Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ұлттық идеясын талқылаған отандық тарихшылардың алқалы жиыны


pic12014 жылдың 17 сәуірінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен тарихшылардың Ұлттық Конгресі ұйымдастыруымен Алматы қаласында «Қазақстан және әлемдік тарих кеңістігі: жалпы мен ерекшенің «Мәңгілік Ел» ұлттық идея арқылы көрінісі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Еліміздегі, сондай-ақ таяу және алыс шетелдердегі белгілі маман тарихшылар қатысқан алқалы жиында 20 кітаптан тұратын «Қазақстан тарихы» онтомдығын жазу нәтижесі мен тағылымы қарастырылып, іргелі жобаның мәселелерін талқылаған 2012 ж. және 2013 ж. сәуір айында өткен халықаралық конференцияларда көтерілген идеялар өз жалғастығын тапты.  Көптомтықта Отан тарихын дәуірлеу, қазақ мемлекеттілігінің пайда болуы, өрлеуі мен өркендеуі, ұлт тарихының әлемдік тарихи үдерістермен ықпалдастығы, тарихтағы тұлғалардың рөлі, тәуелсіздіктің бастау-бұлақтары мен жемістері ғылыми ойдың соңғы жетістіктеріне сүйенумен, жаңа методологиялық ұстаныммен және «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында отандық, шетелдік мұрағаттардан жинақталған тың деректер негізінде жазылады. Елбасы Н.Ә. Назарбаев көтеріп отырған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын зерттеу, насихаттау, оқу үдерісіне енгізу мәселелері де кеңінен қарастырылды.

Алқалы басқосуда – әлемдік тарихи кеңістіктегі Қазақстан; ұлттық идея тарих толқынында; көптомдық «Отан тарихы»: идеялар мен іркілістер секілді мәселелер талқыланды.

Көптомдық «Қазақстан тарихының» 10 томдығында қамтылуға тиісті өзекті мәселелер мен соңғы жылдардағы зерттеулер нәтижелерін ғылыми айналымға енгізудің инновациялық әдістерін тиімді пайдаланудың жолдарын ортақ шешуді қарастыру  мақсатында шақырылған халықаралық алқалы жиынға Түркия, Қытай, Мәскеу, Бішкек, Астана, Тараз, Өскемен, Түркістан мен Алматы қалаларындағы ЖОО-ның ғалымдары мен ізденушілерінен 107-дей өтініш түсіп, 70-тен аса ғалымдар конференция жұмысына қатысты.

Конференция жұмысын кіріспе сөзбен ашқан Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор Х.М. Әбжанов  Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бастамасы және өзегі болып табылатын  «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының отандық тарих ғылымындағы бастаулары мен қалыптасу кезеңдерінің көптомдықта нақтылы көрініс табуына баса көңіл бөлу қажеттілігін  айта келіп,  конференцияға қатысушылардан күн тәртібіндегі қаралатын мәселелер бойынша салиқалы ойлар мен тың ұсыныстар күтілетіндігін жеткізді. Қатысушыларды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Т. Балықбаев пен тарихшылардың Ұлттық Конгресінің төрағасы Е.Б. Сыдықовтың  құттықтау сөзімен таныстырды. Вице-министр Т. Балықбаевтың құттықтау сөзінде «Жаһандану тұсында тізе біріктіре ізденбесе, «ақтаңдақтарды» жою, ұлттар мен мемлекетердің әлемдік тарихи кеңістіктегі орнын нақты дәйектеу, теориялық-методологиялық озық ой-сананы кәдеге жарату міндеттері атқарылмайды. Бірлік пен ықпалдастық – ғылыми әлеуетті арттырудың сенімдігі серігі» екіндігі айтылса, Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресінің төрағасы Е.Б. Сыдықовтың құттықтауында ұлттық идея отанымыздың әрбір азаматы өзінің ұлтына, діни сеніміне және де басқа жақтарына қарамай, Қазақстанның қуатты, халықаралық қоғамдастықта тұрақты да беделді, саяси шеңберде тәуелсіз және егеменді, барынша маңызды және қажетті жалпымемлекеттік сипаттағы міндеттерді жүзеге асыру бағытында отандық тарихшыларға үлкен міндет-мақсат жүктелетіндігі көрсетілген.

Конференция барысында тыңдалған баяндамалар мен жарыссөзге қатысқан ғалымдардың пайымдаулары мен тұжырымдамаларын барынша қамтуға тырыстық. Себебі, ұлт тарихының өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігі қазақстандық кез-келген азаматтың санасын сілкіндіріп, ой салары сөзсіз.

Пленарлық мәжілісте сөз алған танымал ғалымдар қазіргі кездегі тарих ғылымындағы маңызды жетістік – ақпараттық кеңістіктіктің ашықтығы мен Қазақстан тарихының өзекті мәселелері жаңаша көзқарастар мен тұжырымдар, тың әдістемелік тұрғыдан және ғылыми айналымға соңғы жылдары отандық және шетелдік мұрағаттардан табылған жазба деректер негізінде жазылу қажеттілігіне баса назар аударды.

abzhanov_mkhБас баяндамашы Х.М. Әбжанов көптомдық «Отан тарихын» жазу барысында 2012 ж. бері жүргізілген ауқымды жұмыстар мен ізденістерді, алдағы міндеттерді айта келіп, «Қазақстан және әлем. ХVІІІ ғасыр» тақырыбында көрсетілгендей көпшілік назарын ХVІІІ ғасырда туындаған әлемдік деңгейдегі әлеуметтік сілкіністер, «қазақты «Елім-айлап» зарлатқан» қасіретті жылдар зары және т.б. жалпы адамзат қоғамы «ілгерілеу мен іркіліске, үміт пен күдікке, соғыстар мен қайшылықтарға толы» екендігіне аударды. Баяндамашы өз сөзінде  жалпы «ХVІІІ ғасыр болмысын бір-бірімен арпалысқан Еуропа мен Америка мемлекеттері тағдырынан, Азия мен Африка аумағын шарпыған тарихи-өркениеттік кереғарлықтан байқауға» болатындығын нақтылы дәйектермен жеткізді. Осынау әлемдік даму кеңістіктігіндегі Қазақ тарихының өзіндік ерекшеліктерін көрсетуде ел мен жердің тағдырында жекелеген тұлғалардың алатын орны мен рөлінің маңыздығылына тоқталды. Осындай  қоғам сұранысына айнала алған,  «тарихи жауапкершілік үдесінен шыққан Абылай құбылысы – халқымыздың жасампаз табиғаты мен әлеуетінің, бәсекеге қабілеттілігінің мәнді белгісі, мәңгі ел мен ұлттық идеясының символы. XVІІІ ғасырдағы қазақтың қайсарлығына, жауынгерлік рухына, намысшылдығына, елтұтқаларының тұлғалық қасиеттері» Елбасы көтеріп отырған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының өзегі болып табылатындығын атап өтті.

zhumagulov_ktҚ.Т. Жұмағұлов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, тарих ғылымдарының докторы: Дәстүрлі 3-ші рет өткізіліп отырған конференцияның кезекті жұмысында Қазақстан тарихын әлемдік кеңістік аясында қарастыру қажеттілігінің көтерілуі өте өзекті. Бұның дәлелі ретінде ғұн-аварлар тарихын, қазақ-түркі тайпаларының тарихымен тығыз байланысты зерттелуде. Бұл мәселе осы уақытқа дейін негізізінен Батыс европалық ғылымда еуроцентристік түсінікте жазылып келеді. Түркі даласынан шыққан ғұн-аварларлардың VI-VIII ғғ. тарихы туралы латын-грек тілдеріндегі деректер, әулиелер тарихы туралы жазбалардан кездестіруге болады және оларды ғылыми айналымға тартудамыз. Бір ғана мысал, ғұн-аварлардың Европаға келуі ықпалдастықтың айғағы, нақты көрінісі.

asylbekov_mhПленарлық мәжілісте баяндама жасаған ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы М.Х. Асылбеков көптомдықтың әрбір томына ат берілуі қажет, осыған орай әлі де болса тартыс тудыратын мәселелер бар екендігін айта келіп, Ресей ғалымдарының  жалпы отарлау мәселесі жөніндегі біржақты және кейбір отандық журналист-жазушылардың ұлт-азаттық көтерілістер мен оның сардарларына қатысты жаңсақ пікірлерінің жиі көтеріліп жүргендігін, соған орай көптомдықта: – қазақ даласының ғасырлар бойы Ресей отарында болғандығы мен бодандық саясаттың ашы шындығы; – қазақ жерлерінің тұтастық мәселесі; – ұлт-азаттық көтерілістер тарихы мен олардың басшыларына шынайы баға беру қажеттілігіне шақырды.

omarbekov_tКөптомдық авторларының бірі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбековтың ой мәйегі ««Мәңгілік ел»  идеясының ежелгі және орта ғасырлардағы тарихи тамырлары» аясында өрбіді. Баяндамашы: «Мәңгілік ел» идеясын біздің қоғам әлі толық түсіне алмаған сияқты», – дей келе, ең алдымен, бұл ұғымды толық түсіну; екіншіден, ұғымның тарихи бастаулары қандай, үшіншіден “Мәңгілік ел” тарихымызда тек жағымды рөл атқарды ма, оның көлеңкелі тұстары туралы не білеміз деген мәселелердің тамырына терең бойлау қажеттілігін айта келіп: «Тәуелсіздікке қол жеткізуіміз, шынында да адамзаттың ғаламат зобалаңдарынан сонау ежелгі ғұн, үйсін, сақ, қаңлылардан  бүгінгі күнге дейін аман-есен келіп жеткен халықтың Мәңгілік ел бола алатынына көзімізді жеткізіп отыр. Бұған да шүкіршілік. Бүгінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Мәңгілік елге теңеген  Қазақ елінің жарқын болашағы осы тәуелсіздіктің бірнеше ғасырға бергісіз жетістігінде айқын дәлелденгендей болды. Сондықтан да «Мәңгілік ел» ұғымы халқымыздың санасында мыңдаған жылдар бойы толғанысты бастан өткізген, бүгінгі күні әбден пісіп-жетілген идеологиялық концепцияға толық негіз бола алады деп ойлаймыз. Мұндайда, Мәңгілік елден туындайтын қазақ елінің жарқын болашағы туралы түсіндіргенде біз жоғарыда әңгімелегендей, бұл идеологияның тарихи тамырларына этно-әлеуметтік негіздеріне көз жүгіртіп, терең бойлауымыз керек-ақ. Өткеннің қателіктерінен сақтану, және тарих тағылымынан сабақ алу мұндайда қажет-ақ.

Сонда ғана біз тәуелсіз елімізде мемлекет құрушы қазақ халқының рөлін көтеру және беделін арттыру арқылы ғана Мәңгілік елді орнықтыра алатынымызды толық ұғынар едік» деген өз болжамын ортаға салды. 

saparaliev_dbОтандық тарихшылардың пікірін жалғастырған қырғызстандық ғалым, Манас атындағы Қырғыз-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Д.Б. Сапаралиев, шындығында еуроазиялық кеңістікте, орын алған ұлт-азаттық көтерілістер, әсіресе олардың қазақ-қырғыз қатынастарына ықпалы жөніндегі мәселелерде екі ел зерттеушілері арасында соңғы жылдары пікір алшақтығының туындап отырғандығын тілге тиек етті. Өз ойын XVIII-XIX ғғ. қазақ-қырғыз саяси байланыстарының көрінісі кеңестік кезеңде де, қазір де тарихи жарияланымдарда кеңінен қарастырылып келе жатқандығын қырғызстандық және қазақстандық авторлардың еңбектерін тарихнамалық қырынан талдау арқылы жалғастырды.

sabden_oБелгілі экономист ғалым О. Сәбденнің көпшілік назарына ұсынған «Адамзаттың өмір сүру стратегиясының концепциясы» атты баяндамасын ХХ ғ. орын алған ашаршылық, экология, су ресурстарын пайдаланудағы қателіктерді «біз қайда бара жатырмыз» деген сауал аясында өрбітті. Ізгілікті қоғамның ұстанымдары – рухани құндылықтар, ғылыми-техникалық революция, экономика, экология, космосты игеру, қауіпсіздік жағдайларын толық қамтуда қандай шаралар жүргізілуі қажет жөніндегі тұжырымдарын ұсына келе, олардың кейбіреулеріне талдау жасады. Мысалы, АҚШ рухани құндылықтарды ұмытып, жаппай қарулануға көшті, Ресейде де осылай. Әлемде орын алып отырған экономикалық дағдарыстың себеп-салдарларын түсіндіре келіп, экология саласы – күннің жылынуына байланысты жақын арада жер су астында қалатындығын, мұнайды ысырапсыз пайдалану оның қорының таусылуына әкелетіндігін,  ал ғарышты игеру өркениет дамуына қызмет етуі қажеттігін, ғылыми-техникалық ашуларды да дұрыс пайдалана алмасақ, олда қоғам дамуына кері әсер ететіндігін Нобель сыйлығы иегерлерінің еңбектері нәтижелерін қандай салада қалай пайдаланып отырғандығын дәйектеу арқылы көрсетіп, бүгінгі экономиканың – дүниежүзілік үрдіс инновацияға көшу қажеттілігін айтты. Сондай-ақ қазіргі таңдағы білім саласында да инновациялық жаңалықтардың жоқтығына оқулықтар сапасының төмендігін алға тартты.

shadyman_aКонференция жұмысына қатысуға Қытайдан арнайы келген Шыңжан Қоғамдық ғылымдар академиясы Тарих институтының аға ғылыми қызметкері  Шадыман Ахмет қытай жазбалары негізінде Үйсін этнониміне талдау жасады және ежелгі үйсін елінің астанасы Чекүк қаласының орны туралы қазірге дейін мынадай бірнеше түрлі болжамдарды ұсынды. Бірінші болжам бойынша Чекүк қаласын Текес өзені алабында деп қарайды, екінші болжам бойынша Нарын өзені алабында деген көзқарастар айтылады. Қазіргі кезде көп санды ғалымдар екінші болжамды құптай отырып, ҚХР ШҰАР Іле қазақ автономиялы облысындағы Моңғолкүренің Шаты ауылындағы Шаты ескі қаласын Чекүк қаласы деген көзқарасты құптайды. Алайда қаланың қиранды жұртына жүйелі археологиялық барлау жасалмағандықтан, мұны соңғы шешім деп есептеуге әлі ерте. Мұнан тыс, қазіргі Нарынқол ауданындағы Кеген қаласы маңындағы Құмтөкей деген ескі қаланы да Чекүк қаласы болуы мүмкін деген көзқарастар айтылған. Кей зерттеушілер иероглифтердің мағынасына сай Қызылкүрен, Қызылалқап, Шие, Қанқора Шығу секілді аттармен атауды да ұсынады. Біз иероглифтердің ежелгі оқылуы бойынша Чекүк деп алдық деген деректерді келтірді.

kinayatulu_zЗ. Қинаятұлы, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология ингститутының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы көптомдықты жазуда моңғол деректерінің өте құндылығына және олардың ғылыми айналымға тартылу барысына тоқталды. Бұл деректер 5 топқа бөлінеді: 1. түркі дәуіріне қатысты моңғол жерінде жатқан 40-қа жуық тасқа ойып жазылған руна жазулары құнды деректер; 2. Моңғол дәуірі, тегі, соның ішінен қазақ тарихын іздеу мақсатында 10-шы томның 4-ші кітабына 58 жылнама – ежелгі найман жазуында моңғол тілінде жазылған; 3. Ақ Орда, Алтын Орда, моңғол ұлыстары тарихына қатыстылары 5-томда пайдаланылады; 4. Қазақ хандығы, мемлекеттілігі, қазақ хандары династиясы, шығу тегі туралы осы уақытқа дейін бірде Тоқай Темірден, бірде Орда Еженнен басталады. Ал моңғол деректері Орда Еженнен таратады. Бұл мәселе Шыңғыс хан шежіресінде кесте түрінде анық көрсетілген; 5. а)  Моңғол архивтеріндегі Иянь Лунның Абылайға, Амурсана мен Абылайдың ара қатынастарын көрсететін хаттар; б) Моңғолиядағы қазақтарға қатысты – қазақтардың Орда ханға жазған 12 хаты, Боғданың 4 жарлығы және үкімет пен партияның қаулы, қарарлары секілді құжаттық деректер.

Бұл деректер 10-шы томда толық қамтылар болса қазақ тарихының тынысын кеңейте түседі деп сенеміз дей келе, «айтылған деректердің негізінде арқылы біз жаңадан жазылып жатқан «Қазақстан тарихының» 10 томдығына төмендегі жаңалықтар енгіздік.

1. Шыңғыс хан мен Жошы ханның туған және дүниеден өткен жылдары туралы материалдарды салыстырып зерттеп Шыңғыс хан 1155 емес 1162 жылы туылып 1227 жылы тамыздың 25 күні 66 жасқа қараған шағында, Жошы 1179 жылы қазан айында туылып, 1225 жылы күзде 46 жасында дүние салып белгісіз жерленген. Қазіргі Жошы мазары Жошы ханға арналып ХVІ-ХVІІ ғғ. салынған деген қорытындыға келдік.

2. Қазақ хандарының ата-тегін моңғол және басқадай шежірелермен салыстырып зерттей келе қазақ хандары әулеті Жошы ханның тұңғышы Орда Еженнен тарайтындығын нақтыладық. Осыған байланысты Қожа Ахмет Яссауи  кесенесінде қазақ хандары әулетін Тоқай-Темірден таратып жазған кестені өзгерту қажет деген пікірге тоқтадық.

3. Орыс жылнамаларында Ақ Орданы – Көк Орда деп шатастырып келген жаңылысты жан-жақты талдап Ақ Орданы қазақ мемлекеттілігінің алғашқы үлгісі деп танып оны өз атымен атау керектігін ашып көрсеттік. Бұл жөнінде З. Қинаятұлы және Қ. Өскенбайдың жеке монографиясы және бірнеше мақалалар жарық көрді. Ақ Орданың жаңа картасы және хан әулетінің кестесі жасалды»,- деп осы мәселе бойынша қол жеткізген жаңалықтарымен бөлісті.

igibaev_skПленарлық мәжілісте сөз алған С. Аманжолов атындағы ШҚМУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры, т.ғ.д. С.Қ. Игібаев бүгінгі

конференцияда көтеріліп отырған мәселе аясында келелі сұрақтар көтерілгендігін, әсіресе қазақ хандығының, мемлекеттілігінің мерзімдік шеңбері анықталуына қатысты пікірдің орындылығына, екіншіден, баяндамашының пікірінше, оқулықтарда айтылып келе жатқандай «кеңестік билік бейбіт жолмен, салтанатты» түрде орнатылды деген ұғымның орнына, кеңес билігі қазақ даласында бейбіт жолмен емес, қызыл әскердің қарулы күшімен орнатылғанын ақиқат тұрғысынан жеткізу әлі де болса нақтыланбай келетіндігін, үшіншіден, қазан төңкерісіне дейінгі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік деңгейі де жеткілікті анықталынбай отырмағандығын, осыған сай тарихи зерттеулердің әдістерін жетілдіруді ұсынды.

aldazhumanov_ksТарих ғылымдарының кандидаты, Институттың бас ғылыми қызметкері Қ.С. Алдажұмановтың тұжырымдамасы:  Ұлы Отан соғысы тарихы қазақ тарихының ең қиын, ең жауапты кезеңі. Қазақстанның соғыс кезіндегі тарихының өзінің тарихнамалық дәстүрі бар. Алайда кеңестік кезеңде соғыс жыдарындағы тарихтың көлеңкелі жақтарын айтуға рұқсат берілмейтін. 90-шы жылдардан бастап сондай пробемалар қатарында мына мәселелер жаңадан зерттелді: 1. Депортацияға ұшыраған халықтар тарихы; 2. Еңбек армиясының тарихы; 3. Соғысқа қанша адам кеткені туралы толық мағлұмат, оның ұлттық құрамы; 4. Соғыстағы адам шығындары; 5. Соғыс тұтқындары, т.б.

Осының алғашқысы толық зерттелді. Тіптен асып кеткендігі сонша, соғыс кезіндегі бар ауыртпалықты солар өткерген дегенге дейін жеттік. Осы мәселемен екінші сұрақ тығыз байланысты.Ол Еңбек армиясына қатысқан қазақтар туралы ештеңе айтылмайтыны. 1995 ж. және 1997 жылы Еңбек армиясына қатысқандар съезі өткізілді. Екеуінде де бірде-бір қазақ делегаты қатыспады. Ал Еңбек армиясында соғыс кезінде болған 700 мың адамның 250 мыңы қазақтар. Олар Горький, Магнитогорск, Нижний Тагил, Кузбас, Кемерово т.б. жерлердегі заводтарда, шахталарда қара жұмыста болды. Сондықтан мұндай тарих жазылуы керек.

Келесі мәселе – соғыс шығындары. Мәскеуде Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі жанында генерал Кривошеев басқарған бір топ әскери ғалымдар соғыс кезінде қазақтардан 125 мың адам қаза болған, олар сол кездегі КСРО әскерінің 1,30 %құраған дейді. Ал бұл деректер 1995 ж. шыққан «Боздақтар-Книга памяти» кітабындағы деректермен сәйкес келмейді. Ол кітаптың өзінде Қазақстанның кейбір қазақтар шоғырланған облыстарының деректері жоқ. Сондықтан 1941-1945 жж. соғыс тарихы зерттелуі қажет.Соғыс жылдарында Түркістан легионына қазақтар қалай тартылды,  саны қанша деген сауал да әлі күнге толық айтылмай келеді және қарастырылмаған.

Ол мұның Ресей мұрағаттарындағы деректермен толықтырылуы қажет екендігі, осы мақсатта жаңа жинақталған деректер мен материалдарды ғылыми айналымға тартып отырғандығын атап өтті..

koigeldiev_mkПленарлық мәжілістен кейін өткен жарыссөзде де көптомдықта қамтылуы тиіс көптеген мәселелер жөнінде қызу пікір алмасу жүрді. Алғашқылардың бірі болып сөз алған Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеттің профессоры М.Қ. Қойгелдиев қазақ ағартушылығы және қазақ ұлтшылдығы жөнінде Қазақ қоғамына ағартушылық идеясы Ресей арқылы келгені рас. Бірақ қазақ ағартушылығының мазмұндық және хронологиялық тұрғыдан өз ерекшелігі, тағдыры болды. Қазақ ағартушылығын, әсіресе оның ХХ ғасырдың басына тән кезеңін, еуропалық және орыстық ағартушылыққа еліктеуден туған құбылыс ретінде қарастыру оның табиғатын тура түсіне алмаушылыққа ұрындырар еді. Осы ретте қазақ ағартушылығына тиесілі оның мынадай ерекшеліктерін ескерген жөн. Қазақ топырағындағы ағартушылық идеясы ескі феодалдық тәртіп пен қоғамдық қатынастарға, діни фанатизмге қарсы бағытталуымен бірге, ресейлік отарлық езгіден құтылуға, заман сұранысына лайық білім мен ғылымды игеруге үндеді. Ұлт-азаттық үшін күрес басшылары бұл негізгі мақсатқа жетудің жолы қазақты ұлт ретінде біржола қалыптастырып, оның ұлттық мемлекеттігін жаңғырту арқылы жүретіндігін жақсы түсінді. Басқаша айтқанда, қазақ ағартушылығының идеясы қазақ ақын, жазушы, философ ғалымдарының шығармашылық ізденісі арқылы жалпы ұлттық жобаға айналды», – дей келе «кеңестік идеология қазақ ағартушылығын Шоқан, Ыбырай және Абайдың қызметімен шектеуге тырысты. Қазақ ағартушылығының ұраны ретінде Абай сөзін алған идеологияның мақсаты қазақ мәдениетін ылғи да үйренуші шәкірт және еліктеуші мәдениет дәрежесінде ұстау болатын. Бұл ұстанымдағы қазақ мәдениетінің түпнұсқалық (оригиналдық) мазмұны күн өткен сайын әлсіреп, ең соңында көшірме мәдениет дәрежесіне түсуге тиіс еді.

Егер қорыта айтар болсақ, қазақ ағартушылығының толыққанды қоғамдық құбылыс ретінде көрінуі XX ғасырдың алғашқы ширегіне, яғни алаш зиялыларының қызметіне тұс келеді.

XX ғасыр басындағы қазақ қоғамы жағдайында білімді және саналы
азаматқа ұлтшылдық ұстанымында болмау мүмкін емес-тін.

XX ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының алдына қойған міндеті қазақ деген «халқын ұлт деңгейіне көтеру», өз елін «жат үстемдіктің тепкісінен құтқарып өз мекемелеріне ие, тәуелсіз бір жеке тұлғаға айналдыру (М. Шоқай)» болды және осы мұратқа жету жолында халық бұқарасымен арада ортақ сана қалыптастыруға тырысты» деп өз ойын бүгінгі қазақ қоғамының көптеген мәселелері ағартушылық және ұлтшылдық идеяларының өзінің табиғи логикалық соңына жетпей үзіліп қалуының себептерін түсіндірді.

Жарыссөзге қатысқан профессор С. Жолдасбаев, философ Қ. Әлжан, журналист Г. Қасымжанова және т.б. археолог, шығыстанушы,   журналистер тарапынан болашағынан көп үміт күттіретін көптомдықта қамтылатын мәселелердің жан-жақтылығы мен соңғы жылдардағы жинақталған құжаттар мен материалдардың кеңінен тартылуы, жеріміздің тұтастығы, қазақ этнонимі туралы ортақ тұжырымды  нақтылау қажеттілігі, қазақтың ауызша тарих айту дәстүрі, шежіре, сондай-ақ мектеп пен ЖОО «Қазақстан тарихы» пәнін оқыту мен оқулық сапасы жайында да толымды ойлар мен ұсыныстар айтылды.

Конференция жұмысы секциялық мәжілістермен жалғасты. Бірінші «Әлемдік тарихи кеңістіктегі Қазақстан» және «Көптомдық «Отан тарихы»: идеялар мен іркілістер» секциясына (модераторы – т.ғ.к., доцент Н.Ә. Атығаев, хатшысы – т.ғ.к., доцент З.М. Төленова) барлық берілген 47 баяндаманың 23-ші тыңдалып, қызу талқылау өтті.

ksenzhik_gnМысалға, «XVIII ғ. әлемдік тарихи кеңстігіндегі Қазақстан» тақырыбында сөз алған т.ғ.д., Институт бөлім меңгерушісі Г.Н. Ксенжиктің баяндамасы қызу пікірталас тудырды. Тақырыпты зерттеу барысындағы қол жеткізген жаңалығы – XVIII  ғ. геосаяси үрдістердегі басымдылықтарды Қазақ хандығының пайдасына емес, Ресей мүддесіне шешілгендігін көрсеткен баяндамашының осы кезеңдегі Орталық Азиядағы саяси күштердің орналасуындағы өзгерістер қазақ-орыс қарым-қатынасына айтарлықтай түзетулер енгізгендігін, Ресейдің өсіп келе жатқан экономикалық және саяси ықпалы қазақ жерлеріне өктемдігі жылдам  қарқын алды, сөйтіп XVIII  ғ. соңына қарай қазақ даласындағы өз үстемдіктерін нығайтудағы орыс-қытай бәсекелестігінде Ресей империясының күш алғандығы туралы зерттеу барысында жасаған қорытындыларының қысқаша мазмұны: 1. XVIII  ғ. геосаяси өзгерістердің қарқындылығы; 2. Орталық Азиядағы әлемдік державалар арасындағы бәсекелестік геосаяси үрдістердегі басымдылықтарды Қазақ хандығының пайдасына шешпеді; 3. Жоңғарларға қарсы Отан соғысы қазақ халқының тарихи тағдырына ауыр қасірет әкелді, шаруашылығын ойсыратты, бірақ қазақ тайпаларының бірігуіне және халық жасағының құрылуына әкелді; 4. XVIII ғ.  басында Орталық Азияда Бұхар мен Хиуа секілді екі мемкелеттік құрылымның  болғандығы; 5. Қазақ хандығындағы саяси дағдарыстың күшеюі орталық биліктің әлсіреуі мен халықаралық жағдайдың шиеленісуі және жоңғарлардан жеңіліс табумен сипатталатындығы; 6. Жоңғар хандығының езгісіне қарсы күресте Орта Азия халықтарының бірлесуә байқалады;  7. Абылай ханның рөлі; 8. жүздеген жылдар бойы үздіксіз созылған қазақ-жоңғар соғысының аяқталуы қуатты мемлекеттің құлауы мен этнос ретінде ойрат халқының жойылуына әкелді. Цин империясының Шығыс Түркістанды жаулап алуы Орталық Азиядағы геосаяси ахуалды түпкілікті өзгертті; 9. XVIII ғ. бойы Қазақстанмен шекаралас аудандарда Ресей империясының бекініс линияларының салынуы оның қазақ даласына тереңдей ене отырып, Орта Азия, Қытай мен Үндістанға бойлаудың жаңа жолын қарастыруы; 10. осы жүзжылдықтағы қазақ-қырғыз қатынастары саяси және экономикалық бытыраңқылыққа қарамастан басты екі кезеңнен тұрады: алғашқысы 1700-1757 жж. – Жоңғар хандығының басқыншылығына қарсы азаттық көтерілістер, екіншісі 1757-1800 жж.- Цин империясының жаулап алуына тойтарыс беру. Дегенмен қазақ-қырғыз саяси элитасының арасындағы түсініспеушіліктің басты себебі Шыңжан мен Ташкенттегі сауда үстемдігіне орай туындаған бәсекелестік;   11. қазақ даласындағы үстемдікті нығайтудағы орыс-қытай бәсекелестігінде Ресей империясының күш алғандығы Семей, Өскемен, Ямышев бекіністері арқылы орыс-қазақ саудасының өсуінен байқалады; 12. аталған кезеңдегі қазақ-орыс қарым-қатынасының қалыптасуында геосаяси тұжырым негізін қалаушы элемент болып табылады; 13. XXI ғ. Қазақстан Республикасы – барлық әлемдік өркениеттермен, геостратегиялық аудандармен және әлемнің ірі державаларымен байланыстыратын  ғажайып геосаяси кеңістіктің иесі.

Дегенмен автордың кейбір қорытындылары және ұсыныстарымен келіспеушілер өз пікірін ашық ортаға салды.

hafizova kshТанымал қытайтанушы ғалым К.Ш. Хафизованың «ХІХ ғ. қазақ мемлекеттілігін қорғау жолындағы күрес» тақырыбында ұсынған тұжырымдарында қазақ мемлекеттілігінің өзгешілігі, шекараны қорғау механизмінің ежелден қалыптасқандығы, далалық танымда ата-баба қорымы болған жер шекараны анықтауда басты белгі болғандығы, қазақы наным-сенімдер мәнін аша келіп,  соңғы уақытта белең алып отырған батырларды дәріптеудің қалтарысында сол тұстағы дипломатиялық қарым-қатынасқа көңіл аударылмай жататындығы, сондай-ақ хандық билікке, таққа отырудың сабақтастығының ішкі құрылымына тоқталып, шекараны қорғау мен тәуелсіздікті сақтаудағы қазақ хандарының амал-айлаларының бірі ретінде Ғұбайдолланың хатында мөрдің болмауы секілді мысалдармен дәйектей отырып, қазақ мемлекеттілігін сақтау жолындағы күресте – хандық тақты және атақты сақтау үшін оның құқықтық жағын қамтамасыз ету және мәмілегерлік жол басшылыққа алынғандығын айтты.

В.З. Галиев, А.И. Құдайбергенова, Қ.Ш. Әлімғазинов, Б.Қ. Қалшабаева, К. Торланбаева, А. Саурықова, Г. Омарова,  Ж. Несіпбаева және тағы басқа ғалымдар көптомдыққа енгізілетін мәселелер төңірегінде ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтты.

smagulova_so«Ақтөбе және Қостанай облыстарындағы аштық (ХХ ғ. 20-30 жж.)» тақырыбында сөз қозғаған тарих ғылымдарының докторы С.О. Смағұлова: Негізінен қазақ жерінде ХХ ғасырдың басында үш ірі аштық болған: 1917-1918 жж. Түркістан өлкесін жайлаған аштық, 1921-1922 жж. Қазақстанның бес губерниясы мен бір уезін қамтыған және бүкіл қазақ жерін жайлаған 1931-1933 жж. ашаршылық.  Осы аштық мәселесі бойынша баспасөз беттерінде түрлі маңыздағы мақалалар жарық көруде. Оны жазушылардың барлығы да аштықтың қазақ халқына тигізген зардабын нақтылауға тырысады.  Біздің  институтта «1921-1922 және 1931-1933 жж. Қазақстандағы ашаршылық» тақырыбында іргелі зерттеу жүргізілуде. Осы жоба негізінде Қазақстанның облыстарындағы және Мәскеудегі мұрағаттардан құжаттар жинастырылып әкелінді.

Соңғы уақытта ашаршылық жылдарында қырылған қазақ халқының санын асыра көрсету белең алуда. Аштық мәселесіне нақты тарихи баға берілу қажет.

Қазақ жерінде соңғы екі аштықта да қатты күйзелген Ақтөбе мен Қостанай өңірі болып табылады. Бұл губерниялардағы ашыққандар туған жерін тастап Украина, Түркістан республикаларына қарай босыпты. Мәселен, 1921 ж. 31 желтоқсандағы мәлімет бойынша, Ақтөбе губерниясының Ырғыз бен Темір уезіндегі 33 243 ауыл мен қалалық жеке шаруашылық  қазақтарының үштен бірі жаппай басқа жаққа көшіп кеткен. Адам жеу фактілері де жиі орын алған. 1922 ж. 19-27 ақпанда Орынборда өткен облыстық екінші конференциясында Ақтөбе өңірінде 1922 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша миллионан аса адам ашыққан. Қостанай губерниясы да осындай аштықты басынан кешірген.

30-шы  жылғы аштықта да қаншама қазақ қырылып қалды. Осы жайтты әділ, тарихи тұрғыда саралап, ашуымыз қажет.

toktabay_auА.У. Тоқтабай,  т.ғ.д., этнограф: азаттық алған жылдар аралығында Абылай хан жайында  қыруар деректер  жиналып, бірталай зерттеулердің жазылып жатқандығын айта келіп, солардың арасында кейбірінің автордың тікелей араласуымен кеңестік кезеңде-ақ зерттеліп, ғылыми айналымға енгізілгендігіне қарамастан, қайбір адамдардың жаңа ғылыми ашу ретінде жазатындықтарын жеткізді. Атап айтқанда, Қызылжар қаласындағы Абылай хан  сарайы,  Бурабайда – Абылай  алаңы,  «Абылайдың үш өкініші» туралы 1970 жж. аяғы 80-ші жж. басында республикалық басылымдарда жарияланғандығы туралы айтты. Сонымен қатар Абылай өазасына қатысты ауыз екі деректер және «енді бір мәселе тарихи деректерде ханның 30 ұлы бар делінеді, олардың аттары белгілі қазір зерттеулерде жазылып жүр, енді ұлдардың шешелері кім, олардың атын, кімнің-кімнен туатыны» жайында Абылайдың тікелей тұқымы Файзулла Үрмізов ақсақалдан жазып алған құнды да қызықты мәліметтермен таныстырды. Баяндамашы тағы да мынандай тың деректі ұсынды: «Абылайға байланысты соңғы жаңалықтардың бірі деуге болады, Шыңжаңның Алтай қаласының музейінде тұрған Қуандық батырдың шапаны. Қуандық батырдың қазақты Алтайға көшіріп апарған еңбегін бағалап, Абылай хан сегіз бұғының терісін илетіп шапан тіктірген, жеті әйел үш ай бойы кестелеген» және бұл тарихи жәдігердің Қытай мемлекетінің 1-дәрежелі қазынасы есебінде сақталып отырғандығы, үлкендігі мен ою-өрнегінің әдемілігі мен әсемдігі, көптігі жағынан Гиннес кітабына тіркелгендігі, 1966 ж. Қытайда мәдениет төңкерісі кезінде мұрагерлері шапанды суырдың ініне тығып сақтап қалғандығын жеткізді.

Сондай-ақ баяндамашы Абылай мен Амурсана арасындағы достықтың құпиясы  неде деген сауалға, Абылай ханның қазақ батырларына берген өсиетінде сөз бастаған шешендерді, қол бастаған қолбасшыларды жазаламай, оларға құрмет көрсету деген. Өйткені ол келешек мәмілегерлік келіссөздерде бізге пайдасы зор деген ұстанымды басшылыққа алғандығында жатқандығымен байланыстырды.

atygaev_naҚазақ хандығы, мемлекеттілігі, жүздер тарихын зерттеуде көптеген қиындықтар мен пікір алшақтықтары кездесетіндігін баяндама арқауына өзек еткен тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Н.Ә. Атығаевтың пікірінше, мұның басты себептері, ең алдымен, Қазақ хандығы тарихы туралы тарихнамамен толық таныс болмау, екіншіден, тарихи деректерді терең талдай алмау және ортағасырлық деректердің тілі – шығыс тілдерін меңгермеуде жатқандығын айтты. Тарихнама мен деректерді жетік меңгермеудің салдарынан қазақ жүздерінің пайда болуы мен аталуын ХVI  ғ. басына апарады, сондай-ақ Хижра жыл есептеуінен де, терминдік қателіктер де жиі кездеседі. Мысалға, Өзбек ұлысы – деректемелік, ал көшпелі Өзбек мемлекеті – тарихнамалық дерекке жататындығын көп жағдайда осы дәуірді зерттеушілердің өзі ескере бермейді. Қазақ ұлысы мен мемлекеттілігі жөнінде де осыны айтуға болады. Сондықтан ежелгі және ортағасырлардағы, жалпы ұлттық тарихымызды зерттеуде тарихи деректерді пайдалануда кәсібиліктің жетіспейтіндігі мен оны жетілдіру қажеттілігін қазіргі таңда ғылыми айналымда жүрген отандық тарихшылар мен шығыстанушылардың еңбектеріне тарихнамалық талдау жасай отырып дәлелдеуге тырысты.

dauletkhan_aӘ. Дәулетхан, аға ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты да Қазақстан тарихында Моңғол дәуірі, ұлыстық билігі жөніндегі тарихшылардың көзқарастары мен тұжырымдарының әралуандығының себептері мен ерекшеліктерін сараптауды жаңадан қолға алынып жатқандығын, біздің тарихымыздағы Моңғол империясының тарихи рөлі қандай, оны қалай бағалау тұрғысынан жүргізіліп жатқан ізденістерге тоқталды.

oskenbay_kӘріптесінің ойын сабақтаған тарих ғылымдарының кандидаты, бөлім меңгерушісі Қ. Өскембай «Кейінгі ортағасырлардағы Қазақстан тарихындағы жаңа тақырыптық-аумақтың көкжиектер» атты баяндамасын осы кезеңнің мерзімдік шеңбері мәселесінен бастады. Отандық тарихнамада аталған дәуірге қатысты кезеңдеуді анықтау К.А. Пищулинаның бастамасымен «Қазақстан тарихының» 2-ші томында ашық айтылды. 1960-шы жж. соңынан К.А. Пищулина қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы мен Қазақ хандығының құрылуын зерттей келе, алғашқылардың бірі болып, мына ғылыми тұжырымды ұсынған болатын: 1-ден, қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы  XIV–XV ғғ., яғни Қазақ хандығы пайда болғанға дейін; 2-ден, Орыс ханның Ақ Ордасынан қалыптасқан қазақ халқының мемлекеттік құрылымын көреміз. Сондықтан 2-ші томда Қазақ хандығынан емес, Ақ Ордадан бастау қажет деген шешім қабылданған болатын. Қазір зерттеушілер осы кезеңдеуді қабылдады.  Бұған қосарым XIV ғ. өзінде екі дәуір алмасуы жүрді: моңғолдық дәуірді моңғол дәуірінен кейінгі кезең алмастырды.  XV ғ. ІІ жартысында соңғының орнына келген қазақ дәуірінің аяқталуы XVIII ғ. бойына созылып, ресейлік отарлық үстемдіктің орнауымен аяқталды. Сонымен,  кейінгі ортағасырлар кезеңі XV–XVIII ғғ. деген болжамдарын ортаға салды.

Сүлейменов А.М., Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері: Конференция маңызды мәселелерді көтеріп отыр. Менің пікірімше, Қазақстанның жаңа тарихындағы тұлғалардың рөлі маңызды. Сондықтан да ғалымдар Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қызметі мен шығармашылығын, оның тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы  үлесін  қазіргі зерттеулерінде қарастыруда.

oskenbaeva_gzh«Кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихы» бөлімінің аға ғылыми  қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Г.Ж. Өскембаева «Қазақстан ядролық қарудан азат әлем құру идеясын ұстанатын ел: тарихи зерттеулер негізінде» баяндамасында өткен ғасырда қазақ жеріне қауіп төндіріп, қасіретке ұшыратқан полигондар, елімізге, жерімізге үлкен қайғы-қасірет алып келген,  ұрпағымыздың өсіп-өнуіне, болашағының тамырына балта шапқан ядролық сынақтардың жүргізілуі, оның зардаптары қарастырылады. Ядролық қаруды таратпау режімін нығайту жөніндегі Елбасымыздың бастамасы әлемдік тұрақтылықты, қауіпсіздікті қамтамасыз ететіні, Қазақстан жаңа мемлекеттің күші мен қуаты ядролық қарудың шамасын, қуаттылығын көрсетуде емес, одан біржолата бас тартуда екеніне көтерді.

«Отан тарихы» көптомдығы көтерер жүктің ауырлығы мен маңыздылығы «Ұлттық идея тарих толқынында» атты екінші секция жұмысында да (модераторы – т.ғ.к. З.Қ. Ноғаева, хатшысы – т.ғ.к. К.Қ. Нұрымбетова)  кеңінен талқыланды.

zholdasbayev_c«Мәңгілік ел» идеясының бастауын ғұндар дәуірінен, ғасырлар бойы қалыптасып, өз сабақтастығы мен мазмұнын жоғалтпаған далалық әдет-ғұрып, салт-сана мен дәстүрге терең үңілуден іздестіруді, оның бүгінгі көрінісі сана мен сапа жағынан өзгеріп отырғандығын қарапайым мысалмен, яғни бала бесігіндегі шүмек пен түбектің мәнін талдай отырып түсіндірген А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры С. Жолдасбаевтың баяндамасы өз тыңдарманын тапты.

kydyralina_zhuМемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Ж.Ү. Қыдыралина өз сөзінде «Мәңгілік идеясы» ұлттық идеясы в свете қазақстандықтардың тарихи танымы қалыптасуының ерекшеліктері қамтылып, қазақстандық  қоғамның идеялық біріктіру мен құндылықтарын нығайту қажеттілігіне, қоғам дамуын құраудағы рухани-идеология мағыздылығы мен қазіргі кездегі зиялы қауым өкілдерінің рөліне тоқталды. Сондай-ақ қолға алынып отырған көптомдықтың барлық томдарында ұлттық идея сабақтастығын көрсету қажеттілігі, жаңғырту жолдарының қамтылуы, акмеқоғам құру жолындағы атқарылып жатқан істердің де көрініс табуын ұсынды. Қазіргі заман тарихына қатысты іргелі зерттеу әлі жазылған жоқ деген пікірді қолдай отырып, сол бағытта бірлескен жұмыстар жүргізуге шақырды.

asanova_sҚазақ тарихының қилы кезеңі туралы пікірталасты жалғастырған институттың аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к. С. Асанова ХХ ғ. тарих ғылымына деген кеңестік биліктің көзқарасы мен қарым-қатынасы – күрделі де қасіретке толы кезең екендігіне тоқтала келе, осы дәуірге жалпы сипаттама бергенде модернизация, ассимиляция, маргинализация түсініктерін қолдану қажеттілігін ұсынды.

tolenova_zmКонференция тақырыбының өзі бүгінгі қоғам дамуы барысындағы отандық тарих ғылымының даму көкжиегі мен атқарар рөлін көрсетіп отырғандығына тікелей дәлелі,- деп әріптестер сөзін жалғастырған Институт аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к.ғ доцент З.М. Төленова: «Мәңгілік ел» идеясы ғасырлар бойы небір аумалы-төкпелі кезеңдерде, бодандық пен жат-жұрттық езгіден ешбір қаймықпай тәуелсіз мемлекет құру жолында азаттық күресін тоқтатпаған қазақ деген өр халықтың ұлтжандылық, отансүйгіштік рухымен бірге жасап келе тарихи санасының өшпейтін көрінісі. Сонымен қатар, институт республикамыздың белгілі ғалымдарымен бірлесе отырып қолға алған жоба тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жазылу қолға алынған «Қазақстан тарихының» академиялық 5 томдығының кеңейтілген, мазмұны жағынан да, деректік базасы жағынан да бүгінгі ақпараттандыру кеңістігінің мол мүмкіндіктерін пайдалана отырып жазылатын заңды жалғастығы бола алатындығына тоқталды. Себебі, сол бес томдықтың жазылуына бастама академик М. Қозыбаевтың қосқан үлесі зор. Ол туралы әңгіме өз алдына. Бүгін академиктің ғылыми мұрасындағы қанатты сөздер, тұжырымдар жасаудағы ой мен білім тереңдігі, тапқырлығы мен ұтымдылығы туралы ортаға салуды жөн көрдік. Өйткені, әдіс пен әдістемелік тұрғысынан алғанда М. Қозыбаев мектебінің рөлі аса маңызды.

nogaeva_zkҚазақстандағы тарих ғылымының қалыптасуы мен дамуын  ретроспективті көзқарастар тұрғысынан қарастырған Институт бөлім меңгерушісі, т.ғ.к. З.Қ. Ноғаева: ХІХ-ХХ ғғ. аралығында Қазақстандағы қоғамдық ой мен мәдениеттің дамуына, осында құрыла бастаған ғылыми қоғамдар мен мәдени-ағартушылық орталықтар, Ресей, Санк-Петербург, Қазан, Киев, Самара, Омск және басқа да қалалардағы жетекші университеттерде ғылыми-педагогикалық кадрлардың даярлау мүмкіндіктерді туғызғандығын, қазақ зиялы қауым өкілдерінің қалыптасуындағы Ресей ағартушыларының ықпалы мен кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихының жетістіктері мен кемшіліктеріне, идеологиялық тар шеңбердің ықпалында келгендігін айта келіп: «ХХ ғ. отандық тарих ғылымында тарихнамалық және фактографиялық, ғылыми-ұйымдастырушылық және идеялық-саяси қырынан өгермелі де күрделі кезең болды. Бұл уақыт шеңберін шартты түрде екі тарихнамалық кезеңге бөліп қарастыруға болады: кеңестік және посткеңестік», – деген тұжырымын жасады.

nurymbetova_knҚатысушылардың кең талқылауға алған мәселелердің бірі – тәуелсіздік жылдары тарихи Отанына оралған қандастарымыздың жаңа ортаға бейімделуі мен көші-қон үрдісінің барысы. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Институт аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты К.Н. Нұрымбетованың пайымдауынша көші-қон үрдісінің құрамдас бөлігі болып саналатын репатриация үрдісінің ойдағыдай жүргізілуі қоғамдық-саяси, экономикалық тұрақтылыққа байланысты. Оралмандарды әлеуметтік қолдау жүйесі қосымша жетілдіруді талап етуде. Айтылған мәселелер барысында көші-қон процестерін өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мүддесінде пайдалану бөлігінде этникалық көші-қонды реттеудің халықаралық тәжірибесін пайдалану қажеттігі туындауда.

Осылайша, көптомдық «Отан тарихы» жобасын жүзеге асыру барысындағы атқарылған істер мен туындап отырған мәселелерді және қоғамда орын алған жаңа әлеуметтік-саяси болып жатқан өзгерістерге өткен кездерден ұқсастық іздестіріліп, қазіргі заманның күрделі проблемаларын шешу жолын табуға талпыныс жасалды. Қазақ халқының тарихи өткен жолын объективті, идеологиялық конъюнктурадан ада көрінісін қалпына келтіру ұлттың тарихи зердесін қайта түлетудің негізі, ұлттық бірлікті қалыптастырудың, азаматтылық пен елжандылыққа тәрбиелеудің маңызды факторларының бірі болып табылады.

Сонымен қатар тарихшылардың ауқымды ізденіс жүргізуіне Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың тікелей басшылығымен жүргізілген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы мен «Қазақстан – 2050» Стратегиясы, биылғы Жолдауда көтерілген Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – «Мәңгілік Ел»  идеясы тың серпіністер бергендігіне көз жеткіздік.

Конференцияға қатысушылар күн тәртібіне қойылған мәселелерді пленарлық мәжілісте және секциялық отырыстарда қызу талқыға салып, ортақ мынандай шешімдер қабылдауды жөн санады:

–  Тарихшылар қауымы Қазақстан Республикасының Президенті           Н.Ә. Назарбаевтың   «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі тұжырымдарды насихаттауға белсене атсалысып, Жолдаудың өзегі болып табылатын «Мәңгілік Ел» идеясы аясында ғылыми іс-шаралар өткізуді қолға алсын;

–  «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің әзірленуіне тарихшы-ғалымдар отаншылдықты насихаттайтын, нақтылы деректік мәліметтерге негізделген  құнды ғылыми еңбектер мен оқу құралдарын шығару арқылы өз үлесін қосуды қарқынды түрде жүргізсін;

–  көптомдық «Отан тарихы» жобасын орындау барысында «Мәдени мұра»  мемлекеттік бағдарламасы, шетелдік мұрағаттар мен кітапханалар қорынан алынған құжаттар мен материалдар кеңінен ғылыми айналымға тартылсын;

–  ғылыми ізденістер жүргізу барысында әлемдік тарихи кеңістікте түрлі кезеңдерде орын алған оқиғалар мен құбылыстардың Қазақстан аумағына әсерін, сонымен қатар еліміздің әлемдік өркениеттегі орны мен рөлін көрсетуге баса мән берілсін;

–  әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуі жолында тарихшылар қауымы «Қазақстан тарихын» оқытуда жаңа технологияларды кеңінен қолданып, заманауи талапқа сай оқулықтар мен оқу құралдарын   әзірлеуде белсенділік танытсын.

Конференцияда соңында мазмұнды баяндамасымен ерекшеленген ғалымдарға сертификаттар тапсырылды.

 

З.М. Төленова, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты