Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ХАЛЫҚ САНАҒЫН ЗЕРТТЕУДІҢ ЖАҢА ӘДІСТЕРІ


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 2023 жылғы 5 желтоқсанда «Қазақстандағы халық санағын зерттеудің жаңа әдістері»тақырыбында методологиялық семинар өткізді. Методологиялық семинардың мақсаты– санақ материалдарының халық санын анықтаудағы негізгі деректігін көрсету болды. Методологиялық семинарымызға қызығушылық танытқан ғалымдар, мамандар, докторанттар мен магистранттар, студенттер қатысып пікір білдіруге шақырылып, семинар офлайн және онлайн форматта жүргізілді.

Институт бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразгүл Хасенқызы Мұхатованың модераторлығымен өткен кезекті методологиялық семинардың баяндамашысы тарих ғылымдарының докторы, доцент Айжамал Ибрагимқызы Құдайбергенова болды. Ол санақ түсінігіне сипаттама бере келіп, Қазақстандағы санақ жүргізу тарихына тоқталып өтті. Сонымен қатар санақ жүргізудегі математикалық, электрондық әдістердің тиімділігі жөнінде баяндады. Сондай-ақ санақ нәтижелерінің мемлекетіміздің дамуына тигізер пайдасы туралы атап өтті.

Методологиялық семинарға қатысушылардың қызу талқылауларының нәтижесінде келесідей қарар қабылданды:

  1. Еліміздегі демографиялық ахуалды көтеру мақсатында мемлекет тарапынан «Мемлекеттік даму бағдарламасы» аясында ішкі ресурс негізінде әлеуметтік жәрдемақы бойынша босанған анаға жөргекпұлдан басқа, ананың күтіміне арналған «сүйінші сыйақы» бөлу.
  2. «Көп балалы отбасы» сияқты арнайы бағдарламалар бойынша көпбалалы отбасыларға үй, жер телімдерін беру.
  3. Тарихшылар, әлеуметтанушылар, статистика, т.б.  мамандар қатысатын пәнаралық деңгейдегі «Қазақстанның әлеуметтік-демографиялық дамуы» тақырыбында базалық-нысаналық қаржыландыру ғылыми-зерттеу жүргізу.
  4.  Статистикалық мәліметтердің негізінде Қазақстан бойынша жекелеген өңірлердің демографиялық ахуалына, яғни демографиялық аудандастыруға байланысты  әлеуметтік, медициналық көмек көрсету орындарын ашу.   Мәселен, қарттар көп орналасқан аумаққа шипажайлар, емдеу орындарын, жастардың саны басым аймақтарда мәдени, инновациялық және т.б. орындарды ашу.
  5. «Шежірелердегі халық санағының нәтижелері» тақырыбында жас ғалымдарға – магистранттар мен докторанттарға арналған  арнайы зерттеу байқауларын ұйымдастыру.
  6. Демографиялық зерттеулерді жетілдіру мақсатында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына демографиялық бағдарламаларды көтеруге қажетті арнайы компьютер сату алу.
  7. Методологиялық семинар тақырыбы бойынша магистранттар мен докторанттар үшін әдістемелік құрал дайындалып, соның негізінде арнайы ақылы курс дайындау.