Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Р.Е. Оразов МЕДЕУДІҢ ТАРИХЫН БІЛЕМІЗ БЕ?


Р.Е. Оразов

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих  және этнология институты

Қазақстанның жаңа заман тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері

Алматы ақшамы газеті. 10 қыркүйек. №110. 2013 ж.  5 бет. Жарық көрді

 

Алматы қаласы өзінің ғажайып табиғатымен талайға таңдай қақтыртқан. Іле Алатауының қойнауында орналасқан әсем қаланың табиғаты да әсем. Алматы қаласы дегенде ең алдымен «Медеу» шатқалы ойға оралады. Қысы жазы жастарымыз демалуға Медеуге жол тартады. Ал оның тарихына неге Медеу деп аталуына  бас мән бере қоймайды. Кеңес заманында Медеу «Медео» болып бұрмаланып аталды. Міне осы олқылықтардың орнын толтыру үшін Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағаты қорларында Медеу Пұсырманұлына қатысты деректерді қалың оқырман назарына ұсынбақпыз.

Медеу Пұсырманұлы (орысша деректерде Бусурманов деп жазылған) 1850 жылы Верный уезі, Кіші Алматы болыстығының 3 ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбеке араласып, қой бағып, егін еккен. Есейген соң, қала тірлігіне жақсы бейімделіп, сауда-саттық істерімен қатар болыстыққа да сайланған. Медеудің әкесі Пұсырман батыр, егер оның тегін таратар болсақ – Шапырашты – Еміл, Есқожа, Сары, Болай, Шақа, Жайынбай, Құл. Құлдың бес баласы болған. Олар Пұсырман, Серікбай, Төлебай, Саркөбен, Күзембай. Пұсырманнан – Қартыбай, Медеу, Батырбек. Серікбайдан – Байзақ, Төлебайдан ұрпақ жоқ, Саркөбеннен – Ерентал, Күзембайдан – Беделбай.  1882 жылы Кіші-Алматы болыстығына жүргізілген санақта Медеу Пұсырманов 2-ші ауылдың старшыны деп көрсетіліп, жанұясында 3 ер адам, 3 әйел адам, 1 түйе, 15 жылқы, 1 ірі қара, 50 қойы бар деп жазылған [ ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 335-іс, 450 п.]. Ал, 1885 жылы алдағы үш жылға (1886-1888 жылдарға) жүргізілген санақта Медеу Пұсырмановтың жасы 35-те, 5 түйесі, 50 жылқысы, 10 ірі қарасы, 200 қойы бар. Әйелдері Қырмызы 30-да, Татық 20-да. Ұлдары – Жайшыбек 10-да, Омарбек 6-да, Айдарбек – 1 жаста. Қыздары – Қадиша – 7-де, Батима – 3-те делінген. Бауыры – Батырбек Пұсырмановтың жасы 18-де, орысша хат таниды, оның 1 түйесі, 20 жылқысы, 3 ірі қарасы, 20 қойы бар. Анасы – Байбике 40-та, қарындастары – Алтынбек 11-де, Айшікен 8-де, Күмісай 4 жаста болған [ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 40826-іс, 19-21 пп.].

1888 жылы 13 тамызда Кіші Алматы болыстығында алдағы үш жылға яғни, 1889-1892 жылдарға болыс сайлауында Тілепберген Көшкімбаев болыс болып сайланып жасы 42-де деп көрсетілген. Ал болыстың кандидаты болып 39 жастағы Медеу Пұсырманов сайланды [ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 31404-іс, 44 п.].

1891 жылы Медеу үлкен ұлы Жайшыбекті Верныйдағы ерлер гимназиясының дайындық бөліміне оқуға береді. Жайшыбек гимназияда өте белсенді болып жақсы оқиды және пансионатта тұрады [ҚР ОММ. 94-қ., 1-т., 159-іс. 1-п.].

1898 жылғы 21 қаңтарында Жетісу әскери губернаторының атына  Кіші Алматы болыстығының 3-ші ауылының тұрғыны Медеу Пұсырманов үй салуға рұқсат сұрап, өтініш жазады. Өтініштің мазмұны мынадай: «3-ші ауыл қоғамының осы жылғы 3 қаңтардағы шешімінде айтылғандай, Комиссар аңғарының бойындағы генерал Колпаковскийдің құлап қалған саяжайының қасына ағаштан үй тұрғызсам деген ойым бар. Жоғарыда айтылған орында ағаш үй салуға рұқсат беруді, мәртебелі тақсыр, өзіңізден өтіне отырып, сол үшін 1897 жылы 20 түп ағаш сатып алғанымды, олардың құрылыс қажетіне дайын тұрғанын ескерткім келеді. Менің өтінішімнен бас тартпауларыңызды сұраймын». Аталған өтініш хатқа Верный уезі бастығынан төмендегідей жауап алады: «Маған қарасты уездің Кіші Алматы болыстығының 3-ші ауылының тұрғыны Медеу Пұсырмановқа ағаштан үй тұрғызуға рұқсат беремін. Сонымен қатар дала ережесінің 125-бабына сәйкес әрбір көшпелі қазақ  өзіне тиеселі жерді, қыстаулық орынды, еркінше қажетіне жаратып, бау егуге, баспана тұрғызуға, шаруаға қажетті құрылыс салуға, жалпы еш әкімшіліктің қысымынан қорықпай, әрекет етуге толық мүмкіндігі бар» [ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 42611-іс, 1-2 пп.]деп жазады.

1898 жылы 20 қарашада Медеу Пұсырмановтың Жетісу облыстық әскери губернаторына жолдаған хатында: «Жоғары мәртебелі тақсыр, сізге Кордондағы саяжайда ағаштан бес бөлмелі үй салып жатқанымды хабарлай отырып, құрылысты біржолата аяқтау үшін қажетті ағаш бөлсеңіз екен деп өтінемін. Биылғы жылы ағаш саудасына жол жүріп кетуіме байланысты қатыса алмадым. Ағашқа жәрдем етпесеңіз, төбесі ашық үй жауын-шашыннан көпке ұзамай шіріп кетуі мүмкін. Осы ретте жеткізілуі қиын болғандықтан әлі ешкімге сатылмаған, тау басындағы дауыл құлатқан 10 түп ағашты қыс түсе қармен сүйреп жеткізіп алсам деп едім. Қала орталығынан ағаш жеткізу ыңғайы мүлдем келмей тұр, орманшылар билетсіз ағаш босатпайды. Сол себепті де, мәртебелі сізге өтініш артып отырмын».

Аталған хатқа Верный уезі бастығының 1898 жылы 28 қарашада жолдаған жауабында «Кіші Алматы болыстығының қазағы Медеу Пұсырмановқа өтінішін орындауға Жетісу облыстық орман шаруашылығы ревизорына немесе Мемлекеттік мүлік басқармасына тағы да өтініш жазуына кеңес береді» [ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 22180-іс, 1-2 пп.]. 1900 жылы 7 мамырда өткен болыстық сайлауға Медеу Пұсырмановта түсіп, өкінішке орай, сайланбай қалады. 1901-1903 жылдары Кіші Алматы болыстығының болысы болып Жылқыбай Диқанбаев сайланса, болыстың кандидаттығына Медеудің бауыры Батырбек Пұсырманов сайланады [ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 1372-іс, 3, 7 пп.].

1902 жылы 2 қарашада Кіші Алматы болыстығының 3-ші ауылының тұрғыны Медеу Пұсырманов мұсылмандық парызы қажылық сапарға бару үшін Верный уезі бастығынан Мекке мен Мадинаға баруға 6 айлық шетел төлқұжатын сұрап рапорт жазады. Ал, Кіші Алматы болыстығының болысы Жылқыбай Диқанбаев, Медеудің Мекке мен Мадинаға қажылыққа барып қайтуға өз тарапынан ешқандай қарсылық болмайтындығын және оның мемлекет және жеке тұлғаның алдында қарызы жоқтығын, сонымен қатар Медеудің ауқатты адам екендігін, бұрын істі болмағандығын куәландырып қолын қойған, мөрін басқан куәлік береді. 28 қазанда осы ауылдың тұрғындары Батырбек Пұсырманов, Шубай Абдраманов және Қара Есіргепов Медеуге өздері тарапынан кепілдік беріп, егер Медеудің үстінен күтпеген жағдайда шағым жасалса, оған өздері жауап беретін кепілдеме беріп қолдарын қояды және болыстың мөрімен растайды [ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 1723-іс. 67-70 пп.]. Шет елге шығатын төлқұжатты 1902 жылдың 9 қарашасында Верный қаласынан алған. Төлқұжаттың номері 14910 болған. 1903 жылы 30 наурызда Медеу қажылық парызын өтегендермен бірге ағылшын параходы «Кунтингдонға» мінген. Бұл туралы Феодос карантин үйінің дәрігері М. Крыловтың берген мәліметінде айтылады. Жетісу облысынан қажыға барғандар арасынан Жандархан Хамчурин 1903 жылы 4 сәуірде қайтыс болады [ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 1758-іс,  73-82 пп.]. Осылайша Медеу қажы атанып қайтады.

1906 жылы 1 маусымда Кіші Алматы болыстығының қазақтары Шубай Абдраманов, Мәнде Әденов, Жалымбет Шыңғысов және Ыспай Жұмабаевтар Жетісу әскери губернаторының атына арызданады. Онда: «Кіші Алматы болыстығында өткізілген сайлауға көңілдері толмайтындығы айтылған. Жылқыбай Диқамбаевтың болыс болып сайлануы заңсыз, болыстың адамдары оны қолдаған жоқ. Ал, болыстыққа үміткер Медеу Пұсырманов пен Сәтке Есполовты уезд бастығы тұтқынға алған. Сондай-ақ, уез бастығы сайлау алдында Медеу Пұсырмановқа ашуланып, көпшілік алдында былай деген: «егер сен болыс болып сайланған күннің өзінде, бекітілмейсің»- деп айқайлаған. Сондықтан болыстықты екіге бөлуіңізді сұраймыз делінген» [ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 2324-іс, 1-2 пп.].

1907 жылы Кіші Алматы болыстығы екіге бөлінеді: Кіші Алматы және Шапырашты болыстығы болып. Кіші Алматы болыстығына 14 ауыл қарап, онда 1018 түтін тұрды. Шапырашты болыстығына 10 ауыл қарап, оның құрамында 747 түтін болды. 1907 жылы 28 қарашада Шапырашты болыстығында өткізілген сайлауда Медеудің баласы Жайшыбек Медеуов болыс болып сайланып, жасы 34-те болған. Ал кандидаты болып Омарбек Медеуов сайланған, жасы 28-де [ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 2886-іс, 2-4 пп.]. Медеу Пұсырманов 1908 жылы 58 жасында дүние салды. Қабірі Алматыдан тысқары бірінші май тоғанының ірге тұсында әлі де бұзылмаған қалпында тұр. 1911 жылы Верный уезін зерттеген П.П. Румянцевтің экспедициясының материалдарында Медеудің ұлы Жайшыбектің отбасылылық жағдайы мен шаруашылығы былайша көрсетілген. Жайшыбек Медеуовтің 4 шаруашылығы бар, онда 18 ер адам, 19 әйел, барлығы 37 жан, олар 5 отаудан тұрады, 259 жылқысы, 13 түйесі, 158 ірі қарасы, 1397 қойы және 33 ешкісі бар деп көрсеткен [Румянцев П.П. Материалы по обследованию туземного и русского старожильческого хозяйства и землепользования в Семиреченской области. Т. 4. Верненский уезд (киргизское хозяиство). – Спб., 1913. – С. 70-71.].

Медеу Пұсырмановтың үш әйелінен мынадай балалар тараған. Жайшыбек, Омарбек, Рақым, Ахметбек, Мамытбек, Айдарбек, Нәзірбек, Нүсіпбек, Сейдахмет, Шаймерден, Шаяхмет, Шайкамал.

 

1901-1903 жылдары Медеудің бауыры Батырбек болыстың кандидаты болып сайланады

Медеудің қажылық сапарға бару үшін шет елге шығатын төлқұжат үшін төлеген 15 сомының түбіртегі

 

Медеу Пұсырмановтың отбасы 1913 жылы. Сурет Алматы қаласының тарихы кітабынан алынды.