Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Мәлік-Айдар Асылбеков таяуда 85 жасқа толды!


Мерейтой

Қазақстанның көрнекті ғалымы, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Мәлік-Айдар Асылбеков таяуда 85 жасқа толды. Редакция алқасы жұрналдың ақылдастар алқасының мүшесі, академик Мәлік-Айдар Хантемірұлын осы 85 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, алдағы өміріне ынтымақ пен береке атты баға жетпес байлық, құймақұлақ шәкірт, иман мен сабыр, отбасылық бақыт және шығармашылық табыс тілейді. Төменде мерейтой иесімен жұрнал тілшісінің сұхбаты назарларыңызға ұсынылып отыр (Фотосымен беріледі).

 

Мәлік-Айдар АСЫЛБЕКОВ:

ЖАҢА ДЕРЕК  ЖАҢА ТҰЖЫРЫМДАРҒА

ЖОЛ АШАДЫ

– Мәке! ИншАллаһ, Биыл Құдай көпсінбесін 85 жасқа толып отырсыз. Құтты болсын! Сіз қазақты күштеп ұжымдастыру науқанының құрдасы екенсіз. Балалық шағыңыз іле-шала болған ашаршылық пен қуғын-сүргінге тап келіпті. Одан кейінгі кеңес-герман соғысы, халық шаруашылығын қалпына келтіру, тың игеру сынды науқандардың да Сізді айналып өтпегені мәлім. Осынау қиын-қыстау кезеңдер мен ұлы нәубеттердің ешбіріне қарамастан, Сіз 1945 жылы орта мектепті, ал 1948 жылы Шымкент мұғалімдер институтын, тіпті 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін де үздік дипломмен бітіріпсіз. Осының сыры неде?

Кеңестік кезең 1918, 1921 және 1931-1933 жж. ашаршылық, байларды тәркілеу, жаппай күштеп ұжымдастыру, қазақ зиялыларының қуғын-сүргінге ұшырауы сынды халқымыздың қатарын ойсыратып, еңсесін түсіріп кеткен күрделі оқиғалар мен саяси-әлеуметтік өзгерістерге толы екені рас. Сонымен бірге қазақтың көпшілігін орнықтыру, сауатсыздықты жою, мәдениетін көтеру, алдымен ҚазАССР кейін одақтас республика болып, ұлтымыз ежелден мекендеген жерлерінің көбін осы республикаға біріктірген, ірі-ірі кәсіпорындар, темір жолдар (Түркісіб және т.б.), қалалар салынып, бұрынғы ескі қалалар көркейіп, еліміздің қайта жаңғыру жолына түскені де шындық.

Мен қазақтың кең даласының оңтүстік түкпірінде жатқан, 1924 ж. дейін Түркістан республикасына қараған, кейін Қазақстанға өткен Қызылқұм ауданында, Жаушықұм болысы, Қатаған тоғай деген Сырдария бойындағы (қазіргі Шардара ауданы) қазақ ауылында 1929 ж. туылғанмын. Байларды тәркілеу, ұжымдастыру, 1931-1933 жж. ашаршылық, саяси қуғын-сүргінді ата-аналарымыздан естіп өстік. Әкем – Асылбеков Хантемір қазақша сауатты, ұжымдастыру басталғанда «Қызыл партизан» ұжымшарының  бастығы, кейін Бірлік, Жаңа Шардара және басқа ауылдық кеңестер төрағасы, майданға кеткенге дейін(1942, маусым) аудандық мал дайындау мекемесінің (заготскот) меңгерушісі болып істеді. Біздің үйіміз 1935 ж. Қызылқұм МТС-ына көшіп барды. Онда Кубаньнан жер аударылған орыстар мен украиндар да болды. Көпшілігі –  қазақтар. Әкемнің інісі – Асылбеков Асан да сауатты, аудандық партия комитетінде жауапты қызметкер еді, соғысқа кеткенше Қызылқұм МТС-ы саяси бөлімінің бастығы  болып істеді. Әкем соғысқа кеткенде, ағам мені 1943 ж. МТС директорының хатшысы етіп орналастырды.

Мен 1942 ж. 7-сыныпты бітіргеннен бастап жұмыс істедім. Кішкен-тайымнан Жамбыл мен Абай сынды қазақ ақын-жазушыларының еңбектерін, орыс, Батыс классиктерінің қазақшаға аударылған шығармаларын көп оқыдым. Шыққан отбасының, еңбек еткен, тұрған ортамыздың әсері күшті болды, сонымен қабат мектепте де өте жақсы оқыдым. Соғыс аяқталарда Шымкенттегі Қ.Сыпатаев мектебінде оқып, аттестат алдым.

Соғыстан кейінгі қиын жағдайға қарамастан, білімге деген құштарлық сол кездегі біздің ұрпақта өте күшті болды. Біз бала жігіттер соғыстан қайтқан ересек ағаларымызбен бірге оқып, олардан көп нәрсені үйрендік. Үздік оқуыма, бәлкім, осы мәселелер себеп болған шығар.

–Одан кейінгі өмір жолыңыз қалай қалыптасты?

Шымкенттегі 2 жылдық мұғалімдер институты – оңтүстік облыстарының орта және орталау (7 жылдық) мектептеріне мұғалімдер дайындайтын ірі жоғарғы оқу орны еді. Мен осы оқу орнының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде оқыдым. Институттың директоры Ә.Ермеков, оқытушылары М.Алтынбекова, Ә.Байтанаев, М.Сәрсенбаев, Ярмұхамедов, Көкебаев, Қ. Бектаев және басқа ұстаздар бізге сол заманның деңгейіне сай білім бере білді, тәрбиелеп, өсу жолдарымызды бағдарлап отырды.

Өз елімде В.И.Ленин атындағы орта мектепте бір жыл істеген соң, ҚазМУ-дың тарих факультетіне І курсқа түстім. Университет басшысы академик Т.Тәжібаев кешігіп келгеніме қарамастан көмектесіп, жақсы оқы деп ақылын айтты. Тарих факультетінде Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, А.Нүсіпбеков, С.Покровский, Н.Киікбаев, А.Лозинский, М.Богусловский, Я.Серовайский, Л.Фришман, Н.Дауылбаев, Н.Калистратов, М.Ақынжанов, А.Горячева, К.Коржева, А.Нұрқанов және басқа белгілі тарихшы-ұстаздар дәріс берді. Мен Қазақстан тарихы үйірмесіне қатысып, Б. Сүлейменовпен, В.Ф. Шахматовпен Е. Бекмахановпен, араласа бастадым. Студенттер конференциясында баяндамалар жасадым. Көп кешікпей, 1950 ж. 26 желтоқсанда «Правда» газетінде «За марксистко-ленинское освещение вопросов истории Казахстана» деген үлкен мақала (авторлары: Х.Айдарова, Якунин, Т.Шойынбаев) жарияланды да, республикада, әсіресе Ғылым Академиясы мен Университетте, оның ішінде тарихшылар арасында айтыс-тартыс басталды. «Ұлтшылдарды» әшкерелеу, қуғын-сүргінге салу науқаны басталды. Академия президенті Қ.Сәтпаев, университет ректоры Т.Тәжібаев және т.б. орнынан түсті. М. Әуезов Мәскеуге кетіп, бас сауғалады. Тарихшылардан алдымен Б.Сүлейменов, сонан соң Е.Бекмаханов 25 жылға сотталып, жер аударылды. Университеттегі студенттерді қудалау жүріп жатты, кейбіреулері оқудан шығарылып, сотталды. Университет комсомол комитеті хатшысы С.Жақыпбеков орнынан алынды. Барлық науқан Кенесары Қасымов бастаған ұлт азаттық қозғалысына кері баға беріп, реакциялық-монархиялық көтеріліс деп санау бағытында жүрді. Мен де бұл қуғыннан тыс қалмадым. «Ұлтшыл» деп, университет комсомол комитеті қатаң сөгіс берді. Партия тарихы мамандығынан Кеңес Одағы тарихына ауыстырды, тіпті Қазақстан тарихына да жібермеді. Бұл 1950-1953 жж. қазақ ғылымы мен біліміне қиянат жасалған қайғылы да, қасіретті де жылдар еді. 1953 ж. В.И. Сталин қайтыс болған соң басталған «жылымық» кезеңінің маған да пайдасы тиді, дипломдық жұмысым Мәскеудегі Министрліктің мақтау грамотасын алды. 1954 ж. үздік дипломмен бітірген мені Кеңес Одағы тарихы бойынша аспирантураға қалдырды…

Мен 4-5 курстарда жүргенімде Қазақстан КП Орталық комитеті жанындағы С.Бәйішев басқарған партия тарихы институтында кіші ғылыми қызметкердің жұмысын атқардым. Бұл менің кейін С.Бәйішевтің көмегімен ғылым жолында өсуіме жәрдемін тигізді. Бірақ мен 1954 ж. аспирантураға қала алмадым, екі анам (өзімнің және әкемнің) мен кіші төрт інімді бағуым керек болды. Елде 1954-1958 жылдары ұстаздық, орта мектеп директоры, кейін аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтер атқардым. 1955 ж. Компартия қатарына өттім, аудандық партия комитетіне мүше, аудандық кеңеске депутат және т.б. өкілетті ұжымдарға сайландым.

Сол жылдары Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына келіп жүріп, Б.Сүлейменов ағамыздың қолдауымен екі кандидаттық минимум тапсырып, диссертация қорғауға бел будым. 1958 жылдың күзінен, институт директоры А.Нүсіпбеков пен оның орынбасары Г.Дахшлейгер және сол институттың жаңа заман тарихы бөлімінің меңгерушісі Б.Сүлейменовтің қолдауымен кіші ғылыми қызметкер болып орналасып, осы күнге дейін, 55 жылдай ғылыммен айналысып келемін. Ғылымға 30 жасымда, яғни кешігіп келгеніме қарамастан, осы ағаларымыздың көмегімен артта қалмадым. 1963 ж. кандидаттық, 1979 ж. докторлық диссертация қорғадым; 1983 ж. Ғылым академиясына корреспондент-мүше, 2003 ж. академик болып сайландым. Зерттеу нысадарым: алғашқыда – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы, азаттық қозғалысы, әсіресе Қазақстанда өнеркәсіп пен темір жол дамуы, жұмысшы табы, оның ұлттық кадрлары қалыптасуы, қазіргі кезде – Қазақстан халқының дамуы, көші-қоны, ұлт зиялыларының іс-әрекеті, Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстан жағдайы және т.б. Мәселелер. Шәкірттерім де баршылық: 50 кандидат, 12 доктор дайындадым, 15 монография, 250-дей мақала жаздым. 5 томдық «Қазақ ССР тарихы», 5 томдық «Қазақстан тарихы», «Қазақстан тарихы. Очерк», «История рабочего класса Советского Казахстана», екі томдық және т.б. күрделі еңбектерді жазуға араластым.

Менің ғылымдағы жолым – біздің ұрпақтың көбіне тән, соғыс кезіндегі, одан кейінгі жылдардағы қиыншылықтарды бастан бірге өткіздік. Кеңес өкіметі арқасында бәріміз дерлік жоғарғы білім алдық, отау құрдық, үй берді, тегін емдеді және т.б. Қазіргі кездегі (біз сияқты) жетім балалардың болашағы белгісіз.

–Биыл Астанада төл тарихты зерделеу жөнінде жалпыұлттық кеңестің бірнеше рет отырысы өткені мәлім. Алғашқы басқосудан келе сала Сіз «Төл тарихымыздың абыройын асырайық» деген мақала жазып, жұрналға жариялаттыңыз. Сонда Сіз «Ұлттық ғылым академиясын қалпына келтіріп, ғылымды басқаруды ғалымдарға берген жөн.» Олай болмаса, «Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар академиясын құрып, тікелей үкіметке бағындырса, не тікелей Президентке бағынатын үкімет органын құрса», – деген сияқты бірнеше ұсыныс айттыңыз. Солардың арасынан қайталап айтпаса болмайтыны, еліміз осыны ескермесе, кейін өкінеміз дейтіндері қайсы?

– Жалпы ғылымды ғалымдар басқаруы керек деген тұжырымға ешкім қарсы бола қоймас. Дегенмен, іс жүзінде, ғылыми атағы болса да, шенеунікке айналып кеткендер ғылымды бірнеше сатыға бөліп алып басқаруда. Ең дұрыс жолы – мемлекеттік жүйеге енген, бюджетке қарайтын дербес Ғылым академиясы. Батыстың ғылымы университеттерде, ЖОО-ларда дамиды. Бұл біздің дәстүрлі жолымызға сай келмейді. Біздің ғылым Ресей, кейін Кеңес Одағы жүйесімен, яғни академиялық құрылым арқылы дамыған.  Ғылым Академиясын қайта қалпына келтіру жөнінде ұсыныстар бұрын да, қазір де айтылуда. Бірақ естір құлақ жоқ сияқты. Кейіннен бәрібір академия қалпына келер, өкініштісі – оған дейін ғылымда қол жеткен табыстарымызды шашыратып алмасақ еді.  Ең болмағанда Білім және Ғылым министрлігінен бөліп, Ғылым агенттігін құрып, оны тікелей президентке бағындырып, ғалымдарға басқартса да жөн болар еді. Қазіргі министрлік бұрынғы үш министрлік пен Ғылым Академиясы жұмысын көтере алмай келеді, ғылымға уақыты да, мүмкіндігі де, әуселесі де жетпейді.

– Сіз жоғарыдағы мақалаңызда: «Қазір жоғары оқу орындарындағы Қазақстан тарихын оқыту күрделі, өте теріс бағыттағы өзгерістерге ұшырауда. Бұрынғы оқылатын 75 сағаттан 30 сағатқа дейін (оның 15-ғана лекция) қысқарып, мемлекеттік емтихан жойылды. Бұл ұлттық намысқа, ар-ожданға, ең негізгісі отансүйгіштікке, патриоттық тәрбиеге тікелей қарсы бағытталған әрекет», – депсіз. Білім және ғылым министрлігінің атына өзіңіз бастаған 12 адамның «Қазақстан тарихы қағажу көрмесін!» деп аталатын Ашық хат жазғанымыз («Қазақ тарихы» жұрналы №6.2006), содан кейін министрліктің мемлекеттік емтиханды ЖОО-ға қайта енгізгені есіңізде ме? Қайтадан Ашық хат жазып, күресетін мезгіл келіпті ғой. Әлде осы мақалыңыз жарияланғалы бері ЖОО-да Қазақстан тарихын оқытуда өзгеріс болды ма?

Мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің Астанадағы тарихшылар алдындағы баяндамасы Отан тарихын зерделеуде жаңа бетбұрыс әкелердей сенім ұялатқан. Бірақ жергілікті ЖОО-ларда айтарлықтай өзгеріс жоқ. Бұрынғы Қазақстан тарихы кафедралары кей жерде жабылған, не қайтадан атын өзгертіп, әлеуметтік пәндермен қосақталған, студенттер (тарихшы) саны көбейген жоқ, қазақ тарихы сағаттары да қысқарған. Осыған қарап бұл шара да сиырқұймышақтанып кете ме деп қауіптенемін. Тарих білімі мен ғылымын ұйымдастыру да, үйлестіру де әлі жетілдірілген жоқ. Ал оқулықтарды дайындау мәселесі Астанадағы Мемлекет тарихы институтына тапсырылған. Бірақ бұл өте жауапты істі аталған институттың атқара алатын күші де, мүмкіндігі де жоқ. Себебі: біріншіден, бұл институттың негізгі мақсаты – Қазақстан мемлекеттілігі проблемасы, әсіресе тәуелсіздіктің қалыптасуын, дамуын, ерекшеліктерін зерттеу, яғни оқулық жазуға маманданбаған, ғылыми мекеме; екіншіден, Қазақстан тарихының ерте дүние, орта ғасыр, жаңа заман, қазіргі уақыт сияқты дәуірлерден мамандар жеткіліксіз, сондықтан да бұл институт шығарған еңбектер тарихшылар тарапынан әділ сынға ұшырап отыр: Қайдар Алдажұманов «Тарихқа өтірік жүрмейді» («Жас Алаш», 2013 ж. 19 желтоқсан); Мәди Алимов «Превратности истории» («Central Asia monitor», 1-7 ноябрь, 2013 г. http://camonitor.com/archives/9619); және т.б. менің де «Отан тарихы туралы ой» («Егемен Қазақстан» 2013 ж. 18 маусым), «Төл тарихымыздың абыройын асырайық» («Қазақ тарихы» жұрналында 2013 ж. №4. 3-5 бб.), «Ұлы Отан соғысы тарихына әділеттік керек» («Қазақ әдебиеті» 27 қыркүйек) және т.б. Бұл институттың еңбектеріндегі өрескел қателер өткір сынға алынған-ды. Себебі: Институт басшылары өзінің тікелей мәселелерімен айналысу орнына, өздері біле бермейтін де, игере алмайтын да мәселелермен айналысып, қала берсе, ұсақ-түйекпен шатасып, ұятқа қалып жүр. Үшіншіден, оқулық жазу үшін ғылыммен қабат оқыту әдістемелерін игере білу керек. Астанада Білім академиясы бар, Ресейде оқулықтарды жазу әр проблема бойынша арнайы маман ғалымдары бар сол Білім академиясына тапсырылған. Бұл – дұрыс нәтиже беретін жол.

Осыдан кейін Отан ғылымында зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және оны үйлестіру мәселесі де туындайды. Қазір бұл мәселе іс жүзінде Мемлекет тарихы институтына тапсырылған, оған бұл институт басшылары өздері көтере алмайтын жүкті сүйрелеп, барлық істің берекесін кетіруде. Біздің ойымызша, Отан тарихын зерттеуді үйлестіруді Қазақстан тарихы ғылымының қара шаңырағы – Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына жүктеген жөн болар еді, себебі, өткеннен түйген тәжірибесі де, маманданған кадрлары да баршылық.

Осыдан 7 жыл бұрынғы Қазақ тарихын оқытуға деген төнген қауіп, үйірілген қара бұлт, әрине, есімде. Сондағы бүлдірушілер техникалық университеттер басшылары мен орашолақ шенеуніктер еді ғой. Көпшілік болып, Қазақстан тарихын қорғап қалдық. Әлі де сондай қауіп бар: тек тәуелсіздік кезеңін ғана оқытайық, басқа мамандықтардағы студенттер орта мектепте Қазақстан тарихын оқыған деген желеумен әр түрлі әрекет жасалуда. Бұл жөнінде көрнекті тарихшы ғалым, 90 жасты алқымдаған профессор У.Х.Шалекенов мемлекеттік хатшыға хат жазды. «Кәрібоз қартайғанда жорға шықты» дегендей, Уахит ағамыз екеуміз қазір белсенділік көрсетіп жатырмыз. Ал жастар қайда?

Бұл мәселені қорытындылағанда айтарым: менің және басқа тарихшылардың мақалаларынан кейін қазақ тарихын оқыту, оқулықтарды дайындауда айта қалғандай өзгерістерді байқай алмадым. Керісінше, бәрін Мемлекет тарихы институтына үйіп-төгіп беріп, бұл мәселелерді одан әрі шиеленістірді ме деп ойлаймын.

– Сонау бір жылдары Тарих және этнология институтында бүкіл ТМД-ның тарихшылары бас қосып, методология мәселесін талқылап, нақты тоқтамға келе алмап еді. Содан бері 5-6 жыл өтсе де, әлем тарихшылары жаңа бағыт таппаған сияқты. Осындай әлемдегі барша тарихшы ғалымның басын қатырып отьырған методология мәселесіне Сіздің алып-қосарыңыз бар ма?

Методологиялық мәселелер бір күнде шешіле қоймайды. Әр билік тарихты өзіне ыңғайлап жазады, бірақ ол жазу ғылыми, сыналған, тәжірибеден өткен методологиялық принциптерге негізделіп жазыла қоюы қиын нәрсе. Себебі – осы күнге дейін қолданылып келген объективтілік, жан-жақтылық, тарихилық және т.б. методологиялық принциптер жаңа биліктің көзқарастарына, ұстанымдарына сай келе қоюы мүмкін емес. Дегенмен, бұл принциптерді тарихты зерделеуден шеттету де оңай емес. Осыдан барып олардың орнына өркениеттік (цивилизациялық), хронологиялық (мерзімдік) және басқа принциптерді қолдануға ұмтылыс жасалуда. Әлем тарихы бұрын құлдық қоғам-ежелгі (ерте) дәуір, феодалдық қоғам – орта ғасыр, капитализм қоғамы – жаңа заман деп бөлінді. Әрине, бұл Батыс Европа елдері тарихына сай келетін еді. Қазақстан тарихының жаңа заманын Ресейге Әбілхайыр хан бастаған Кіші жүз қазақтарының бір бөлігі бодан болған – ХVІІІ ғ. 30-жылдарынан Қазан революциясына дейін деп белгілеп келдік, ал жаңаша тарихты Кеңес дәуірі деп, 1991 ж. дейін келтірдік. Ал қазіргі кезді тәуелсіздік дәуірі деп атап келеміз. Кеңес заманындағы бір томдық «Қазақ ССР тарихы» (1943 ж. және 1947 ж.), екі томдық «Қазақ ССР тарихы» (1957 ж.), бес томдық «Қазақ ССР тарихы» (1980 ж.). Тәуелсіздік жылдары шыққан бес томдық «Қазақстан тарихы», 1 томдық «Қазақстан тарихы. Очерк» осы жолмен жазылғанды. Меніңше, қанша жаңа «методологиялық принциптер керек» деп шулағанмен, тап қазір көрінер ешнәрсе жоқ. Тіпті таптық көзқараспен талдау принципін шеттетеміз деп, әлеуметтік өмірдегі, таптар, топтар, партиялар арасындағы күрес пен айтыстарды ғылыми жолмен түсіндіруден алыстап бара жатқан сияқтымыз. Бұл принциптерді Маркс пен Лениннен бұрын да тарихшылар қолданған, бай-кедей, құл-құл иеленуші, шаруа-помещик, жұмысшы-капиталист қатынастары, олардың күресі мен нәтижелері, салдары тарихтан бұрыннан белгілі. Тек Кеңес тарихшылары таптық көзқарасты (таптық күресті) ең басты деп санап, тарих ғылымының басқа методологиялық принциптерін соған бағындырып, құрбан еткені дұрыс емес еді деп санаймын.

Біраздан бері марқұм әріптесіңіз, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қамбар Атабаев «отандық тарихты реформалау керек» деп жүрді. Оны аз ғана маман қолдағанымен, тарихшылардың басым көпшілігі теріс айналды не бейтараптық танытты. Ал тарих ғылымының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев қазақ тарихын «ауру меңдеген адамға» ұқсатты. Сондықтан сауалды да сипақтатпай, бұлтақтатпай төтесіне көшсек, Сіздіңше, қазақ тарихы ғылымын реформалау керек пе, жоқ па?

– Жақында ғана өмірден өткен марқұм, профессор Қамбар Атабаев – Қазақстандағы тарихнама және деректану саласындағы көрнекті ғалым еді, әсіресе қазақ баспасөз деректерін терең зерттеп, күрделі еңбектер жазды. Өз пікірі бар, өз мамандығының деңгейін көтеру үшін күресіп жүрген абзал азамат еді. Өкінішке орай дүниеден ерте өтті, иманды болсын! Жамбыл Артықбаев та – Отан тарихында өз орны бар көрнекті ғалым. Енді біреуі «реформа керек», екіншісі қазіргі тарих ғылымы «ауру меңдеген адам»  десе, сол тарих ғылымын жаңаша зерделеу мақсатында айтқан да болар, бірақ мен олардың бұл пікірлерімен жете таныс емеспін. Құлшыныстарын дұрыс түсінемін, дегенмен сол «реформалау жолдарын», «ауру меңдеген адамдай» тарихты емдеп, сауықтыру жолдарын ортаға салып, ақылдассақ болар еді. Өздігімнен айтатыным – құдайға шүкір, тәуелсіздік жылдары Отан тарихын қайта зерделеуде недәуір табыстарға қолымыз жетті. «Түк жоқ» деп шулаған ұят, сол інілеріміздің өзі көптеген монографиялар шығарды. Х.Әбжанов, М.Әбусейітова, З.Қиянатұлы, Қ.Жұмағұлов, Қ.Алдажұманов, К.Есмағамбетов, Д.Аманжолова, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Ж.Таймағамбетов, Қ.Қаражанов, Т.Төлебаев, Ә.Төлеубаев, А.Жанбосынова, А.Қалыш және т.б. тарихшы ғалымдардың Отан тарихының өзекті, бұрын зерттелмей, тыйым салынған мәселелері жөніндегі еңбектері де осы тәуелсіздік жылдары жарияланып, ұлтымыздың тарихи санасын қалыптастыру мен жаңғыртуға үлкен үлес қосты десем қателеспеспін. Мен де өз шәкірттерім В.Козина, А.Құдайбергенова, Г.Ниязханқызы, Қ.Еңсенов және т.б. қазақ ұлтының әлеуметтік-демографиялық дамуын зерттеп, 10 монография шығардым. Бұрын қазақтың демографиялық даму мәселесі тыйым салынған тақырып еді.

Дегенмен, қол жеткен табыстармен қабат, зерттеуді қажет ететін мәселелер де жеткілікті. Ол жөнінде мен осы журналдың 2013 ж. №4 нөмірінде мақаламда жазғанмын. «Реформа» дейміз бе, әлде «ауру меңдеген адамдай» тарихымызды емдеп, сауықтырамыз ба, әйтеуір Отан тарихын зерделеуде жаңа бетбұрыс, не сілкініс керек екені аян. Мемлекеттік хатшы М.М. Тәжиннің 2013 ж. 5 маусымдағы баяндамасынан кейінгі іс-әрекетіміз кезекті бір науқан болмасын. Әсіресе Отан тарихын зерделеуді ұйымдастыратын және үйлестіретін (Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Астанадағы Білім академиясына тапсырып) кәсіби  мамандығы биік ғылыми мекемелердің жауапкершілігі мен мүмкіндігін күшейтіп, қолдау керек. Мемлекеттік хатшы М.М. Тәжиннің, жалпы биліктің Отан тарихын зерделеуді ұйымдастыру мен үйлестіру ісін  Мемлекет тарихы институты атқара алмайтынына көзі жетіп, жете түсінсе жөн болар еді. Осы жөнінде билік тарихшылармен ақылдасып, шешкені жөн, бұл істе білгірлік, сабырлық пен бірлік керек. Мен өзімнің өкшемді басып келе жатқан орта буын, және жас тарихшыларды осы бағытқа түсіп, Отан тарихын жаңаша, әділ, жан-жақты зерделеуге шақырамын.

         – Бірыңғай мақтау не даттаудың ұшпаққа шығармасы анық. Шындықтың да қайшылықтан, барша ғалымның пікірталасқа түсіп, өз ойын, байлам-тұжырымын нақты айғақтармен дәлелдеуінен шығатыны ақиқат. Сондықтан 20 жыл бойы оқшау ойлайтын бір-екеуі болмаса, басым көпшілігі бірауызды болған қазақ тарихшыларының биыл екіге бөлініп, БАҚ беттерінде пікірталасқа түскені сең қозғалғанын, ақиқатқа бет бұрғанын көрсететіндей. Осы пікірталасқа байланысты үш сауал кесе көлденеңдейді (Қалыс тарап ретінде біз уақытша Сіздің  қарсыластарыңыздың жағына шығуға тиіспіз. Олармен сөйлескенде Сіздің тараптың сөзін сөйлейміз). Осы сауалдарды қояйын. Біріншісі, бір қарасаң, Сіз айтып жүрген Ғылым академиясына дербестік беру мәселесі келмеске кеткендей. Қазіргі билік ауыспай оған енді жол берілмейтін сияқты. Сізге солай көрінбей ме?Екіншісі, оқулық, Қазақстан тарихының сағат санының азаюы мәселесінде Сіз көбінесе Мемлекет тарихы институтын кіналайсыз. Бұл институт Ғылым комитетіне, ол Білім және ғылым министрлігіне, ол үкіметке, ол Елбасына бағынбай ма? Әрине, биліктің аталған баспалдақтарының өкілі, әрі төл тарихтан хабардар мекеме  ретінде олардың да кінасы бар шығар. Дегенмен, жоғарыдағылар тұрғанда бергі  жағының ғана ағаттығын айтсақ, ақиқаттан алыстап кетпейміз бе? Үшіншіден, «Ұлы Отан соғысын» Сіз қызғыштай қорисыз.  Енді бір 20-30 жылдан кейін КСРО-ның «шекпенінен шыққандардың» бәрінің көзі кетіп, Тәуелсіздік тұсында ғылымға келген қазіргі орта буын тарихшылар да академик атанар. Солардың байлам-тұжырымы үстемдік еткенде Сіздің осы пікіріңіз іске алғысыз болып қалар деп  қорықпайсыз ба? Осы үш сауалға қысқа да нұсқа жауап берсеңіз.

– 1. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы келмеске кеткен жоқ, дегенмен қауымдастыққа айналған соң, бұрынғы мемлекеттік мекеме емес, қарамағында институттары жоқ, яғни елдегі ғылымның дамуына ықпалы төмендеп кетті. Дегенмен кейінгі кезде Елбасы Н.Ә. Назарбаев Ғылым академиясы президенті М.Ж. Жұрыновты қабылдады, академияға ғылыми зерттеу тақырыптарын сараптау (экспертиза) тапсырылды, ғылыми журналдар шығып жатыр, гранттар арқылы зерттеулер жүргізілуде, академия мүшелері жас ғалымдармен толықтырылды, басқа да игі өзгерістер басталып келеді. Осының бәрі Академияның қайта қалпына келуіне үміт туғызды. Себебі ғылымсыз еліміз жаңа технологияларға қолы жетпейді, дүниежүзілік жаңа инновациялық процестен тыс қалып қоюы мүмкін, кәзіргі кезде шетелдердегі ғылыми-техникалық жаңалықтарды іздеп табу, оларды өз елдеріне әкелу кәсіби барлаушылардың негізгі мақсаттарының бірі болып табылады. Яғни ғылымсыз экономикада алға ілгерілеу жоқ. Бір кезде Академиясын таратып жіберген Түркіменстан да оны қалпына келтіруге мәжбүр болды. Бұрынғы Кеңес Одағына кірген одақтас республикалардың көбісі өз ұлттық ғылым академияларын нарық жағдайында да сақтап қалды. Тіпті Ресей Федерациясындағы Татарстан мен Башқортстан бұрынғы Кеңес Одағы, қазіргі Ресей академиясының филиалдарын өз алдына дербес, Ұлттық ғылым академияларына айналдырды. Себебі – бұл елдерде ғылым дәстүрлі түрде Академиялық жүйеде дамыған. Жоғарғы оқу орындары өз студенттеріне тиісті білім бере алмай отыр. Ғылымға қолы жете бермейді. Сондықтан ерте ме, кеш пе, бізде де Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы өзінің бұрынғы – мемлекеттік мекеме – дәрежесін алып, қалпына келеді. Мен өзім оған кәміл сенемін. Биліктегілер де ойланатын уақыт келді.

2. Мемлекет тарихы институтын мен кінәламаймын, бірақ мен бұл институттың тарих ғылымы мен білімін дамытуды ұйымдастыра да, үйлестіре де алмайтынын айтып отырмын, «Бас жаққа бара бермейік» дегендей, ал Министрлік, әсіресе Ғылым комитеті бұл мәселені дұрыс шеше алмай отыр, сондықтан оңай жол іздеп, Астанадағы, яғни қолтығындағы Мемлекет тарихы институтына бәрін үйіп-төгіп, тапсыра салып, өз бастарын қатырудан қашып, жауапкершіліктн құтылғысы келеді ме деген ойым да бар. Мәселенің қолайлы және дұрыс шешілуі жөнінде өз ұсыныстарымды жоғарыда айттым.

3. Әбділдабек бауырым, сен мені қорқытпай-ақ қой. Себебі тарихқа өтірік жүрмейді, «оның құйрығы бір-ақ тұтым», ал тарихи шындық әрқашан жеңеді. Ұлы Отан соғысына баға беру әруақытта әркімде әртүрлі болуы да мүмкін. Бірақ, «тері қатайса қалпына келеді», – деген қазақ. Әлемдік тарихта көзқарас қанша өзгерсе де, 1642 ж. ағылшын революциясы, 1789 ж. Ұлы француз революциясы, Ресейдің 1812 ж. Отан соғысы және т.б. ірі оқиғалар өзінің әділ бағасын тапты. Герман фашизмі мен жапон милитаризмінің адамзатқа жасаған зұлымдығы мен қылмыстары да өз бағасын алды, тарихта солай болып қалады да. Білмегендер Нюрнбергтегі сот процесін оқысын. Сондықтан екінші дүнижүзілік соғыстың, әсіресе Кеңес Одағы Ұлы Отан соғысының мақсаты мен нәтижелері де тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін құрметтейтін, қастерлейтін тарихи бетбұрыс ретінде бағаланады. Алып қашты, бұл соғыс «орыс-немістің соғысы еді» және т.б. жалған баға беру аяқсыз қалады, «ит үреді, керуен көшеді» дегендей. Бұл тек Қазақстанға ғана байланысты мәселе емес, бұл-бүкіл әлемдік проблема, фашизм мен дүниежүзілік азаттықтың күресі. Біздің кейбір ғалымдарымыз Ұлы Отан соғысын тек Қазақстанға ғана тіреп, қарастырғаны – үлкен қате. Кәзір егеменді ел болған кезімізде де біз дүниежүзілік экономикалық, саяси және мәдени процестің ағымына сай өмір сүреміз. Ал 1939-1945 жж. екінші дүниежүзілік соғыс Герман фашизмі мен Жапон милитаризмінің дүние жүзін жаулап алуына қарсы жүргізілген антигитлерлік одақтас елдердің әділ де, азаттық пен бостандық үшін де жүргізген күресі. Бұл одақтастыққа Ұлы Отан соғысы барысында Кеңес Одағы қосылып, шайқасты. Кеңес Одағына кірген 15 Одақтас Республика халқы да бұл соғысқа белсенді қатысты, себебі – Кеңес Одағы – ортақ отанымыз болды, билік өзгеріп отырады, бірақ Отан өзгермейді, оны таңдамайды, ол ата-анаң сияқты, біреу – ақ, қазақшалап айтқанда, құдай бергені. Ал фашизмді адамзат әлемі ешқашан ақтамайды. Мәселенің негізі осында. Ал біз Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Төлеген Тоқтаров, Нүркен Әбдіров, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллинді, жалпы 600 мыңнан астам шейіт болған қазақстандықтарды қалай ұмытамыз?! Қасым Қайсенов, Жұмағали Саин, Тоқтағали Жангелдин, Әди Шарипов және т.б. көптеген жау тылындағы партизандық қозғалысты басқарған ағаларымыздың ерлігі, мемлекет тарихы институтының басшылары айтқандай, «жалған патриотизм» бе?! Сол аруақтар соңынан осылай деп айту ғылыми негізі жоқ, тікелей жала емес пе?!. Мен өзім 20-30 жылдан кейін де фашизмді жойған Ұлы Отан соғысы тарихына әділеттік көзқарас болатынына сенемін.

         – Кейінгі жас ғалымдар мен ұстаздарға, журнал оқырмандарына қандай аталық тілек айтасыз?

«Қазақ тарихы» журналының торқалы тойына қатысып, сөз сөйледім, жемісті еңбегімен  құттықтадым. Сөйлеген сөзімді жарияласаңдар, сонда бәрі айтылған. Журнал халқымыздың тарихи санасын көтеру жолында, тарих пәнін оқытуды дамытуға, оқулықтардың сапасын көтеруге ат салып, әділ сын, өткір пікір, орынды ұсыныстар жасауларын тілеймін. Сөйтіп журналдың абыройын, оқырмандарының белсенділігін  көтергендеріңді қолдаймын.

Ал жас ғалымдарға тілейтінім:

1. Тарихта жаңа деректің орны бөлек, ол жаңа тұжырымдарға жол ашады. Жаңа деректерді іздеу-табу оңай емес, ол үшін қазақ (төте жазуды да) және орыс тілдерін білу жеткіліксіз, біздің ғылымға шығыс (парсы, қытай, араб және т.б.), батыс (ағылшын, француз, неміс және т.б.) тілдерін жақсы біліп, сол елдердегі деректер мен әдебиетті терең зерттеу керек. Сонда ғана жаңа деректер табуға болады.

2. Кеңестік-маркстік ірі тарихшы-ғалым М. Покровский «Тарих – өткенге төңкерілген саясат» («История – политика, опрокинутая в прошлое») деген. Кеңес заманында мұны дұрыс демегенімен, іс жүзінде солай болған, оның арты ұлы орыс шовинизміне соқтырып, Кеңес Одағының ыдырауына бір себеп те болды. Қалай болғанда, Отан тарихын әділ, объективті, жан-жақты тарихилық және таптық тұрғыдан (қай таптың пайдасы үшін болғанын) жазған жөн деп ойлаймын. Осы жағдайда болған тарихи оқиғаның қазақтың ұлттық мүддесіне қандай әсері, нәтижелері мен салдары болғанын ерекше зерттей біліп, тиісті сабақтары мен қорытындыларын анықтай түскен жөн.

3. Білім мен ғылымды қазақ «инемен құдық қазғандай» деген, сондықтан ерінбей еңбек еткен жөн. Қазіргі компьютер-интернетпен қабат, кітаптарды көп оқу керек. Онсыз тарихшы болу мүмкін емес. Ал негізгісі – мұрағаттарда (архивтерде)  көп іздену қажет, нақтылы деректер тек сонда ғана болады.

4. Үлкен проблемаға кіріспес бұрын, оның бір өзекті мәселесінен бастаған жөн, содан соң ғана үлкен проблемаға көшуге болады.

5. Тарих ғылымын дамыту үшін шынайы пікірталас (дискуссиялар) өте қажет, бұл пікірталаста нақты, дәлелді, жаңа деректер мен әдебиетке сүйеніп, пікір айту – үлкен ғылым жолы. Бұрынғы тұжырымың қате болса, одан ашықтан-ашық бас тартып, себептерін түсіндіру керек. Пікірталаста жеке басқа тисуден, асығыс тұжырым жасаудан аулақ болған жөн. Ғылым жолы таза, әділ болуы керек.

– Мәлік аға! Жасы  ұлғайған жан үшін  әрбір күннің, сағаттың, сәттің қадірінің арта түсері мәлім. Осыған қарамастан, бізбен сыр-сұқбатқа уақыт тапқаныңызға көп рахмет!

– Өздеріңе де көп рахмет, айналайын!

Сұқбаттасқан Әбділдабек САЛЫҚБАЙ.