Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Тарихшылар жүз ауылды аралап, жүз қариямен жүздесті


http://qaznews.kz/zhuz-kariya-zhuz-auyl-74512.html

Алматы. Qaznews.kz – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері тек кітапхана, мұрағатттағы мұраларды ақтарып қана қоймай, ауыл-ауылды аралап, көнекөз қарияларға барып, деректер жинауға көшті. Бұл да зерттеулерге жан бітірері сөзсіз. Дәлірек айтсақ, 2013 жылдың қараша-желтоқсан айларында және биылғы жылдың өткен айында «Қазақстан тарихы» веб-порталының «Жүз қария», «Жүз ауыл», «Ою-өрнек құпиясы», «Шежіре» бағдарламалары бойынша тарихи-этнографиялық іссапарға барып келді. Негізгі мақсат – «Қазақстан тарихы» веб-порталын ауызша тарихтың тың материалдарымен толықтыру.

Бағдарламаның негізгі ерекшелігі мәліметтер ел ішіндегі сөз қадірін жете түсінетін адамдардың аузынан жазып алынады. Халық арасында көнекөз қариялар мен аузы дуалы шешендер азайып қалғанымен, олардың ізін басып келе жатқан орта жастағы құлағы түрік, ата-тегін, түп-тамырын түгендеп жүрген азаматтар баршылық. Әсіресе, түкпір-түкпірдегі ауылдардың жергілікті тарихын, кеңестік кезеңге дейінгі тарихы, ауылдардың іргетасы қашан қаланып, одан бергі даму жолы қалай өрбіді – осылар туралы мағлұматтарды халық аузынан жинау – экспедицияның басты бағдары болды.

Едыге Сапаев - Т.Молдагалиевтын досы

Едіге Сапаев — Тұманбай Молдағалиевтің досы

Халықтың тұрмысын кезеңдерге бөліп, 1929-33 жж. ашаршылық, Ұлы Отан Соғысы жылдары, соғыстан соңғы жылдар, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай кезең, 80-90 жж. жетіспеушілік жылдар, тәуелсіздік жылдарындағы ауылдардың тыныс-тіршілігі, жағдайдың түзеле бастауы, бүгінгі таңдағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу деңгейі қандай, халықтың әлеуметтік, рухани жағдайы қандай деңгейде — осы мәселелерге барынша жауап іздедік.

«Ел іші – өнер кеніші» демекші, ел арасында есімі көпке танымал атбегі, құсбегі, мұрап, ұста, зергер, емшілермен көзбе-көз жүздесіп, әңгімелестік. Қазақтың қолөнерін өз әлінше дамытуға теңізге құйған тамшыдай болса да үлес қосып жүрген азаматтар жетерлік. Соған көзіміз жетті. Олардың еңбектерін халық назарына ұсыну, жария етуді — мына біз,, институт қызметерлері зор жауапкершілік көріп отырмыз. Жалпы, жобаның негізгі бағыты да осы болатын. Егер веб-порталға кіріп, өзіне керекті мағлұмат іздеген әрбір ізденуші одан қандай да бір материал тапса, жоба алға қойған мақсатына жетті деуге болады.

Негізінен жиналған материалдарға тоқталсақ, көнеден қалған материалдық ескерткіштер, соның ішінде жергілікті деңгейдегі белгілі тұлғаларға қойылған мемориалдық ескерткіштер, жекелеген адамдардың сақтаған ұлттық жәдігерлері, ер-тұрман, қамшы, қалқан, шоқпар, тас диірмен, ағаш сандық, кебеже, астау, келі-келсап, бесік, сабат.б. бұйымдары, халық сыйлайтын қасиетті жерлердің суреттері мен ол туралы мәліметтер, өткен ғасырда жарыққа шыққан Құран кітаптары, ұлттық ою-өрнектермен нақышталған тұрмыстық бұйымдар, төсеніштер, қолдан жасалған сияқты тұрмыстық заттар, домбыра, қобыз сонымен бірге көне қолжазбалар, ертеректе жазып алынған шежіреге қатысты деректер, жеке шығармашылық жұмыстары т.б. толып жатыр. Олардың бәрі болашақта «Қазақстан тарихы» порталында жарыққа шығады деген жоспар бар. Сондай-ақ халық арасында ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп жүрген, бүркіт баптап, ат ұстап, тазы салып, саятшылық құрып жүрген азаматтар да баршылық екен. Міне, осылармен көпшілік танысуы керек.

Елтай Муптекеулы - кусбегы

Елтай Мүптекеұлы — құсбегі

Балтабай Ыбырай 3 тазысымен

Балтабай Ыбырай үш тазысымен

Жергілікті әкімшіліктер тарапынан көп қолдау көрсетілді деуге болады. Олар көлік-қатынас жағынан, сосын көне жәдігерлер сақталған мекендерді қамтуға, ауызша тарих пен шежірені жақсы білетін адамдармен жүздесіп, сауалнама жүргізуге мүмкіндік жасауға көмектесті. Бұл үшін жергілікті әкімшіліктер қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Қыс кезінде ұйымдастырылған экспедиция бәрімізге қиындық туғызғанын жасырмаймын. Қыстың көзі қырауда демекші, бір ауылдан екінші ауылға жету, тіпті ауыл арасында бір күннің ішінде бірнеше үйді аралаудың өзі жаяу жүрген адамға қиын. Осы жағынан келгенде ауыл әкімшілігінің үлкен көмегі болды.

Мен Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында болып, бірнеше ауылдарды араладым. Ауылдағы қаймағы бұзылмаған қазақтың қонақжайлығына тағы бір көзім жетті. Бір ауылда тек қазақтар ғана емес, өзге де ұлт өкілдері тұратыны бәрімізге белгілі ғой. Еңбекшіқазақ ауданы Евгенемаловодное селолық округінде тұратын Кулғайша Сыдықова деген апамыздың үйінде болдым. Сөйтсем, ол бұдан бірнеше жыл бұрын болған қазақтар мен шешендердің жігіттері қақтығыс болған кезде қаза болған жігіттің шешесі екен. Оның өзі «Өмір бойы осы ауылда тұратын шешен ағайындарымызбен бірге тұрып келеміз. Той болса бірге өткізіп, бір-біріміздің қуанышымыз бен қайғымызды бірге бөлісіп жүр едік. Болған оқиға жас жігіттер арасында болған намыс мәселесінен туындаған. Балам соның құрбаны болып кетті. Бірақ сол оқиғадан соң шешендермен жауласып кеткен жоқпын. Баяғы көршілі қатынасымыз сол қалпынан өзгерген жоқ», — деп ойымен бөлісті. Бұл тек қазаққа ғана тән кеңдік қой!

Курмангазы Кайруллаулы - сол жакта

Тағы бір кездескен жан, ол – Құрманғазы Қайруллаұлы. Сәулетші-әрлеуші, қылқалам шебері Құрманғазы Қайруллаұлы қазақтың салт-дәстүрін өнермен байланыстырып өзгеше келбетте көрсетіп жүрген қолөнер иесі. Ол мал терісінен, жілігінен, сүйегінен әр түрлі өнер туындыларын жасап, халыққа ұсынады.

Куда - мын жылдык туындысы

Мысалы, бір ғана «Құда мың жылдық» туындысы жайлы айтсақ, қонақжай қазақ халқының құдасына тартатын қойдың жамбас жілігінің образын сомдай отырып, құдалардың, жас отаудың бір-біріне деген сыйластығын бейнелеген.

Сапар барысында ой салатын осы секілді оқиғалар менің ғана емес, барлық адамдардың алдынан кездесті.

Экспедиция аяқталған соң Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында екі рет дөңгелек үстел өткізіліп, ғылыми қызметкерлер жинаған материалдары туралы бір-бірімен пікір алысты. Сондай-ақ аудандардағы негізгі өлкетанулық проблемалар ортаға салынып, олардың шешілу жолдары туралы ұсыныстар ортаға салынды.

ХІХ ғасырда жарық көрген Құран кітаптары әкелініп, Ғылым Ордасының сирек кітаптар мұражайына тапсырылды.

Қазіргі кезде жиналған материалдар өңделіп, порталға беруге дайындық үстінде. Олар арнайы сарапшылардың тексеруінен өтетін болады. Яғни материалдар халыққа шикі күйінде емес, барынша көркемделген жағдайда ұсынылады.

Анар АРЕПОВА,
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және
этнология институтының ғылыми қызметкері