Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ФРАНЦИЯДАҒЫ «МҰСТАФА ШОҚАЙ ФРАНЦУЗ-ҚАЗАҚ ДОСТЫҚ АССОЦИЯЦИЯСЫ» ПРЕЗИДЕНТІМЕН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ 


Бүгін тамыз айының екінші жұлдызында Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Франция, Парижде орналасқан «MOUSTAPHA TCHOKAI ASSOCOATION D’AMITE FRANCO-KAZAKH» ұйымымен меморандумға отырды. Қос тарапты кездесу барысында бірталай тақырыптар қозғалып, еліміздің ертеңіне қатысты жоспарлар да талқыланды. Париждегі «МҰСТАФА ШОҚАЙ ФРАНЦУЗ-ҚАЗАҚ ДОСТЫҚ АССОЦИЯЦИЯСЫ» президенті Yasar Dinc мырза Мұстафа Шоқай өмірінен естеліктер айтып, Парижде даңқты атамыз атындағы көше ашылғандығын, франциядағы қазақ диаспорасының жай-жапсарынан хабардар етті. Еуропа төрінде қазақтың қамын ойлап, тіл мен мәдениеттің ұйытқысындай болған ұйым да өздерінің әлеуметтік мәдени іс-шараларының қалай өтетіндігін баяндап берді. Өз кезегінде институт директоры т.ғ.д. профессор З.Е. Қабылдинов та институтымыздың ғалымдар ұжымы шығарған бірқатар ғылыми еңбектермен таныстырып, институт жетістіктерімен бөлісті. Сонымен қатар, институт ұжымында жан-жақты көп салалы білікті мамандыр қызмет ететіндігін де атап өтті.    

Қол қойылған меморандум аясында Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен «MOUSTAPHA TCHOKAI ASSOCOATION D’AMITE FRANCO-KAZAKH» ұйымымы тарапынан төмендегідей ұсыныстар айтылды: 

  1. Франциядағы архивтерден қазақ тарихына қатысты құжаттарды тауып,  институтқа табысталуын қолға алу;
  2. Париж қаласында М.Шоқайдың мұражайын ашу;
  3. М.Шоқайдың мұрағаттағы фотолары мен қолжазбаларын институтқа тапсыру;
  4. Қазақстан тарихының жетітомдығының алтыншы томындағы М.Шоқайға қатысты мәтінге тың ақпараттар қосу;
  5. Қысқаша қазақ тарихы кітабын француз тіліне аударып, Еуропа жұртшылығына қазақ тарихы мен мәдениетін насихаттау;
  6. Жыл сайын Франциядағы қазақ балаларын тарихи Отандарына жіберіп тұруды қолға алу; 
  7. Екі жақты меморандум аясында тарихи-мәдени байланыстарды нығайтуға күш салу; 
  8. Жоғарыда аталған бірқатар бағытта ел ертеңі үшін т.б. маңызы бар мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, Мұстафа Шоқайдың мол мұрасын зерттеп, оны бұқара халыққа кеңінен тарату секілді кешенді ғылыми ізденіс әлі де қажет деп білеміз. Ұлтымыздың маңдайына біткен М.Шоқайдай біртуар жарық жұлдыздардың атын алтын әріптермен ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде институтымыз әлем елдерімен байланыс орнатып, өткенімізді өңгеріп, жоғымызды түгендеуде тасқа тамыр біткенше еңбек ете бермек.   

Кездесу өте нәтижелі өтіп, өзара мүдделі тараптар тарихи мұрамызды жаңғыртуда бірлесе қызмет етуге ниетті екендіктерін білдірді. Алыстан келген қонақтарға институт атынан ғылыми кітаптар сыйға тартылып, алдағы уақытта тығыз байланыста болуға уағдаласты. 

ҚР ҒЖБМ ҒК, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының кеңесшісі Олжас Бекенұлы Қуанбай