Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ТҮРКИЯЛЫҚ ТАРИХШЫ-ҒАЛЫМ, ДОКТОР МУСТАФА ДЕМИРДЖИМЕН БІРЛЕСІП ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ


23 қазан күні Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология Институтына Түркия, Селжұқ университетінің Әдебиет факультетінің профессоры, доктор Мустафа Демирджи қонақта болды. Орта ғасырдағы Ислам өркениетімен зерттеушісі Институт қабырғасында болған кездесуде мекеме директоры, тарих ғылымы докторы, профессор, Қазақстан республикасының Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Зиябек Ермұханұлы Қабылдиновпен алдағы уақытта өзара ғылыми серіктестікке алғашқы қадамдар жасады.

Түркиялық қонақ өз сөзінде Түркия һәм Қазақстан тарихы үшін маңызды бірнеше тақырыпты көтерді. Олар:

1.Селжұқтардың Анадолыға қоныс аударғанға дейінгі тарихы;

2.Түріктердің мұсылман болғаннан кейінгі тарихы туралы зерттеу;

3.Осман империясы мен қазақ хандығы қатынастары;

4.ХІХ ғасырдағы Осман жері арқылы қажылыққа барған қазақтар.

Кездесу барысында сөз алған Директордың сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары м.а., тарих ғылымының кандидаты Жомарт Жеңісұлы қонаққа Институтта жарыққа шыққан кітаптарға тоқталып, бірнешеуін сыйға тартты. Профессор Мустафа бұл ғылыми еңбектерден бейхабар екендігін, танысуға әліпби кедергі екендігін айтты.

Директор З.Қабылдинов Институтта қытай, жапон, парсы тілдері мамандары жұмыс істейтінін  Институт қызметкерлері т.ғ.к., PhD Жомарт Жеңіс, PhD Олжас Қуанбай мысалында айтып өтті. Зиябек Ермұханұлы ғалымдардың аталмыш тілдердегі түпнұсқа құжаттармен жұмыс істей алатынына да тоқталды. Қазақстанның тарихын зерттеуде іргелі мекеме ретінде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология Институты серіктестікке әрқашан дайын екендігіне баса тоқталды.

Жиын соңында Селжұқ университеті профессоры қазақстандық тарих зерттеушілері Түркияға іссапармен тек Стамбұл мен Анкараға баратынына тоқталды. Өз кезегінде Коньяға (профессор еңбек ететін ЖОО осы қалада) келсе, тіпті ортада ешқандай келісім шарт болмаса да көмектесуге әрқашан дайын екендігін жеткізді. М.Демирджидің айтуынша бүгінде Селжұқ университетінде тарих саласында көрші Өзбекстанмен ғылыми байланыс жолға қойылған. Профессор енді дәл осындай байланысты біздің елмен де орнатқысы келетінін жеткізді.