Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ҚР ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ ӘЛІМҒАЗЫ ДӘУЛЕТХАННЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ


15 қыркүйек 2023 жылы ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, Әлімғазы Дәулетханның 80 жасқа толуына орай “ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТАҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА ТАРИХИ МӘСЕЛЕЛЕРІ” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға 50-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында, мерейтой иесінің етжақын туыстары және Қазақстанның белгілі ғалымдары, академиктер, ғылым докторлары мен ақын, жазушылар сондай-ақ, Қазақстан Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының профессорлары қатысты.

Әлімғазы Дәулетханұлы 1943 жылдың 15 қыркүйегінде ҚХР ШҰАР-ның Іле Қазақ автоном облысына қарасты Күнес ауданының Түрген ауылында мұғалім отбасында дүниеге келді. 1952-1962 жж. аудан орталығы Бестөбедегі 10 жылдық мектепті бітірген. 1961-1966 жж. Үрімжі қаласындағы Шынжаң университетінің Қытай тілі-әдебиеті факультетінің студенті. 1966-1968 жж. Қытайда жүрген «Мәдениет төңкерісі» барысында саяси қудалауға ұшырады. Соңынан «Көтерілісші екінші штаб» деген бұқаралық ұйым жұмысына белсене араласып, оның басшыларының бірі болды. 1967 ж. мамыр-маусым айларында «Көтерілісші екінші штабтың» 9 адамдық арнайы делегациясы құрамында Бейжиңде болып, Шынжаңдағы шағын ұлттар мүддесінің төмендетіліп отырғанына байланысты мемлекет басшылармен өткізілген кездесулерге қатысады. Осы кездесуде ШҰАР (СУАР) парткомитетінің І хатшысы Уаң Ынмаудың Ұлы хандық шовинизмін әшкерелейтін материалдарды орталық билікке тапсырады. 1968 ж. қыркүйегінде бүкіл Қытайдың «Зиялыларды еңбекпен қайта тәрбиелеу»дейтін саяси науқаны барысында Бұратала Моңғол автономды облысына қарасты Арасан ауданына жер аударылып, оның Аққой фермасының 10-бөлімшесінде жылқышы болып істейді. 1969 ж. 2 сәуірінде бір топ жолдастарымен бірге Қазақстан шекара бекетіне қашып келеді. 1970-1972 жж. Көкшетау облысы Уәлиханов ауданының «Золотая Нива» совхозына жер аударылды. Осы ауданның «Қазанқап» бөлімшесінде қойшының көмекшісі, тракторшы және әр түрлі қара жұмыстарға жегіліп, бір совхоз көлемінен шығуға болмайтын паспорттық режимде өмір сүреді. 1972 ж. қаңтарында өкімет орындарының арнайы рұқсаты бойынша Шымкент қаласына қоныс аударады. 1972-1976 жж. Шымкент қаласындағы М.О. Әуезов атындағы Педагогикалық институттың «Қазақ тілі-әдебиеті» факультетінде оқып, оны «қазақ тілі-әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша ойдағыдай бітіреді. 1976-1989 жж. «Лицо безгражданство» шарты бойынша сол тұстағы Бөген ауданы (қазіргі Ордабасы ауданындағы) №146 СКТУ-да (СПТУ) қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. 1978 ж. «Жалын» баспасынан «Сырымды айтам» атты повестер жинағы жарық көреді. 1986 ж. азаматтық төлқұжат алады. 1989 ж. соңында Алматыға қоныс аударады. 1989-1992 жж. Қазақ теле-радио комитетіне қарасты «Алатау» каналында тележурналист. 1992 ж. Түркия елінде үш айлық тіл курсында оқыды. 1993-1994 жж. «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында» бас маман. 1993 ж. «Жұлдыз» журналының №2 санында «Тұтқын жолаушы» атты әңгімесі жарияланады. 1994 ж. «Жұлдыз» журналының №5-6 санында «Мағжан және қазақ поэзиясы» атты көлемді зерттеу мақаласы жарияланды. 1994-1997 жж. Халықаралық «Zaman-Қазақстан» газетінде аудармашы әрі журналист. 1997 ж. қаңтарынан бүгінге дейін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінде» кіші ғылыми қызметкер одан аға ғылыми қызметкер, бүгінгі күні жетекші ғылыми қызметкер болып істеп келеді.

Конференция модераторлығын М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, филол.ғ.д., профессор Матыжанов Кенжехан Сләмжанұлы және Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, аға сарапшы,  т.ғ.к., Шашаев Әуезхан Қадыржанұлы жүргізді. Сонымен бірге, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы арнайы құттықтау сөзін жолдады және Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к., Жұмаділ Арман Қабдешұлы мерейтой иесінің өмірі мен өнегелі істеріне арналған“Тағдырға бас имеген ғалым” атты бас баяндамасын оқып берді. Одан кейінгі құттықтау сөздерін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Билялов Дархан Нұрланұлы, ақын,Қазақстан Жазушылар одағыныңхатшысы Бегманов Қасымхан,Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к., профессор Алдажұманов Қайдар Сейсенбайұлы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессор-зерттеушісі, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі Қойгелдиев Мәмбет Құлжабайұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі Әбжанов Хангелді Махмұтұлы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Әжіғали Серік Ескендірұлы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директордың ғылым жөніндегі орынбасары, тарих ғылымының кандидаты Тілеубаев Шәмек Баянұлы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Тоқтабай Ахмет Уалханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің бөлім меңгерушісі, ақын Ахмет Әділет қатарлы ғалымдар мен азаматтар арнайы құттықтау сөз сөйлеп, шапан жауып сый-сияпат көрсетті.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда құттықтау сөзімен бірге, жазушы, кинодраматург, Түркі дүниесі әдеби сыйлығының лауреаты, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Абатұлы Елубай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры м.а., филол. ғ.д., Жұбай Орынай, Қазақ қыздар педагогикалық университетінің  профессоры,филол. ғ.д., Зайкенова Руда  Зайкенқызы, әл-Фараби  атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі Кәрібаев Берекет Бақытжанұлы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының директоры, т.ғ.д., профессор Нәбижан Мұқаметханұлы, жазушы-публицист, Қазақстан Педагогикалық ғылым академиясының академигі, профессор Тоқашбаев Марат Бәйділдаұлы қатарлы тарихшылар мен ғалымдар баяндамаларын жасады. Баяндама кезінде тәуелсіз Қазақстандағы тарих ғылымының дөп келген өзекті мәселелері мен түйіткілді проблемалары кеңінен талқыланды және ғылыми-практикалық конференцияның қорытындысы негізінде ортақ қарар қабылданды.

Сондай-ай, конференция кезінде «Шығыс Түркістандағы дүрбелеңмен өткен қырық жыл (1912-1952)» атты зерттеу монографиясы, «Ұлылардың ұлағаты» атты автордың шығармашылық еңбегі және «Шығыстың сөнбес жұлдызы – Дубек Шалғынбаев» атты қолжазба мұрағаттық зерттеу еңбегі мен ғылыми-практикалық конференция жинағының тұсаукесері жасалынды. Сонымен бірге жас зерттеуші, тарихшы ғалымдарға арналған Әлімғазы Дәулетханұлы атындағы стипения тағайындалды.

Е. Сауырқан

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология

институты, Ежелгі және ортағасырлардағы

Қазақстан мен іргелес елдер тарихы

бөлімінің кіші ғылыми қызметкері