Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫ АҚТАЛУЫ КЕРЕК


29 қаңтарда Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның (бұдан әрі – комиссия) мүшелерімен кездесу өтті. Шараны комиссия мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова мен институттың аға сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Әуезхан Шашаев жүргізді.

Отырыста сөз алған тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев комиссия жұмысының нәтижесін «Архив төңкерісі» деп атады. Оның айтуынша, облыстық мұрағаттардың ашылуы және 72 томдық қуғын-сүргін құрбандарының құжаттары мен естеліктерінің жарыққа шығуы жаңалық болды. Бұл ретте профессор жобаға аймақтық мамандарды тарту үлкен жетістік деп есептейді. Мәмбет Құлжабайұлы КСРО кезінде барлық одақтық республикалар үшін оңай болмағанын, соның ішінде Қазақстан ерекше тәжірибе аймағына айналғанын баса айтты.

Келесі сөз алған ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов Мемлекеттік комиссияның жұмысына президенттік мәртебе берілгенін, енді оны парламенттің деңгейіне шығару қажеттігін айтты. Сонымен бірге академик мына мәселелерге тоқталды: Ұлт-азаттық көтерілістер мен тұтқындарға қатысты жеке заң қабылдануы керек, мұрағаттар тек комиссия мүшелеріне ғана емес, жалпы жұртшылыққа да қолжетімді болуы керек. Мұрағаттардағы құжаттарды Батыс елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, халықтың қасіретінің құнды куәгері болып табылатын қолжазбаларды цифрлық форматқа көшіру қажет, өйткені көптеген құжаттардың жағдайы көңіл көншітпейді.

«Арыс» қорының (баспасы) директоры, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес қазақ тілінде шыққан алғашқы басылымдарды жинақтаудағы қиындықтарға тоқталды. Алаш қозғалысының көсемі, ғалым және мемлекет қайраткері, ең жақсы зерттелген А.Байтұрсынұлының еңбегі түгел емес. Әлі күнге дейін 4 кітабы табылмады. Баспа директорының айтуынша, бұл еңбектердің қашан, қай баспадан, қанша данамен шыққанын білсек те таба алмай отырмыз.

Белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының докторы Георгий Васильевич Кан комиссия жұмысы барысында Кореяның тәуелсіздігі жолындағы көрнекті күрескер Хонг Бом Доны ақтауда табысқа жеткеніне ерекше тоқталды. Қызыл Армия қатарында соғысқан генерал Хонг Бом Доны Корея Республикасының билігіне мойындату оңай болған жоқ. Сондай-ақ Г.В. Кан ұлттың идентификаторына айналған Алаш қозғалысының рөліне тоқталып, келешекте қуғын-сүргін құрбандары ақталуы керек деген пікірде.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты директорының орынбасары Марзия Ғаниқызы Жылысбаева алдағы уақытта кездесуі мүмкін кадр тапшылығына тоқталды. Оның ойынша, мұрағатта құжатпен жұмыс істейтін мамандарды алдағы 10-20 жылда кездестіре алмауымыз мүмкін. Себеп – тәлімгерліктің жоқтығы. Сондай-ақ мұрағатшы заңның «Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры» бөліміне толықтырулар енгізіліп жатқанын айтты.