Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

АҚПАРАТТЫҚ ХАТ


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ

ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ

Ш.Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫ

2024 жылдың 03 сәуірінде ҚР ҒЖБМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР ғылым академиясының академигі, Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтыңтуғанына 125жыл толуына орай «Академик Қ.И. Сәтбаев феномені және ХХ ғ. Отандық ғылым: қазіргі ұстанымдар мен пәнаралық зерттеу мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясын өткізеді.

Қаныш Имантайұлы 1899 жылдың 12 сәуірінде қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында (бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысы) Имантай бидің отбасында дүниеге келген. Сауатын ауыл молдасынан ашқан болашақ ғалым Павлодардағы орыс-қазақ мектебінде, Семей мұғалімдер семинариясында, Томск технология институтының тау-кен факультетінде білім алған. Мұғалімдер семинариясында Ж. Аймауытов, М. Әуезов сынды көрнекті қайраткерлермен бірге оқиды.

1920-1941 жж. Баянауылда халық судьясы, «Атбастүстімет» тресі геология бөлімінің, Қарсақбай мыс комбинаты геологиялық барлау бөлімінің бастығы, комбинаттың бас геологы қызметтерін атқарған. 1941-1952 жж. КСРО Ғылым академиясы Қазақ бөлімшесінің құрамындағы Геология ғылымдары институтының директоры, КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы, Қазақстан Ғылым академиясының президенті болған. 1952 жылы формалды себептер бойынша ол ҚазКСР Ғылым Академиясының президенті қызметінен босатылып, КСРО Ғылым академиясының Орал филиалына ауыстырылды. Аталған мекемеде Сәтбаев үш жыл филиал төрағасы қызметін атқарды. 1955 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Президенті болып қайта сайланып, өмірінің соңына дейін осы қызметті атқарған.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері кентасты кендер геологиясы мен Қазақстанның минералды ресурстарына т.б. мәселелерге арналған. Ол ғылымға формациялық металлогендік талдаудың кешенді әдісін енгізді. 1927-1928 жж. Жезқазған, Қарсақбай, Атбасар, Спасск аудандары, Қарағанды көмір бассейні және Қаратау полиметалл кендері бойынша ғылыми маңызы бар еңбектер жариялады. Жезқазған-Ұлытау ауданында мыстан басқа темір, марганец, көмір, қорғасын кендері табылып, барланды, бұл маңызды геологиялық қорытынды жасауға мүмкіндік берді. Сәтбаевтың қолдауымен ҚазКСР астанасында Орталық Азия геофизикалық тресі ұйымдастырылып, Қазақ КСР Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі құрылды. Қазақстан Ғылым Академиясын, бөлімдерді, институттарды, зертханаларды, база секторларын ұйымдастырды. Жезқазған тау-кен металлургия комбинатын, Қарағанды және Балқаш металлургия зауыттарын, Ертіс-Қарағанды каналын салу, Маңғышлақ, Мұғалжар, Торғай өңірлерінің табиғи байлығын анықтау бойынша зерттеулер жүргізді.

Ғалым геологиядан басқа, қоғамдық ғылым саласында қазақ халқының тарихы мен мәдени мұрасын зерттеуге қызығушылық танытты. Ш.Ш. Уәлиханов жазып алған «Едіге» жырының мәтініндегі қазақ оқырмандарына түсініксіз араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайтадан дайындаған. Жезқазған – Ұлытау өңірінен көптеген этнографиялық мұраларды жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегін жазған. Қазақ орта мектебінің төменгі және жоғары сынып оқушыларына арналған «Алгебра» оқулығын дайындаған. 1931 жылы басылған А. Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына енген 25 әнге орыс тілінде ғылыми түсініктеме берген.

Конференция жұмысының негізгі бағыттары:

– Тұлғатанудың қазіргі тарихи зерттеулердегі теориялық-методологиялық негіздері;

– Қ.И. Сәтбаев және ҚазКСР Ғылым академиясының құрылуы;

– Қ.И. Сәтбаевтың мемлекеттік және қоғамдық қызметі;

– Қ.И. Сәтбаев және қоғамдық ғылымдардың мәселелері;

– Қ.И. Сәтбаев замандастарының естеліктерінде және тарихи публицистикада;

– Қ.И. Сәтбаевтың ғылыми мұрасын насихаттау.

Конференцияның жұмыс тілдері: қазақ, орыс, ағылшын.

Қатысу нысаны: офлайн және онлайн форматта (идентификатор: 885 4830 7672, пароль: 405348)

Конференция жұмысына қатысу үшін ұйымдастыру комитетінің мекен-жайына келесі материалдарды жіберулеріңізді сұраймыз:

1. Үлгі бойынша өтініш.

2. Баяндама мәтіні.

Мақаланы рәсімдеуге қойылатын талаптар: көлемі 5-тен 10 бетке дейін, MS WORD редакторы *.doc, *.RTF, шрифт Times New Roman”, кегль 14, шекаралары: жоғарғы – 2, төменгі – 2, сол – 3, оң – 1 см, жоларалық интервал – бір (бір аралық). Интервал арқылы ортасында жартылай қалың қаріппен кіші әріптермен – мақала атауы, оң жақта автордың аты – жөні, ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы және ұйымның атауы, жақшада-қала, ел. Мақалада сілтемелер беттері көрсетілген төртбұрышты жақшалармен рәсімделеді (мысалы, [1, 17-бет.]). Пайдаланылған әдебиеттер тізімі мақаланың соңында көрсетіледі. Сөйлемнің соңында сілтемеден кейін нүкте қойылады. Кестелер MS WORD редакторында теріледі. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі мақаланың соңында көрсетіледі (нөмірлеу нүктесіз). Файлдың атауы бірінші автордың аты-жөнімен сәйкес келуі керек.

Конференция мақалаларының жинағын шығару жоспарлануда.

Мақалаларды тапсыру мерзімі: 2024 жылдың 15 наурызына дейін.

Ұйымдастыру комитетінің мекен-жайы және байланыс телефондары: 050010 Алматы қ., Шевченко к-сі, 28, ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, тел.: 8 (727) 261-67-19; сот. тел.: 8 701 404 18 78 (Тарихнама, деректану және замануи методология бөлімі); е-mail: kazhistory@bk.ru; Aina__78@mail.ru

Өтетін орны: Алматы қаласы, Шевченко көшесі 28, Ғылым Ордасы. Кіші конференц-зал. Басталуы: сағат 10.00

Өтініш үлгісі

Аты-жөні (толық)
Ғылыми дәрежесі (ғылыми атағы)
Қызмет орны, лауазымы
Автордың мекен-жайы
Байланыс телефоны, факс, е-mail
Конференция бағыты
Мақаланың тақырыбы, қысқаша аннотациясы

Құрметпен, ұйымдастыру комитеті