Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ЮНЕСКО-НЫҢ МОҢҒОЛИЯДАҒЫ КӨШПЕНДІЛЕР ӨРКЕНИЕТІН ЗЕРТТЕУ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ИНСТИТУТЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТЫЛДЫ


26 қыркүйек 2023 жылы, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инстутында ЮНЕСКО-ның Моңғолиядағы Көшпенділер Өркениетін Зерттеу Халықаралық Институтының ғылыми қызметкерлері, атап айтқанда институттың сыртқы байланыстар жөніндегі жауапты өкілі Сүрэнжавын Мөнх-Очир және аталған институттың ғылыми қызметкері Бавуудоржийн Бумбаярмен кездесу өтті.

Кездесу кезінде ЮНЕСКО-ның Моңғолиядағы Көшпенділер Өркениетін Зерттеу Халықаралық Институының жақын жылдардан бергі атқарған ғылым жұмыстарымен таныса отырып, институтымыз туралы жан-жақтылы ақпараттық мағлұмат берілді. Сонымен бірге екі елге ортақ көшпенділер өркениетінің құндылығы, дала мәдениеті және Шыңғыс Хан мен оның Жошыдан тараған кейінгі ұрпақтары, атап айтқанда төрелердің Қазақ Хандығы мен Қазақстан тарихындағы елеулі рөлі турасында кеңінен талқыланып баяндалды. Бұдан өзге, ЮНЕСКО-ның алдағы жоспарлары негізінде Көшпенділер Өркениетін Зерттеу Халықаралық Институтымен біріккен жобаларды анықтау және ортақ тақырып аясында екі институттың мамандары бірігіп жұмыс жасау жоспарланды.

Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың тамыз және қыркүйек айларында институтымыздың Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің ғылыми қызметкерлері, атап айтар болсақ директордың сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары т.ғ.к., Ж.Ж.Жеңіс пен жетекші ғылыми қызметкер т.ғ.к., Ж.Ошан және кіші ғылыми қызметкер Е.Сауырқан ғылыми іссапармен Моңғол Халық Респубиликасында болып, жоспар бойынша аталған институтпен кездесу өткізіп ынтымақтастық орнату жөнінде меморандум ұсынған еді. Бүгінгі кездесу соның жалғасы ретінде жүзеге асырылып отыр. Көшпенділер Өркениетін Зерттеу Халықаралық Институтының Қазақстанға байланысты ынтасы мен қызығушылығы өте жоғары және белсенді жұмыс жасағысы келеді. Қазақ жеріндегі көшпенділер өркениетінің жәдігерлері мен мәдени құндылықтардан жалғасқан рухани іздеріне аса жоғары баға береді. Аталған ортақ құндылықтар аясында алдағы уақытта институтымыз Моңғол Халық Респубиликасымен біріккен жобаларды өзара бірігіп жүзеге асыратын болады. Сонымен қатар, Жошы Ұлысы, Қазақ Хандығы және Қазақстан тарихына қатысты зерттеулерде Моңғолиядағы ғылыми зерттеу институттармен және ондағы білікті тарихшы мамандармен жіті байланыс жасалынатын болды.

Соңында аталған институтпен жақын уақытта бірігіп жұмыс жасаудың маңыздылығы мен мәселелері талқыланып ғылым зерттеу институтымен ынтымақтастық жөнінде меморандум жасалынды.

Е.Сауырқан Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімі