Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

МЫСЫР БИЛЕУШІСІ ТУРАЛЫ КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ


Қарашаның 1-ші жұлдызы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында Қазақстанның Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Дипломатия қызметіне еңбек сіңірген қызметкері Қайрат Ұзақұлы Сәкидің «Байбарс – султан мамлюков из Дешт-и Кыпчака» кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараға Институт директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі З.Е. Қабылдинов, директордың ғылым жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. Ш.Б. Тілеубаев, Институттың аға сарапшысы, т.ғ.к. Ә.К. Шашаев, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор, тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі А.Т. Қаипбаева және Ф.М.Достоевский атындағы Омск Мемлекеттік университетінің доценті, т.ғ.к. В.К. Черепанов қатысты.

Алғашқы болып сөз алған Институт директоры Зиябек Ермұханұлы автордың дипломатиялық қызметті тарихи зерттеумен ұштастыра білгеніне ризашылығын білдірді. Қайрат Ұзақұлының еңбегіне шолу жасап, кітап туралы ойымен бөлісті. ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі З.Қабылдинов биыл Сұлтан Байбарыстың (Бейбарыс) туғанына 800 жыл екенін, туындының мерейтой кезінде басылуы да үлкен мәнге ие екеніне тоқталды. Өйткені бұған дейін Мысыр билеушісі туралы еңбектер негізінен қазақ тілінде жарық көріп отырған.

Кітап авторы, қазірде Египет ислам мәдениеті университетіндегі байбарстану орталығы директоры сөзінің басын Институт басшылығы мен ұжымына баспаға қолдау білдіргені үшін алғыспен бастады. Бұған дейінгі шыққан еңбектері мен зерттеуде кездескен қиындықтарға да тоқталды. Алдағы ғылыми жоспарларымен бөлісті.

Зиябек Қабылдинов Институт ғалымдары дайындап жатқан ауқымды еңбек Жеті томдыққа тоқталып, мәмлүктер мен Алтын Орда байланысы үшінші томға арнайы параграф болып енетінін айтып өтті. Кітаптың тұсаукесерінен соң, қатысушыларға бір-бір данадан тарту етілді.