Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Дөңгелек үстел


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 10.04.2014ж. Ғылым күніне орай «Қазақстан ғылымы және «Мәңгілік Ел» тақырыбында мерзімді баспасөз өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстел жұмысы Институт директоры Х.М. Әбжанов кіріспе сөзімен ашылып, сөз барысында Ғылым күнімен әріптестерін құттықтай келе, отандық ғылымның негізін салушы ғалымдар мен ғылымның дамуы жөнінде ой-пікірін білдірді. Бүгінгі жаһандану заманында ғылымдағы инновациялық өзгерістер негізінде қарқынды дамуында бәсекеге қабілеттілікті арттыру қажеттілігіне тоқталды. «Ғылыми таным» түсінігіне анықтама беріп, адамзаттың интеллектуалдық таным түсінігіне талдау жасады. Интеллектуалдық танымның ең құдіреттісі, ең дәлі, табиғатты, қоғамды, адамды өзгертудегі ең пәрмендісі – ғылым. Қазақстанның болашағы – ғылымда. Ғылымның өзіндік ерекшелігі мен артықшылықтарына тоқталды. Ғылымның қоғамда алар орны, маңызы мен қызметін нақтылай өтті.

Дөңгелек үстелде бас баяндама жасаған Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.к. З.К. Ноғаева баяндамасында, әлемдік білім беру жүйесінің дамуы мен қазіргі жағдайын отандық ғылымның даму үрдісімен салыстыра талдады. Бүгінгі ғылым мен білімнің дамуындағы әлеуметтік (жалпыәлемдік және ұлтаралық) факторлар, қазіргі заманғы өркениеттің жалпы жағдайының қарама-қайшылығы, адамзаттың бүкіл өміріндегі бірігулердің артуы, интеграциялық факторлардың ғылым мен білім беру жүйесіне ықпалы, «білім берудегі жаһандандыру» термині, отандық педагогикалық ғылым дамуының мәселелеріне тоқталды.

Халықтану және тарихи тұлғатану мәселелері» бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д., А.И. Құдайбергенова ғылыми баяндамасында тарихи демографияның ғылым саласы ретінде қалыптасу және даму тарихы, категориялары, зерттеу бағыттары мен бүгіні мен болашағы мәселелерін қамтыды. Отандық тарихи демография саласының зерттеуші-ғалымдары мен олардың ғылыми еңбектері, Институттағы бөлімнің тарихы мен қызметкерлері және олардың еңбектерін атап өтті.

«Ақиқат» журналының редакциялық алқа мүшесі О. Қауғабай өз баяндамасында шығыс ойшыл-ғұламасы Әл-Фараби мен мемлекет қайраткері Д.А. Қонаевтың өмірі мен қызметі, философиялық ойлары, болмысын ұштастыра отырып, талдады. Қонаевтың гуманистік қасиеттерін саралай келе, оның ғылымға қосқан үлесін қарастырды.

Кеңестік дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері Қ.С. Алдажұманов Қазақстандағы 1921-1922 және 1931-1933 жылдардағы ашаршылық тарихы, өзара ерекшелігі мен ұқсастықтарын көрсетті, сонымен қатар 20 жж. ашаршылық тұсында көмек көрсеткен шетелдік ұйымдардың қызметін тоқталды.

Ежелгі және ортағасырдағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.к. Қ.З. Өскенбай өз баяндамасында, қазіргі кезеңдегі Қазақстандағы әлемдік интеграция тәжерибесі негізіндегі Ордатану (Жошытану) мәселесін қарастырды. Алтын Орда тарихын зерттеудегі қазақ-татар ынтымақтастығы, орда тарихына қатысты деректанулық және тарихнамалық еңбектерге шолу жасап, ғылыми-зерттеулерде ұтымды нәтижеге жетуде ұлтаралық қарым-қатынастарды нығайту қажеттілігін атап өтті.

Этнология және антропология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д., профессор С.Е. Әжіғали өз баяндамасында, Қазақстандағы тарих ғылымының стратегиялық дамуы бағдарламасында этнологияны дара қоғамдық-гуманитарлық пәне ретінде орны мен рөлі, этнографиялық зерттеулер негізінде мәдениет және этнос генезисі заңдылықтарын анықтаудағы маңыздылығын атады.

Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Г.Н. Ксенжик ғылыми баяндамасында Қазақстанның тарихын дамытудың алғышарттары қазақстандық ғылым әлеуетін арттыру, әлемдік сұранысқа сай, сапалы ғылыми қызмет сапалылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету деп атап өтті. Отандық ғылым саласының даму кезеңі жаһандық замандағы тарихи зерттеу жұмыстары, ғылыми білімге гуманитаризациялау және экологизациялау үдерістерінің ықпалы, мәдени үдерістерді жаһандандыру және белсенділігін арттыру, сонымен бірге түрлі ғылыми бағыттардағы мамандардың ғылыми зерттеулерге қатысуы үдерістеріне тоқтала келе, саяси-мемлекеттік және тарихи қырлары тұрғысының қалыптасуын қарастырды. Соынмен қатар Институтта Қазақстан тарихы ғылымына үлес қосқан ғылыми қызметкерлердің қызметі мен еңбектерін бағалап өтті.

Дөңгелек үстелде соңғы сөз алған Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Қ.Ш. Әлімғазинов баяндамасында, нарықтық экономика жағдайында ғылыми ортадағы ғылымдағы интеллектуалдық қызмет, ғылыми білімді коммерцияландыру ғылымда жаңалық ашудың қаншалықты құндылығы мен бағалануы мәселесіне тоқталды.