Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Дөңгелек үстел


ҚР БҒМ Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Елбасының Қазақстан халқына «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауына арналған дөңгелек үстел өткізілді. Институт директоры Х.М. Әбжанов кіріспе сөзінен бастады. Елбасымыздың биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы еліміздің  дамуына жаңа саяси бағдар беріп, Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуының жолдарын анықтап отыр дей келе, биылғы бұл он сегізінші Жолдаудың ерекшелігі «Мәңгілік Ел» – ұлттық  идеясының көтерілуі, ғылымның дамуына мол мүмкіндіктер туғызып отырғандығы екендігін атап өтті. 

Т.ғ.к., доцент Қ.С. Алдажұманов «Мәңгілік Ел» стратегиясы және бүгінгі тарих ғылымының міндеттері» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым Елбасы Жолдауындағы негізгі міндеттерін атап көрсете отырып, еліміздің қауіпсіздігіне баса назар аударылып отырғандығын баян етті. Жолдауда еліміздің экономикалық дамуын басты назарға алып әлеуметтік, денсаулық, білім мен ғылым салаларына қатысты бірқатар мәселелер көтерілгендігін атап өтті.

Т.ғ.к., доцент Н.Ә. Атығаев  «Вопросы развития науки и образования в Послании Президента Республики Казахстан» тақырыбындағы жасалған ғылыми хабарламасында Президент биылғы Жолдауының үшінші тармағында қаралған білім мен ғылым саласында «Ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру» екенін атап өтіп, оны жүзеге асыруда дамыған елдердің көрсеткішіне жеткізу үшін мемлекет тарапынан қолдау тауып ғылымды қаржыландыру ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан кем емес деңгейге дейін арттыру, нақты жоспармен жүзеге асыру жолдарына тоқталды.

Т.ғ.д. В.З. Галиев «Проблемы новой истории – важнейший духовный ресурс народа» тақырыбында ғылыми хабарлама жасады.

Т.ғ.д., доцент Г.Н. Ксенжик «Программа конкретных практических дел исторической науки Казахстана нового времени» тақырыбында жасалған ғылыми хабарламасында қоғамның қалыптасқан тарихи-мәдени ділін Тәуелсіз Қазақстан халықтарының басын біріктіре отырып жалпыға бірдей ортақ құндылықтар негізінде жүзеге асырып насихаттау бүгінгі таңдағы  тарих ғылымының күн тәртібіндегі мәселелердің бірі екендігін атап өтті.

Т.ғ.к., доцент З.М. Төленова «Ұлт келешегі – білім және ғылым» тақырыбында жасалған ғылыми хабарламасында Елбасының Жолдауы «Мәңгі Ел» жобасы негізінен өткен жылы бастама алған «Қазақстан – 2050» саяси стратегиялық бағдарламасын нақтылы жүзеге асырудың бағыт-бағдарламасы болып табылатындығына тоқталды. Осы Жолдаудың басты жеті міндетінің бірі «Ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен Қазақстан ғылымының  әлеуетін арттыру» болып табылатындықтан, ең алдымен қазақ ғылымы мен білімінің дамуына басты назар аударуымыз қажет. Егер ғылымның бастауы мектептен қаланатындығына назар аударар болсақ бүгінгі таңдағы ауыл мектебінің жағдайы қазіргі ғаламдану кезеңінің талаптарына жауап бере алмайды. Оған осы желтоқсан-қаңтар айларында ұйымдастырылған экспедиция барысында нақты көз жеткіздік.

Т.ғ.к. Ж.Ж. Несіпбаева «Казахстан и ОЭСР: сотрудничество в области образования и науки» тақырыбындағы жасалған ғылыми хабарламасында бүгінде дамығандықтың іргелі көрсеткіштерін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттер көрсетіп отыр.  Ұйымға мүше барлық елдер терең жаңғыру жолынан өткенін, инвестицияның, еңбек өнімділігінің, шағын және орта бизнесті дамытудың, халық өмірі стандарттарының жоғары көрсеткіштеріне ие болғанын атап өтті. Елбасы Жолдауда еліміздің әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру жолындағы біздің базалық бағдарымызды айшықтап берді.