін» деген [ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 21843-іс. 1-4 пп.].

1897 жылы Қарқара жәрмеңкесінде 66 253 сомның әртүрлі тауарлары сатылды. Олар малмен әртүрлі заттарды айырбас түрінде жүрді. Ташкент пен Верныйға 64 546 қой, 4444 жылқы, 4191 ірі қара, 1718 ешкі сатылған. Ал, Семейге 141 түйе терісі, 20819 елтірі, 490 ешкі, 1621 қой, 314 тері, 522 жылқы, 18545 пуд жүн, 145 пуд жылқы қылы, 395 пуд ешкі жүні және т.б. сатылды.  Жәрмеңкеде жүн – 1 сом 60 тиын, ешкі жүні  4 сом 80 тиын, қыл – 5 сом 23 тиын болса; жылқы терісі 2 сом, тері – 20 тиын, елтірі – 4 сом, түйе терісі  3 сом болды; жылқы 12 сом 20 тиын, ірі қара 12 сомға дейін, қой 1 сом 50 тиынна 3 сомға дейін болды. Жыл сайынғы жәрмеңкенің айналымы 500 мың сомды құрады [Обзор Семиреченской области за 1897 год. Верный, 1898. с.21.]. Ал, 1908 жылы Қарқара жәрмеңкесінің жылдық айналымы  1 миллион сомға жетті [Обзор Семиреченской области за 1908 год. Верный, 1910. с. 62.].

Қарқара жәрмеңкесінің 1897 және 1902 жылдардағы сауда айналымына қарасақ, былайша жүрген: [Обзор Семиреченской области за 1897 год. Верный, 1898. с.21.]

 

Сатылған малдар

1897

1902

Қой

Ірі қара

Жылқы

64546 бас

4191 бас

4444 бас

67181 бас

5466 бас

3006 бас

Кестеден байқағанымыздай мал саудасының өтімді уақтысы күз бен көктем кездері болған.

ХІХ ғасырдың соңына қарай Жетісу облысы арқылы Қытай мемлекетімен сауда қатынасы қарқынды өсу жолында тұрған. Бұл елмен сауда Жаркент, Бақты, Ыстықкөл (Пржевальскі), Нарын кеден және Харгос кеден пункттері арқылы жүрген. Қытай тарапынан астық, күріш, көкөніс, жеміс-жидек, құс және құс өнімдері, балық, қант, арақ, шарап, сыра, дәрілік шөптер, иленген тері, шойын, темір, болат, сондай-ақ солардан жасалған бұйымдар әкелінген.

1901 жылғы Жетісу облысына шолуда облыстағы сауда айналымын былай көрсеткен:

Верный уезінде 4.555.091 сом

Қапал уезінде 1.031.820 сом

Лепсі уезінде 826.935 сом

Пішпек уезінде 1.906.900 сом

Пржевальскі уезінде 114.500 сом

Жаркент уезінде 2.025.500 сом болғандығын жазады.

Жәрмеңкелерде мал, тері, жүн және т.б. өнімдер сатылатын. Сонымен қатар мал және тері өнімдерін қазақ саудагерлері шамалы мөлшерде айырбастайтын. Әсіресе, орыс, еврей саудагерлері қолөнер, темір-терсек заттарды, шай-қант сияқты арзан қол бұйымдарын ішкі қазақ ауылдарын аралап жүріп, малға айырбастап, оны қайтадан жәрмеңкелерге алып келіп, үстемелеп сатып, бірнеше есе пайда табатын. Жетісу арқылы батыс Қытаймен де сауда жүргізілді. 1913 жылғы мәліметтерге қарағанда, Шыңжаң өлкесінен 8 миллион сомның тауары шығарылып, 12 миллион сомның тауары әкелінген [Обзор Семиреченской области за 1913 год. Верный, 1915. с.72.].  1914 жылы Қарқара жәрмеңкесінің айналымы бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына орай 762 мың сомға дейін төмендеді, жәрмеңкедегі дүңгіршектер саны 229 болды.

Мұрағат қорларында Қарқара жәрмеңкесінің жерінен 1915 жылы салынатын қазыналық құрылыстар туралы мынадай мәліметтр сақталған:

Реттік №

Құрылыс атаулары

ескертулер

 

 

 

2

 

 

 

3

 

 

 

 

4

 

 

5.

 

 

 

6

 

 

 

7

 

 

 

8

 

 

9

 

 

 

10

 

 

11

 

 

 №1 Үй

Жаркент уезі 4-ші участкісінің мировой судьясы пайдаланады. Ол 2 бөлмеден тұрады. Канцелярия, асүй және сарай

 

 №2 Үй

Участкі бастығы пайдаланады. Ол 3 бөлмеден тұрады. Кеңсе, ас үй, монша.

 

№3 Үй

Жаркент уезі 2-ші участкісінің мировой судьясы пайдаланады. Ол 3 бөлмеден тұрады. Ас үй бөлмесі, сақтау қоймасы және куәгерлерге арналған бөлме

 

№4 Үй

Малдәрігері пайдаланады. Ол 2 бөлмеден тұрады. Ас үй және навес.

 

 №5 Үй

Почта бөлімі пайдаланады. Ол 3 бөлмеден тұрады. Ас үй және қойма.

 

 №6 Үй

Учаскелік дәрігер пайдаланады. Ол  3 бөлмеден тұрады. 2-і ас үй және сарай.

 

№7  Үй

Жыл бойы және жаз мезгілінде полиция күзетшілері пайдаланады. Ол екі бөлмелі және сарай.

 

№8 Үй

Өрт сөндіру үйі

 

№9 Үй

Таразыны жалға алушылар мен күзетшілерге арнап салынатын үй.

 

№10 Үй

Мал соятын қасапхана

 

№11 Үй

Жылқы соятын қасапхана

 

 

 

Салынатын құрылыстардың барлығы ағаштан тұрғызылады.

Сонымен қатар Жетісу облысындағы Қарқар жәрмеңкесінің ережесіне назар аударсақ, Біріншіден, жәрмеңке Жер мәселесі жөніндегі министрлік құзырына қараған; Екіншіден, Жәрмеңке өтетін мерзім 1-ші маусымнан сауданың өтуіне қарай 1-ші қыркүйектен аспауы қажет болды; Үшіншіден, Жәрмеңкеге жалпы басшылық жасап, шаруашылық басқармасын  қадағалаған Жетісу облысы мемлекеттік мүлік басқармасының міндетін атқарушыға жүктелді, ал жәрмеңкенің шаруашылық істерін мемлекеттік мүлік басқармасы мен жәрмеңке комитеті атқарды.; Төртіншіден, Жәрмеңке комитеті мынадай адамдардан тұрды: 1) Облыстағы ауыл-шаруашылығымен айналым бөлімінің шенеунігі, 2) Жаркент учаскесінің салық инспекторы, 3) Әскери губернатор тағайындаған малдәрігерлік дәрігері, 4) Жаркент орман шаруашылығының орманшысы, 5) Мемлекеттік мүлік басқармасының аудандық қызметкері, 6) Нарынқол-Шарын учаскесінің бастығы немесе облыстағы әскери губернатор тағайындаған әкімшілік-полицейлік басқарманың адамы, 7) Үш өкілетті саудагерлер.

Комитет бастығы жыл сайын облыстың әскери губернаторына тәртіп бойынша жәрмеңке жөнінде есеп беріп отырған. Бесіншіден, Комитет мүшелерін сайлауын  өткізу жылда  шілде айындағы жиында өткізіліп, құқығы бар саудагерлер жабық дауыспен дауыстарын берген. Комитеттің жалпы жиналысын Мемлекеттік мүлік басқармасының міндетін атқарушы белгілеп, оны Облыс әскери губернаторының келісімімен өткізген. Алтыншыдан,  Сайлауға дауыс беруге тек орыс билігіне бағынатындар ғана қатысты: 1) Тұрақты жәрмеңкеде сауда жасаушылар, 2) Жәрмеңкеде тәуелсіз сауда жасаушылар немесе келісіммен сауда жасаушылар 3) Мал өндірушілердің жәрмеңкеде тұрақты сауда жасаушылары құқылы болды. Жетіншіден, сайлауға дауыс беру құқылары жоқтар төмендегідей тұлғалар болды: 1) Орыс билігінде азаматтық алмағандар, 2) Ұсақ саудагерлер, 3) Жәрмеңкеге салық төлемеушілер. Сегізіншіден, комитет мүшелерін үш жылға  сайлады. Осылайша, жәрмеңкенің ережелері  6 тараудан 31 баптан тұрды. Соның ішінде 6 тарауы Жәрмеңкенің салығы мен шығындарына арналды. Егер бірінші разрядтағы саудагер бір шаршы метрге 2 сом 50 тиын төлесе, екінші разрядтағы саудагерлер бір шаршы метрге 1 сом  50 тиын төледі, үшінші разрядтағы саудагерлер бір шаршы метрге 1 сом төледі, төртінші разрядтағы саудагерлер бір шаршы метрге 50 тиын төледі. Қолөнершілер шаршы метрге 50 тиын, банкі кеңсесі, дәріхана, транспорт және делдалдар шаршы метрге 2 сом, жәрмеңкеде өнер көрсетушілер (цирк, театр және т.б.) шаршы метрге 25 тиыннан төлеген [ҚР ОММ.  44-қ., 1-т., 25647-іс. 6-20 пп.].

Жәрмеңке құрылғаннан бастап, шекаралық аймақта болғандықтан 1915 жылға дейін Ресей империясы Ішкі істер министрлігінің бақылауында болып, одан кейін жер мәселелері жөніндегі министрлік құзырына өтеді. Алғашында мамырдың 15-нен шілденің 15 дейін өтізілетін болып белгіленгенімен, кейінірек ол маусымның 15-нен тамыздың 15-не дейін өзгертілді. Қарқара жәрмеңкесіне келетін саудагерлердің саны мен бірге мұндағы сауда айналымының көлемі де ұлғая түскен. Мысалы, 1908-1915 жж. жәрмеңке өзінің шарықтау шегіне жетіп, осы жылдары саудадан түскен айналым 1 млн. сомды құрады.

1916 жылғы Қарқара жәрмеңкесі мен ондағы көтерілісті әдебиетте көркем суреттеген жазушы М. Әуезов былайша көрсетеді: «1916 жылдың жазы еді. Жаз жауынды, мол сулы, қалың шалғынды, қызықты, қалың Албанның ертегідей бай сұлу жайлаулары: Үш мерке, Дөңгелек саз, Ұшқарқара, Сырт, лабас – жайлау күндерінің жасыл торғын шымылдығы, көк жібек бесігі сияқты. Тіршілік, молдық, бақыт, байлық қызуымен буы аспанға шығып жатқан өмір жәрмеңкесін көрсеткендей. Жаз күндерінің жарастығы мен қызығы қыр баласын мас қылғандай жалынды, желікті. Шалқыған, көрнекті, мол дүниенің тірі пішінді белгісі сияқтанып Қарқара жәрмеңкесі қайнап жатқан.

Жәрмеңке ашылғалы айдан артық болса да, қызуы мен желігі әлі басылып солғындаған жоқ. Қайта күннен-күнге етек алып, өршіп, дәуірлеп келе жатқан. Жәрмеңке – тоғыз жолдың түйіскен жері. Бір шеті үлгілі орыс қалалары болса, екінші жағы: Құлжа, Қашқар, Хиуа, Бұхар, Самарқан, Ташкент. Бәр-бәрінен неше алуан қазына шүмектеп құйғандай бо-лып, Қарқара жазығына ақтарылып жатыр. Жауын артынан Алатаудан аққан селдей болып, сауда пұлы іркілмей төгіліп жатқан. Талай сан қостармен келген мың-мыңдаған қойлар Қарқара жазығын быжынаған ақ құрттай басқанына бірталай замандар болған.

Қалың рудың мол жиылған ортасы – Қарқара. Байлықтың ұлы өрісіне жеткен кең қолтық, мол қолды, аңқау ел: Албан, Бұғы. Жәрмеңке жыл он екі айда бір-ақ болады. Болғанда, молынан болады. Үш-төрт ай бұл жәрмеңке бойы аспан атып, дәурен сүреді. Сол кезде жылдық керегін Албан баласы осы жәрмеңкеден күреп алады…

Баяғы заманнан бері Албан жайлауын обырдай обып, тәтті, дәмдісін сіміріп жүтып, жонданып тұрған жәрмеңке бүгін ең ақырғы сағатына, өлім күніне жетті. Көп заманнан бері үлкен көнтерілі кеңдікпен шыдап келген ел, енді бұлқынып кеп, қатты тулады. Астын-үстіне көтеріп тастағандай, дүниесін ойран қылғандай болып
тулады.

Сонымен өмір бойы дұшпан ниетімен келген ескі жәрмеңке үл-
кен өрттің құшағына кіріп, қара түтіннің астында түншығып, бықсып, жоғалып бара жатқан шақта қалың Албанның елі де үдере көшті. Салқар-салқар болып,  айтқан қаздай тізіліп, ауа көшіп тартып берді» [Әуезов М. Қилы заман. Алматы, 1979. 3-5 бб.].

1916 жылғы көтерілісте Қарқара жәрмеңкесің жұмысы тоқтап қалды. Көтерілген қазақтар мен патша әскерлерінің арасында болған қақтығыс салдарынан мұндағы қазына үйлері мен сауда үйшіктері түгелдей өртеніп кетті. Мұрағат деректері бойынша 1916 жылғы көтеріліс кезінде Қарқара жәрмеңкесінде 504 дүнгершек (лавка) тауарымен және қазыналық құрлыстар жанып кетті. Шығын сомасы жарты миллион сомды құрады (ҚРОММ. 44-қ., 1-т., 20070-іс. 142-143 пп.).

Оның үстіне күші басым отаршылардың тегеурінініне төтеп бере алмаған көтерілісшілер Қытай асып кеткендіктен жәрмеңке орны көпке дейін қаңырап бос тұрды. 1923 жылы Жетісу губерниялық мемлекеттік жоспарлау комитеті Қарқара жәрмеңкесін қалпына келтіру туралы мәселе көтереді. Тек 1924 жылдың 15 сәуірінде Түркістан Республикасының экономикалық кеңесі Қарқара жәрмеңкесін қайта құру туралы қаулы шығарды. Қайта ашылған жәрмеңкені Таңжарық Жолдыұлы былайша жырға қосқан:

Қарқарада жәрмеңке-жаздай базар,
Қайда барсаң базарға ауған назар.
Аттан түспей сауда алып Албан атаң,
Қызайыма қызық көп айта барар.
«Әділ баға, бір-ақ сөз, түспей-ақ қой,
Даяр болсын қоржының затты салар».

Жәрмеңкеден қайтқан ел, кешкі жазық,
Шымды тұяқ жол жасап кеткен қазып.
Сабаласып, жарысып ахау-игай,
Әттең-ай, мен соларды кетсем жазып.
Немесе асау тұлпар ала қашып,

Қайтер еді Күнеске кетсем қалып?
Жылтыратып сыртымды жетіп барсам,
Ақтарғанда түк шықпай іштен жарып.
Арман менің жармасып шаужайыма,
Көктің басын тартамын күшке салып.
Үзеңгілер сыңғырлап қағысқанда,
Балдан тәтті әңгіме, естіп қанып, – деп жырлады [Жолдыұлы Т. Шығармалары. І том. Астана, 2011. 33-34 бб.].

Жиырмасыншы жылдардағы Қарқара жәрмеңкесі туралы көрнекті мемлекет қайраткері Д. Қонаев өз естеліктерінде: «Маған Қарқара жайлауы бала кезімнен таныс. 1924-1925 жылдары 13-14 жастағы баламын. Әкеме Қарқара жәр­мең­кесіне келіп көмектесетінмін. Әкем үш қа­зақ үйді қоржын үй қылып тігетін де, ор­таңғы үйден сауда жасайтын, мен әкеме та­уарды тасып беретінмін», – деп жастық кезін есіне түсірді. Димекең: «Бұл – қасиетті Қарқа­ра жазығы, анау дүрбімен көріп тұрған жер – жаңа мен айтқан Қарқара жайлауы, бұ­рын атақты Қарқара жәрмеңкесі болған жер. Бұл – қазақтың ұлы жазушысы Мұх­тар Әуезов, Ілияс Жансүгіров тағы да басқа мәдениет, қоғам қайраткерлері ке­ліп, өлең-жырларын төккен киелі жер. Пат­ша үкіметінің «июнь жарлығына» қар­сы көтерілісі болған жер. Сол оқиғаға бай­­ланысты ескерткіші – анау үлкен төбе, оны халық «Ереуіл төбе» деп атап кеткен. Осы оқиғалар туралы Мұхтар Әуезовтің «Қи­лы заман» романында жан-жақты жа­зылған», – деп айтады [Қауғабай О. Таңғажайып Қонаев. Алматы: Қазығұрт, 2008. 181 б.].

Дегенмен бірер жылдар бойы жәрмеңке онша жандана алмады. Себебі 1916 жылғы көтеріліс, Қазан төңкерісі халық шаруашылығын әбден есеңгіретіп кеткен еді. Жәрмеңкенің бұдан әрі жандануы 1926-1928 жылдарға сәйкес келеді.

1926 жылы шілде айының ортасында Қарқара жәрмеңкесінде мемлекет қайраткерлері О. Жандосов, Ы. Көшкінов, Ә. Жүнісов, т.б. ұйымдастыруымен Қарқара (Албан) көтерілісінің 10 жылдығы аталып өтіп, бұрын Көктөбе, Айттөбе делініп келген төбені Ереуілтөбе деп атау туралы ұсыныс қабылданды. Жиналған қалың жұртшылық төбе басына тас үйіп, белгі қояды. Сонымен қатар Қызылорда қаласынан Қазақстанның әдебиет және өнер қайраткерлері  жалпы саны отызға жуық адам келеді. Белгілі өнер қайраткерлері Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Қалыбек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Зәуре Атабаева, Мәжит Дәулетбаев және т.б. өнер көрсетіп ән мен жыр төгілтеді.

Бұл жөнінде Иса Байзақов: «Қарқараға келгенімізге үшінші күн. Жәрмеңке бастығының жәрдемімен ойын үйімізді тақтайдан шегелеп қалтитып, жарнамамызды таратып, ертең бастаймыз деп, бір дем алдық. Күн еңкейіп, намаздыгерге мінбелеп барады. Үйден шықсаң, оңтүстікте Қарқараның асқар алатауы көрінеді. Алатаудың белуарына дейін көк шашағын желбіретіп, Қаратау асылып тұрған тәрізді. Шынтақтаған қараторы ару меңзес Қаратау, үлбіреген ақ бұлт торғынын жамылып тұрған іспетті. Түйе мойнақ иір таулар, батар күннің сәулесіне саңдақтана шомылып, аяқтарын алысқа созып, шіренеді. Жағалай біткен кенере таудың кең алқап, мидай жазық қойнауын Қарқараның қатты ағынды өзені жарып ағып, сылдыр қағады. Кешкі желмен үн қосқан дыбыс,таудың ескі ертегісін бейне бір еске салғандай болады. Ағаш, шымы аралас, қиқы-жиқы қаланың қақ ортасында, жәрмеңке мекемесінің жанындағы биік ағаш басында, қызыл ту желбірейді. Қала маңы қараша үйлі жатақтар. Жәрмеңке тараған… Қызылордадан барған артистердің даңқы жұртқа жайылды. Сауыққа халық жақсы жиылды. Көбінесе елдің ұнатқаны: ән, өлең, күлдіргі болды. Театр үйінің беті ашық, тақтайдан қоршап істеген еді. Ішіне сыймаған жұрт аттың үстінен сырттан тұрып қарады. Ойын түстен кейін болып отырды. Әміренің кешке қарай әні жәрмеңкенің алабын басына көтерді. Әміре дауысын көтеріп әкетіп, қайта қалықтатып, үзілтіп қайырғанда, отырған тамашашылдардың арасында қызып кетіп, көтеріп жібергендері де болды. 1916 жылғы қантөгіске он жыл толды деп, сондағы өлген азаматтарды еске алып, қаралы күнді өткізбек болған екен. Қызылордадан, Алматыдан келген басты қызметкер жолдастар Қарқараға келді. 16-жылдың оқиғасы туралы мағлұмат жиыстырып, іске кірісті» [Байзақов И. Шығармалары. Алматы, 1983.].  Қарқара жәрмеңкесін және жалпы Жетісу жерін І. Жансүгіров былайша жырға қосқан:

Қарқара қалың қазақ кебесіндей,
Албанның албырт – ерке енесіндей.
Қарағай қапталдағы, жыныс арша,
Қадырлы малдың құтты келесіндей.

Текестің көке өрлеген тік қиясы,
Сымпиып сол маңайдың төресіндей.
Мыңжылқы мыжырая жантайысқан,
Өзгесі жүгініскен төрешідей.

Былшықай, Бесжырғалаң, Түптің түрі
Қатықтың жаланбаған тегешіндей.
Қарқара – жарасымды жазық жайлау,
Үй – күлше, құрттың жайған өресіндей.

Алыстан ауыл әрпін абайласаң,
Сүйекті баймөңкенің шегесіндей.
Сүті ағып сорғалаған Үшқарқара,
Қорғасын қорып төстен келетіндей, – деп суреттейді [Жансүгіров І. Құлагер. Алматы, 2006. 104-105 бб.].

1930 жылы 12 мамырда өлкелік жоспарлау комитетінің мәліметтерінде: «Қарқара жәрмеңкесі өлкедегі белгілі жәрмеңке болып, оның 29 жылығы жылдық айналымы  3 798 000 сомды құраған. Жәрмеңке Қытай мен арадағы сауда байланысында жетекші орынды иеленген. Ал 1930 жылы Қарқара жәрмеңкесі 15 маусым мен 15 тамыз аралығында өтеді деп белгіленіп, жәрмеңке туралы хабарландырулар Алматы, Фрунзе (Бішкек), Ташкент қалаларында шығатын газеттерге беріледі» [ҚР ОММ. 962-қ., 1-т., 483-іс. 81-82 -пп.].

Отызыншы жылдарда Қарқара жәрмеңкесінің құлдырауына шекаралық өткізу бекеттерінде яғни Қорғаста, Барахудзирда, Нарынқолда, Сүмбеде  мал айырбастау пукттерін ашады. 1933 жылы 3 тамызда Алматы облыстық ОГПУ бөлімі бастығының орынбасары Шабанбековтың берген арнайы мәліметінде: «Қорғастағы мал айырбастау базасында 1932-1933 жылдың 15 шілдесіне дейін Кеңес-қытай саудасының айналымы 365.000 сомды құрады, оның 168 мыңы мал саудасынан, 64 мың сом жүннен, 108 мыңы ешкі мен ешкі жүнінен, 11 мың сом елтіріден және қалғандары басқа тауарларды сатудан түскенін көрсетеді. Қорғастағы базарда, қазір 15 қытай саудагері бар. Кейбір саудагерлер жәрмеңкеге қарсы пікір білдіруде, мысалы саудагер Төлентөбаевпен Кеңес-қытай саудасының қызметкері әңгімелескенде, ол Қарқара жәрмеңкесіне мал айдап апару бізге тиімсіз, керісінше Хоргоста өткізу тиімді деп айтты. Сонымен қатар қытай саудагерлері де жәрмеңкеге қарсы онда 7-8 ай уақыттарын жоғалтады. Ал Хоргос базасы шекарадан 30 шақырым жерде онда сауда жасау тиімділігін білдірді» – деп жазады. 1933 жылдың 1 тамызында тұтыну кооперациясы жәрмеңкеге 540 мың сомның тауарын жеткізеді. Оның ішінде: Облыстық тұтыну одағы 157 мың сомның тауарын, Жаркент аудандық тұтыну одағы 30 мың сомның тауарын, Орталық Республикалық кооперация 147 мың сомның тауарын, Еңбекші қазақ аудандық тұтыну одағы 27 мың сомның тауарын, ОГПУ-дың жұмысшы кооперациясы 19 мың сомның тауарын, Жол жөндеу мекемесі 160 мың сомның тауарын сатуға әкеледі [АОММ. 685-қ., 6-т., 10-іс. 220-п.]. ОГПУ-дың берген мәліметтерінде Қарқара жәрмеңкесінде сауда жасаушылар тыныш, сауда бірқалыпты жүруде деп көрсетеді.

1933 жылы 18 тамыздағы мәліметтер бойынша Қарқара жәрмеңкесіне: 36 бас ірі қара 15 064 сомға, 560 жылқы 328 584 сомға, 16 түйе 15 459 сомға,  47 қой 4 841 сомға, 129 кг. май 1 068 сомға, 134 кг. бал 2 044 сомға, 345 кг. жүн 289 сомға, 1102 сомдық тері мен елтір және т.б. заттар әкелінеді. Жалпы жәрмеңкеге әкелінген тауарлар құны 1.024.021 сомды құрады. Оның 273.483 сомдық тауары сатылады. Ал 750.538 сомдық тауар өтпей қалып қойған. Осы жылы күніне жәрмеңкеге орта есеппен 30 жуық мал әкелінді. Оның себебі ішкі рынокта малдың азайуы мен көршілес қырғыз елінің шекарасының жабылуынан болатын. Мысалы қырғыз шекарасынан жасырын өткендер базарға алып келген жылқысын сатып, үйіне жаяу қайтатын. 1933 жылы 23 тамызда Кеңес-қытай саудасының (Совсиньторга – советской организации, торговавшей с китайской провинцией Синьцзян) төрағасы Жуковский Қарақара жәрмеңкесі туралы былай деп жазды: «Жәрмеңкені ұйымдастыру қате пікір, өйткені ішкі сауда ештеме бере алмайды. Сондықтан жәрмеңкені жабу керек, жәрмеңкедегі барлық тауарлар мен оның ұйымын Нарынқолдағы ұйымдастырылған базаға көшіру қажеттігін айтады». Сонымен қатар Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары Құлымбетовтың келуімен жәрмеңкені жойып, оған сауда жасап келушілерге тиым салу керектігін көтереді. Қарқара жәрмеңкесіндегі заттарға бес машина бөліп, ондағы заттардың жартысын Нарынқолға, ал қалған жартысын Барахудзирға  көшіреді. Сондай-ақ, Литвин жолдасты шекараға жіберіп, онда ашылатын мал саудасы мен өнеркәсіп саудасы жөнінде мүмкіндіктерді пысықтауды тапсырады [АОММ. 685-қ., 6-т., 10-іс. 356-358-пп.]. Осы уақытта шекаралық аймақтарда Қорғаста, Барахудзирда, Нарынқолда, Сүмбеде қытай мен арада мал айырбастау пукттері жұмыс жасап жатқан болатын.

Осылайша Ұлы жібек жолы бойында қалыптасып дамыған Қарқара жәрмеңкесі 1933 жылдың күзінде жабылып, жұмыс істеуін тоқтатты. Сонымен, XIX ғасыр соңы – ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы Жаркенет уезіндегі Қарқара жәрмеңкесінің қалыптасуы мен дамуы өлкенің экономикалық дамуына өзіндік ықпал етті. Сол тұстағы көршілес елдермен сауда қарым-қатынастарында Қарқара жәрмеңкесі жетекші рөл атқара алды.

Қорыта келгенде, Қарқара жәрмеңкесінің тарихын зерттеп, ақтаңдақ беттерін анықтап, XIX ғасырдың ортасы – ХХ ғасыр отызыншы жылдардағы жабылуына дейінгі тарихын тағы бір жаңа қырынан сараладық деп білеміз.

pic1

pic2

pic3

Жаркент уезінің комсомол ұйымының хатшысы Р. Қилыбаев 1923 жылы 5 қыркүйекте Қарқара жәрмеңкесінде үгіт коллективімен бірге (Сурет Р. Қилыбаевтың жеке қорынан алынды АОММ. 684-қ., 1-т., 168-іс.)