Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ИНСТИТУТТЫҢ ПОЛЬШАМЕН БАЙЛАНЫСЫ НЫҒАЯ ТҮСПЕК


22 қараша 2023 жылы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Варшава Университетінің проректоры Марчин Гурникевич пен Әскери техникалық академиясының докторы Павел Ставаж қонақта болды. Польшадан келген қонақтармен кездесуге Институт директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов, директордың ғылым жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. Шәмек Баянұлы Тілеубаев, директордың қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. Ақсұңқар Тұрсынқызы Абдулина, ғалым хатшы, PhD докторы Нұргүл Нұрсұлтанқызы Құрманалина, Институттың аға сарапшысы, т.ғ.к. Әуезхан Қадыржанұлы Шашаев пен директор кеңесшісі, PhD докторы Қуанбай Олжас қатысты.

Кездесуде Институт директоры Зиябек Ермұханұлы Ресейге санкция салынуына байланысты бүгінде Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі негізгі орталыққа айналғанын тілге тиек етіп, алда әріптестік орнап жатса өзі басқарып отырған мекеменің әлеуеті күмәнсіз екенін жеткізді. Директор орынбасары Шәмек Баянұлы Институттың бұған дейінгі жеткен жетістіктеріне тоқталып, мекеменің бұған дейін поляк ғалымдарымен бірлескен поляк-қазақ тарихи комиссиясы аясында жұмыс істегенін, аталмыш елде  үш бірдей орталықпен (Гданскідегі Екінші Дүниежүзілік соғыс мұражайы, Белостоктағы Сібір құрбандары мұражайы және Польша Ғылым академиясы) тығыз байланыста екенін айтты.

Доктор Павел Ставаждың сөзінше Польшаның Қауіпсіздік және қорғаныс институтында Орталық Азияны зерттеу орталығы ашылған және Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыстан секілді елдермен конференция, дебат сынды іс-шаралар ұйымдастыруға қызығушылық танытып отыр.

Кездесуде антрополог М. Гурникевич өзінің әлеуметтік және мәдени антропологиядағы зерттеуімен бөлісті. Айтуынша ғалым 10 түрлі ұлттың (Германия, Франция, Египет, т.б.) соғыс уақытындағы өмірлеріне енген өзгеріcтерді зерттемек. Сонымен бірге проректор алдағы уақытта ортақ зерттеулер жүргізуге барын салатынын жеткізді.

Кездесу соңында директор Зиябек Қабылдинов қонақтарға Институтта жарық көрген бірнеше ғылыми еңбекті сыйлады. Тараптар алдағы уақытта ғылыми-іскерлік салада серіктестікке қол жеткізуге барын салатын болып уағдаласты.