Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ЖАПОНИЯНЫҢ 「中央大学総合政策学部」ЧУО УНИВЕРСИТЕТІНЕН ҒАЛЫМДАР КЕЛДІ


Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына тоғызыншы тамыз 2023 ж. Жапонияның「中央大学総合政策学部」Чуо университеті, саясат менеджменті факультетінен Сібіртанушы-этнолог, профессор伊賀上菜穂 Игауэ Нахо мен орыс әдебиеті мен мәдениетін зерттеуші PhD докторант安島里奈 Аджима Рина ғылыми ізденіс іс-сапарымен келді. Ресей тарихы мен мәдениетін зерттеуші күншығыс елінің ғалымдары зерттеу алаңына қатысты қызықты ғылыми ақпараттарымен бөлісті.  

Жапондық ғалымдар сонау 1651-1660 жылдары Мәскеу патриархы Никон мен Алексей Михайлович Романов патша жүргізген орыс шіркеуінің литургиялық тәртібін Грек және Константинополь шіркеуімен біріктіру мақсатында жүргізген шіркеу реформасына қарсы болған орыс православие дәстүріне сай «старообрядчество» діни ағымдары мен ұйымдарының жиынтығы жайлы зерттеу жүргізуде. Осы мақсатта ҚР-ның стратегиялық іргелі зерттеу ордасы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғалымдарынан құнды ғылыми кеңес алып, Қазақстандағы Ресейтанушы ғалымдармен жолыққылары келетіндіктерін де жеткізді.  

Сондай-ақ, Сібіртанушы жапондық ғалымдар өткен жылы аталмыш ғылыми тақырып аясында АҚШ зерттеушілерінің де Риддер қаласы мен Бұқтырма өзен торабы маңайына көпкүндік эекспедиция ұйымдастырып кеткендерін тілге тиек етіп, жапондық ғалымдар да ірі зерттеу зүргізгілері келетіндіктерін де айтты.

Институт тарапынан директордың ғылым жөніндегі орынбасары, т.ғ.к., Ш.Б.Тілеубаев институтымыздың бірталай ғылыми жетістіктерін атап өтіп,  «Алаш Орда» үкіметі мен «Мейджи дәуірінің» ұқсас прогрессивтік идеяларымен бөлісті.  Қазақ даласындағы жапондардың қолтаңбасы ретінде ҚР ҰҒА қабырғасын жапондық әскери тұтқындар салғаны жайлы қысқаша тарихына шетелдік әріптестер ерекше рухани тебіреніспен ден қойды. Алдағы уақытта қос тараптық меморандумға қол қойып, ынтымықтастықты нығайту да қостарапты кездесу тақырыбынан тыс қалмады.  

  Кездесу соңында институт басшылығы этнолог, профессор伊賀上菜穂 Игауэ Нахо ханым мен орыс әдебиеті мен мәдениетін зерттеуші PhD докторант安島里奈 Аджима Рина ханымға институт атынан естелік кітаптарын сыйға тартты.         

ҚР ҒЖБМ ҒК,

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институты

директорының кеңесшісі

Олжас Бекенұлы Қуанбай