Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Ш.Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫ ІРІ МЕДИА ХОЛДИНГПЕН БАЙЛАНЫС ОРНАТТЫ


ҚР ҒЖБМ ҒК, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері, директор кеңесшісі Олжас Бекенұлы Қуанбай мен «Ежелгі және ортағасырдағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің» кіші ғылыми қызметкері Елдос Сауырқан 17 шілде 2023 ж. БАҚ-пен ынтымақтастықты арттыру мақсатында ЖШС «Alatau Aqparat» Медиа холдинг директоры Ержан Қалымбайұлымен ресми түрде жүздесіп қайтты.  

Институт директорының кеңесшісі О.Б. Қуанбай ЖШС «Alatau Aqparat» Медиа холдинг директоры Е. Қалымбайұлына институт директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдиновтың ресми ынтымақтастық хатын табыстап, естелік кітаптарын сыйға тартты.   

Қос тарап та ұлттық құндылығымыздың қалпына келіп, тарихи жадымыздың жаңғыру жолында БАҚ пен тарих ғылымы ретінде бірлесе еңбек ету керектігін атап өтті. Сондай-ақ, институт делегаттары қазақ халқының руһани тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын сақтауда тарих ғылымының ел ертеңі үшін айрықша маңыздылыққа ие екендігін де жеткізді. Осы орайда, төртінші билік саналатын БАҚ-тың қастерлі Отанымыздың тарихын насихаттауда ерекше орынға ие екендігі де назардан тыс қалмады.  

Халқымыздың тамыры терең тарихын ел жадында жаңғырту жолында, институт ғалымдары ұжымының құнды мұрағаттық деректер негізінде жазылған тың ғылыми мақалаларын қалың оқырман назарына ұсынып, бұқара қауымға жеткізуде ауқымды ақпарат айдынына ие Медиа холдинг қол ұшын созуға өз келісімін берді.

Алдағы уақытта ЖШС «Alatau Aqparat» Медиа холдингіне қарасты «Almaty Aqshamy», «Вечерний Алматы» басылымдары мен www.almaty-akshamy.kz және www.vecher.kz сайттарына институт ұжымы қазақ-орыс тілдерінде мақалаларын жіберіп отыруларына болады.    

ҚР ҒЖБМ ҒК, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының кеңесшісі PhD. О.Б. Қуанбай