Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ


ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты 2014 жылы 6 маусым күні ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәлік-Айдар Хантемірұлы  Асылбектың 85 жасқа толуына арналған «Қазақстандық тарих ғылымының өзекті мәселелері мен даму болашағы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізеді.

 

Өткізілу орны: Алматы қ-сы, Жамбыл к-cі 25, Абай ат. ҚазҰПУ-нің конференц-залы, 2 қабат.

Өткізілу уақыты: 6 маусым,2014 ж. сағат 11.00. Тіркеу сағ: 10:30.

Байланыс телефондары: 2616719; 2610133; 2724654.

 

М.-А.Х. Асылбек – Қазақстанның ХІХ-ХХ ғасырлардағы әлеуметтік-экономикалық және демографиялық даму мәселелері бойынша республикадағы жетекші маман. Тарихшы-ғалымның терең білімі және кең көзқарасы Отан тарихының мәселелеріне арналған құнды еңбектер жазуына мүмкіндік берді. Қазақстанның әлеуметтік-демографиялық мәселелерін тыңғылықты зерттеу нәтижесінде көптеген монографиялар мен кітаптар шығарды. Олардың ішінде «Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық процестер (1917-1980 жж.)» (1991 ж.), «Қазақстандағы қазіргі әлеуметтік-демографиялық процестер» (1995 ж.), «Қазақтар (80-90 жж. демографиялық үрдістер)» (2000 ж.), «ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан халқы (1897-1917 жж.)» (2001 ж.), «Егемендік жағдайындағы Қазақстан Республикасының демографиялық дамуы» (2001 ж.), «Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық жағдайы (1939-1959 жж.)» (2005 ж.), «Тәуелсіздік жағдайындағы Қазақстан халқының дамуы» (2010 ж.) деген және басқа да монографиялары (орыс тілінде) бар. Ғалымның қаламынан 346 ғылыми еңбек, оның ішінде 15 монография жарық көрді.

М.-А.Х. Асылбек Қазақстанның тарихшы-демографтарының көшбасшысы. Осы саладағы өзінің ғылыми мектебін құрып, жоғары білікті ғылыми ізбасарларын даярлауда. Оның жетекшілігімен 12 ғылым докторлары, 50 ғылым кандидаттары диссертациялар қорғады.

Өнегелі шәкірт, ұлағатты ұстаз белестерінен өткен академик М.-А.Х. Асылбек соңғы жылдары дамып келе жатқан отандық тарих ғылымындағы тұлғатану саласына да өзіндік үлесін қосуда. Оның жетекшілігімен және қатысуымен қазақтың көрнекті қайраткерлері Ә. Бөкейхан, М. Тынышпаев, Т. Рысқұлов және т.б., танымал ғалым-ұстаздар А.М. Панкратова, П.Г. Галузо, С.Б. Бәйішев А.Н. Нүсіпбеков, Б.С. Сүлейменов, Т. Тәжібаев, Б.А. Төлепбаев, Г.Ф. Дахшлейгер, Р.Б. Сүлейменов, Қ. Қозыбаев және Ж.Қ. Қасымбаевтың ғылыми мұрасы мен қызметіне арналған диссертациялық жұмыстар қорғалып, монографиялық еңбектер мен мақалалар жарық көрді.

Ол ғылым саласындағы іргелі ізденістермен қатар ғылыми-педагогикалық қызметін де жалғастырып келеді. Ұзақ жылдар бойы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті тарих факультетінің профессоры ретінде тарихшы студенттерді тәрбиелеуде жемісті еңбек етуде.

 

Конференция төмендегі бағыттар бойынша жұмыс жасайды:

  • § Қазіргі кезеңдегі  Отан тарихы ғылымындағыжаңа тұжырымдар мен көзқарастар
  • § Тарихи демография саласындағы зерттеулер: жетістіктері мен болашағы
  • § Қазақстандық археология және этнология ғылымдарының даму мәселелері мен болашағы

 

Ұйымдастыру комитеті