2024 жылдың 11 қаңтарында Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қызметкерлері ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Жарылқасынұлы Исамен кездесті. Жиын барысында халық қалаулысы бірнеше келелі тақырыптарды сөз етіп мекеме қызметкерлеріне елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару, жолдардың сапасын жақсарту сынды тақырыптарға тоқталды. Сонымен бірге Қазыбек Иса пайдалы қазбалар мәселесін көтерді, өйткені 2022 жылы референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясына енді Қазақстанның барлық жер асты байлығы бұрынғыдай мемлекетке емес, Қазақстан халқына тиесілі деген түзету қабылданды. Дегенмен, бұл маңызды ережені жүзеге асыру тетігі әлі әзірленген жоқ. Қазыбек Жарылқасынұлының айтуынша, ел бюджетіне көбірек кіріс түсуі үшін ірі көмірсутегі кен орындарын жалға алатын шетелдік инвесторлармен келісім-шарттарды да қайта қарау қажет.
Өз кезегінде Директордың ғылым жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. Шәмек Баянұлы, директордың сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы, т.ғ.к. Жомарт Жеңісұлы, аға сарапшы, т.ғ.к. Әуезхан Кәдіржанұлы сынды институт қызметкерлері депутатқа ғалымдардың мәртебесі туралы заң әзірлеу, ғылыми-зерттеу институты қызметкерлерінің еңбекақысын есептеу коэффициенттерін арттыру, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтайға тарихшыларды енгізу қажеттіліктері туралы сұрақтар қойды. Сонымен бірге ғалымдардың іргелі ғылыми зерттеулермен айналысуына және лайықты еңбекақы алуына мүмкіндік тудыру үшін Қазақстанның ірі ғылыми-зерттеу институттары арасында бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруды бөлуді реттеуді тілге тиек етті.