Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

І-ші Нүсіпбеков оқулары


13 желтоқсанда институтта  «І-ші Нүсіпбеков оқуларының» «Академик А. Нүсіпбеков және ұлттық тарихты зерттеу» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Маман тарихшылар мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысқан қатысқан конференцияның жұмысы барысы белгілі тарихшы А. Нүсіпбековтің өмір жолдары мен шығармашылық қызметіне арналды.

Конференция жұмысы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.М. Әбжановтың кіріспе сөзімен ашылды.  Бас баяндама жасаған  Х.М. Әбжанов академик А. Нүсіпбековтің Ш. Уәлиханов атындағы институттағы ғылыми қызметін саралап, Отандық тарих ғылымындағы рөліне баға берсе, академик М. Асылбек оның өмір жолдарындағы қиындықтар мен жетістіктеріне, тарих ғылымы саласына қосқан үлесіне, қазақ ұлт мәселелеріне қатысты ұстанымына  тоқталды.

Ғұлама ғалым Е.Бекмахановтың орыс отарлауының бастапқы кезеңіндегі Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстарға арналған «ХІХ ғасырдың 20-40-шы жылдарындағы Қазақстаны» 40-50-ші жылдары «зиянды»  еңбек делініп, сол кезде тарих институты партия ұйымының хатшысы болған А.Нүсіпбековтің Кенесары қозғалысы мен Е.Бекмаханов туралы жағымды пікірін жоққа шығарып,  «ұлтшыл» деген айып тағылған еді. Осы мәселе төңірегінде сөз сөйлеген ғалым Зардыхан Қинаятұлы Ақай Нүсіпбекұлының бұл кітапты талқылаудағы ұсытанымын айғақтай отырып, кеңестік жүйе қысымының ғалымның өміріне де нұқсан келтіргендігін атап өтті.

А. Нүсіпбековтің тарих ғылымындағы еңбектеріне қатысты баяндама жасаған тарих ғылымдарының докторы С.О. Смағұлова ХХ ғасырдағы саяси оқиғаларды зерттеуде ғалымның еңбектерінің аса маңыздылығын, кеңестік билік тұсындағы оқиғалар мен өткізілген түрлі науқандарды өз көзімен көріп, олардың тарих бетттерінде шынай түрде зерделенуіне елеулі үлес қосқандығын нақтылады.

Қазақстан тарихындағы ортағасырлық мәселелердің кеңес кезеңіндегі зерттелу барысына тоқталған ғалым Н.Ә. Атығаев та А. Нүсіпбековтың тарихи еңбектерін саралай келе, бұл еібектердің Отан тарихы үшін маңызының құндылығын және зерттеуші ғалымдардың пайдаланымдылығында екендігін айтты.

А. Нүсіпбековтің өмір жолдары мен қоғамдық  қызметін қатысты тарих ғылымдарының докторы, профессор У.Х. Шәлекенов те ой бөлісті. Ғалымның қызы Д.А. Нүсіпбеова,  туысы М. Нүсіпбекова да оның жеке өмірінің кейбір қырларын  әңгімелеп берді.

Конференцияда болашақта А. Нүсіпбековтің өмірі мен қызметіне, тарихи еңбектеріне қатысты көпшілікке арналған кітап шығару, жыл сайын Нүсіпбеков оқуларын өткізу жөнінде шешім қабылданды.