Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ХХ ҒАСЫРДЫҢ 20-30 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ҚАЛАЛАРЫНЫҢ ЭТНО-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ ДАМУЫ ТУРАЛЫ ІС-ШАРА


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында 2023 жылдың 26-қазанында «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан қалаларының этно-демографиялық және әлеуметтік-мәдени дамуы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.  Отандық тарихшы ғалымдардың, зерттеушілердің басын қосқан алқалы жиын «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан қалалары әлеуметтік-мәдени құбылыс ретінде: этно-демографиялық және әлеуметтік-мәдени даму» жобасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылып отыр.

1920-1930 жылдардағы Республикамыздағы оқиғалар халықтың әлеуметтік және демографиялық дамуындағы терең өзгерістерге яғни, оның саны, орналасуы, этникалық құрамы, сабақ құрылымы, сауаттылық пен білім деңгейі, т.б. әсер етті. Бұл өзгерістердің ұзақ мерзімді салдары болды және осы уақытқа дейін әлеуметтік және демографиялық процестердің ерекшеліктерін анықтады. Жеделдетілген индустрияландыруды (көмір өндіру, түсті және қара металлургияны, химия және мұнай-химия өнеркәсібін және т.б. дамыту) жүргізу көзделген өңірлердегі жаңғырту олардың тарихи миссиясын осы стратегияның құрамдас бөліктерінің бірі ретінде алдын ала белгіледі.

Дөңгелек үстел отырысын Институт директорының орынбасары, т.ғ.к. Тлеубаев Шәмек Баянұлы бастап, қатысушыларға табыстар тілеп, кіріспе сөзімен ашты.

Алғашқы баяндамашы институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., доцент Құдайбергенова Айжамал Ибрагимқызы Бүкілкеңестік халық санақтарының нәтижелерін өзара салыстыра отырып, қала мен ауыл тұрғындарының құрамы, саны, жынысы, т.б. көрсеткіштерін талдап, мұндай статистикалық мәліметтердің туындауына қатысты тарихи оқиғаларды саралап, тарихи демография тұрғысында жүргізген зерттеуін ортаға салды. Әсіресе 1921-1922 жылдардағы ашаршылық, индустрияландыру, т.б. оқиғалардың қала халқының өзгеріске ұшырауына тікелей әсер еткендігін баса айтты.

«Қазақстанның қала мен ауыл халқы: 1926-1939 жылдардағы халық санағы негізінде» атты тақырыпта келесі баяндамашы Асылбекова Жәмиля Мәлік-Айдарқызы, «NARXOZ» университетінің профессоры, т.ғ.д. Бірінші баяндаманы әрі қарай жалғастырып, нақты екі санақ арасындағы Республикадағы қала халқының динамикасын көрсетті. Автордың пайымдауынша, 1926-1939 жылдар арасында жаңа қалалар бой көтеріп, ашылған ірі өнеркәсіп орындары қала халқының күрт өсуіне ықпал еткен негізгі факторлардың бірі екендігіне назар аударады.

Институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Мұхатова Оразгүл Хасенқызы бұл жиын осы уақытқа шейін Қазақстан қалаларының тарихы бойынша арнайы ұйымдастырылып отырған алғашқы бас қосу екендігіне тоқталды. Баяндамашы индустрияландыру саясаты шынымен де урбанизация процесіне айтарлықтай әсер етті ме, әлде архив деректеріне тереңірек талдау жасау қажет пе дей отырып, шынайы қалалар дамуының 1950 жылдары басталғанын деректер мен зерттеулерге сүйене отырып дәлелдер келтірді. Сонымен қатар бұл жоба аясында зерттеу жүргізген кезде тек санақ материалдарымен шектелмей,  міндетті түрде компаративтік әдісті қолдану керектігін алға тартты. Автордың ғылыми айналымға естеліктер мен мерзімді басылымдарды енгізуді кеңес берді.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, т.ғ.к. Абдулина Ақсұңқар Тұрсынқызы бұл тақырыптың зерттеушілер назарынан тыс қалып жүрген архитектуралық қыры бойынша мазмұнды баяндама жасады. Ең алдымен қала, қала типтес елді-мекен, поселок, ауыл секілді ақпараттың басын ашып, жігін анықтап алу қажет. Ғалымның дәлелдеуі бойынша, кеңестік билік ең алдымен өнеркәсіп орындарын салу, зауыт-фабрикаларды жетілдіру секілді мәселеге басымдық беріп, ал қарапайым қала халқының тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуді кейінгі кезекке қалдырып отырған.

Институтың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Қапаева Айжан Тоқанқызы өз баяндамасында қала халқының динамикасын ХХ ғ. 20-жылдары орын алған ашаршылықпен өзара байланыстыра отырып көрсетті. Мәселен, сол уақытта автордың айтуынша, ашыққан адамдардың үлкен бөлігі ауылды жерлерде тұрған, ал билік көп жағдайда тек қала халықтарына көмек ұйымдастырып отырған. Соған орай ашыққан ауыл халқы, жанын сақтау мақсатында ата қонысын тастап, қалаларға келуге мәжбүр болған.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Астана қаласындағы филиалының директоры, PhD доктор Қозыбаева Махаббат Мәлікқызы өз зерттеуінде Солтүстік Қазақстан аумағындағы этно-демографиялық үдерістерге, оның алғышарттары мен барысына, тарихына тоқталып өтті. Ғалымның дәлелдеуінше ресми биліктің берген статистикалық мәліметтері нақты емес, әр құзырлы органның берген мәліметтерінде сандық көрсеткіштер әртүрлі нұсқада көрініс беріп отырған. Оның бір себебі, аштық жайлаған көршілес Ресей жерінен адамдардың ағыла көшіп, шекараға жақын орналасқан Солтүстік Қазақстанның қалаларына келуі. Көп жағдайда бұл үрдіс стихиялы түрде жүріп отырған, соған орай барлық келушілерді есепке алу мүмкін болмаған. Аталмыш жылдар аралығында санақ мәліметтері бойынша қала халқының санын, динамикасы мен этникалық құрамы, т.б. мәселелер жөнінде ақпараттарды талдап, кесте түрінде көрсетті.

«ХХ ғасырдың Қазақстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі, PhD доктор Закарья Рахметолла қалалар тарихын зерттеу барысында елімізге қоныс аударған эмигранттар, тұтқындар, т.б. халықтардың өкілдерінің тарихымен сабақтастыра отырып зерттеу керектігін ұсынды. Олардың Қазақстан жерінде орналасуы, қажеттіліктермен қамтамасыз етілуі, қала мен ауылдық жерлерге көшірілуі сынды мәселелерге тоқталып өтті.

Келесі сөзді осы жобаның жетекшісі, институттың жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к.  Уалтаева Алтын Слямхайдарқызы алып, жобаны жүзеге асыру барысында негізінен қалалардың демографиялық даму қырымен қатар, оның әлеуметтік-мәдени дамуы, этно-демографиялық өзгерістері, қалалардың сипаты, құрылысы, т.б. секілді маңызды мәселелер қарастырылатындығын мәлімдеді. Сондай-ақ, Республикамыздағы ірі қалалардың тарихымен қоса, кіші қалалардың да тарихы назардан тыс қалмайтындығын айтқан болатын.

Институттың ғылыми қызметкері Марғұлан Аида Серікқызы осы жоба аясында Мәскеу мен Қарағанды қалаларында болып, Қарағанды мен Ақмола қалаларының құрылу тарихы жөнінде архив қорларынан алған құжаттармен бөлісті.

Жиын соңында баяндамашылардың мақалалары жинақталып, дөңгелек үстелдің электронды жинағы жарық көретіндігі айтылды.

Дөңгелек үстелдетөмендегідей қарар қабылданды:

1. Дөңгелек үстел материалдарын болашақ монография дайындау кезінде  қосылсын;

2.Жеделдетілген индустрияландыру (көмір өндіруді, түсті және қара металлургияны, химия және мұнай-химия өнеркәсібін және т.б. дамыту) жүргізілген аймақтардағы мұрағаттардан сол өңірдегі заманауиландыру жөніндегі ақпараттар жинақтап талдалынсын;

3. Республикадан тыс Қазақстанға мәжбүрлі көші-қон (байлардың жер аударылуы, ГУЛАГ тұтқындары және т.б.) мен ауыл тұрғындарының аштық жылдарында қалаларға мәжбүрлі түрде жер аударылуы әрі қарай зерттелінсін;

4. Қазіргі отандық тарихнамада кеңестік модернизацияның ықпалы мен нәтижелерін зерттеу бойынша жаңа теориялық-методологиялық ұстанымдар басшылыққа алынсын.

5. Қалалардағы қазақ халқының динамикасы, әлеуметтік, жастық-жыныстық құрамы, білім алуы, т.б. мәселелерге зерттеушілердің назары аударылсын.

6. Қала халқының күнделікті өмірі зерттеушілердің назарынан тыс қалмасын.