Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 2023 ж. 16 қарашасында белгілі тарихшы Елтоқ Ділімбетұлы Ділмұхамедовтың туғанына 120 жыл толуына орай Республикалық ғылыми конференция өткізеді.
Конференция тақырыбы: «Е. ДІЛМҰХАМЕДОВ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ТАРИХ»
«Елтоқ Ділімбетұлы Ділмұхамедов 1903 жылы 21 қыркүйекте Шымбай уезінің Көккөл болысының Көккөл ауылында (қазір Қарақалпақ АКСР Бірінші май совхозы) дүниеге келген. Елтоқ Ділмұхамедовтың әкесі Ділімбеттің отбасы көп балалы еді. Ділімбеттің әйелі үш рет егіз бала туды. Дүниеге келген 22 баланың ең кенжесі осы Елтоқ. Елтоқтың балалық шағы негізінен өзінің төрт ағасы Жолыш, Наурызалы, Патулла, Елубай мен апасы Зылиқаның ортасында өтті. 1916 жылы Елтоқтың ата-анасы туған жерлері Көккөлден кетуге мәжбүр болды. Туған жерден аластауға ІІ Николай патшаның 1916 жылғы 25 маусымда империалистік соғыс майданындағы әскерлер тұрған аудандарда қорғаныс ғимараттары мен әскери жолдар салу үшін бұратана халықтардан 19 бен 43 жас аралығындағы ер адамдарды тарту туралы жарлыққа қол қоюы себеп болды. Елтоқтың ата-анасы Амударияның жағасына, одан Ақтөбе облысына Бестамақ станциясына, қазіргі Алшын ауданының Горький атындағы кеңшарына қарай көшті, ол жерге 1914 жылы тұрмысқа берілген қыздары Зылиха, туыс ағайындары Тәжібаев Көшенбай мен Есмағамбетов Мұхим тұратын. Отбасы бұл жерге көшіп келгенде, өкінішке қарай, қыздары мен күйеу баласы сүзектен қайтыс болған екен. Олар туыстары Тәжібаевтардың үйінде уақытша тұрды, одан кейін қысқы уақытта жұмыс күшін қажет етіп отырған Елжан Итесов байдың үйін паналайды. Елтоқ Ділімбетұлы тұрмыстың ауыр кезеңдерін бастан өткеріп, байларға жалданып жан сақтайды.
1941 жылдан бастап Елтоқ Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс тарихы бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын бастайды. 1946 жылы Орта Азия Мемлекеттік Университетінде Ғылыми Кеңестің отырысында ол «Қазақтардың Кенесары Қасымовтың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі» тақырыбы бойынша тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіндегі диссертациясын табысты қорғап шықты. Бұдан кейін Елтоқ Ділімбетұлы 1947 жылы Ташкенттен Алматы қаласына көшіп келеді. Өкінішке қарай 1951 жылы Кенесары Қасымов қозғалысының феодалдық-монархиялық сипатта болды деп есептелуіне байланысты, оның алғашқы кандидаттық дисертациясы жарамсыз деп табылды. Осыдан кейін тарихшы Советтік идеологияның жағдайына икемделіп, тарихи еңбектер жазады. 1954 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінде «ХХ ғасырдың басындағы (1900-1917 жылдар) Қазақстанның тау-кен жұмысшыларының революциялық қозғалысы» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын қайта қорғайды. 1973 жылы Москвада «ХІХ ғасырдағы Солтүстік және Орталық Қазақстандағы, тау-кен зауыты өнеркәсібі және жұмысшы табының қалыптасуы» тақырыбыда докторлық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Елтоқ Ділмұхамедовөзінің ғұмырын еліміздің тарихын зерттеуге арнады. Артына құнды еңбектер қалдырды.
Конференция қатысушылары Елтоқ Ділімбетұлының ХІХ ғасырдағы қазақ ұлт-азаттық күресі зерттеудегі рөлі мен орнын анықтаумен байланысты сауалдарды, ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы тау кен ісіндегі жұмысшы табының қалыптасуы қызметін, Қазақстан тарихын зерттеудің теориялық-методологиялық аспектілерін зерттеу мәселелерін т.б. мәселелерді қарастырады.Конференция жұмысында белгілі ғалымдар, тарихшылар, филологтар, әдебиеттанушылар және Қазақстан тарихымен шұғылданатын басқа да зерттеушілер қатысады.
Конференцияның негізгі бағыттары:
1. ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық көтерілістердің зерттелу мәселесі.
2. ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы таукен ісінің тарихы.
3. Қазақстан тарихын зерттеудің теориялық-методологиялық аспектілері.
Конференцияның жұмыс тілдері: қазақ, орыс.
Өтетін жері: Алматы қ., Құрманғазы көш., 29, 2-қабат, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының конференция залы
Уақыты: 2023 жыл, 16 қараша сағат 11:00
Байланыс: Телефон: 8 (727) 261 16 35; 261 17 58.
Онлайн қатысу үшін: Zoom Конференция
Конференция идентификаторы: 861 2850 1445
Код: 424930