Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Қазақстан тарихындағы кезеңдеудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы методологиялық семинар өтті


Негізгі баяндамашылар ретінде Ежелгі және ортағасырдағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің ғылыми қызметкерлері –  т.ғ.д. З. Қинаятұлы, бөлім меңгерушісі, т.ғ.к. Қ.З. Өскенбай ғылыми баяндамаларын жасады. Т.ғ.к., доцент Ә. Дәулетхан, Этнология және антропология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д., профессор С.Е. Әжіғали Қазақстан тарихын дәуірлеу мәселесіне қатысты өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Тарих ғылымдарының докторы З. Қинаятұлы тарихты дәуірлеудің теориялық-методологиялық кейбір мәселелері тақырыбында ғылыми ой-тұжырымдарын ұсынды. «Тарихты дәуірлеудің» анықтамасын бере келе, тарихи кезеңдердің өзіндік ерекшеліктері мен негіздемелерін талдады.  Тарихты кезеңге бөлудегі әдістемелер (О. Кант. К. Ясперс, Г.Е. Гринин, Ф. Энгельс, М. Вяткин еңбектері мен әдістемелері мысалында), тарихты дәуірлеудегі еуропалық тұжырымдама және қытайлық тұжырымдама «Чжун-го» – «Орталық немесе жер кіндігі мемлекеті», Дун-ху немесе бұратаналар деген этноцентристік теорияларды сипаттады. Қазақ мемлекеттілігі ежелгі түрік және ортағасырлық моңғол ұлыстық мемлекет жүйесінің түрлі реформация, трансформациялардан өтіп, өз даласында шыңдалып жетілген түрі болып табылатындығын дәлелдеуге тырысты. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда Қазақстан тарихын дәуірлеу ерекшеліктеріне тоқталды. Ғылыми ой-пікірлерін қорытындылай келе, әдістемелік дерек көздеріне сүйене отырып, Қазақстан тарихын мынадай кезеңге бөліп қарастыруды ұсынды: 1) Ежелгі дәуірдегі Қазақстан; 2) Түркі мемлекеттері дәуірі (Сақ, Үйсін, Қаңлыдан Оғыз мемлекетіне дейін); 3) Кимек, Қыпшақ кезеңі; 4) Моңғол ұлыстары билігі дәуіріндегі Қазақстан. Жошы ұлысы. Ақ Орда мемлекеті; 5) Қазақ хандығы дәуірі; 6) Ресей және Кеңес Одағы құрамындағы Қазақстан. Зарзаман дәуірі; 7) Азаттық дәуірі.

Тарих ғылымдарының кандидаты Қ.З. Өскенбай тарихты дәуірлеудің тарихи астарларына тоқталды. Зерттеуші-ғалым 1226-1277 жж. Ұлыстық кезең – Жошы ұлысы шеңберінде Орда ұлысының қалыптасуы (Ақ Орда); Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы; 1300-1310 жж. – ішкі саяси дағдарыстар кезеңі; 1310-1341 жж. – Алтынордалық протекторат; 1341-1366 жж. – Ордалықтардың әлсіреуі. Азаттық кезеңі. Этносаяси үдерістердің әлсіреуі; 1378-1428 жж. – Ақ Орданың құлдырауы сынды кезеңдердің ерекшеліктеріне талдау жасады.

Жалпы алғанда, XIII-XV ғғ. Қазақстан тарихы тарихи дамудағы біртұтас жүйе емес, құрама, этникалық, саяси, әлеуметтік, экономикалық жағдайларына байланысты дамитындығын айтты.

Тарих ғылымдарының кандидаты Ә. Дәулетхан Қазақстан тарихын кезеңдеудің өзекті мәселелерін айқындап, жазылып жатқан «Қазақ елі» тарихының 10 томдығы жайында ой қозғады. 10-томдықты талапқа сай жазып шығу үшін тарихты кезеңдеудің методологиялық мәселелелерін талқылап, институттың ортақ ұстанымын қалыптастыруға жасалған игі бастаманы қызу қолдайтынын жеткізді. Әлемдік тарихнаманың озық тәжірибелерін пайдалан отырып, өз тарихымызды жазу міндетіне тарихшылар ие екені белгілі, сол себепті де ел алдындағы жауапкершілігімізді естен шығармауға тиіспіз деп ойын қорытындылады.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор С. Е Әжіғали тарихты дәуірлеу мәселесі бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті екендігін айта келе, дәуірлеудің этно-мәдени ерекшеліктерін ескеруді ұсынды. Кеңестік теориялардың жетістіктері мен кемшіліктерін талдай отыра, көшпелі (далалық) өркениет тұрғысының маңызын атап өтті. Қазақстан тарихының 10 томдығын жазуда кезеңдеу мәселесіне тиянақты болуды алға қойды.