Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Оразов Р.Е. АБЫЛАЙ ХАН ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗАМАНЫ


Оразов Рашид Ешенұлы

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология

институтының ғылыми қызметкері 

Дала мен қала газеті. 12 қыркүйек. №37. 2013 ж. 11-б. Жарық көрді.

 

Биыл елімізде Абылай ханның 300 жылдық мерейтойын республика көлемінде атап өтуді қолға алып отыр. Алғашқы ісшара да Абылайдың өмірге келген Көкше жерінен бастау алатыны белгілі.

1991 жылы 2 тамызда Көкшетауда хан Абылайдың туғанына 280 жыл толуына арналған республикалық конференцияда академик  М.Қозыбаев:  «Абылай… Бұл есiмдi атағанда исi қазақ атаулының жадына «бостандық», «егемендi ел», «қазақ елi», «қазақ халқы», «туған жер», «Отан»,  «ел бiрлiгi»,  «ынтымағы» сияқты қасиеттi ұғымдар оралады… XVIII  ғасырда Еуразиялық сахарада Петр I,  Екатерина  II,  Қалдан-Серен сияқты әлемге есiмi  әйгiлi   мемлекет  қайраткерлерi қатарына   қазақ   жұртынан тек  қана  Абылай   көтерiлдi» деген едi.

Абылай хан туралы зерттеуде шөбересi ғалым Шоқан Уәлихановтың жинастырған  материалдарының алатын орны ерекше. Шоқан Уәлиханов өзінің «Абылай» атты мақаласында: «В предании киргизов Аблай носит какой-то поэтический ореол, век Аблая у них является веком киргизского рыцарства»  деп жазған. Шоқан «рыцарство» деген ұғымды «ерлік», «батырлық»  дәуірге балағанын анық байқаймыз.

Қазан төңкерiсiне дейiнгi орыс тарихшыларының iшiнде А. Левшиннiң  «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацских орд и степей» деген кiтабында: «Абылай тәжірибесі, ақыл-айласы жағынан болсын, қол астындағы халқының саны, күйі жағынан болсын, сондай-ақ өзінің Ресей патшалығымен,  Қытайдың богдоханымен жүргізген тапқыр, шебер қатынастары жағынан болсын өз тұсындағылардың бәрінен де басым еді. Ол ұстамды, досына мінәйім мінезді, жауына қатал, қаһарлы кісі еді. Сондықтан жұртты өзіне тарта, ерте білетін еді», — деп суреттейді.

Кеңестiк жылдардағы әдебиетте Абылай  бейнесiн жасауға көптеген ақын-жазушылар, оның iшiнде  Ш.Құдайбердиев,  М.Әуезов, С.Сейфуллин, т.б. қалам тартқан.   Бiрақ  сол  уақыттағы саясатқа байланысты ондай туындылар  жарық көре алмай, жоғалып кеткен.  Осы тақырыпқа  М.Дулатов   «Хан Абылай»  атты мақаласын арнады.  Ақиық ақын Мағжан Жұмабаев Абылайды «Алаштың арыстаны Абылай ер» деп бағалайды. Бұл ұлы ханның қазақ мемлекеттігінің ең ауыр кезеңдегі терістіктен Ресей империясы, шығыстан Цин империясының қысымына, осы екеуінің қаруландырып қолдауымен сол кездегі қуатты мемлекеттердің бірі Жоңғар хандығының жорықтарына төтеп берген айбатын көруі еді. Мағжан Абылайды өз жырына былай арқау еткен:

Күңіреніп ойлағанда алаш жайын,

Жанымды орай берсе ұлы уайым.

Кеудемде күннің нұры толғандай боп,

Жырлаймын алты алаштың Абылайын.

Арсыға асқандаймын, тауап қылсам,

Кебедей Абылайдың Бурабайын …

«Абылай әділдікпен хандық құрды,

Тірлікте Абылай аты ұран болды.

Абылай ел бірлігін берік ұстап,

Халқының дербестігін сақтап қалды» – деп жырға қосқан. Алайда, авторлар репрессияға ұшыраған соң   оған тыйым салынған. Тек аса  көрнектi қаламгер  I.Есенберлин  ғана  Абылай  бейнесiн  көркем әдебиетте сомдай алды.

Р.Сүлейменов пен В.Моисеевтiң «Из истории Казахстана XVIII века» деген кiтабының  алғашқы аты «Абылай» болатын. Бiрақ сол кездегi билiк басындағылар шығарма хан Абылайдың атымен аталуы тиiс емес деп, еңбектiң атын өзгерттi. Иван Грозныйға, Петр I-ге арнап iргелi монография жазуға болғанда, неге қазақтың ұлы ханы Абылайға арнап еңбек жазуға болмайды деген талпынысы мен тұлғаның тарихи оқиғалар барысындағы қызметiн түсiндiруге жасаған әрекетiнiң нәтижесiнде тарихшылардың қолы жеткен нәрсе кiтаптың атынан соң жақшаның iшiне  «Абылайдың iшкi және сыртқы саясаты» деп жазуы болды.

Тәуелсiздiк тұсында М.Қозыбаев, Н.Мұқаметқанұлы, Қ.Әбуев, Ж.Қасымбаев, О.Смағұлұлы,  т.б. тарихшылар Абылай  және оның  қайраткерлiгi туралы құнды еңбектер жазды.

Тарихи тұлғаларды зерттеудiң ең қарапайым қағидасы – оларды өздерi өмiр сүрген тарихи қоғамдық-саяси жағдаймен тығыз байланыстыра отырып, олардың жалпы қоғамдық iс-әрекетiне жүйелi түрде жан-жақты ғылыми талдау жасау. Абылай хан-қазақ халқының мақтанышы аса көрнекті мемлекет қайраткері, әйгілі қолбасшы, ірі тарихи тұлға. 1711 жылы дүниеге келген. Оның шын есімі – Әбілмансұр. Абылай қазақ еліне тек Шыңғыс әулетінен болғандықтан ғана хан сайланбаған. Ол ел басына күн туғанда даналығымен, батырлығымен, парасатымен, ел мұңын, халық жүгін, тарихи ауыр кезеңде жауапкершілікпен сезіне білгендігімен хан сайланды. Ол халықтың ішінен іріктеліп, сұрыпталып барып, жеке дара шықты, қазақ халқының басын қосты, күшін тасытты, мәртебесін көтерді, қазақ елін іргелі елге айналдырды.

Қазақтардың жоңғар күштеріне қарсы шайқасы 1730 жылдардан кейін негізінен Абылайдың қолбасшылығында үздіксіз жалғастырыла береді. XVIII ғ. басындағы 40 жыл ішінде құба қалмақтармен соғыста халықтың үштен екідейі қырылған. Алайда, казақ пен  қалмақтың соғысы тек қана екі көшпелі жабайы халықтардың соғысы еді деген түсінік тарихи шындыққа жанаспаса керек.

XVIII ғ. орта шенінен бастап Абылай қазақ елінің ерікті, іргелі біртұтас ел болуын, ата-қонысына жайғасып, бейбіт еңбек етуін, елді отырықшылыққа көшіруді, байлығын шалқытуды, үш жүздің ынтымағын жарастырып, туған отанын, елін жаудан қорғауды күн тәртібіне қойды. ХVIII ғасырдың 40 жылдарынан олардың басқыншыларға қарсы біріккен күресі табысқа жете бастайды. ХVIII ғасырдың орта тұсында жоңғарлардың күшін ыдыратып, оңтүстік және оңтүстік шығыстан ығыстырушы батырлардың іс-қимылын үйлестіріп, басқарған негізінен  Ұлы жүзде Төле би, Орта жүзде Абылай сұлтан, Барақ сұлтан және  Әбілмәмбет  хан болды.

Орта жүздің белгілі сұлтаны болған Абылайдың ата қоныстары Орталық Қазақстан аумағында орналасқан болатын. Алайда, өз билігін шығыс, оңтүстік-шығыс өңірлерге де таратуға талпынған ол көшіп-қону аймақтары Қазақстанның шығыс өңірімен шектесетін жоңғар ұлыстарының ішкі-сыртқы істеріне, ондағы оқиғаларға бел шеше кіріседі. Абылай бұл саясатында жоңғар тағынан үміткерлер – Даваци (Дауаши) мен оның одақтасы Әмірсананы қолдайды. Ішкі ойрат мәселелеріндегі өз ықпалын күшейту үшін Абылай сұлтан 1751 ж. Давациге және билік үшін таласта басқа үміткер Лама-Доржиден жеңіліс тауып Жоңғариядан қашқан Әмірсанаға өз ауыл-аймақтарынан пана береді. Ортақ қарсыластары Лама-Доржи өлтірілген соң Әмірсана кенеттен Давациге қарсы шығады, Абылай бұл жағдайда алдыңғысын қолдайды. Тек Абылай бастаған қазақ феодалдары ғана емес, бұл кезде Моңғолиядағы Цин империясының уәкілдері де Жоңғарияда болып жатқан оқиғаларды, олардың ортаазиялық елдермен байланыстарын мұқият бақылап отырған болатын.

Жоңғария жеріндегі саяси оқиғалар арқылы Қытай империясының Қазақ хандығымен, оның мықты билеушілерінің бірі Абылай сұлтанмен тікелей байланыстары жақындап келе жатты. Әмірсана мен оның жақтаушыларынан қытайлықтар оларға қазақ билеушілерінің де көмектесіп жатқанын естіген болатын. Бұдан бөлек олар Солтүстік Моңғолиядағы өз әкімдерінен қазақ жасақтарының Жоңғариядағы іс-қимылдары туралы да хабардар болып отырған. Орта жүз аумағында Әмірсананың жақтастары қазақ жасақтарын басқарып, оның қарсыластарының ұлыстарына шабуылдар жасауда болатын. Олардың арасында Әмірсананың жақын туысы – Батма-Церен де бар еді. Әмірсананың қазақтарға ерекше мән беруі, қазақ жүздерінің күш-қуаты туралы толық мәліметтердің болмауы Цин билеушілерін Жоңғарияға жорық даярлау барысында қазақтар тұрғысына айрықша назар аударуына алып келді. Цин үкіметі өздерімен көршілес иеліктерде ірі орталықтандырылған мемлекеттің болуын қалаған жоқ, соған сай бүкіл ойрат тағына Әмірсананың отыруына да қарсы болды, себебі оның жоспарлары қытайлықтардың мүдделеріне қарама-қайшы келетін.

1755 ж. ақпан айында Цин үкіметі Жоңғарияға өз әскерлерін енгізеді. Маньчжур-қытай әскерлерінің алдында Әмірсананың жасағы орналасады. Оның туын көрген ойраттар көп жағдайда ұрыссыз-ақ беріліп отырған. Цин әскери басшылығы Жоңғарияға ішкерілеп енген сайын Әмірсанаға одақтас қазақ жасақтарының Давациге қарсы іс-әрекеттері туралы барлау мәліметтерін алып отырады. Мысалы, Еміл өзенінің бойындағы Цибахан есімді адамның ұлысындағы 10 мың түтіннен қазақ жасақтарының шабуылынан соң 6-7 мың түтін қалған. Іле өзенінің бойындағы ұлыстардағы жағдай бұдан да ауыр болған, қытай деректері бойынша мұнда Давацидің жақтастары «бір күн де тыныштық көрмеген». 1755 ж. наурыз айында, жоңғар жорығының басында-ақ император Цяньлун әскери кеңеске әскерлерді тез жылжыту туралы берген жарлығында: «Батма-Церен қазақтармен бірігіп Давацидің ұлысын шабуда. Давацидің күші мүлдем сарқылды, жоңғар істері толық күйзеліске ұшырауда. Егер әскерді тез жүргізбесек, бүкіл пайда қазақтардың қолында қалады. Егер Даваци қазақтардың немесе Әмірсананың, не Батма-Цереннің қолына түссе бұл жақсы болмайды, одан да оның қолға түспегенінің өзі жақсы» деп хабарлаған.

Осылайша, қазақ жасақтарының іс-қимылдарына қарай отырып Цин басшылығы өз әскерлерінің қозғалу уақыттарын өзгертіп отырған. Бір жағынан оларға қазақтардың ойраттармен соғысы тиімді болса, екінші жақтан олар қазақ көсемдерінің күшеюінен қорыққан. Цин үкіметі қазақтардың жоңғар жерінде тұрақтап қалуынан қауіптенген. Қытай тарапы жоңғарлардың бүкіл мұрасына ие болып қалуды мақсат тұтқан еді. Бірақ жорық басында қытай қолбасшыларына қазақтармен қақтығысудан сақтану тапсырылған. Қазақтар тарапына ойрат тұтқындары жіберіліп, олар арқылы Әмірсананың Цин әскерімен одақтас ретінде келе жатқандығы хабарланған. Цин үкіметі Орта жүз бен Ұлы жүз иеліктеріне ресми елшілікті Жоңғарияда өз биліктерін орнатқан соң барып қана жіберуді көздеген, бұл оларға басымдық беретін. 1755 ж. жазында Даваци тұтқынға түскен соң Цин тарапы Қазақстан жеріне алғашқы елшілігін аттандырады.

Цин әскері 1755 ж. маусым айында Давациді Іле бойындағы Моңғолкүре деген жерде қолға түсіріп, Жоңғар хандығын біржолата жояды. Жоңғар ұлысының аман қалған тұрғындарын төрт тайшының басқаруына бөліп беріп, оларды жоғарыдан өздері басқаратын қылады. Тайшыларды да Цин үкіметі өздері тағайындайтын басқару жүйесі енгізіледі. Бұл Әмірсананың тұтас жоңғар ханы болу мақсатының іске аспағанын көрсететін. Сол себепті ол Цин патшалығына қарсы жасырын түрде даярлық жасай бастайды. Ол астыртын қазақтарға жаушылар жіберіп байланыс жасаумен бірге, Іле бойында әскер жинайды. Өзінің бұл әрекетін ол қытайлықтарға қазақтардан қорғану үшін жасап жатқан шаралары ретінде түсіндіреді. Бірақ қазақтардың оларға шабуыл жасау ниеттерінің жоқ екендігін білетін Цин ордасы оның бұл сөзіне сенбеген. Сол себепті де 1755 ж. маусым айында Цин үкіметі қазақтармен тікелей өздері байланыс орнату үшін Абылай сұлтан ордасына жоғарыда аталған ресми елшілік жіберген еді.

Қытай тарапы елшілікке: «сендер қазақ шекарасына барғанда талас-тартыс шығаруларыңа болмайды. Бірақ өздерің сақ болыңдар. Ол жақтың әскерлері сендерге шабуыл жасаған жағдайда да сендер оларға жөн айтып кері қайтарыңдар. Егер олар сөзге көнбесе ғана оларды тұтқындап жойсаңдар болады», – деген тәртіп белгілеген. Іс жүзінде қазақтарға Шуньдэна бастап барған елшілік жол үстінде ешқандай қарсылық шабуылға тап болмаған. Олар аман-есен Абылай сұлтанның қабылдауында болып қайтады. Бұл елшілік қазақтарға Жоңғар хандығының Қытай империясының құрамына енгені туралы хабарлауы тиіс болатын. Осыған орай қазақтардан ойраттардың істеріне араласуды тоқтату талап етіледі. Абылай Цин патшалығының жіберген елшісін жылы қарсы алады. Ол шығыста Әмірсанадан гөрі Цин патшалығымен байланыс жасаудың пайдалы екенін түсінген. Сонымен қатар, Абылай өзінің Бөлебай бастаған елшілерін Цин елшілерімен бірге Іле бойындағы олардың әскери шебімен байланыс жасап, барлап қайтуға жібереді. Бұл қазақтар мен Цин үкіметі арасындағы ресми қарым-қатынастардың басталуы болатын.

Абылай бастаған 1 мың адамдық жасақ Цин әскерінің Хадаха бастаған тобының алдынан шығады. Арада болған шайқаста қазақтардан 100 адам құрбан болып, 5-і қолға түседі, Абылайдың өзі жараланады. Абылай ордасына орыс үкіметінің құпия хатымен барған башқұрт старшыны Абдолла Каскиновтың мәлімдеуінше, сұлтан осы жолы Әмірсананы ұрыстарға қатысуға мәжбүр еткен. Аталған кезеңдегі қазақ-қытай қарым-қатынастарын терең зерттеген белгілі тарихшы К. Хафизованың пікірінше екеуінің жолы осы кезеңде бөлінген.

Осылайша, 1756 ж. қытай әскері қазақтармен үш рет шайқасқан. Бірақ осы ұрыстар туралы жалғыз деректер қытай жазбалары болғандықтан, оларда Цин патшалығына тиімді тұстары көп сипатталған. Олардың мәліметтері бойынша үш шайқаста да қытай әскері жеңіске жеткен. Бұл жерде көшпелілердің кенеттен шабуыл жасап, шұғыл түрде дала түкпірлеріне шегініп кететін тактикасы әдейі айтылмағанға ұқсайды. Қазақтардың шабуылдан соң тез тарап кететін әдіс-тәсілін цин тарихнамасы олардың жеңілуі мен шегінуі түрінде келтіреді. Көптеген құжаттардағы мәліметтер олардың бір ағымда жазылғанын айқын көрсетеді.

Абылай мен Цин әскері арасындағы шайқастар, сол кездегі Цин тарапының қазақтарға жіберген ескерту хаттары, соғыспен қорқытуы қазақ-қытай қарым-қатынастарын зерттеген белгілі тарихшы Н. Мұхаметханұлының еңбектерінде сәл басқа қырларынан көрсетілген. Зерттеуші қытай әскерінің Абылай бастаған қазақтармен үш рет қақтығысып қалғанын сипаттай отырып, олардың үшеуінің де шайқасу үшін емес, кездейсоқ оқиға болып табылғанын айтады.

Орта жүз бен Ұлы жүз қазақтарының Цин патшалығымен қарым-қатынастары 1757-1758 жж. орнатылады. Қазақ елшілері Пекинге император қабылдауына барғанда, Цин билеушісі қазақ хандарын мойындап, оларды хандыққа тағайындаған жарлық хаттарын жібереді. Бұл хаттарда өздерінің қазақтар жөніндегі саясаттарын ашық аңғартады. Хаттарда: «Патша сендердің жайлы тіршілік етулеріңе тілектес. Сендер бұрынғы салттарыңда бола беріңдер. Алым-салық беру-бермеу еркі өздеріңде. Тыныштық сақтасаңдар болғаны. Егер елші жіберіп жатсаңдар, патшаның ерекше ықыласына бөленесіңдер», – деген сыңайлы түсініктер болған. Аталған 1757 ж. Абылай өзінің Шағыр, Өміртай бастаған құрамында 11 адам бар елшілер делегациясын Пекинге жіберіп, Цин патшалығына өзінің сәлемін жолдап, тарту-таралғылар ұсынған болатын.

Абылайдың Цин империясымен тікелей байланыс орнатуы патшалық Ресей үкіметін қатты алаңдатады. Қытай тарапына жіберілген ресми хаттарда Ресей жағы Орта жүздің өздерінің қол астында екендігін білдіреді. Цин үкіметі өздерінің жауап хатында жоңғарларды тыныштандырғандарын, қазақтардың өз еріктерімен өздеріне арқа сүйегендерін, өздерінің оларға қару жұмсап, қысым жасап, алым-салық төлеуді міндеттемей отырғандарын жазған. Қытай билеушілері қазақтарды басқа мемлекеттерге бағынышты болудан шектемейтіндерін, Ресеймен де қарым-қатынас жасауға тиым салмайтындарын білдірген еді. Цин үкіметі өздерінің осы саясатын табанды ұстанып, қазақ-орыс қарым-қатынастарына баса назар аударған жоқ. Іс жүзінде олар қазақтардан шекараны тыныш сақтау талабымен шектеліп, сол тұста қазақтардың басқа ішкі-сыртқы істеріне араласқан жоқ. Нәтижесінде, Абылай қазақ халқының ұлттық қоғамдық дәстүріндегі хандық жүйенің сақталуын қамтамасыз ету негізінде Цин империясымен тікелей дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

1757 ж. Цин тарапы мен Абылайдың арасында үлкен мәселе болып табылған Әмірсананың Ресей жеріне қашып кетуіне байланысты екі жақ арасындағы байланыстар біршама қалыпқа түскен еді. Бірақ Цин үкіметінің шекарадағы әскербасылары ойраттардан бос қалған жерлерге қазақтардың баса көктеп кіретінін болжап, шекараны белгілеп алуға кіріседі. Олар аталған жерлерді қорғап қалудың қиындығын түсінген болатын. Қытай генералдары Ертістің солтүстігінен Ілені оңтүстігіне дейінгі аралықтағы белестерге тас үйіп, оба тұрғызып, қада қағып шекараны белгілейді. Аталған жерлерді әскермен күзетеді, қазақтардың шығысқа қарай жылжуынан сақтанады. Нақтырақ айтқанда қазақтарды шекараның сыртында ұстау саясатын қолданады.

Цин патшалығының әскерлері Әмірсананың жақтастарын қуғындап 1758 ж. Ұлы жүз жеріне келеді. Қол бастаушы сардарлар Ұлы жүз билеушілерімен кездесіп сөйлеседі. Қазақ билеушілері де оларға ат тарту етіп, олардан Цин императорына хат жолдап, өздерінің бейбіт қарым-қатынаста болатындықтарын білдіреді. Сол жылы қазан айында Ұлы жүзден Төле бидің баласы Жолан, Қойкелді батырдың баласы Басарман бастаған делегация Цин патшасының сарайына жол тартады. Император Ұлы жүз билеушілеріне жолдаған хатында: «Сендер Жолан, Басарман бастаған елшілерді ордамызға патшамызға сәлем беруге жіберіпсіздер. Патша оларды ерекше ықыласпен күтіп алды және астанаға ертіп барып, тағы бір мәрте қонақасы берді… Сендер бұрынғы салттарың бойынша өз жерлеріңде тұра беріңдер. Тыныштық сақтасаңдар болғаны. Егер елші жіберіп тұрсаңдар, патшаның ықыласты сый-сияпатына бөленетін боласыңдар», – деп жазылған. Осылайша, Абылаймен арадағы байланыстардан соң Цин патшалығы Ұлы жүзбен де ресми қарым-қатынастар орнатқан еді. Төңкеріске дейінгі және кеңестік тарихнамада Абылайдың Қытай боданы болғандығы туралы пікірлер басым болды. Қытай деректеріне жасалған мұқият талдаулар мұндай пікірлерді жоққа шығарады. Цин үкіметінің жолдаған хаттары арнайы саясатты ұстанса, Абылай да өзінің жауап хаттарында дипломатиялық сыпайылықты сақтап, оларға оң көзбен қарайтынын білдірді. Бірақ іс жүзінде Абылай өзінің ішкі және сыртқы саясатында тәуелсіз еді.

Әбілмәмбет хан өлгеннен кейін Абылай сұлтан 1771 жылы ақ киізге отырғызылып,  Түркістан қаласында, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде Үш жүздің ханы болып жарияланады.

Абылай ханның бұйыруымен   қазіргі Әулиеата қаласы маңынан 1774 жылы Әділ сұлтанға арналған ағаш үй тұрғызылады. Бұл өңірдегі билік Ұлы жүздің  билерінің сұрауы бойынша Абылай ханның  ұлы Әділге беріледі. Қытай деректері 1774 жылы қаңтарда Пекинге  елшілікті бастап  келген Әділ сұлтан Абылайханұлының өте жас екенін  көрсетеді. Абылай хан әулетінің шежіресінде Әділ сұлтанның үрім-бұтағының алатын орны бөлек. Қытайдан еліне қайтып келген Әділ Жетісуда тұрып, Ұлы жүздің сұлтаны атанды. 1815 жылы Ташкенттің түбінде қайтыс болды. Әділдің Абылай (Құлан), Ғали, Ералы, Нұралы, Бегалы, Тінәлі, Төлек, Мамырхан, Тәуке, Қайып, Көшен және Сейілхан деген ұлдары Ұлы жүздің Дулат, Албан, Жалайыр, Шапырашты, Суан руларын биледі.

Тарихта Абылайдың 30 ұлы, 40 қызы болғандыңы белгілі. Кенесары ханның Әбубәкір деген баласынан  тарайтын белгілі күйші Файзолла Үрмізов ақсақал 30 ұлды былайша таратады.

1. Сайман ханымнан: Уәли, Шыңғыс, Әділ, Есім атты төрт ұл. 2. Бабақ ханымнан: Шеген, Үрістем, Оспан, Сыздық, Әбітай, Әбдолла атты алты ұл. 3. Бопыш ханымнан: Тоқ, Қосым, Арық атты үш ұл. 4. Хоша ханымнан: Қасым, Қамбар атты екі ұл. 5. Тоқта ханымнан: Сығай, Сүйік, Тағай атты үш ұл. 6. Өріс ханымнан: Шама, Байыр атты екі ұл. 7. Түлек ханымнан: Шағатай, Дәуім, Бәшен атты үш ұл. 8. Топыш ханымнан: Қара, Есен атты екі ұл. 9. Сайын ханымнан: Жанатай атты бір ұл. 10. Шаған ханымнан: Мақан, Маймақ атты екі ұл. 11. Мақтұм ханымнан: Самырат, Мұсахан атты екі ұл тараған (Ф. Үрмізовтан жазып алған О.Р. 2009 жыл).

1778 жылы орыс патшайымы  Екатерина ІІ Абылайды тек Орта жүздің ғана ханы деп бекіту туралы жарлыққа қол қойып,  Орынбор губернаторы  оны ант беруге  бірнеше рет шақыртып, келтіре алмай жатқан болатын. Қазақтардың ешқашан бір негізгі орталыққа бағынбағанын  және Қытай ықпалына берілмеуін жөн  көрген  орыс патшайымы оны қалайда көндіруге, тіпті болмаса, пысық штаб офицерін жіберіп, Нұралы хан сияқты тізерлеп отырғызып,  оған көнбесе, күштемей-ақ ант қабылдату қажеттігін тапсырып жатты. Абылайға  хандық лауазымы бекітілгені туралы жарлықтар және  арнайы әзірленген қылыш, бұлғын ішік пен сусар бөрікті сияқты қымбат сыйлықтарды алып,  капитан Г. Лилигрейн Абылайдың ордасына келді. Абылай оған  Ресейден   сұраған  әскери жасақ  берілмейінше,  ештеңені  де  қабыл алмайтынын айтып, шығарып салады.

1779 жылы Абылай ханның ант беруден үзілді-кесілді бас тартуына орай Ресей патшайымы Екатерина ІІ Абылайға Орта жүздің ханы деп бекіту туралы жарлық пен хандық лауазымның басқа да белгілері берілмесін және  бұл  «варвар»  өзінің іс-әрекеттерінің нәтижесі неге әкеліп соққанын күштірек сезіну үшін жыл сайын беріліп келген 300 рубль жалақы беру тоқтатылсын, бұған қоса Орта жүз ішінде Абылайдың беделін түсіру үшін, оған  бақталас  біреуді тауып, оны үкімет тарапынан қолпаштап отырған жөн деген шешім қабылдайды.

Абылай болса, 1779 жылы 13-ші тамызда Орынбор губернаторы И. Рейнсдорпқа: «Сізбен жүздескім келіп-ақ еді, бірақ мына жағдайлар бөгет жасап тұр: Менің қол астыма Ұлы жүз бен Кіші жүз де қарайды, мұның ішінде Ұлы жүз Ташкенияның Түркістан қаласының маңында орналасқан. Сол аймақта менің қарауымдағы  қазақтармен соғысып, тынышын алып, қысым жасап жүрген қырғыздар да баршылық. Олар қарулы қолмен қазақ ауылдарын шауып, әйелдері мен балаларын тартып әкетіп отырады. Сол халқым менен көмек сұрап, жалбарына жалынған соң, мен өз ұлдарым мен інілерімді қастарына кісі қосып,  бұрынырақ аттандырған едім. Енді міне, солардың соңынан өзім де барайын  деп  отырмын»  – деп хат жолдайды.

Зерттеуші А.Ш. Махаева қазақ фольклорлық деректерді мұрағаттық құжаттармен салыстыры отырып,  «Жайыл қырғынын»  1779 жылы болғанын жазады. Қорыта айтқанда Абылай өз заманының тынысын да, ағысын да, даму барысын да терең түсінген қайраткер еді.