Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ОРТАЛЫҚ МУЗЕЙДЕ КОНСТИТУЦИЯ КҮНІНЕ ОРАЙ «ҰЛТ МҰРАСЫ – РУХАНИЯТ ӨЗЕГІ» КӨРМЕСІНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ


Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталык музейінде Қазақстан Республикасының Конституция күні мерекесіне орай 2023 жылдың 25 тамызы күні «Ұлт мұрасы – руханият өзегі» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Көрменің мақсаты – мәдени құндылықтарды халық игілігіне қайтару бойынша құқық қорғау органдары мен музей тарапы атқарған жұмыс нәтижелерімен қала тұрғындары мен қонақтарын таныстыру.

Жиынға Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнологи институтының директорының қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары Абдулина А.Т. және баспасөз хатшысы Бурибаева Г.Т. қатысты.

Шараның ашылу салтанатында ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Харипова Рашида Ерімқызы және Алматы қаласы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Асқарұлы арнайы сөз алып жиналған қауымды Тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры Конституция күнімен құттықтады және қайтарылған құндылықтардың музей қоры үшін қаншалықты бағалы екенін тілге тиек етті.

Сондай-ақ мәдени құндылығы бар заттарды музей қорына өткізуте үлес қосқан Мемлекетік мүлік және жекешелендіру комитетінің Алматы қаласы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Асқарұлы, Алматы қаласы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы Ерлан Берікбекұлы және Экономикалық тергеу департаментінің подполковнигі, тергеуші Нұрлан Әнуарұлы мен аға тергеуші Гүлнар Самарбекқызы ҚР Мәдениет және спорт министрі Оралов Асхат Раздықұлының алғыс хатымен марапатталды.

Көрермен назарына белгілі суретшілер Н.Г. Хлудовтың «Егіндікті суару», Ж. Шарденовтың «Талтүс», «Таулар», «Кеш» А. Ғалымбаеваның «Натюрморт», И. Исабаевтың «Абай», С. Айтбаевтың «Жұмысшы», «Оралу», С. Калмыковтын «Аида», сынды шығармалары, сонымен қатар XVII- XX ғғ. шетел және орыс бейнелеу өнері өкілдері Герард Дау, Л. Бурз, Ф. Рубо, Р. Зоммер секілді суретшілерінін тундылары ұсынылды. Олардың қатарында голландтық кескіндеме өнерінің Алтын ғасыр шебері эрі Рембрандт ван Рейннің тұңғыш шәкірттерінің бірі Герард Даудың «Скрипкашы» картинасын ерекше атап өткен жөн. Сонымен қатар көрмеге «Forbes Kazakhstan» журналына жариялаған үздік ондықтағы бес суретшінің жұмысы да қойылды.

Келушілер назарына «гурда», «шамшир» «ятаган», «канжар» сияқты суық қару үлгілері мен қорғаныс жарақтарын ұсынды. Сондай-ақ қару-жарақ жасау ісінің шебері Матья Баркер шамамен 1774-1776 жж. Бирмингемде (Англия) жасап шығарған «Washington and Lee» қос тапаншасы келушілердің зор қызығушылығын тудырғаны сөзсіз.

Асыл тастар және бағалы металдармен көмкерілген Карл Фаберже зергерлік үні туындыларының жауһарлары – ішінде тосын сыйы бар, гильоширлі суреттер және алмаздармен безендірілген пасха жұмыртқалары, бағалы әшекейлер сақтауға арналып табиғи нефриттен жасалған қобдиша да келушілердің ерекше назарын аударды.

Музей қорына құқық қорғау органдарының тарапынан 360 зат өткізілген. Оның 100 данасы картиналар. Ал экспонаттардың жалпы құны 360 млн теңгеден астам қаражатты құрайды.

Көрме 2023 жылдың 14 қыркүйегіне дейін жалғасады.