Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ТАРИХИ ЖӘНЕ ТҰЛҒАЛЫҚ БЕЙНЕСІНЕ АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ


2023 жылдың 27 қазан  күні Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Абылай ханның қазақ тарихындағы тұлғалық бейнесі мен жүргізген сыртқы дипломатиясына арналған «Абылай хан және іргелес мемлекеттер мен халықтар» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел ұйымдастырушылары жоспарланған бағдарлама бойынша іс-шараның модераторлық тізгінін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., Ж. Ошанмен институт директорының кеңесшісі, ғылыми қызметкер, PhD докторант О. Қуанбай ұстады. Дөңгелек үстел тәртібі бойынша алдымен сөз алған институт директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі З. Қабылдинов аталған тақырып пен ұйымдастырылған дөңгелек үстелдің маңыздылығы туралы айта келіп, арнайы құттықтау сөзін сөйледі. Сонымен бірге, институттың ғылым жөніндегі орынбасары, т.ғ.к., Ш. Тілеубаев, институтының аға сарапшысы, т.ғ.к., Ә. Шашаев, қоғамдық байланыс жөніндегі орынбасары, т.ғ.к., А. Абдулина және ғалым хатшысы, PhD докторы Н. Құрманалина құттықтау сөздерін сөйлеп, Абылай ханның тарихи және тұлғалық бейнесіне арналған дөңгелек үстелдің ерекшелігіне тоқталды.

Іс-шараның бұдан кейінгі бөлігі бағдарлама бойынша баяндамашыларға берілді. Баяндамашылар аталған тақырып аясында Абылай хан және қазақ тарихы әсіресе қазақ-жоңғар қатынастары кезеңіндегі Абылайдың Ресей және Цин империясымен жүргізген дипломатиялық қатынастары, соның ішінде Орталық Азия хандықтары мен Қашқария және Ауған Әмірлігімен қарым-қатынастары туралы тарихи оқиғалар мен мәселелерге айрықша тоқталды. Атап айтар болсақ, институттың директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі З. Қабылдинов «Ресей империясының Абылайға жасаған саясаты» атты тақырып төңірегінде сөз алып, Абылай хан мен Ресей империясы арасындағы қарым-қатынасты архивтік деректер негізінде баяндады.

Сонымен бірге, Абылай ханның қазақ ауыз әдебиетінде қалыптасқан тұлғасына, атап айтқанда фольклордағы Абылайдың бейнесіне зерттеу жасаған А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, т.ғ.д., Алмасбек Әбсадық «Абылайдың сыртқы саясаты және оның фольклордағы көрінісі» атты баяндамасында Абылай бейнесінің фольклорда қалыптасқан тарихи және тұлғалық көрінісіне байланысты маңызды талдау жасады. Бұдан бөлек, Абылай хан және қазақ-жоңғар қатынастары кезеңі туралы шығыстық деректерді соның ішінде қытайдың мұрағаттық деректерін зерттеген тарихшы маман институттың жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., Ж. Ошан «Абылай хан ХVIII ғ. екінші жартысындағы Қытай дереккөздерінде» атты тақырыбы арқылы Қытай және қытай зерттеушілерінің мұрағаттық деректеріне сүйене отырып, Абылайдың ұтымды саясаткерлік бейнесімен бірге, алыс-жақын түрлі елдермен болған дипломатиялық қарым-қатынастарының кейбір мәселелеріне талдау жасады.

Аталған дөңгелек үстел аясында Абылай ханның Орталық Азия хандықтары мен тұрғындары арасындағы әртүрлі экономикалық, әлеуметтік байланыстарды айшықтай түсетін баяндамалар жасалынды. Соның ішінде атап айтар болсақ, институт директорының кеңесшісі, ғылыми қызметкер, PhD докторанты, жас ғалым О. Қуанбай «XVIII ғ. қазақ-башқұрт қатынастары және Абылай хан мұрағат деректері негізінде» атты баяндамасында отындық Башқұрттану мәселесіне тоқтала кетіп, XVIII ғасырдағы қазақ-башқұрт қатынастары мен Абылайдың дипломатиялық саясаткерлігіндегі башқұрттардың орны мен маңызына жеке тоқталды және қазақ-башқұрт қатынастарына байланысты сақталған мәселелердің өзектілігі мен тарихи құндылығына архивтік деректерге сүйене отырып тоқталды.

Бұдан басқа, қазақ-қырғыз қатынастары тақырыбы аясында Абылайдың тарихи маңызына мән берген кіші ғылыми қызметкер, тарих бакалавры, белсенді маман Анара Тылахметова «Абылай ханның қырғыз елімен саясатының ерекшелігіне» арнайы тоқталып, қазақ-жоңғар кезеңі және қазақ-қырғыз қатынастары бойынша Абылай ханның көрші ел қырғыздармен арадағы байланыстарына жан-жақты талдау жасады. Бұдан сырт, Абылай ханның қазақ-жоңғар қатынастары бойынша қалыптасқан тұлғалық көрінісіне жеке талдау жасаған жас ғалым, институттың кіші ғылыми қызметкері, PhD докторанты Ақмарал Бейсембаева «Абылай мен Жоңғар хандығының қарым-қатынасы» арқылы хан Абылайдың тарихи бейнесі мен саясаткерлік қабілетіне барынша назар аударды.

Бұдан бөлек, аталған дөңгелек үстелдің күн тәртібі іс-шараға қатысушы тарихшы мамандарға арналды. Институттың бас ғылыми қызметкері, «Этнология және антропология» бөлімінің «құрметті меңгерушісі», т.ғ.д., профессор, Шығыс елдерінің Халықаралық архитектура академиясының корреспондент-мүшесі, этнолог және этноархеолог Серік Әжіғали, институттың жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., профессор Гүлнар Мұқанова, институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Закиш Садвокасова және директордың қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары, т.ғ.к., Ақсұңқар Абдулина қатарлы білікті тарихшы мамандар Абылай хан, оның кезеңіне байланысты қалыптасқан тұлғалық бейнесі мен ерекшелігі турасында сөз алып, қазақ тарихының кейбір мәселелері бойынша өз ойларымен бөлісті, сонымен бірге баяндамашыларға сұрақтар қойды.