Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ЖАС ҒАЛЫМДАР ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ КЕЗДЕГІ ОТАНДЫҚ ТАРИХ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ


ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Жас ғалымдар кеңесі Ғылым күніне орай 2024 жылдың 12 сәуірінде «Жас ғалымдар және қазіргі кездегі отандық тарих ғылымының өзекті мәселелері мен жаңа бағыттары» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстел жұмысына Институттың жас ғалымдары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жас ғалымдары қатысты. Дөңгелек үстел жұмысы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. Тілеубаев Шәмек Баянұлының кіріспе сөзімен ашылды.

Дөңгелек үстелде тақырыптары пәнаралық байланыста тарих, археология, этнология салаларындағы жаңа бағыттары мен өзекті мәселелері бойынша талқылаулар болды. Атап айтар болсақ, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалым хатшысы, PhD доктор, қауымдастырылған профессор – Құрманалина Нұргүл Нұрсұлтанқызы «Ұлттық бірегейлікті зерттеудегі айтылған тарихтың рөлі» атты тақырыпта баяндама жасады. Ұлттық бірегейлікті зерттеудегі айтылған тарихтың рөлінің маңызды екендігіне тоқталды. Келесі баяндамашы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты Зооархеология зертханасының меңгерушісі – Шағырбаев Мәмбет Сапарбекұлы «Археозоологиялық зерттеулер: мүмкіндіктері, қазіргі жағдайы және болашағы» баяндамасында археологиялық зерттеу жұмыстары барысында табылған материалдарға архезоологиялық тұрғыдан талдауларға тоқталса, аталған институттың Физикалық антропология зертханасының меңгерушісі, ғылыми қызметкер – Жанұзақ Рамазан «Қазақстандағы антропологиялық зерттеулер» тақырыбындағы баяндамасында жалпы антропология деген не, ол қандай мәлімет береді деген мәселелер жайлы құнды мәліметтер берді. Сондай-ақ, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері – Морякова Малика Темірханқызы «Көшпелі өмір-салтының ерекшеліктері (зерттеушілердің еңбектері бойынша)» атты баяндамасында көшпелі халықтардың негізгі материалдық мәдениеті мен олардың ерекшеліктері туралы айтса, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Этнология және антропология бөлімінің «Қазақ ескерткіштану мәселелерінің» ҒЗО ғылыми қызметкері– Әшім Бағлан Әбдірахманұлы «Этнология ғылымының ғылыми және ғылыми-практикалық жаңа бағыты «Қазақ (этнографиялық) ескерткіштануы» жөнінде» баяндамасында қазіргі Қазақстан үшін ескерткіштанудың өзекті ғылыми-тәжірибелік бағытының маңызды рөлі мен өзектілігі жайлы, ал Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері – Қоңқабаева Арайлым Нұрболатқызы «Айтылған тарих тарихи жадты зерттеу құралы ретінде» баяндамасында адамның жадында сақталған естеліктердің құндылығына, оларды тарихи зерттеулерде пайдаланудың әдістерін, Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің кіші ғылыми қызметкері – Сауырқан Елдос «Заманына сай жас ғалым болудың шарттары мен сақталған кейбір мәселелері» баяндамасында ғылымдағы жас ғалымдардың рөлі мен Институтымызда шығып жатқан еңбектерді әлеуметтік желілерде насихаттау туралы ұсыныстарын айтты.