Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті


Институтта ғұлама ғалым, қазақ халқының ардақты перзенті Қ.И. Сәтбаевтың  115 жыл мерейтойына арналған «Ұлт пен дәуірдің ұлы тұлғасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференция жұмысы Институт директорының орынбасары, т.ғ.д. С.О. Смағұлованың кіріспе сөзімен ашылды. Аталмыш іс-шараға Мемлекет тарихы институты, ҚР Президенті мұрағаты өкілдері мен институт қызметкерлері қатысып, ғылыми баяндамаларын жасады.

Бас баяндамашы Институт директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі Х.М. Әбжанов ғылыми баяндамасында артына өшпес із қалдырған нар тұлғалы ғұлама ойшыл Сәтбаевты тәуелсіздігіміздің интеллектуалды іргесінің негізін салған тарихи тұлға екендігін атап өтіп, оның геология ғылымынан басқа да мәдениет, тарих саласына қосқан үлесі, шығармашылық мұрасы, атқарған заңғар істері тарихпен астаса қарысып, бүгінгі болашақтың өзекті тарихи құбылыс болып табылатындығын айта келе, «бар ғұмыры қуаныш пен реніші туған халқының қылауынан ажырамағанына куә боламыз» деп өзіндік ойын білдірді. Ғалымның Алаш қозғалысына араласуы, қазақ даласындағы формациялардың алмасуы, социалистік идея алып келген үміт пен күдіктің қайшылығын басынан өткеруі сынды құбылыстарға ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырды дей келе, «Сәтбаев – ғылымдағы ұлттық идея символы» деп қорытындылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Тарих, археология және этнология факультетінің оқытушысы, т.ғ.к., доцент Г.Б. Қозғамбаева көрнекті ғалым, белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан ғылымының жетекшісі – Ұлы тұлға Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғылымға қосқан үлесі, Ғылым Академиясы құрамындағы ғылыми-зерттеу мекемелері, геология институтының құрамы мен қызметкерлері, Жезқазғандағы мұражайы жайында кең мағлұмат берді. Сонымен бірге, Қ. Сәтбаевтың қазақ тарихы, әдебиеті мен мәдениеті қатысты зерттеу еңбектерінің қоғамтану ғалымдары үшін теориялық және тәжірибелік маңызы зор екендігіне тоқтала келе, ғалымның этнографиялық саласына қосқан үлесін айшықтады.

ҚР Президенті Мұрағатының қызметкері, т.ғ.к. Т.Е. Абилова баяндамасын ҚР Президенті мұрағаты қорларында сақталған Қ.И. Сәтбаевтың қоғамдық-саяси өміріне туралы деректік құжаттарға арнады. Отандық және шетелдік тарихнамадағы ғалым туралы еңбектер мен зерттеулерге тоқталды.

Конференция барысында сөз алған физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Ж.Ә. Оралбаев, ғылыми көпшілікпен Қаныш Сәтбаев туралы естеліктермен бөлісті. Ғалымның жастарды ғылымға тартудағы өзіндік үлесі мен ықпалына тоқталды.

Сонымен бірге, ғылыми баяндамаларды институтымыздың бірқатар тарихшы-ғалымдары т.ғ.к. Қ.С. Алдажұманов, т.ғ.к. С.К. Рүстемов, т.ғ.к., С.Ә. Асанова, т.ғ.к. Г.Ж. Өскембаева және т.б. Қ.И. Сәтбаевтың қоғамдық-саяси өмірінің кейбір қырларына тоқталып өтті. Мәселен, т.ғ.к., С.К. Рүстемов Қ.И. Сәтбаевтың студенттік жылдарында қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, Павлодар қаласында қазақ ағартушысы Ж. Аймауытовпен бірге 1917 ж. құрылған «Қазақ комитеті» ұйымында оқу бөліміндегі атқарған жұмыстары жайында мағлұматтар берді.

Қ.И. Сәтбаев атындағы геология институты мұрағаты жетекшісі Н.В. Неретина сөзінде мұрағатта сақталған киноқұжаттар, ғалым туралы 50-ден аса кітаптардың бар екендігін, түсірілген деректі фильмдер туралы тың мағлұматтар беріп, сонымен бірге Сәтбаев мұражайы тарихы мен құрылымынан хабардар етті.