Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Ш.Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫ ЖҮСІП БАЛАСАҒҰН АТЫНДАҒЫ ҚЫРҒЫЗ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІМЕН БАЙЛАНЫС ОРНАТТЫ: ҚАЗАҚ – ҚЫРҒЫЗ ТАРИХШЫЛАРЫНЫҢ «ЖАЗҒЫ МЕКТЕБІ» ӨТТІ


Маусым айының жиырма жетісінен шілденің бірі (27.06.2023 – 01.07.2023) аралығында Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық Университеті мен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен қазақ – қырғыз тарихшыларының «жазғы мектебі» өтті. Жиырма жетісі күні Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық Университетінде ғылыми конгресс ашылды. Конгрессті Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңесінің депутаты Жанарбек Кубанычұлы Акаев ашты. Ж. К. Акаев қазақ – қырғыз ғылыми байланысын арттыруды қолға алу керектігін, алты ай ішінде ынтымақтастықтың қарқынды ілгерілегендігін, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтің де Бішкекке іс-сапармен келіп кеткендігін тілге тиек етті. Қырғыз Республикасының Президентіне қарасты «Мурас» қорының төрағасы Қыяс Саттарұлы Молдокасымов «Манас жырын» алғаш қағаз бетіне түсірген Ш.Ш.Уәлиханов жайлы сөз қозғап, Ш.Айтматов пен М.Шахановтың достығы, Жамбыл мен Тоқтоғулдың мәмлесі бізге үлгі болу керектігін жеткізді.  

Конгресс барысында Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық Университетінің студентіне Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының стипендиясын институт директоры, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі т.ғ.д., профессор, Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов табыстады. Сондай-ақ, институт директоры МҚБ мен академиялық көптомдық басылымының жұмыс барысынан хабар беріп, кітаптар табыстады.  

Пленарлық жиында К. Дикамбаева атындағы Дипломатиялық академияның проректоры, т.ғ.д. профессор Зайнидин Карпекович Курманов конгресстегі сөйлеген сөзінде қазақ пен қырғыз халықтарының 3000 жыл бойы бірге жасап келгендігін, қырғыз зиялыларының да «Алаш» құрамында болғандығын, оның ішінде И.Жайнасовтың ерен еңбегін де атап өтті. Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық Университетінің ректоры, ҚҰ ҒА-ның корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор, Төлөбек Абылұлы Абдырахманов конгрессе келген қонақтарғы алғысын білдіріп, қазіргі таңдағы Қырғызстандағы тарих ғылымының өркендеуі жайлы сөз қозғады.

Қазақстан тарапынан «Мемлекеттік тарихы институтының» директоры Бүркітбай Ғелманұлы Аяған қазақ –қырғыз тарихшыларының ықпалдасуын, ғылыми бағытта бірлесе зерттеулер жүргізу ұсыныстарын айтты. Соның бірі ретінде, «ашаршылық бойынша ғылыми жинақтың» дайындалып жатқандығынан хабар берді. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, т.ғ.к., Шәмек Баянұлы Тілеубаев 1916 ж. көтеріліс жайлы атап өтіп, тағдырлас, бауырлас халықтардың тарихтағы көтерген жүгінің ауыр болғандығын мұрағаттық ғылыми дәйектермен баян етті. Сонымен қатар, т.ғ.к., аға сарапшы Әуезхан Кәдіржанұлы Шашаев «Талап» қоғамындағы қазақ–қырғыз зиялыларының қызметі жайлы баяндама жасады.

Қырғыз Ұлттық Университетінің ректоры, ҚҰ ҒА-ның корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор Төлөбек Абылұлы Абдырахманов конгресстің қорытынды сөзінде «Манастану», «Шоқантану» сынды ғылыми зерттеу бағытын дамытуды ұсынды. Сонымен қатар, бүгінгі таңдағы қырғыз диаспоралары жайлы өз пікірлерімен бөлісті. Сөз соңында ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі т.ғ.д., профессор, Зиябек Ермұханұлы Қабылдиновке Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық Университетінің құрметті профессоры атағы берілді.

Ыстықкөлде өткен қазақ – қырғыз тарихшыларының жазғы мектебі маусым айының жиырма сегізі күні де (28.06.2023) 2 секциямен өз жалғасын тапты. Модератор ретінде институтымыздың директоры т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов болса, Қырғызстан тарапынан Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық Университетінің тарих жаңа өлке тану институтының директоры т.ғ.д., профессор Сырдыбаев Туратбек Токтобекович  болды. Институтымыздың директоры т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов конгресске келген ғалымдар делегациясын таныстырды. Екінші секциялық жиынның сөз басын Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімі меңгерушісі, жетекші ғылыми қызметкер, т.ғ.к. Ғалия Айтжанқызы Шотанова алды. «Бөкей Ордасындағы қазақтар: дәстүрлі қоғамның модернизациясы» тақырыбында, осы бөлімнің аға ғылыми қызметкері Рашид Ешенұлы Оразов «ХХ ғ. басындағы Жетісулық Алаш зиялыларының саяси қызметі» тақырыбында, архивтік деректермен баяндама жасады. Тақырыптар талқыланып, пікірлер ортаға салынды. Бауырлас екі елге ортақ тарихи-мәдени құндылықтар жайлы ой пікірлер айтылды. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бір топ жас ғалымдары Қырғызстандық жас тарихшылармен байланыс орнатты. Институт директорының кеңесшісі PhD Олжас Бекенұлы Қуанбай «Тарихымызды әлемге танытуда шет тілдерінің маңыздылығы: тиімді әрі тез үйрену жолдары» тақырыбын көтеріп жастармен өз ой пікірлерімен бөлісті. 

Маусым айының жиырма тоғызы күні де (29.06.2023) Бостерідегі пансионатта үшінші секция өз жұмысын жалғастырды. Модераторлар Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазақстанның жаңа заман тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері, жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Аман Дәулетұлы Күнекеевке сөз кезегін ұсынды. А.Д. Күнекеев қырғыз-қазақ бауырластығынаның тарихи-мәдени саласынан сөз қозғады. Тарихта өткен дәулескер күйші Қожеке Назарұлының «Бес жорға», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйлерін орындап екі елге ортақ тарихынан сыр шертті. Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы ретінде Аман Дәулетұлы Күнекеев Қырғызстандық жастарды бірлесе ғылыми байланыс орнатуға шақырды. Келер жылғы «жазғы мектеп» қалай ұйымдастыруға болатындығы жайлы жоспарларымен бөлісті. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Этнология және антропология бөлімінің кіші ғылыми қызметкер, PhD докторанты Нұрлыбек Айдарбекұлы Досымбетов этнология саласындағы қазақ ескерткіштану орталығының ашылуы, этнология бөлімінің Моңғолия, Өзбекстан секілді мемлекеттерге жасалған экспедициялардан тың, қызықты ақпараттармен бөлісті. Қырғызстан тарапынан Б.Т. Тұрысбеков атындағы КМДТСА-ның магистранты Б.С. Сағыналиевич  ұлттық ойын түрлері мен көкпар тарихы жайлы айтты. Сонымен қатар, қырғыз ғалымдары сопылық дәстүр жайлы, қырғыз дүниетанымындағы Қамбар ата түсінігінің философиялық мәнін ашты.

Ғылыми конгресстің жалғасы ретінде маусым айының 30-ы күні де жастарға сөз берілді. Институтымызды кіші ғылыми қызметкері А.С. Тылахметова екі елдің бауырластығы мен тарихи байланысын архивтік деректермен атап өтті. Институтымыздың ғалым хатшысы Н.Н. Құрманалина қазақ–қырғыз тарихшыларының байланысы ғылыми жобалар арқылы іске асыруға болатындығын айтты. Сонымен қатар, Н.Н. Құрманалина Қазақстан тарихының жеті томдық академиялық басылымының дайындалу барысын, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында жас ғалымдарға ерекше көңіл бөлінгендігін, қырық жасқа дейінгі жастар да өз жобаларын ұсынып, ғылыми іс-сапарлар мен экспедицияларға шыға алатындығын да тілге тиек етіп, қырғызстандық жас ғалымдарға бірлесе ғылыми ынтымақтастық жасауға шақырды. 

Жазғы мектептің қорытындысы бойынша екі жақ тараптан да төмендегідей нақты ұсыныстар айтылды:

  • Шетел архивтеріндегі қазақ–қырғыз зиялылары жайлы деректерді топтастыру;
  • Қазақ–қырғыз ғалымдары бірлесе мақалалар жазып, зерттеу жүргізуді қолға алу;
  • Қырғыз–қазақ ұлттық этнографиялық ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ғылыми зерттеу бағыты ретінде қолға алу;
  • тарихшыларының ортақ ғылыми базасын жасау;
  • Қырғыз–қазақ халықтарына ортақ мақал-мәтелдер жинағын шығару;
  • Қырғыз–қазақ ЖОО магистранттары мен докторанттарын алмасу ісін қолға алу;
  • Екі ел бірлесе отырып ғылыми тағылымдамалар мен экскурсиялар ұйымдастыру;
  • Қазақ–қырғыз архивтік материалдарын даярлауды жолға қойып, құжат алмасуды ғылыми айналымға түсіру; 
  • Бірлескен жобалар ұсыну талқыланды;
  • Қазақстанда жарияланатын ғылыми жобалар жарысына қырғыз ғалымдарын да тарту жайлы ұсыныстар айтылды; 
  • Бірлскен ғылыми конференциялар өткізіп тұру;
  • Институт базасында Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық Университетінің өкілділігі ашылатындығы айтылды;  
  • Келесі «Жазғы мектепті» қалай ұйымдастыру керектігі талқыланды.

Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңесінің депутаты Жанарбек Кубанычұлы Акаевқа, Білім және ғылым министрі Қаныбек Қапашұлы Иманалиевке, Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА-ның мүше-корресспонденті, т.ғ.д., профессор Төлөбек Абылұлы Абдырахмановқа бауырлас елдердің ғылыми, мәдени байлынысының нығаюына қосқан үлесі үшін алғысымызды білдіреміз.

Институт директорының кеңесшісі PhD, Олжас Бекенұлы Қуанбай