Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

МОҢҒОЛ-ҚАЗАҚ ТАРИХ ҒЫЛЫМЫ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТЫЛДЫ


Қазақстан Респубиликасы Ғылым және Жоғары Білім Министрлігі Ғылым Комитеті Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері, атап айтқанда институт директорының сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары т.ғ.к., PhD Ж.Ж. Жеңіс, сонымен бірге Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің ғылыми қызметкерлері т.ғ.к., Ж. Ошан мен Е. Сауырқан 24 тамыз – 4 қыркүйек арасында Моңғол Халық Респубиликасында ресми іссапарда болды.

Іссапардың бірінші күні Моңғолия Ғылым Академиясы Тарих және этнология институтының директоры Цегмед Церендоржпен жүздесіп, іссапардың басты мақсаты түсіндіріліп, институт директоры т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдиновтың сәлемі мен ұсыныстары жеткізілді. Сонымен бірге, институтымыз тарапынан айтылған ұсыныс пікірлерді талқылай келе доктор Ц. Церендорж моңғол тарапынан 3 біріккен ғылыми жобалардың тақырыбын ұсынды. Бұдан өзге, біздің институтпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Ғылыми іссапардың одан кейінгі бөлігі Моңғолия Мемлекеттік Архивінде, Шыңғыс хан музейінде, UNESCO ұйымының Көшпенділер Өркениетін зерттеу орталығында және Баян-Өлгий аймақтық мәдениет басқармасы мен Улан-Батор іргісіндегі Тоныкөк ескерткіші кешенінде және Қарақұрым даласындағы Күлтегін, Білге Қаған ескерткіштері көрмесі мен Хэнтей аймағы Шыңғыс Хан қаласындағы музейлерде жалғасын тапты.

Іссапар жоспарына сәйкес бұрын соңды жарияланбаған еліміздің түрлі тарихы кезеңдері мен тарихи тұлғаларына қатысты тың архивтік деректер мен тарихи суреттер алынды. Сонымен бірге екі елде жарық көрген ғылыми еңбектер өзара алмастырылды. Ғылыми іссапар барысында, Моңғолияның ғылыми мекемелеріне Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының нәтижелі жұмыстары жан-жақтылы таныстырылды және моңғол ғалымдарымен ортақ ғылыми зерттеу тақырыптары анықталып белгіленді. Сондай-ақ, институтымызда шығатын «Отан тарихы», «e-history» ғылыми басылымдарына моңғол тарихшыларының еңбектерін,  Моңғолия Ғылым Академиясы Тарих және этнология институтының хабаршысы мен UNESCO ұйымының Көшпенділер Өркениетін зерттеу орталығының «Nomad studies» журанлына институтымыздың ғалымдарының мақалаларын жариялау туралы келісімге келдік.

Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Е.Сауырқан