Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

С.Смағұлова. Cамараға сапар


Жақында Ресей қазақтары «Мәңгілік Ел» идеясына сенімді екендігін көрсетті. «Самұрық қазына» Акционерлік қоғамының демеушілігімен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Т.А. Мамашев бастаған құрамында ғалымдар, журналистер мен әншілері бар арнайы делегация Самара облысына барып, Кинель-Черкасск ауданы қазақтары өткізген Наурыз мейрамына қатысты. Сосын Ресей Федерациясының әр облыстарынан келген қазақ ұйымдарының өкілдерімен кездесіп, Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың биылғы жылғы Қазақстан халқына арнаған жолдауына байланысты Дөңгелек үстел өткізді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауына орай өткен бұл жиынды өткізуіміздегі негізгі мақсаты – Елбасының Жолдауындағы «Мәңгілік Ел» идеясын Ресей қазақтарына таныстыру, талқылау және олардың ой-пікірін тыңдау еді. Оған қатысқан қандастарымызға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қазақ және орыс тілдеріндаярлаған Елбасының Жолдауы таратылып, танысуға мүмкіншілік жасалынды. Алғашқы сөз алған Қазақстан Респуликасының Астрахань қаласындағы консулы А.Ү. Сыздықов Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауының маңыздылығын, бұл жолдаудың еліміздің экономикасын, мәдениетін, әлеуметтік жағдайын көтеруіне жол сілтеп отырғандығын айта отырып: «Жастарды мәдениетімізге, рухымызға, дәстүрімізге үйрете отырып, алға шыққан елдермен тереземіз тең болу керек. Ауызбіршілігімізді арқылы ғана алға шыға аламыз. Президентіміздің әр жылдардағы жолдауының Қазақстанның өсуіне, өрлеуіне бірден-бір себеп екендігін өздеріңіз де көрдіңіздер. Жолдауда көрсетілгендей, 30 елдің қатарына кіру үшін қазіргі кезде бірімізге тірек болып, қазақ деген атаудың бүкіл әлемге таныта отырып, алға ұмтылған жөн», – деді.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Т.А. Мамашев Елбасы Жолдауындағы «Мәңгілік Ел» идеясының мәнісіне тоқталып, қазақ халқының өткені мен келешегіне көз жүгіртіп, «Мәңгілік Ел» болу үшін дүниежүзіндегі қазақтар бірігіп, ымырада, ынтымақтастықта өмір сүріп, бір-біріне көмек көрсету, қазақ халқының салт-дәстүрін жас ұрпақтардың арасында жаңғыртудың қажеттігін баса көрсетті.
Талқылауға қатысқан Ресей қазақтарының өкілдері бірауыздан Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауын алыс және жақын шетелдегі қазақтарына бағыт-бағдар сілтеп, жол көрсетіп отырғандығын, Қазақстанның ішкі жағдайы оларды бей-жай қалдырмайтындығын айтты. Мурманск қаласындағы қазақтардың ұлттық-мәдени автномиясының төрағасы Серік Байжұминов Қазақстан президентінің кезекті жолдауы ең бастысы мемлекетті қазақ тіліне, жастардың білім алуына барлық жағдайды жасаудың қажеттігін меңзеп тұрғандығын нақтылай келе, Қазақстанның әлем елдерімен терезесі тең қатынас құруына, ұлтты ұйыстыруына «Мәңгілік Ел» идеясы жетелейтіндігіне сенімді екендігін атап өтті. Сонымен қатар ол тілге Қазақстаннан тыс жерде тұратын жастардың өз тілін біліп, өз дәстүрі мен құндылықтарын, мәдениетін құрметтеуі қажеттігін, ол үшін оларды ұлттық рухта тәрбиелеу, ұлттық ерекшеліктерді дұрыс түсіндіре білу керектігін нақтылады.
Татарстан Республикасындағы қазақтардың ұлттық-мәдени автномиясының төрағасы Сағит Жақсыбаев бұл Жолдаумен Татарстандағы қазақтардың жіті танысқандығын айта келе, барлық жердегі қазақтардың бірлікте, берекеде болуы қажеттігіне меңзесе, Челябі облысындағы қазақтарының мәдени «Бірлік» орталығынан келген Қарлығаш Игімбаева Жолдауға байланысты ойымен бөлісті. «Жолдау жарияланысымен ауылдарға барғанымда жас, қария демей осы құжатты жан-жақты талдауға алып, тіпті ондағы әрбір санға мән беріп, пікірлескендерді көрдім. Бұл сыртта жүрсек те, Қазақстандағы оқиғалар, жағдайлар, іс-шаралардан тыс қалмай, ниеттес, пікірлес екендігімізді білдіру. Жолдаудағы бір қуантарлық жай, бизнеске кең жол ашу, жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беру, яғни Қазақстан халқын бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолына жұмылдыру», – деді.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының аналитикалық орталығының директоры К.Н. Балтабаева да Елбасы Жолдауында көрсетілгендей, қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналып, елімізде бойынша мемлекеттік тілді үйрету іс-шаралары жөнге қойылғандығын, ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болып, ұлтымыздың ұйытқысы болатындығына сенімінің мол екендігін атап өтті.
Жиынға қатысқан қандастарымыз да Елбасының Жолдауын өте жақсы қабылдап, бірауыздан бұл Жолдауды өз араларында талқылауға алып, насихаттау жұмыстарын жүргізетіндіктерін үлкен ризашылықпен жеткізді. Ұлтымыздың мүддесі үшін береке-бірлікте болып, жиі қарым-қатынас орнатып, өзара тәжірбие алмасып отыру керектігін жөнінде ұсыныс білдірді.
Самар жеріндегі бұл жиын Ресей қазақтарының өзара қарым-қатынасын күшейтіп қана қоймай, дүниежүзі қазақтарын өзге этностармен қоян-қолтық бірлікте, ынтымақтастықта тату-тәтті өмір сүре алатындығын дәлелдеп берді.