Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

С.Смағұлова. Самарадан ескен сағыныш


Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының шақыруымен наурыздың соңғы күндері Самара облысы қазақтарының тойланғалы жатқан наурыз мейрамын көрудің сәті түсті. Қазақстан делегациясының баруына «Самұрық қазына» акционерлік қоғамы демеушілік көрсетіпті.
Облыста 15 мыңдай қазақтар тұрады екен. Олардың басын біріктіріп ұлттық мәдениетті сақтау, салт-дәстүр, тілді дамыту, қазақ жастарын қоғамдық қызметке тарту, этносаралық толеранттылықты нығайту секілді маңызды істерді атқаруды өңірлік қазақ ұлттық-мәдени «Ақжол» автономиялық-қоғамдық жақсы жлға қойыпты. Бұған кәдімгідей қуанып қалдық.
Мәдени саладағы жетістіктер де риза етті. Салауат Сұлтанов пен Айгүл Жалелованың жетекшілігімен құрылған «Айгүл» халық би ансамблі, «Маржан» халықтық сән театры, «Ақбұлақ» ән ансамблі, «Ару ана» вокалді тобы қазақтың ән-күйін, биін нақышына келтіре насихаттап, көрермендерінің ыстық ықыласына бөленіп жүргендігі ерекше мақтаныш сезімін туғызды..
Самара жерінің қазақтары бізді және Ресей Федерациясынан келген қазақ ұйымдары өкілдерін өте жылы қарсы алды. Жалпы Самара өңірінде Наурыз мерекесін тойлау дәстүрге айналыпты. Жыл сайын бір аудан қазақтары мереке өткізуді мойындарына алады екен. Биыл Наурыз мереке өткізу Кенел-Черкасскі ауданы қазақтарына бұйырыпты. Ақ шағаладай, ұлттық нақышпен оюландыра қаз-қатар тігілген қазақ үйлердің қонаққа толы. Дастарханына бауырсағы мен құртын қойып, қымызын сапырған, қазақтың әні салып, биін билеген қандастарымызды көргенде өзге жерде емес, өз ауылыңда жүргендей сезіндік. Шетте жүрген қазақтарымыздың Наурызды тойлауға өте жоғары мән беретіндігі ерекше тандандырды. Мерекелік алаңда айтылған әні мен жырында, мың бұрала билеген биінде исі түркі еліне деген құрмет, ал көздерінен қазақ халқына деген сағыныш байқалады.
Мерекелік шара аясында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Т.А. Мамашев бастаған арнайы делегация құрамы Ресей Федерациясының облыстарында тұратын қазақ ұйымдарының өкілдері және өңірдегі тұрғындар алдында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың биылғы жылғы Қазақстан халқына арнаған жолдауына байланысты Дөңгелек үстел өткізді. Онда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Т.А. Мамашев Елбасы Жолдауындағы «Мәңгілік Ел» идеясының мәнісіне тоқталып, қазақ халқының өткені мен келешегіне көз жүгіртіп, алдағы уақытта дүниежүзіндегі қазақтар бірігіп, ымырада, ынтымақтастықта өмір сүріп, бір-біріне көмек көрсету, қазақ халқының салт-дәстүрін жас ұрпақтардың арасында жаңғыртудың қажеттігін алға тартты.
Жиынға қатысқан қандастарымыз бірауыздан Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауын алыс және жақын шетелдегі қазақтарына бағыт-бағдар сілтеп, жол көрсетіп отырғандығын, Қазақстанның ішкі жағдайы оларды бей-жай қалдырмайтындығын айтты. Ұлтымыздың мүддесі үшін береке-бірлікте болып, жиі қарым-қатынас орнатып, өзара тәжірбие алмасып отыру керектігін жөнінде ұсыныс білдірді

Президент және халық, 2014,  №17 (451), 11 сәуір