Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ЖОШЫ ҰЛЫСЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАРЫН ҰЛЫҚТАҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ


2024 жылдың 5-сәуір күні Қазақстан Респубиликасының Ұлттық Кітапханасы төрінде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің ұйымдастыруымен Жошы Ұлысының 800 жылдығына арналған «ЖОШЫ ҰЛЫСЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАРЫ» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияға белгілі отандық тарихшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Атап айтқанда, ҚР Мәжілісінің депутаты, т.ғ.д., профессор Е. Әбіл, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА корр-мүшесі, т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов, директордың халықаралық қатыстар жөніндегі орынбасары, Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің меңгерушісі және іс-шараның ұйымдастырушысы, жетекші ғылыми қызметкер, т.ғ.к., Ж. Ж. Жеңіс, т.ғ.д., профессор Кенжеғарин Ә. Қ., директордың ғылым жөніндегі орынбасары, т.ғ.к., Ш. Баянұлы, директордың қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары Е. Торайғыров, инититуттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор М. Абдиров, аға сарапшысы, т.ғ.к., Ә. Қадіржанұлы, институттың жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ә. Дәулетхан, Жошы Ұлысын зерттеу институтының директоры, PhD Ж. Сәбитов, т.ғ.к., Жандарбек Зікірия, М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, фил.ғ.к., доцент Т. Қыдыр, институттың жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., Ж. Ошан, институттың жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., А. Жұмаділ, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңес жанындағы тізілімдік консультативтік мәртебенің (ЭӘКТКМ) «Полигон – 29 тамыз» қоры кеңесінің төрағасы Н. Бозтаев және институт құрамындағы білікті жас ғалымдар мен тарихшылар қатысты.

Конференция кезінде модератор тізгінін ұстаған институт директоры З.Е. Қабылдинов Жошы Ұлысының қалыптасу тарихы кезеңдеріне талдау жасап, отандық тарих ғылымындағы ортағасыр кезеңінің зерттелуінің кейбір мәселелеріне, Жошы Ұлысы негізінде пайда болған Қазақ хандығының тарихи маңыздылығына және төрелер институтының орнына талдау жасады. Сонымен бірге, баяндама арасында Ұлттық Кітапхананың ұжымына алғысын айта келіп, кітапхана басшысына институт тарапынан шығарылған кітаптарды сыйға берді. Арнайы құттықтау сөзін сөйлеген қоғам қайраткері, ҚР Мәжілісінің депутаты, т.ғ.д., профессор Е. Әбіл, Жошы Ұлысының тарихи сабақтастығы мен  өзектілігін айта келіп аталған іс-шараның маңыздылығына айрықша тоқталды.XIII-XVII ғасырлардағы Жошы ұрпақтары шежіресі бойынша деректерді талдаған Ж. Сәбитов, Жошы Ұлысы мен кейінгі ұрпақтарының шежірелік мәселелері мен дереккөздері туралы пікірімен бөлісті. Сарайшық туралы айшықты пікірімен бөліскен Кенжеғарин Ә. Қ., Сарайшықтың орыны мен тарихи құндылығы туралы құнды пікірлерін ортаға салды. Жошы Ұлысы кезеңі мен қазақ тарихына қатысы бек тығыз дала ескерткіштері мен балбалтас, сынатастарға жеке-жеке талдау жасаған инититуттың бас ғылыми қызметкері М. Абдиров,Жошы Ұлысы мен Қазақ тарихына қатысты кейбір мәселелерді тілге тиек етті.

Жошы Ұлысының Қазақ хандығының қалыптасуындағы басты тарихи және рухани қайнар көзіне тоқталған Ә. Дәулетхан, қазақ тарихының қордаланып қалған кейбір түйіткілдерін тілге тиек етті. Жошы Ұлысындағы жүздердің пайда болуына айрықша талдау жасаған З. Жандарбек, жүздік жүйенің қалыптасуы мен маңыздылығына және діни фактордың ықпалына ерекше тоқталды. Алтын Орда дәуіріндегі әдеби мұраларды зерттеп жеке-жеке талдау жасаған Т. Қыдыр, аталған кезеңге байланысты негізгі мәселелерді атап өтті.

Ал, әл-Кашанидің «Тарихэ Олджайту» кітабының аударылуы және оның қазақ тарихы жөнінен маңыздылығына айтқан Ж. Ж. Жеңіс, Жошы Ұлысы тарихының дереккөзі ретінде аталған кітаптың ерекшелігіне сондай-ақ, орта ғасыр кезеңін зерттеудің отандық тарих ғылымындағы өзектілігіне тоқталды. Моңғол империясы дәуіріндегі әйгілі бітікшілерді атап көрсеткен Ж. Ошан, Шыңғыс Орадасындағы жазу-сызу мәдениетінің қалыптасуы мен жүйеленуіне және жекелеген бітікшілердің тарихи рөліне жеке тоқталды. Шыңғыс империясы кезіндегі тілдік ерекшелікке тоқталған Н. Бозтаев, Шыңғыс империясы алды-артындағы кезеңдердің тілдік жағдаятына талдау жасап өз пікірімен бөлісті.

Аталған іс-шараның бір ерекшелігі ой-пікірімен бөлісіп баяндама жасаған жас ғалымдар қатары да көп болды. Жошы Ұлысы кезеңіндегі ру-тайпалық құрылымдарды туралы баяндама жасаған институттың ғылыми қызметкері А. Бекенова, Жошы Ұлысы кезіндегі ру-айпалық құрылымға талдау жасады. Институттың кіші ғылыми қызметкері Е. Сауырқан, ежелгі және ортағасыр кезеңінің Түркиядағы зерттеулі мен кезеңдеріне талдау жасады. XVII ғасырдағы Қазақ хандарының аштраханид әулетімен өзара қарым-қатынасы туралы сүбелі баяндама жасаған институттың ғылыми қызметкері және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің докторанты А. Досқараева, Қазақ хандығы кезеңіндегі сыртқы дипломатиялық қатынастарға тоқталды. Түркиялық дереккөздерге, соның ішінде Топкапы сарайында сақталған Қырым ханы Керейдің жарлық хатына талдау жасаған институттың жас ғалымы және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистранты М. Қадылбек, Қырм хандарының хаттарына талдау жасап, хат үлгісіндегі ерекшеліктерге талдау жасады. 

Конференция соңында тарихшылар мен білікті мамандар аталған тақырып аясында пікірлерімен бөлісті. Сонымен бірге түрлі ұсыныстарды ортаға сала отырып, Жошы Ұлысының Қазақстан тарихындағы орнына тоқталды. Бұдан өзге отандық тарих ғылымында ежелгі және ортағасыр кезеңінің зерттелуіндегі сақталған мәселелерді шешудің ғылыми әдістемелік жолдарын пысықтады. Атап айтқанда аталған кезеңді зерттеудегі тілдік факторды ескере отырып, көп тілді меңгерудің өзектілігі, соның ішінде арап, парсы, қытай және шағатай мен мәжүр тілдерін игерудің маңыздылығына тоқталды.