Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Қ.С. Алдажұманов, З.М. Төленова ҒАЛЫМ ЖОЛЫ


http://baiolke.com/?p=4493

Қ.С. Алдажұманов

тарих ғылымдарының кандидаты,

З.М. Төленова

тарих ғылымдарының кандидаты

Ш. Уәлиханов атын. Тарих және этнология институты

directorКөрнекті ғалым, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Махмұтұлы Әбжановтың туылғанына 60 жыл толды. Оның бүкіл еңбек жолы мен қызметі қазақстанның тарих ғылымына арналған.

Х.М. Әбжанов1953 жылы 11 қазанда Қарағанды облысына қарасты Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Махмұт ұзақ жылдар аудандық атқару комитетінде бас есепші болып болып қызмет істесе, шешесі Ұмсындық үйдегі ата-енесінің, бала-шағаның жағдайымен айналысты. Көп балалы бұл отбасында оқу-білімге құрмет айрықша еді. Әкесі көп оқымаса да, табиғат берген қабілет-қарымымен жұрт таныған есепші биігіне көтерілді.

1961 жылы Ханкелді мектеп табалдырығын аттайды.Мұнда білім мен ғылымға құштарлығын ашқан мұғалімдері: Күлән Оралбаева, Далбай Ізтөлеуов, Дамыл Ысқақов, Бану Ыдырысова, Хамит Жаманов, Амантай Оспанов. Әсіресе бастауыш сыныптағы жетекшісі, Ленин орденінің иегері Күлән Оралбаеваның, жоғарғы сыныптарда тарих пәнін оқытқан мұғалімі, Ұлы Отан соғысының ардагері Далбай Ізтөлеуовтің алар орны ерекше. Олар оқушы баланы кітап оқуға, оқығанын  көңілге тоқуға, тарихи үдерістің болмыс-бітімін ұғынуға үйретті.

1971 жылы Ақтау орта мектебін бітірген Ханкелді Қазақ университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. КСРО тарихы бойынша маманданған ол профессор Н. Дауылбаевтың, доценттер С. Жақыпбековтің, Ә. Оразбаевтың, оқытушы В.П. Юдиннің дәрістерімен тарихшы ретінде қалыптасу жолын бастады. Студенттердің ғылыми үйірмесі мен қоғамының жұмысына белсене араласып, ғылымға бейімділігін танытты. 1972 жылы КСРО-ның 50 жылдығына орай М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен ғылыми конференцияға қатысуы оның есінде берік сақталып қалды.

Студенттік жылдары С. Жақыпбековтің жетекшілігімен ғылыми жұмыс жүргізудің алғашқы мектебінен өтті. Ал, 1974 жылы күзде тарих ғылымдарының докторы Р. Сүлейменовпен танысуы оның кәсіби және ғылыми тағдырына түбегейлі бетбұрыс әкеледі. Осы таныстық кейін тереңдеп, Р. Сүлейменов 1992 жылы дүниеден озғанша жалғасты.

1974 жылы Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының құрамында «Кеңестік Қазақстан мәдениетінің тарихы» бөлімі ашылып, меңгерушілік қызметке 40-тан енді ғана асқан ғылым докторы Рамазан Бимашұлы Сүлейменов сайланған еді. Х. Әбжановтың университет бітірердегі дипломдық жұмыс тақырыбын анықтаған да Р. Сүлейменов болатын.

1976 жылы Қазақ университетінің тарих факультетін үздік дипломмен аяқтаған жас маман жолдамамен Целиноград инженерлік-құрылыс институтына келіп еңбек жолын бастайды. Мұнда ол ғылыми коммунизм пәнінен семинар сабақтарын жүргізді. Дипломдық жұмыс жетекшісімен байланысы да үзілген жоқ. Р. Сүлейменовтің және С. Жақыпбековтің қолдауымен 1977 жылы Қазақ университетіне оқытушылық қызметіне келеді. Екі жыл өткен соң Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография  институтына  аға лаборант қызметіне ауысады.

Өткен ғасырдың 70-ші жылдарында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты Қазақстан Ғылым академиясының құрамындағы беделді мекеме әрі Отандық тарих ғылымдарының жұрт таныған қара шаңырағы болатын. Институт бөлімдерінде академиктер Ә. Марғұлан, С.Н. Покровский; корреспондент мүшелер Г.Ф. Дахшлейгер, Б. Сүлейменов; профессорлар М. Асылбеков, Т. Балақаев, К. Нұрпейісов, Х. Арғынбаев, В.Я. Басин еңбек ететін. Жас тарихшылар М. Әбусейітова, Н. Масанов, Ж. Абылхожин, А. Қадырбаев, Н. Әлімбаев, Ж. Таймағамбетов болашағынан үміт күттіріп, өсіп келе жатты. Институт ғалымдарының еңбектері Одаққа мәшһұр еді. «Қазақ ССР тарихы» 5 томдығы жарық көре бастаған — тын.

Міне, осындай ұжымға келу Х. Әбжановтің әлеуметтік-кәсіби өсуіне қолайлы жағдай туғызды. Ол Қазақстан интеллигенциясының көрнекті тобы -ауыл-село мамандарының 60-70 жылдардағы дамуы мен қызметін зерттеуге кірісті. Қазақ КСР Ғылым академиясының журналдарында тырнақалды еңбектері шығады. 1983 жылы «Кемелденген социализм тұсындағы Қазақстан ауыл-село интеллигенциясының өсуі мен рөлі» тақырыбына кандидаттық диссертациясын қорғады. Қоғамдық жұмыстардан да тыс қалмады.Қазақ КСР Ғылым академиясы жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары ретінде мерзімді баспасөз арқылы өз ойын ортаға салып жүрді.

80-ші жылдар ортасында тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеуге тәп-тәуір маңыз берілгені белгілі. Институт құрамында «Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштері жиынтығы» бөлімі құрылды. Тарих ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі М. Асылбеков басқарған бөлім ғалымдары Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарына экспедицияға шығып, зерттеулер жүргізді, ескерткіштер жайлы мәліметтер жинады. Солардың бел ортасында Х. Әбжановтаболды.

Тынымсыз еңбектің нәтижесінде «Сельская интеллигенция Казахстана в условиях совершенстования социализма» монографиясы 1988 ж. «Ғылым» баспасынан жарық көрді. Еңбекте республиканың село интеллигенциясының даму үдерісі, олардың экономикалық және мәдени құрылысқа қатысуы, орны мен рөлі туралы мәселелер кешенді түрде қарастырылады. Сондай-ақ бұл еңбек жаңа мұрағаттық құжаттар мен материалдар негізінде жазылды. Монографияда село интеллигенциясының Қазақстанның экономикалық әлеуетінің өсуіне қосқан үлесі нақты көрсетілген және қызғылықты фактілер мен тұжырымдамалар бар. Колхоз секторындағы интеллигенция саны, ұлт интеллигенциясының қалыптасу ерекшеліктері туралы өзіндік пайым-тұжырымдарын дәйектейді. Монографиялық зерттеуді республика жұртшылығының жылы қабылдауы кеңестік билікті дүр сілкіндірген 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін ұлттық интеллигенцияның тарихына арналған мазмұнды еңбектің жарық көруі қайта жаңғырған тарихи сананың көрінісіндей әсер етуіне байланысты еді.

Зерттеушінің қол жеткізген ғылыми нәтижелері Киевте, Ташкентте,  Душанбеде өткен конференция жинақтарында жарияланды. Ең  бастысы – ол диссертация тақырыбымен шектелмей, Қазақстандағы мәдени құрылыс тарихына кешенді көз жүгіртуге талпынды. Соның айғақ-дәлелі ретінде 1987 жылы Мәскеуде жарық көрген «Наука и техника СССР. 1917-1987 гг. Хроника» кітабын, 1989 жылы Ташкентте жарияланған «Проблемы истории республик Средней Азии и Казахстана в 40-50-е годы», сол жылы Алматыда жарияланған «Программа курса истории Казахской ССР для 8-10 (11) классов» әдістемелік кітапшасын айтуға болады. Осы және басқа еңбектерде Х. Әбжанов қаламынан  туған дүниелер бар.

Ол 90-жылдардың басында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында ашылған докторантураға оқуға түседі. Докторлық диссертациясын мерзімінен бұрын даярлап біте бергенде ғылыми кеңесшісі, академик Р.Б. Сүлейменовтің мезгілсіз дүниеден озуына байланысты ұстазы басқарған Мәдениет тарихы бөліміне меңгерушілік қызметке тағайындалады. 1992 жылғы 30-шы қазан күні «Қазақстанның ауыл-село интеллигенциясы: қалыптасуы мен әлеуметтік практикасының тарихи тәжірибесі(1945-1985)» тақырыбына докторлық диссертациясын қорғады. Ресми оппоненттері қырғызстандық тарих профессоры С. Данияров, философия профессоры М. Әженов, ғылыми коммунизм профессоры Ш. Тастанов еңбекке жоғары баға берді. Келесі жылы ҚР ЖАК жұмысты бекітіп, тәуелсіз еліміздің № 1 ғылым докторы дипломын Х. Әбжановқа тапсырды.

1993-1999 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде еңбек етті. Еліміздегі тұңғыштардың қатарында саналатын тарихнама және деректану кафедрасын ашып, меңгерушісі қызметіне сайланды. 07.00.10 – ғылым мен техника тарихы, 07.00.12 – мәдениет пен өнер тарихы мамандықтары бойынша кандидаттық диссертациялар  қорғататын арнайы кеңес ұйымдастыру бастамасын көтеріп, ҚР ЖАК бұйрығымен сол Кеңестің төрағалығына тағайындалды. Ғылыми зерттеу жұмыстарында тоқтатқан жоқ. 1993, 1994 жылдары жарық көрген «Қазақстан тарихы. Очерк», «История  Казахстана. Очерки» кітаптарының авторлары  құрамына кірді. Бұл кітаптар күні бүгінге дейін студенттердің қолынан  түспейді. Олар мол деректік база, сын көзбен талдау және қорыту, қаралған мәселенің айқындылығы, тарих ғылымның соңғы жылдардағы методологиялық жетістіктерін тиімді пайдалану арқылы ұзақ жылдар бойы дискуссиялы мәселелерді ашып көрсетуге, оқиғалар мен фактілерді дұрыс бағалауымен тың ғылыми ізденістер қатарында қабылданды.

Осы университетте алғаш рет аспирантттарға жетекшілік жасап, ізденушілері ғылым кандидаты атағына сәтімен диссертация қорғады. Сол шәкірттерінің бір тобы – Дастан Сәтпай, Ақмарал Ибраева, Шолпан Тлепина – бүгінде ғылым докторлары.

1999 жылы Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне қызметке ауысады: профессор, кафедра меңгерушісі, ғылыми зерттеу орталығы директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 2000 жылы университетте тарих ғылымдарынан кандидаттық диссертация қорғататын кеңес ашып, төрағалығына тағайындалады. Мұнда да аспиранттармен, докторанттармен, ізденушілермен ғылыми жұмыс жалғасын тапты. Жоғары курс студенттеріне, магистранттарға тарих ғылымының методологиясы бойынша дәріс оқиды. Кейінде, 2011 жылы, сол дәрістердің негізінде «Түркі әлеміндегі Қазақстан: іргелі тарих және методология» монографиясы жарық көрді.Кітапта тарих үдерісіндегі халық пен тұлғаның, табиғи-ырғақты даму мен сыртқы факторлардың орны, ықпалдастығы, ұлт тағдырына әсері зерделенген. Көтерілген мәселелер тарихи тілтану, өлкетану, ономастика, ұлттық идея және элита жайлы методологиялық ой-пайымдармен өрнектелген.

Осындай нақтылы қағидатта жазылған еңбектерінің алғашқысы шәкірті Г. Назарбаевамен бірлескен авторлықта дайындаған «Қазақстан: тарих пен тағдыр» (Алматы, 2003) атты мақалалар жинағынан тұратын кітабы. Еңбекте Отан тарихының, қазақ қоғамындағы мәдениет пен интеллектуалдық әлеуметтің өзекті мәселелерін зерделеуге назар аударылған, қазақ зиялыларының тұлғалы өкілдерінің тағдыры мен ой-пікірлері құжаттық негізде ашылған.

Осы кітапта берілген пайымдаулар мен тұжырымдардың жалғастығы бірлескен авторлықтың қаламынан шыққан «Қазақстан: Тарих. Тұлға. Теория» (Алматы, 2004) кітабында жаңа көзқарастар тұрғысынан ашылады. Мұнда Қазақстан тарихы мен мәдениетінің өзекті мәселелері, ұлт зиялыларының қалыптасу үрдісін ашатын теориялық-методологиялық пайымдаулар бүгінгі қоғам сұранысына қарай зерделенген.

Л.Н. Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетіне танымал қазақ ғалымдары – Рымғали Нұрғали, Ақселеу Сейдімбек, Мырзатай Серғалиев, Қойшығара Салғараұлы, Қаржаубай Сартқожа, Тұрсын Жұртбай, Дихан Қамзабекұлы, тағы басқалар жиналған еді.

Бұл орта Х. Әбжановтың кәсіби және әлеуметтік толысуына игі ықпал еткені сөзсіз. Тамаша ғалым әрі басшы Мырзатай Жолдасбековтың бастамасымен «Күлтегін клубы» қоғамдық бірлестігі дүниеге келіп, оның жұмысын ұйымдастыруға белсене араласады. «Күлтегін клубы» ұйымдастырған кештерде қазақ мемлекеттілігі, ұлттық идея мәселелері  талқыланып, университет ұжымы алдында Әбіш Кекілбай, Мәмбет Қойгелді, Алдан Смайыл сынды азаматтар дәріс оқыды. Ақын Несіпбек Айттың «Бәйтерек» поэмасын талқылау өтті. Университет қабырғасында қызмет істеген жылдары ұстаздық пен ғылыми ізденістерін ұштастырудағы  жетістіктері үшін 2008 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» Мемлекеттік грантының иегері атанды.

Мемлекеттік тілді дамыту бағытында да мазмұнды ғылыми мақалаларымен және қоғамдық іс-шараларда белсенділігімен танылады. Оған дәлел әдебиет, тіл, тарих саласының танымал мамандары Д. Қамзабекұлы, М. Серғалиевпен бірігіп қазақ тілін өрістету туралы ойларын ортаға салған, мемлекеттік тілдің қолдану аясының кеңейтілуіне үн қосқан «Тіл саясаты: тағлым мен тәжірибе» кітабы (Алматы, 2005). Тарихи ізденістерін ана тіліміздің құдіретін дәріптеумен ұшқыр байланыстыра алған ғалым 2008 ж. «Қазақ тілінің жанашыры» Құрмет белгісімен марапатталады.

Аталған тақырыпты кеңейту тұрғысынан және Отан тарихының этномәдени қырлары, ондағы ұлт зиялыларының орны, қазақ тілі мен ономастикасының мәселелері зерделенген «Қазақстан: тарих, тіл, ұлт» (Астана, 2007) атты зерттеу еңбегі де оқырман қауымның сұранысына ие болып келеді.

Х.М. Әбжанов зерттеулерінің тағы бір қыры өзінің рухани, өмірлік ұстаздары, Қазақстанның көрнекті ғалымдары-тарихшылардың аға буын өкілдерінің еңбегіне үлкен құрметпен қарап, олардың ғылыми мұрасын зерттеуге көп көңіл бөлуі. Ғалымның жетекшілік етуімен және тікелей қатысуымен академик Рамазан Бимашұлы Сүлейменовтың өмірі мен ғылыми қызметіне арналған зерттеу жүргізіліп, соның нәтижесінде шәкірті Б. Исабекпен бірлесіп жазған «Академик Рамазан Сүлейменов» (Алматы, 2007) монографиялық еңбек жарық көрді. Онда Отандық тарих ғылымының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан тамаша ғалым, басшы, ұстаз, академик Р.Б. Сүлейменовтың өмірі мен шығармашылық тағдыры зерделенген.Р.Б. Сүлейменовтың өскен ортасы, кәсіби кемелдену кезеңдері, Қазақстан тарихнамасындағы үлесі, ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі бай құжаттық негізде талданады және ұстаздарының, әріптестерінің, шәкірттерінің тұжырымдары мен естеліктері жүйеленіп, ғылыми айналымға енгізілді.

Х.М. Әбжановтың мерзімді баспасөз беттерінде және ғылыми-тәжірибелік конференцияларда жасаған бірнеше баяндамалары қазақтың біртуар ұлдары, ұлттық ғылымның көшбасшылары болған Қ. Сәтбаев, С. Бейсембаев, М. Қозыбаев, К. Нұрпейісұлы шығармашылығына арналған.

Тұлғатану саласындағы ұзақ жылдарғы ізденістері іргелі ғылыми жобаларда, атап айтқанда «Қазақстанның көрнекті тарихшылары: тағдыры мен ғылыми мұрасы» айдарыменгранттық қаржыландырылатын жобалар негізінде өзінің жалғасын табуда.

Ұлт тарихын зерделеуде терең де жан-жақты зерттеулер жүргізіп, кейінгі өскелең ұрпаққа ата тарихы туралы келелі ой-тұжырымдарын қалдырған тарихшылар қазақ зиялы қауымының шоқ жұлдыздай жарық шоғырын құрайды. Үнемі үрдістік дамуға ұмтылып отыратын қоғамның тынысына өздерінің ой-интеллектісімен, нақтылы тұжырымдарымен ықпал ететін, сондай-ақ оның алар бағытына да әсер ете алатын негізгі күш – зиялылар қауымы. Сондықтан да зиялы қауым өкілінің тарихын зерттеу, олардың ғылым мен қоғамдағы алар орны мен қосқан үлесін саралай отырып зерделеу, тағылымдық жақтарын ашып көрсету, бағалау тарих ғылымындағы маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

2009-2011 жылдары Х.М. Әбжанов Мемлекет тарихы институтында директордың бірінші орынбасары қызметін атқарды. Бұл қауырт жұмыстар  кезеңі еді. Жас институттың ғылыми бағыт-бағдарын анықтау, кадрлық әлеуетін қалыптастыру ғылыми  зерттеулерді жүргізу күндіз-түні еңбектенуді талап етті.Нәтижесінде Ғ. Кенжебаевпен бірлесіп жазған «Тәуелсіз Қазақстан: жоғары білім, ғылым, саясат» монографиясы, авторлық ұжыммен жазылған «Қазақстан тарихы» академиялық басылымның 4-ші томындағы тараулары, Б. Аяғанмен, Д. Махатпен бірге жазған «Қазіргі Қазақстан тарихы» оқулығы, Б. Аяғанмен, С.Селиверстовпен, М. Бекеновамен бірлесіп жазған «Современная история Казахстана» оқулығы жарық көрді. Мұнда интеллектуалдық әлеуетті арттыруға бағышталған қазіргі мемлекеттік саясаттың жүзеге асу барысы, нәтижелері мен тәжірибесі бай деректік негізде зерделенеді. Білім мен ғылымда сабақтастықты сақтаудың маңызы зор екенін ашу мақсатымен кеңестік жылдардағы ілгерілеу мен іркіліске де шолу берілген. 2010-2012 жылдары әйгілі ғалымдарға арналған Мемлекеттік стипендиямен марапатталды.

Х. Әбжановтың зерттеу саласы сан-салалы. Оған жауап — отандық тарихтың танымал өкілдері Б.Ғ. Аяғанмен, А.И. Исинмен бірлескен авторлықта жарық көрген «Қазақ хандығы тарихы: құрылуы, өрлеуі, құлдырауы» (Алматы, 2011) атты бүгінгі тәуелсіз елдігіміздің тамырын құрайтын Қазақ хандығының тарихына арналған зерттеу. Онда XV-XIX ғғ. Қазақ хандығы іргелі мемлекет екендігі дәлелденіп, сол жылдары қалыптасқан қазақ елінің шекарасы, тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті бастапқы қалпында Үшінші мыңжылдыққа жеткендігі сөз болады. Басылымда Қазақ мемлекетін құру мен нығайту жолында күрескен ірі тарихи тұлғалар мен көрнекті өнер адамдарының орны да айшықталған. Ең бастысы — еңбектің мазмұны ұлттық мемлекеттілікті негіздеуге бағытталғандығы.

Ғалымның өміріндегі елеулі белес — 2011 жылдың мамыр айында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры қызметіне тағайындалды. Жаңа қызметте Х. Әбжанов мына  мәселелерді басты  орынға қойды:

–        Институттың құрылымын заманауи талаптарға сай  жетілдіру;

–        бағдарламалық-мақсаттық және гранттық қаржыландыру жобаларын өзекті мәселелер бойынша  анықтау;

–        институттың кадрлық әлеуетін күшейту, жастарды қолдау, өндірістік-еңбек  тәртібін нығайту;

–        Қазақстандағы және таяу-алыс шетелдегі әріптестермен кәсіптік және шығармашылық байланысты әртараптандыру әрі прагматикалық деңгейін көтеру;

–        ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы, этнология мен антропология салаларын барынша қолдау.

Артта қалған жылдар ішінде біршама жұмыс атқарылды. Ең бастысы – Қазақстан тарихы бойнша  10 томдықты даярлау қолға алынды. Бұл еңбекті жазуға Қазақстанның белді тарихшыларымен қоса Түркияның, Ресейдің Италияның, Францияның, АҚШ-тың ғалымдары да тартылды. Көптомдықты даярлау мәселесі Халықаралық деңгейде өткен ғылыми-практикалық конференцияларда талқылануы іргелі нәтижелер әкелді.

Институт белсенді қоғамдық позиция ұстауға көшті Қазақстан тарихшыларының Конгресін өткізуге,Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының шешімдерін жүзеге асыруға, айталық, «Қазақстан тарихы» веб-порталын түзуге лайықты үлесін қосуда. Жас ғалымдар кеңесінің, методологиялық семинардың жұмысы жанданды. Ғалымдардың ізденісіне қолайлы жағдай қалыптасуда. Антропологиялық зерттеулерге қажетті жабдықтар сатып алынды, Қытайға, Моңғолияға этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылды.

Х. Әбжанов директорлық қызметімен бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарының ауқымын кеңейте алды. Бұған айғақ-дәлел ретінде 2012 жылы «Ұлттық идея: тағдыры мен болашағы», 2013 жылы «Қазақстанның  этностары» (үш тілде) кітаптары шыққанын  айтсақта жеткілікті.

Бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы тығыз әрі жан-жақты.  Олардағы айтылған ойлары мен практикалық ұсыныстары жұртшылық көңілінен шығып жатты. Мәселен, 2006 жылы жоғары оқу орындарында «Қазақстан тарихы» пәні бойынша қабылданып келген мемлекеттік емтихан тоқтатылған еді. Ұлт тарихына кереғар шешімге алғаш қарсы шыққан адам  Х. Әбжанов болды. Оның «Егемен Қазақстан» газеті бетінде жарияланған «Төл тарихымызды тұғырдан тайдырған кім?» мақаласы қоғамдық пікірге қозғау салып, көп ұзамай мәселенің оң шешілгенін әріптестері ұмыта қойған жоқ. «Қазақстан тарихы» пәнінен мемлекеттік емтихан алу қалпына қайта келтірілгенде жұртшылықтан сүйінші сұрап, «Төл тарихымыз тұғырына қайта қонды» деген мақаласын жазған да  өзі болатын.

Х. Әбжановтың жетекшілігімен даярланған 15 ғылым докторлары мен 40 ғылым кандидаттары еліміздің түпкір-түпкірінде еңбек етіп жүр. Демек, ғалымның өз мектебі, дәстүрі қалыптасқан. Шәкірттері қазақ зиялылары мен  мәдениетінің, ұлттық-мемлекеттік құрылымымен шекарасын, өлкетануы мен тұлғаларын зерттеумен айналысады.

Х. Әбжановтың есімімен зерттеулері таяу-алыс шетелдерге жақсы таныс. Кітаптары мен мақалалары орыс, ағылшын, қытай, түрік, араб, т.б. тілдерде жарық көрген. Ол Ланжау университетінде, Пекиндегі әлемтарихы ғылыми-зерттеу институтында дәріс оқыды.

Х.М. Әбжанов ғылыми, ғылыми-ұйымдастырушылық және педагогикалық қызметтерімен қатар мемлекеттік және қоғамдық өмірге де белсенді араласып келе жатқан ғалым. 2013 ж. 28 ақпанда ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі болып сайланды. ҚР Үкіметі жанындағы мемлекеттік ономастикалық комиссия мүшесі, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Қазақстандағы Ұлттық комиссия мүшесі, Қазақстан тарихшылары Ұлттық Конгресі төрағасының орынбасары қызметтерін атқаруда.

Х.М. Әбжанов 600-ге жуық ғылыми және ғылыми-көпшілік зерттеулердің, оның ішінде 10-нан астам монографиялық еңбектің және оқу құралдары мен оқулықтардың авторы. Бұларда ел мен жердің, мәдениеті мен интеллигенциясының тарихи тағдыры, мәселені зерттеудің теориялық-методологиялық негіздері және ұстанымдары, Отан тарихын дәуірлеудің, ұлттық идея мен элитаның, тұлғатанудың өзекті мәселелері көтерілген. Байырғы түркі қоғамының тарихи ой-санасы, әлеуметтік-мәдени құндылықтары, қазақ зиялылары тарихының бастапқы кезеңі, кеңестік Қазақстан мәдениетінің эвфемистік болмысы, мәдени мұра және тәуелсіздік тағылымы мен тәжірибесіне қатысты зерттеулері, ой-түйіндері, тұжырымдары тарих «ақтандақтарын» жоюға қосылған үлес.

Х.М. Әбжанов ғылыми-педагогикалық жұмыстарға да көп назар аударып келеді. Әр жылдары докторлық диссертация қорғататын диссертациялық кеңестің мүшесі, кандидаттық диссертация қорғататын диссертациялық кеңестердің төрағасы, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінде тарих ғылымдары бойынша сараптау кеңесінің төрағасы болды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұзақ жылдардан бері дәріс беріп, аспиранттар мен докторанттардың, магистранттардың ғылыми жұмыстарына жетекшілік етті. 2004 жылдан бастап «Қазақ тарихы» журналы ақылдастар кеңесінің мүшесі, 2011 жылдан Институт жанынан шығатын «Отан тарихы» ғылыми журналының бас редакторы. Сондай-ақ көптеген отандық тарихтың өзекті мәселелерін қамтитын монографиялар мен тақырыптық, халықаралық конференциялар жинақтарының редакторы.

Осылайша Х.М. Әбжанов тәуелсіз Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттейтін өз ғылыми мектебін қалыптастырып, отандық ғылымның дамуына үлес қосуда.

Х.М. Әбжанов еңбектерінің негізгі мазмұны жалпыұлттық татулық пен Қазақстан халықтарының бірлігін нығайтуға, өскелең ұрпаққа рухани және патриоттық тәрбие беруге, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан -2050 Стратегиясындағы» және биылғы маусым айындағы Елордада өткен бірлескен ведомствоаралық мәжілісте талқыланып, жүзеге асырыла бастаған «Халық тарих толқынында» мемлекеттік бағдарламасындағы идеяларды жүзеге асыруға бағытталған.

Х.М. Әбжановтың отандық тарих ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі мемлекеттік марапаттармен атап өтілген. «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен (2003, 2007); «Қазақ тілінің жанашыры» Құрмет белгісімен (2008); «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атағымен (2008); «10 жыл Астана» медалімен (2008); «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011); «Халық революциясына — 90» (Моңғолия) мерекелік медалдарымен марапатталған.