Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Қазақтың тарихы тек қазаққа керек


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында  қазан айының 19-жұлдызы күні дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел тақырыбы «Қазақстандағы ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелері: кезеңдері және тарихи тәжірибесі». Аталмыш мекеме, еліміздің ЖОО-ларының тарихшылары қатысқан жиында бүгінгі өзекті  жаһандану кезеңінде ұлттық бірегейлікті, ұлттық кодты сақтап қалу тақырыбы сөз болды.

Жиынды аталмыш мекеме директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д. профессор Зиябек Қабылдинов ашып берген соң сөз алған ҚР ҰҒА академигі Ханкелді Әбжанов өз баяндамасында Ұлт болып ұюдағы бүгінгі қиындықтар, жаһанданудың тигізіп отырған зардаптарын тілге тиек етті. Кешегі елді дүрліктірген «Домбыра харам» деудің арғы жағында өз тарихын білмеу жатқанын айтса, ҚР ҰҒА академигі, шымкенттік т.ғ.д., профессор Б.Байтанаев Қазақтың киелі жерлері, оның өткен ғасырда республика территориясының тұтастығын сақтап қалудағы рөліне тоқталды. Тарихшы Ташкент мұрағатымен танысу кезінде Әбубәкір Диваев елдің қазіргі территориясын қорғау кезінде ата-баба зияраттарын дәлелдеуші фактор ретінде қолданғанын тілге тиек етті. Келесі әл–Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ҚР ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев өзінің баяндамасында «әлі күнге дейін кей ғалымдар арасында еуроцентристік көзқарастың, ежелгі Азия мен Африкада мемлекет белгілерінің болмаған деген тұжырым бар екеніне» тоқталды. Ғалымның айтуынша мұны теріске шығару жолы – төл тарихымызды түгендеу, өзгелер алдында дәлелдеу.

Дөңгелек үстелге бас-аяғы 30-дай, арасында  қашықтықтан Zoom платформасы арқылы қатысушылар да болды. Соның бірі, қорытындылауда сөз алған Стамбул университетінің постдокторанты Айдар Зейнелов 2 түрлі ой ұсынды. Біріншісі, терминология мәселесі. Тәуелсіздікке дейін ғылыми сілтеме ретінде ресейлік ғалымдардың еңбегі көрсетілсе, қазір оның орнын батыстық (Еуропа, Америка) авторлар иеленген. Олар мейлі қанша жерден мықты маман болса да, ақпаратты өз призмасымен қарайды дейді жас ғалым. Екіншісі Қазақтың тарихы тек қазаққа керек десек сол тарихты қаракөздерімізге ұғындыруда фильмді идеология құралына айналдыру. Тарихи фильмдер түсіру арқылы жастарға тарихты жеткізу. Өйткені, сауалнамаға сәйкес жастардың тек 5% кітап оқиды екен. Яғни қаншама тарихи еңбекті кітап етіп қана шығармастан оны фильмге де айналдыра білу керек. Айдар Аманқажыұлы бұл жерде Американың әдісін ұсынады. Аталмыш елде тарих зерттеушілері Голливудпен тікелей жұмыс істейтін көрінеді.

«Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады», – дейді А. Байтұрсынұлы. Ғылыми отырыстың соңында ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесінің өзекті екендігі, алдағы уақытта бұл тақырыпты үкімет деңгейінде көтеру үшін оның жастар арасында да жалғасын табу керектігі айтылды.