Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ХХ ғ. 20-шы жылдардың басындағы Қазақстан мен оған іргелес аумақтардағы ашаршылықты зерттеу мәселелері


Президентіміз Қ.-Ж.К. Тоқаев 2021 жылғы 5 қаңтардағы “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында тарихшылардың алдына Отан тарихының өзекті мәселелері бойынша, оның ішінде 1921-1922 жылдардағы ашаршылық тақырыбында зерттеулер жүргізу міндетін қойды. Осыған байланысты Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен “1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы жаппай ашаршылық және оның салдарлары (жаңа архивтік және жазбаша дереккөздер негізінде)” тақырыбы бойынша жоба іске асырылуда және қорытынды кезең сатысында тұр. Жоба жетекшісі – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Астана қаласындағы филиалының директоры, PhD доктор М.М. Қозыбаева.

2023 жылғы 12 қазанда аталған жобаны жүзеге асыру аясында Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «ХХ ғ. 20-шы жылдардың басындағы Қазақстан мен оған іргелес аумақтардағы ашаршылықты зерттеу мәселелері: себептері, көлемі және тарихи салдары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Конференцияға Ресейдің Новосібір, Самара қаласынан, Башқұртстаннан және Өзбекстан, Қырғызстан ғалымдары қатысып, өздерінің ғылыми зерттеулерімен бөлісті. Еліміздің әртүрлі аймақтарының – Астана, Алматы, Қостанай, Петропавл, Орал қалаларының ғалымдары да конференцияға белсенді қатысып баяндамалар жасады. Ғалымдардың қатарында Астана қаласындағы №60 мектеп-лицейі тарих пәнінің мұғалімі, магистр А.С.Хамитова  да қатысып, өзінің ғылыми зерттеу нәтижелерін ортаға салды.

Конференция соңында келесідей қарар қабылданды:

1. Конференцияға қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс білдіреді;

2. Конференция нәтижесі бойынша оның материалдар жинағын шығаруды ұсынады (күнтізбелік жоспар бойынша қарастырылған);

3. Конференцияға қатысушылар 1920 жылдардың басындағы Қазақстанда және оған іргелес аумақтарда ашаршылық тақырыбы бойынша, оның ішінде тарихнаманың қазіргі жағдайын сыни талдау негізінде заманауи зерттеулердің нәтижелерін кеңінен танымал етуді қолдайды;

4. ХХ ғ. 20-шы жылдардың басындағы оқиғаларды объективті жан-жақты зерттеу мақсатында отандық және шетелдік архивтерде анықталған жазбаша деректер, бұрын белгісіз болған архив материалдары негізінде проблеманы зерделеудің жаңа концептуалды-методологиялық тәсілдерін әзірлеу;

5. Конференцияға қатысушылар осы тақырып бойынша ел ішінде де, одан тыс жерлерде де бұрын жабық болған құжаттарды құпиясыздандырудың уақыты келді деп санайды, бұл ғылыми айналымға тың архив материалдары мен жазбаша деректерді енгізуге мүмкіндік береді;

6. Конференцияға қатысушылар пәнаралық тәсілдер негізінде 1920-шы жылдардың басында және 1930-шы жылдары ашаршылықтан ең көп зардап шеккен аудандарды кешенді зерттеу қажеттігін атап өтті;

7. Мемлекеттік органдар мен шетелдік қайырымдылық ұйымдарының ашаршылыққа ұшырағандарға көмек көрсетудегі, Қазақстанда және іргелес аумақтарда 1920 жылдардың басындағы ашаршылық салдарын жоюдағы оң рөлін атап өту қажет;

8. Қазақстанда және оған іргелес аумақтарда 1920 жылдардың басындағы ашаршылық кезеңіндегі босқындар, панасыз балалар, халық наразылықтары мен көтерілістері және басқа да жағымсыз құбылыстар проблемаларына салыстырмалы зерттеулер жүргізу қажет;

9. Қазақстанда тұрғылықты мекендерінен ауа көшіп өзге өңірлерге, соның ішінде іргелес губерниялардың аумақтарына, жақын және алыс шетелдерге қоныс аударған тұрғындардың санын анықтау бойынша шетелдік ғалымдармен бірлескен жұмысты күшейту қажет;

10. Конференцияға қатысушылар бірлескен зерттеулердің нәтижелерін ғылыми және білім беру саласына енгізуді, жоғары және орта мектептің, сондай-ақ орта және арнаулы орта білім беру мекемелерінің оқу бағдарламасына тарих ғылымының соңғы жетістіктерін енгізуге ықпал етуді ұсынады.

11. Осы мәселе барысындағы зерттеу ізденістерінің соңғы жетістіктерін кеңінен насихаттау жөніндегі қызметті жандандыру қажет деп санайды.