Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ТҮРІК ТАРИХШЫСЫ ӘБДІУАҚАП ҚАРА ИНСТИТУТТЫҢ ЖАС ҒАЛЫМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ


2024 жылдың 23 ақпан күні Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Жас ғалымдар кеңесінің ұйымдастыруымен белгілі тарихшы, Түркиядағы қандас бауырымыз, Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қарамен кездесу өтті. Кездесуге Институтымыздың бас директоры т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов, директордың ғылым жөніндегі орынбасары т.ғ.к., Ш.Б. Тілеубаев, сондай-ақ, институттың жетекші ғылыми қызметкерлері мен жас ғалымдары қатысты. 

Әбдіуақап ағамыз жастарға өзінің ғылым жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, тарих саласындағы еңбектерімен және ғылым саласында бүгінгі жаңа технологиялық мүмкіндіктерді игерудің жақсы жақтарына тоқталып, қызықты да мазмұнды баяндама жасады. Кездесу барысында, қазіргі кездегі қазақ-түрік қатынастары, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне байланысты және т.б. сұрақтар қойылып талқыланды. Профессор Әбдіуақап Қара М. Шоқайдың француз тіліндегі таңдамалы мақалаларын қазақ, орыс, түрік тілдеріне аударып, құрастырып «Кеңес одағының түркі әлемі саясаты» деген атаумен жақында жарыққа шығарған еңбегін институт  ұжымына тарту етті. Бұл еңбек тағы бірнеше тілге, оның ішінде ағылшын, неміс, өзбек, қырғыз тілдеріне де аударылып жатыр екен.