Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Е.ДІЛМҰХАМЕДОВ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ТАРИХ


16 қараша 2023 жылы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Елтоқ Ділімбетұлы Ділмұхамедовтың (1903-1990) 120 жылдық мерейтойына орай «Е.Ділмұхамедов және Ұлттық тарих» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға Қазақстан мен Өзбекстанның белгілі қоғам қайраткерлері, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Елтоқ Ділімбетұлы ғылыми-зерттеу қызметін 1941 жылы Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс тарихын зерттеуден бастады. 1947 жылы Ташкенттен Алматыға көшкеннен кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтында жұмыс істеп, революцияға дейінгі Қазақстанның өнеркәсіп тарихының, жұмысшы табының революциялық қозғалысының қалыптасуы мәселелерін зерттеді.

1954 жылы «ХХ ғасыр басындағы Қазақстан кеншілерінің революциялық қозғалысы» тақырыбындағы зерттеуі үшін кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Алматыда, Мәскеуде, Ленинградта, Ростов-на-Донуда өткен Бүкілодақтық ғылыми-теориялық конференцияларда көрнекті ғалым Қазақстан тарихының өзекті мәселелері бойынша баяндамалар жасап, 1973 жылы Мәскеуде ««ХІХ ғасырдағы Солтүстік және Орталық Қазақстандағы тау-кен өнеркәсібі және жұмысшы табының қалыптасуы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.

Конференцияда ел тарихын зерттеудің кең ауқымды мәселелері талқыланды. Тарих ғылымдарының докторы З.Сәдуақасова, қоғам қайраткері М.Сембин, аға ғылыми қызметкер Р.Оразов сынды ғалымдар ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ халқының ұлт-азаттық күресі, қазақ көтерілістері, Кенесары Қасымов бастаған көтеріліс туралы ғылыми  баяндамалар жасады.

Қарақалпақстан Ғылым академиясы Қарақалпақ гуманитарлық ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Сәбит Нұржанов «ХІХ ғасыр соңы – ХХ ғасыр басындағы Қарақалпақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстар: тарихы мен маңызы» атты баяндамасында Е.Ділмұхамедовтың Қарақалпақстандағы жоғары білімнің дамуына қосқан зор үлесіне тоқталды.

Е.Д. Ділмұхамедовтың қазақ, өзбек, қарақалпақтардың тарихын зерттеуде ерекше рөлін ғалым-тарихшы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің редакторы Б.Ұзақов та өз баяндамасында ерекше атап өтті.

Тарих ғылымдарының докторы М.Ж. Әбдіров «Төңкеріске дейінгі кезеңдегі Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің тарихы» баяндамасында Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіндегі жұмысшы табының қалыптасу тарихы мен осы кезеңдегі жекелеген тарихи тұлғалардың қызметі мен саяси ағымдарын зерттеуге қатысты мәселелермен таныстырды.

Конференцияға қатысушылардың сөзінде атап өтілгендей, Е.Д. Ділмұхамедов бүкіл саналы ғұмырын еліміздің тарихын зерттеуге арнап, артына ұлттық тарихты зерттеуде баға жетпес ғылыми еңбектер қалдырды.