Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Жаңа кітаптардың тұсаукесері


Қазақстан Баспасөз клубында 2013 жылдың 27 желтоқсанында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қызметкерлері шығарған монографиялары мен «Қазақ энциклопедиясы» редакциясынан шыққан жаңа кітаптардың тұсаукесері өткізілді.

Тұсаукесерді Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Х. М.Әбжанов жаңа кітаптарды таныстырумен ашты.

Институттың т.ғ.к. Қ.З. Өскенбайдың «Восточный Дашт-и Кыпчак в XIII – начале XV века» атты Ресейде жарық көрген монографиясы Ақ Орда тарихына арналған. Кітапта ХІІІ–XV ғасырдың басындағы Шығыс Дешті Қыпшақтың этносаяси тарихы баяндалған. Шығыс Дешті Қыпшақ аумағының Монғол империясының құрамына кіруі, Жошы мен оның ұлдары – Орда, Баты және Шибан ұлыстарының құрылуы сөз болған.

Т.ғ.д., профессор, В.З. Галиевтің «Борьба казахского народа против жунгарского нашествия (1635-1758)» еңбегі қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресіне арналса, т.ғ.к. Ә. Дәулетханның  «Шығыс Түркістан халықтарының ұлт-азаттық дәуірі әдебиеті (1679-1949)» еңбегіне Шығыс Түркістан халықтарының әдебиетінің тарихы және таңдамалы шығармалары топтастырылған. Ал «Тарту: әңгіме, повестер, естеліктер, сын зерттеулер, мақалалар, сұхбаттар» атты еңбегі тарих ғылымының әдебиетпен байланысын көрсетеді.

Институттың ғылыми қызметкері Н. Жетпісбайдың «Азаттық үшін күрескен әулеттер» атты еңбегінде XVIII-XIX ғғ. Батыс Қазақстанда белгілі болған екі әулеттің – Бөкенбай және Барақ батырлар әулеттерінің қазақ халқының азаттығы жолындағы күрестері сипатталған. Ұзақ жылдар зерттеушілер назарынан тыс қалып келген ірі мемлекеттік қайраткер, жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресті ұйымдастырушылардың бірі, қазақтың біріккен әскерін басқарған қолбасшы Бөкенбай Қарабатырұлының тарихтағы қызметі мұрағат құжаттарымен негізделіп берілген.

Т.ғ.д. С. О.Смағұлова А. Жұмабаевамен бірлесе құрастыруымен жарық көрген «Райымжан Мәрсеков. «Қазақ қайда бара жатыр?» кітабында ХХ ғасыр басындағы қазақ демократияшыл зиялыларының өкілі, Алаш партиясының белсенді мүшесі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, «Сарыарқа» газетін ұйымдастырушылардың бірі Р. Мәрсековтың өз туындыларымен бірге оның қоғамдық-саяси өмір жолдарын ашатын тың құжаттық материалдары топтастырылған.

Этнология және антропология бөлімінің меңгерушісі, профессор т.ғ.д. С. Е. Әжіғалидің құрастыруы және редакторлығымен оқырманға ұсынылып отырған «Қазақ ескерткіштану мәселелерінің 1-ші және 2-ші Симпозиум материалдары» атты ғылыми жинақ материалдары Ақтөбе (2011 ж. қыркүйегі) және 2012 жылы Атырау қаласында өткен «Қазақ ескерткіштану мәселелерінің» 1-ші және 2-ші Симпозиумдарының материалдарын (баяндамалар мен мақалалары) құрайды. Жинаққа кірген мақалаларда отандық ескерткіштанудың жалпы проблемалары мен жәдігерлердің әр түрлі топтарын: мемориалды-салттық архитектуралық, қоныстық, араб-графикалы эпиграфикалық, т.б. зерттеу, қорғау, қайта қалпына келтіру, пайдалану сияқты мәселелері қарастырылған.

Т.ғ.д., профессор А. У. Тоқтабайдың «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Қазақ тазысы. Казахская борзая тазы. Kazakh borzoi tazy» кітабы иттің шығу тегіне, қазақтың ит ұстау мәдениетіне, оның ішінде тазы  асырауға, ит жүгірту, аң аулауға баулу тәжирибесі тарихи деректер мен нақты материалдар негізінде, өлең-жырлар, аңыз-әңгімелерді қолдану арқылы жазылған.

Т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі М.-А. Х. Асылбек пен т.ғ.к. Г. Ниязханқызының «Тәуелсіз Қазақстан халқының көші-қоны (1991-2010 жж.)» атты монографиясы тәуелсіздік жылдарындағы көші-қонға арналса, ал т.ғ.д., профессор С. Ф. Мажитовтың «Историческая наука Казахстана: современное состояние и тенденции развития» атты монографиясы қазіргі кездегі Қазақстанның тарихи ақпарат нарығындағы тарихнамалық жағдайдың жан-жақты қырларын ашуға бейімделген сан-алуан теориялық-методологиялық әдістер мен фактаждық материалдар және автордың өзіндік ұстанымдарына арналған.

Тұсаукесер рәсімін жалғастырушы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып өз кезегінде бүгінгі шараны өткізуге ұсыныс жасаған Институт басшылығы мен ұжымына алғыс білдіре отырып, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың 7 томдық шығармаларының бірінші томына «Майдангер студенттер», «Ақтаңдақтар ақиқаты» кітаптары, екінші томына «Тарих зердесі» атты еңбектің бірінші кітабы, үшінші томына «Тарих зердесі» атты кітаптың екінші және «Жауды шаптым ту байлап» кітабы, төртінші томына «Өркениет және ұлт» кітабы, бесінші томына «Жұлдызым менің» атты кітабына қоса берілген «Баяндамалардан үзінділер», «Әр жылдар, ойлар» атты бөлімдерде әр жылдарда газет, журналдарда жарық көрген мақалалары мен радиодан сөйлеген сөздері, сұхбаттары, алтыншы томына «Тұлғалар тұғыры», «Киелі тәуелсіздік» атты кітаптары, жетінші томына «Академик Манаш Қозыбаев», «Дүниеден өтті тарихтың тарлан бозы» атты кітаптары енгізілгендігімен таныстырды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша «Абылай хан» энциклопедиясы да осы жылы «Қазақ энциклопедиясы» редакциясынан басылып шықты. Бас редакторы Бауыржан Жақып. Құрастырушы-авторлар: Б.К. Жұматаев, К.Ә. Нұрпейісов, Ғ. Жандыбаев.

Энциклопедиялық бұл басылымның ең басты маңыздылығы Абылай ханның 300 жылдығына арналған және онда негізінен баспасөз беттері мен әртүрлі деңгейде өткізілген ғылыми конференцияларда баяндалған мазмұнды материалдар кеңінен тартылған. Кіріспе Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Абылай аңсаған азаттық» және Ш.Уәлихановтың «Абылай», академик М.Қ. Қозыбаевтың «Қазақтың даңқын асырған» мақалаларымен ашылған. Энциклопедияда ХVIII ғасырда ғұмыр кешкен ұлы хан, дарынды әскери қолбасшы, кемеңгер мәмілегер Абылай ханның қазақ халқының басынан өткен зор-зобалаң замандағы қазақтың елдігін сақтап қалудағы тарихи рөлі және ұлтты ұйыстыру, біріктіру мақсаты жолында өзінің бүкіл күш-жігері мен ақыл-парасатын сарп еткен саяси қайраткерлік әрі мемлекеттік істеріне арналған. Сонымен қатар, Абылай ханнан кейінгі ұрпаққа мұра болып қалған жер-су аттары, т.б. қамтылған.