Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ТМД ЕЛДЕРІНІҢ ЖАС ТАРИХШЫ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ МЕКТЕБІНЕ ИНСТИТУТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ҚАТЫСУЫ


30 қазан мен 5 қараша аралығында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, директордың қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары Ақсұңқар Тұрсынқызы Абдулина мен аталмыш мекеменің ғылыми қызметкері Малика Темірханқызы Морякова  Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен «Тарихи мәтіндер: оларды жасау және түсіндіру мәдениеті» атты ТМД елдерінің жас тарихшы ғалымдарының халықаралық жазғы мектебіне қатысты. Жылда өткізілетін жазғы мектептің ұйымдастырушылары ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастығы мемлекетаралық қоры  мен Ресей Ғылым академиясының МХҚМИ Дүниежүзілік тарих институты (бұдан әрі – ДТИ) болды. Форум Ресейдің Өзбекстандағы елшілігінің өтініші бойынша Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университеті қабырғасында өткізілді. Жазғы мектепке қатысушылардың барлық шығындарын Өзбекстан билігінің мұрындық болуымен Ресей Федерациясы көтерді.

Шараның салтанатты ашылуында Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университеттің халықаралық қатынастар бойынша проректоры Р.Х. Ширинова Өзбекстанда алғаш рет жазғы мектеп аясында ТМД елдерінің тарихшылары мен студенттерін қабылдап жатқанын атап өтті. Сонымен қатар РҒА, ДТИ ғылыми директоры А.О. Чубарян, осы ғылыми-зерттеу институтының директоры, РҒА корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы М.А. Липкин және т.б. сөз алды.

Өзбекстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Армения Республикасы, Беларусь, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және т.б. елдердің жетекші ғалымдары мазмұнды да қызықты баяндамалар жасады. А.Г. Муминовтың «Археологиялық деректер бойынша Маргиана-Бактрияның ежелгі өркениеті», А.А. Мелконянның «Ерте орта ғасырлардағы (V-VIII ғғ.) армян тарихшыларының еңбектеріндегі тарихи мәтіндердің ерекшеліктері», М.Л Лавренченконың «Ортағасырлық Русь хроникасы. Әдістемелік мәселелер және оларды шешу мүмкіндіктері», З.Р. Ишанходжаевтың «Орталық Азиядағы жоғары оқу орындарының тарихы бойынша дереккөздер (Өзбекстан Ұлттық университетінің Шажар-генеалогия мысалында)», П.А. Трубчиктің «Этаптарды зерттеудегі жазба дереккөздер. Беларусь мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуы», К.У. Койчумановтың «Қазіргі заманғы БАҚ: олардың Қырғызстандағы рөлі мен әсері», Б.Г. Аяғанның «Қазақстан тарихының жаңа дереккөздерінің корпусы: жағдайы және бағалау», Е.А. Осипованың «Француз баспасөзі және Францияны исламдандыру мәселесі», Ю.В. Вишняковтың «1914 жылғы шілде дағдарысының сипатын ресейлік және шетелдік мұрағаттар материалдары негізіндегі дереккөздік талдау» сынды баяндамалары тыңдаушылардың айрықша қызығушылығын тудырды. А.Т. Абдулина «Қазақстандағы этносоциология: ақпаратты жинау, өңдеу және интерпретациялау әдістері» тақырыбында баяндамасында далалық зерттеулер кезінде этнологтардың ақпарат жинау әдістеріне және барлық дереккөздерді салыстырмалы талдау қажеттілігіне ерекше тоқталды.

Осы ретте 2023 жылдың 2 қарашасында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісімшартқа қол қоюға Өзбекстан тарапынан университеттің халықаралық байланыс жөніндегі проректоры Раиса Хакимовна Ширинова, антропология және этнология кафедрасының жетекшісі Акбар Давурбаевич Бабабеков ал Қазақстан тарапынан директордың қоғаммен  байланыс жөніндегі орынбасары Ақсұңқар Тұрсынқызы Абдулина мен ғылыми қызметкер кезінде Малика Темирхановна Морякова қатысты. Алдағы уақытта аталған мекемелер арасында магистранттары мен докторанттарын өзара ғылыми тәжірибеден өткізу мен тарих және этнология мәселелері бойынша бірлескен ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру  жоспарлануда.

Сонымен қатар, Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мемлекеттік мұражайында бас директор болып қызмет атқаратын Бахтиёр Вахапович Хасановпен кездесу өтті. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен одан әрі ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау жөніндегі комиссиялардың жұмысы талқыланды. Жиынға Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мемлекеттік музейінің Ташкент облысы бойынша филиалының директоры PhD Наргиза Соатмумидқызы Кенжаева, институт директорының орынбасары Ақсұңқар Тұрсынқызы Абдулина, ғылыми қызметкерлер Малика Темирхановна Морякова мен Арайлым Нұрболатқызы Қонқабаева қатысты. Осы келісім аясында Кеңес Одағы республикаларының аумағында қуғын-сүргінге ұшыраған немесе жазасын өтеген Өзбекстан мен Қазақстанның тумалары туралы анықталған құжаттармен алмасу, мұрағат қорларымен жұмыс істеу бойынша консультациялық көмек көрсету, бірлескен ғылыми жобаларды ұйымдастыру тетігін әзірлеу жоспарлануда.

2023 жылдың 3 қарашасында Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университеті Тарих факультетінің Жалпы тарих кафедрасы (жанында Этносаралық қатынастарды зерттеу орталығы жұмыс істейді) меңгерушісі Саипова Камола Давляталиевнамен, кафедраның профессорлық-оқытушылар құрамымен және этнология кафедрасының жетекшісі Акбар Давурбаевич Бабековтермен  кездесу өтті. Этносаралық қатынастар, диаспоралық саясат, зерттеулерге қатысу және т.б. тақырыптарда бірлескен ғылыми еңбектер шығару жоспарлары белгіленді.Кездесулер нәтижесінде университет ғалымдарының жарияланған еңбектері институтқа сыйға тартылды.

Жазғы мектептің қатысушылары Өзбекстан астанасы мен ежелгі Самарқандтың көрікті жерлерімен, соның ішінде Әмір Темірдің бейітімен танысуға мүмкіндік алды.

Халықаралық жазғы мектеп қорытындысы бойынша А.Т. Абдулина мен М.Т. Моряковаға сертификат табысталды. Шара бағдарламаларын қызықты етіп ұйымдастырғаны үшін ұйымдастырушыларға, әсіресе, Ғылыми хатшы М.С. Яковлевке және РҒА ДТИ Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Татьяна Мельниченкоға алғысымызды білдіреміз!